Accessibility links

Қытайдың Орталық Азиядағы әскери ықпалы күшейіп келеді


Қытай және тәжік солдаты Шыңжаң маңындағы шекарада қол күрестіріп жатыр. 18 мамыр 2019 жыл.
Қытай және тәжік солдаты Шыңжаң маңындағы шекарада қол күрестіріп жатыр. 18 мамыр 2019 жыл.

Орталық Азия қауіпсіздігі мәселесіндегі Қытайдың рөлі артып келеді. Бұл болашақта Ресеймен арада қақтығысқа алып келуі мүмкін.

Вашингтонда орналасқан Вильсон орталығы Кеннан институтының жаңа есебі бойынша, Қытайдың Орталық Азияның қауіпсіздігіндегі рөлі барған сайын артып келеді. Демек "алдағы онжылдықта Мәскеудің Орталық Азиядағы ықпалына қауіп төнуі мүмкін".

Сарапшылардың айтуынша, Қытай өзімен қоңсы жатқан постсовет елдеріне қару-жарақ саудасы, әскери жаттығу бағдарламалары және жаңа әскери бекеттер арқылы ықпалын күшейтіп жатыр. Кеннан институтының мамырдың 27-сі күні жарық көрген есебінде осындай тұжырым жасалады.

Совет одағы құлаған соң Мәскеу аймақтағы қауіпсіздіктің кепілі ретіндегі рөлін қалыптастырған. Дегенмен Кремль Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық үстемдігін мойындауға мәжбүр.

Сондықтан сарапшылардың көбі Пекин мен Мәскеудің Орталық Азиядағы рөлін "еңбек бөлінісі" деп сипаттай бастады. Яғни, Ресей саяси және әскери байланыстары арқылы аймаққа өктемдік етсе, Қытай "Бір белдеу – бір жол" бастамасы сияқты жобалар арқылы несие беріп, экономикалық тұрғыдан үстем болғысы келеді.

Алайда, есеп авторларының айтуынша, Қытай кейінгі жылдары "қауіпсіздік саласында біраз ілгері басып", екі ел арасындағы билік бөлінісіне сызат түсіре бастады. Ал бұл екі держава арасындағы болашақта болуы мүмкін қақтығысқа негіз қалап жатуы мүмкін.

"Орталық Азияда Ресей тек қауіпсіздікке, ал Қытай экономикаға жауап беретін нақты бөлініс бар екенін бұрыннан айтып келеміз, бірақ қазір бұл бөлініс жойылып барады. Қытай қазірдің өзінде аймақтағы күшті державаға айналды" деді есеп авторларының бірі, Вильсон орталығының Қытай мен АҚШ жөніндегі Киссинджер институтының ғылыми қызметкері Брэдли Джардин.

Бұл өзгерісті Қытайдың Орталық Азия елдеріне қару сату көрсеткіштерінен байқауға болады. Кейінгі бес жылда аймақ елдеріне әскери қару-жарақтың 18 пайызы шығыстағы көршісінен келген, 2010-2014 жылдары бұл көрсеткіш бар болғаны 1,5 пайыз болған еді.

Бұған қоса Қытай аймақта алғашқы әскери нысанын салды, сөйтіп, Тәжікстандағы әскери ықпалын сәл де болса арттырды. Бұл ел оңтүстігінде Ауғанстанмен, шығысында Қытаймен шектеседі.

Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде кездесіп отыр. 2019 жылдың маусымы.
Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Душанбеде кездесіп отыр. 2019 жылдың маусымы.

Washington Post газеті 2019 жылы Тәжікстанда Қытай шағын әскери нысандарын салғанын, онда Қытай әскерилері бар екенін жазған. Wall Street Journal басылымы да Қытай мен Тәжікстан арасындағы тәжік-ауған шекарасының Тәжікстан жағындағы 30-40 шекара постын жөндеуден өткізу не қайта салу туралы құпия келісім туралы ақпарат таратқан.

Қауіпсіздік саласында ықпалын күшейту арқылы Пекин Орталық Азиядағы инфрақұрылымға салған инвестициясын да қорғағысы келеді.

"Ресейдің аймақтағы қару саудасы бірнеше жыл бойы 60 пайыз төңірегінде тұр. Демек, Қытай Ресейдің нарықтағы үлесін тартып алып жатқан жоқ. Дегенмен алдағы жылдары бұл да өзгеруі мүмкін" деп санайды есеп авторлары.

"Көп жұрт Қытай мен Ресей бәсекелесіп жатыр дейді, бірақ біздің зерттеуіміз бойынша, нағыз бәсеке әлі басталған жоқ. Қытай қару саудасын ұлғайта берсе, ол Ресейдің үлесіне қол салады. Сол кезде біз Пекин мен Мәскеу арасындағы шиеленіске куә боламыз" деді Джардин.

РЕСЕЙ ӘЛІ ҮСТЕМ

Ресей әлі де аймақтағы негізгі сыртқы әскери күш әрі ең көп қару сататын ел.

Ресейдің бүкіл Орталық Азияда нысандары бар, соның ішінде Тәжікстанда 7 мың әскері, Қырғызстанда әскери базасы орналасқан. Бұған қоса, Ресей үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымы аймақтағы әскери байланысты сақтап тұратын басты орган саналады.

Қытайдың қауіпсіздік саласындағы рөлі күшейгеніне қарамастан, Пекин мен Мәскеудің Орталық Азиядағы мақсаттары сәйкес келіп, кейінгі жылдары өзара әріптестікті арттырды. Екеуі де аймаққа Ауғанстаннан келетін тұрақсыздықтың алдын алып, терроризм мен экстремизмді ауыздықтауға мүдделі.

Пекин Орталық Азияны шығыстағы Шыңжаң өлкесі жанындағы буфер аймақ деп санайды. Қытай үкіметі Шыңжаң аймағында ұйғыр, қазақ, қырғыз сияқты 1 миллионға жуық жергілікті мұсылманды саяси лагерьге қамаған.

Шыңжаң өлкесінде жүрген Қытай әскерилері. 2019 жылдың қарашасы.
Шыңжаң өлкесінде жүрген Қытай әскерилері. 2019 жылдың қарашасы.

Оның үстіне, АҚШ-қа қарсы бәсекеде де Қытай мен Ресейдің мүддесі бір.

Екі ел де АҚШ-тың аймаққа ықпалын бәсеңдетуге күш салды. Мәскеу мен Пекин 2014 жылы Қырғызстандағы АҚШ әскери базасының жабылуын, Ауғанстандағы әскери күштердің азаюын қуана құптады.

"БӘСЕКЕЛЕС" ДОСТАР

Дегенмен екі ел де Орталық Азияға ықпал ету мүмкіндігі жағынан бір-бірінен асып түсуге тырысады.

Кеннан институтының есебінше, Орталық Азиядағы әскери офицерлерді даярлау Мәскеу үшін де, Пекин үшін де маңызды.

Қару сату саласындағы сияқты бұл істе де Мәскеу озып келеді, себебі Орталық Азияның барлық бес мемлекетіндегі әскери мектептердегі байланыстардың арқасында бірлесе әскери маман даярлау ісі бұрыннан жолға қойылған.

Бірақ Қытай да қалыспақ емес.

Мұнда құрамына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Тәжікстан кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) маңызды рөл ойнайды. Жоспар бойынша, 2021 жылғы маусымға дейін ШЫҰ-ға мүше елдердің жоғары дәрежелі екі мың офицері әскери даярлықтан өтуі керек.

Сонымен бірге Пекин Орталық Азия офицерлерін екіжақты негізде де даярлауға ынталы. Қатысушылар саны Ресейдікінен әлі де аз болғанымен, "Қытайдың халықтық қарулы полициясы" (PAP) мен "Халықтық азат ету армиясы" академиялары аймақ елдерінде офицер даярлауға үлес қосып жатыр. Дегенмен бұған нақты қанша адамның қатысқаны жарияланған жоқ.

ПЕКИННІҢ ӨЗ ЖОЛЫ БАР

Қытай да, Ресей де екіжақты байланыстар мен көпжақты ұйымдардың көмегіне қатар жүгініп отыр. Сараптама авторларының айтуынша, Пекин соңғы кездері Мәскеудің қатысуынсыз жеке бастамаларын көбірек жүзеге асыра бастады.

2017 жылы Мәскеу ШЫҰ-ға Пәкістан мен Үндістанды қосуға күш салды, сарапшылардың көбі мұны ұйымды әлсіретіп, тарихи алауыздығы бар елдерді қосу арқылы Қытайдың ықпалын сынап көру әрекеті деп бағалаған.

Осылайша Қытай әскери дипломатиясын Ресей мүшелікке енбейтін жаңа ұйымға ойыстырды. Сөйтіп, Ауғанстан, Қытай, Пәкістан және Тәжікстан қатысқан "Төртжақты ынтымақтастық және үйлестіру механизмі" құрылды.

Сол сияқты "Қытайдың халықтық қарулы полициясы" - PAP Орталық Азия мемлекеттерінің ұлттық гвардияларымен арада жаттығулар өткізіп, ынтымақтастықты нығайтты. 2019 жылы Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан әскерилерімен арада осындай жаттығулар өтті, бұл Мәскеудің ерекше назарын аударды.

Кеннан институтының есебінде бұл жөнінде "Ресей РАР-дың белсенділігіне сақтықпен қарап отыр, сондықтан өзінің "Росгвардия" отрядын Ташкентке балама әріптес ұйым ретінде ұсынды" деп жазылған.

Ресейдің Орталық Азияға ықпалы мен қауіпсіздік саласындағы рөлі әлі де күшті, бірақ Қытай белсене түсіп, алдағы жылдары аймаққа ықпалын арттырмақ.

"Қытай Ресейдің қауқары бәсеңдеп барады деп санайды. Ұзақ мерзім тұрғысынан қарасақ, Пекин Ресейдің шегінуіне әзірленуі керек, олар бұған дайындықты бастап та кетті" дейді Джардин.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG