Accessibility links

"Сахна сыртындағы маңызды өзгерістер" және "Тоқаевтың батыл қадамы"


Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып тұрған кезі.
Дариға Назарбаеваның сенат спикері болып тұрған кезі.

Батыс басылымдары өткен сенбіде Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілетінен айрылып, сенат спикері қызметінен кеткеніне қатысты ой-тұжырымдарымен бөлісті. Сарапшылар «Қазақстан элитасында ықпалды қайта бөлісу» жүріп жатыр дейді. Енді біреулер қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен сенаттың экс-спикерінің әкесі – елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арасында алауыздық бар деп болжайды.

БҰЛ ТОҚАЕВТЫҢ «НЫҚ ТҰРУЫ» МА?

Вашингтонда шығатын Diplomat газетінде жарық көрген «Дариға Назарбаеваны сенаттағы басты қызметінен алып тастады» деген мақалада Назарбаеваны депутаттық мандатынан айыру туралы президент жарлығы Тоқаев пен Назарбаев арасындағы «билік үшін таластың» белгісі болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Басылымның жазуынша, сенат спикері – президенттен кейінгі екінші қызмет, мемлекет басшысы орнынан кеткен я қайтыс болған жағдайда оның міндеттері сенат төрағасына көшеді. Бұл механизм бір рет іске де асты: 2019 жылы наурызда Нұрсұлтан Назарбаев президент қызметінен бас тартқан соң Қасым-Жомарт Тоқаев оның міндетін атқаруға көшті, ал оның инаугурациясынан кейін босаған сенат төрағасы орнына Назарбаеваның үлкен қызы жайғасты. Сол тұста бақылаушылар Назарбаев билікті династиялық жолмен тапсыруға дайындалып жатыр деп долбарлаған. Сондықтан, Дариға Назарбаеваны сенаттан алып тастау шешімі көпшілік күтпеген оқиға болды.

Diplomat-қа берген сұхбатында Карнеги қорының Ресей және Еуразия бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Пол Стронски «Назарбаеваның биліктен кетуі Тоқаевтың «аяққа нық тұруы» деген сөз бе?» деген сауалға «Қазақстанның саяси жүйесінде ашықтық жоқ болғандықтан, бұл сұраққа жауап беру қиын» деген.

Назарбаеваны орнынан босату – «әрине, Тоқаевтың аса ірі, батыл қадамы. Бірақ Тоқаев мұны Назарбаевтың келісімінсіз я оған ескертпестен жасады дегенге сену қиын» дейді Стронски.

Бұрынғы президент ізбасарының бұл шешіміне қатысты ештеңе айтпады. Дариға Назарбаеваны парламенттен алып тастау «конспирация атмосферасын қалыптастырады» дейді автор. Сәуірде өткен Ұлыбританиядағы сот процесі кезінде Назарбаева мен оның ұлы әлемдік БАҚ басылымдарына көп шыққан (тергеушілер заңсыз ақшаға алынған деген себеппен олардың элиталық үйлері мен пәтерін бұғаттаған, ал Лондон соты бұл шешімнің күшін жойған). Пол Стронскидің айтуынша, бұл – тым лас нәрсе, әрі бұл лас жаңалықтың экономикалық дағдарыс пен денсаулық сақтау саласындағы дағдарыс кезінде жарыққа шығуы жалпы жүйеге кері әсер етеді».

Мақала авторының айтуынша, мұнай бағасы төмендеп, коронавирус індеті жайылған дағдарысты кезде Тоқаев алдыңғы шепке шығып, Назарбаев тасада қалды. «Ең алдымен бұл – бұрыннан бар автократиялық тактика, жағымсыз жаңалықты ешкімнің айтқысы келмейді. Ал COVID-19 Қазақстан экономикасы мен денсаулық сақтау саласының әлсіз тұстарын әшкерелеп жатқан қазіргі тұста бұл Тоқаев үшін тек тәуекел ғана емес, өзін көрсетіп қалатын үлкен мүмкіндік кезеңі» деп жазады Diplomat.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев (оң жақта) және бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана экономикалық форумында. Нұр-Сұлтан, 16 мамыр 2019 жыл.

Стронски Мәулен Әшімбаевтың сенат спикері қызметіне сайлануын «Тоқаев және/немесе жүйе бұл орында қолынан іс келетін технократты көргісі келеді деген сигнал» деп санайды. Назарбаеваның кетірілуі нені білдіреді? Бұл оның келесі қызметінен белгілі болады. «Назарбаева ұзақ жылдар жоғары қызметтерде болып, орнынан кетіп жүр. Сондықтан бұл ауыс-түйіс – ол үшін әдеттегі шаруа» дейді Стронски.

«Қазақстандағы саясат үнемі түсініксіз әрі бұлыңғыр. Шенеуніктерді әрі-бері ауыстыру Қазақстан мен Орталық Азияның саяси ландшафтындағы ерекше жаңалық емес. Кейде мұндай ауыс-түйіс сахна сыртындағы маңызды өзгерістерді білдіреді, кейде олай емес. Назарбаеваны орнынан алудың себептерін түсіндіретін ішкі ақпарат жоқ кезде тек жорамалдауға тура келеді» деп қорытады Diplomat.

ҚҰЛЫБАЕВПЕН АРАЗДЫҚ БОЛДЫ МА?

Intellinews.com іскер жаңалықтар сайтындағы «Қазақстандағы шытырман: парламент спикері Назарбаеваны алмастыратын адам белгілі болды» деп аталған мақалада «Қазақстан элитасындағы ықпалды қайта бөлісу» туралы айтып, қазіргі президент пен бұрынғы президенттің отбасы арасында күрес жүріп жатыр деген болжам жасайды.

«Билік үшін шынымен күрес жүріп жатса, онда бұл Тоқаев Назарбаев отбасының басқа да мүшелерін, соның ішінде оның олигарх күйеубаласы Тимур Құлыбаев пен екінші қызы, бизнесвумен Динара Назарбаеваның жолын кес-кестей бастағанда ғана айқын болмақ» деп жазады мақала авторы.

Тимур Құлыбаев, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы.
Тимур Құлыбаев, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеубаласы.

2019 жылғы жаңалықтар Тоқаев пен Құлыбаев арасында араздық болуы мүмкін дегенге меңзейді деген автор оппозициялық бағыттағы Kazakhstan 2.0 сайтының былтыр күзде жарияланған материалына сілтеме жасайды. Онда Қазақстанның мұнай-газ секторының 120 жылдығына орайластырылған қыркүйектегі Атырау сапарында Тоқаев жазылмаған ережелерді бұзды делінеді. Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында Құлыбаевты екінші қатарға ығыстырылып, оған сөз берілмеген-мыс. Ал Құлыбаев бұл саладағы басты адам саналады және Kazenergy мекемесін басқарады.

Сарапшылардың айтуынша, «отбасының тікелей ел басқаруын сақтап қалу бойынша Назарбаевтың жоспары жоқ». Элитаның түрлі бөліктері биліктен өз үлесін алып, президентке қолдау көрсетуі үшін ол «топтық мұрагер» таңдайтын шығар, ал президент ол топтардың мүдделерін ескеруге тиіс болады» деп жазады Іntellinews.com.

«ОТБАСЫНДАҒЫ ЖАҒЫМСЫЗ ДРАМА»

Британияда шығатын Economist журналында жарық көрген «Қош бол, Назарбаева» атты мақала Назарбаеваны сенаттағы жоғары қызметінен алудың қарсаңындағы оқиғаларға көп мән береді.

Басылымның жазуынша, Дариға Назарбаеваның спикер қызметіне келуі «Белгілі бір себептермен Тоқаевтың жұмысына Назарбаевтың көңілі толмаған жағдайдағы» «сақтандыру» немесе «уақыты келгенде Назарбаевтар династиясы билігін жалғастыруға дайындық» ретінде қарастырылған. «Сондықтан Назарбаева жұмысынан айырылғанда қазақстандықтар таң қалып, абдырап қалды» деп жазады Economist.

«Бұл жұрттың көбі Назарбаевтың қолындағы қуыршақ санайтын Тоқаевтың өз беделін көтеруге тырысу әрекеті деген әңгімелерді өрбітті. Алайда қауіпсіздік күштерін бақылайтын органды басқаратын «ұлт көшбасшысы» (елде Назарбаев мырзаны осылай атайды) қаласа, бұл өзгерісті болдырмай тастар еді. Демек Назарбаева ханым Тоқаевтың емес, өз әкесінің құрбаны болды деген сөз. Олай болса, оның басындағы проблемалар былтыр Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп аталған ел астасында емес, Лондондағы тосын оқиғалармен байланысты сияқты. Соңғы кездері ондағы сотта және бай, атақты адамдарды сауықтыру орталығында екі бірдей жағымсыз отбасылық драма жүріп жатыр» деп жазады Economist.

Сәуірде Назарбаева мен оның үлкен ұлы Нұрәли Әлиев бағасы 80 миллион фунт-стерлинг (100 миллион АҚШ доллары) деп бағаланған Лондондағы жылжымайтын мүлкін тәркілеуден аман алып қалды. Британ тергеушілері Қазақстан экс-президенті отбасының бұл үйлерді заңсыз ақшаға алғанын дәлелдей алмады. «Алайда бұл іс Назарбаевтар отбасының байлығына назар аудартты (Forbes журналының жазуын қарағанда, [Назарбаевтың] екінші қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың байлығы 5,2 миллиард долларға жетеді). Ал осы кезде коронавирус пандемиясы мен мұнай бағасының арзандауы Қазақстан экономикасын шатқаяқтатып тұр» деп жазады автор.

Назарбаеваның кіші ұлы – Айсұлтанның әрекеттері одан да көп ыңғайсыздық туғызды, соңғы уақытта оның есімі британ таблоидтарында жиі аталып жүр деп жазады Economist. Сот Айсұлтанды полицейге шабуыл жасады деп айыптап, шартты жазаға кесті және бай клиенттер жатып емделетін емханада есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп айықтыру туралы шешім қабылдады. Қаңтарда Айсұлтан Facebook-те таң қалдырарлық посттар жазды. Солардың ішінде ең тосын пікірі – әкесі (Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі) Рахат Әлиев емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі деген сөзі. Қазақстанның шенеуніктері мұны «[есірткіге] тәуелді адамның сандырағы» деп атаған».

Дариға Назарбаева ұлы Айсұлтан жайлы сұрақты жауапсыз қалдырды (23 қаңтар 2020 жыл):

Дариға Назарбаева ұлы Айсұлтан жайлы сұрақты жауапсыз қалдырды
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:57 0:00

Мақалада Дариға Назарбаеваның бұрын да саясаттан кеткенін еске түсіреді. 2007 жылы сол кездегі күйеуі Рахат Әлиев қуғынға ұшырағанда Дариға Назарбаева одан ажырасып кеткен. Ал Қазақстан соттары Әлиевті «Уланған изотоптар мен жандайшаптардың көмегімен Назарбаевты орнынан кетіруге тырысты деп айыптап, сырттай соттаған» деп жазады басылым. Бірнеше жылдан соң Назарбаева саясатқа қайта оралып, сенат спикеріне айналды.

Economist журналының жазуынша, Қазақстан сенатының басқа бірде-бір спикері дәл Дариға Назарбаева сияқты шетел басылымдарында жиі бой көрсетпеген. Тоқаев парламенттің жоғарғы палатасын басқарып тұрғанда да ол туралы бұлай көп жазбаған, Назарбаеваның орнына спикер болған Мәулен Әшімбаев та ол сияқты көп сөз болмайтын шығар деп болжайды Economist.

ЖАРИЯ БОЛҒАН АКТИВТЕР

«Қазақстан президенті Ұлыбританиядағы активтері жария болған соң алдыңғы басшының қызын басты қызметінен алып тастады» деген мақалада британиялық Telegraph газеті де Лондондағы іске тоқталған.

«Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дариға Назарбаеваны сенат спикері қызметінен неліктен кенеттен алып тастағанын түсіндірген жоқ. Дегенмен бұл шешім Лондон сотындағы атышулы процестен кейін қабылданды, сол дау барысында оның көп байлығы әшкере болды» деп жазады Telegraph.

2013 жылы Forbes журналы Дариға Назарбаеваның байлығын 595 миллион доллар деп бағалаған. Ал заң кеңсесінен құпия құжаттар тарап кеткен «Панама ісінде» оның Британиялық Виргин аралдарындағы оффшор компанияның иесі екені айтылған.

Назарбаев билікте болған ондаған жыл ішінде оның отбасы мүшелері қисапсыз байлық жинады, бірақ Қазақстандағы журналистердің бұл дәулет жайлы жазуына тыйым салынған дейді автор. Биыл көктемде Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиев Лондонның Үлкен сотында «шығу төркіні белгісіз байлық» ордері негізінде бұғатталған мүлкін қорғаған кезде олардың байлығына қатысты біраз ақпарат жария болды.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі делінген Лондондағы үйлердің бірі. Мүлікке британ билігі оған тыйым салған. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президенттің жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі делінген Лондондағы үйлердің бірі. Мүлікке британ билігі оған тыйым салған. 10 наурыз 2020 жыл.

Британияның Қылмыспен күрес жөніндегі ұлттық агенттігі жылжымайтын мүлік Назарбаеваның марқұм күйеуінің қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алынған деп ұйғарған. Сот бұл тұжырымды негізсіз деп тауып, ордердің күшін жойған. Дегенмен бұл процесс Назарбаеваның қант, автокөлік, банк және медиаиндустрия салаларын қамтитын бизнес-империясына қоғам назарын аударды деп жазады Telegraph.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG