Accessibility links

"Бір белдеуге" өзгеше көзқарас. Қытайдың Қазақстандағы мүддесі жайлы сарапшы пікірі


'Қорғас - Шығыс қақпа" құрлық порты.
'Қорғас - Шығыс қақпа" құрлық порты.

Америкалық зерттеуші Джонатан Хиллман "Пекиннің "Бір белдеу - бір жол" жобасы қытай компанияларына едәуір пайда әкелгенімен, Қазақстан экономикасын әртараптандыруға көмектеспеуі мүмкін" деп санайды.

Вашингтонда орналасқан стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығындағы Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман Азаттыққа берген сұхбатында Пекиннің "Бір белдеу - бір жол" бастамасындағы Қазақстанның рөлі, Қытайға қарсы көңіл-күйдің себебі мен Қытайдың Орталық Азиядағы мүддесі туралы ой бөлісті. Сарапшы қытай фирмаларының құрылғыларын пайдалану арқылы "Жаңа жібек жолын" цифрландыру туралы да пікір білдірді.

Хиллман жетекшілік ететін Reconnecting Asia жобасының зерттеушілері Еуразия құрлығының экономикалық және геосаяси жағдайын өзгертетін жаңа автомобиль және темір жолдарын, инфрақұрылымдарды зерттеумен айналысады. Жақында Reconnecting Asia "Қауіпсіз қала" жобаларына арналған, адамның түр-тұлғасы мен автомобиль нөмірін танитын, әлеуметтік желілерді бақылауға қабілетті құрылғылар шығаратын қытайлық технологиялық алпауыт компанияның экспортын зерттеп, Қытай басқа елдерге "авторитаризм экспорттап отыр" деген жорамалды тексеріп көрген.

Азаттық: Пекин Нұр-Сұлтанмен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қытайдың ресми тұлғалары Орталық Азиядағы басқа елдердің билік өкілдеріне қарағанда Қазақстан шенеуніктерімен көбірек кездесті деуге болады. Хиллман мырза, 2013 жылы Си Цзиньпиннің "Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуін" құру туралы ұсынысын (екі жылдан кейін бұл бағдарлама "Бір белдеу - бір жол" бастамасына айналды) Қазақстанда айтуы кездейсоқ емес деп ойлайсыз ба?

Джонатан Хиллман: "Жібек жолы" идеясы Назарбаев Университетінде айтылды. Бұл кездейсоқ емес. Бұл - әдейі жасалған қадам екені даусыз. Сарапшылар арасында "Қазақстан – [қытайлық] "Бір белдеу - бір жол" бастамасының "тоғасы" деген әзіл естіп едім. Логистика тұрғысынан алғанда бұлай әзілдеуге толық негіз бар. [Си Цзиньпиннің] Қазақстандағы сөзі саяси үндеу болды. Бұған тарихи алғышарт та бар. [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаев еуразиялық интеграция немесе Еуразиялық одақ идеясын [Ресей президенті Владимир Путиннен] бұрын айтқан. 1990 жылдары Малайзия премьер-министрі Махатхир Мохамад Қазақстанға сапармен барғанда жаңа құрлық жолдарының қажеттігі туралы сөз қозғап, бұл мәселеде Қазақстанға маңызды рөл берген. Яғни, Қазақстан аумағы арқылы жаңа құрлық жолдарын тарту туралы идея әлдеқашан айтылған.

Қытай президенті Си Цзиньпин мен сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетаралық келісімдерге қол қою рәсімі кезінде. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпин мен сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетаралық келісімдерге қол қою рәсімі кезінде. Пекин, 7 маусым 2018 жыл.

ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖОБАЛАРЫ МЕН НҰР-СҰЛТАННЫҢ БАС АУЫРТАР МӘСЕЛЕСІ

Азаттық: Қазақстанда Қытайға қарсы көңіл-күй қалыптасқаны жасырын емес. Бұған елде былтыр қыркүйек айында Қытаймен бірлескен жобаларға қарсы өткен наразылық шаралары дәлел бола алады. Қазақстандағы Қытайға қарсы мұндай көңіл-күйдің себебі неде деп ойлайсыз?

Джонатан Хиллман: Ресми тұлғалар Қытаймен әріптестік қос тарапқа да тиімді екенін, соның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, Қазақстан экономикасына пайда келетінін айтады. Іс жүзінде бәрі басқаша.

Көлемді жобалар әдетте күтілген мерзімнен де ұзақ уақытта жүзеге асады, оған жоспардағыдан көп ақша жұмсалады және олар әу баста айтылғаннан әлдеқайда аз пайда әкеледі. Мұның бәрі халыққа алдын-ала көп уәде бергеннен ушыға түседі.

2019: Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:26 0:00


Жобаларға мұқият қарасаңыз, жұмыстың басым бөлігі қытай мердігерлеріне берілгенін байқайсыз. Reconnecting Asia зерттеушілерінің Қытай қаржыландырған жобаларға жүргізген сараптамасы жұмысқа тартылған мердігерлердің 90 пайызы - қытай компаниялары екенін көрсетті. Бұл – әділетсіз бөлініс. Оның жергілікті дамуға еш қатысы жоқ. Ең маңыздысы – бұл бірінші кезекте қытай компанияларына пайда әкеледі.

Қытай өз мүддесін көздегенде оған қарсы негативті реакцияның болуы заңды құбылыс деп ойлаймын. Қытайға көршілес мемлекеттерде Пекиннің экономикалық ықпалының өсуіне байланысты тәуелсіздігін жоғалту ықтималдығын ойлап, алаңдаған азаматтардың қатары көбейе бастады. Бірқатар елде, мәселен, Тәжікстанда Қытай қауіпсіздік саласындағы ықпалын арттырып отыр.

Азаттық: Соңғы екі жылда Қытайдың бес этникалық қазағы Шыңжаңнан Қазақстанға қашты. Олар қашу себебін Пекиннің мұсылмандарды қудалауымен байланыстырды. Қазақстандағы жүздеген қазақ Қытайдағы туыстары қудалауға ұшырағанын немесе "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" күштеп жабылғанын айтады. Шыңжаң қазақтары Қазақстан билігінің бас ауыртар мәселесіне айналды деп ойлайсыз ба?

Джонатан Хиллман: Мұнда маңызды инвестор және ортақ шекара бойында орналасқан көрші мемлекетпен қарым-қатынас туралы сөз болып отырғанын естен шығармау керек. Мұсылман халқы бар елдердің Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуы туралы ашық мәлімдеме жасамауы көңілге қаяу түсіреді.

Әдетте "Бір белдеу – бір жол" бағдарламасының аясына енген елдердің басшыларын коммерциялық, экономикалық және саяси мәселелер тежейді. Дегенмен келіссөздер жүріп жатыр деп ойлаймын. Билік жабық есік артында Қытайға қарсы сыни көзқараста болуы да мүмкін. Бірақ өкінішке қарай, қоғамдық алаңда ашық сын-пікір байқаған жоқпыз.

Қытай билігінің айтуынша, "Бір белдеу – бір жол" елдер мен адамдарды байланыстырып, тауар мен идея алмасуды арттыру мақсатында құрылған. Бірақ Қытайдың батысына қарасақ, толық бақылау мен жер-жерде орнатылған қауіпсіздік қызметінің бақылау-өткізу бекеттерін көреміз. Еркін жүріп-тұру мүмкін емес. Қытай шынымен байланыстардың кеңеюіне ықпал еткісі келсе, мұндай бақылаудан бас тартар еді деп ойлаймын.

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма? (23 қаңтар 2018 жыл)

Жаңа Жібек жолы: даму ма, алдану ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:29:59 0:00

ҚЫТАЙ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІРЕ МЕ?

Азаттық: АҚШ Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге қатысы бар, байырғы этнос өкілдерін аңдуға көмектескен қытай технологиялық компанияларын санкция тізіміне енгізді. Бірақ осындай бірқатар компания Орталық Азия елдеріне құрылғы жеткізіп жатқанын көріп отырмыз. Қазақстан астанасында түр-тұлғаны ажырататын Hikvision камераларының көмегімен қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі пилоттық режимде қолданыла бастады. Бішкекте қытай технологиясы қолданылатын "Ақылды қала" жобасы енгізіліп жатыр. Ал Батыс елдері Қытайдың мұндай технологияларын пайдалануға сақтықпен қарап отыр.

Вашингтонда орналасқан стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығындағы Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман.
Вашингтонда орналасқан стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығындағы Reconnecting Asia жобасының директоры Джонатан Хиллман.

Джонатан Хиллман: Қытай компаниялары бейнебақылау технологиялары саласында жетекші кәсіпорын саналады. Үш қытай компаниясына әлемдік нарықтың 30 пайызы тиесілі. Сөзсіз, оларда бұл құрылғыларды басқа мемлекеттерге сату туралы коммерциялық мүдде бар. Қытай үкіметінің аталған технологияларды сатып алғысы келетін елдер үшін құрылғыны қандай да бір әдіспен сынақтан өткізгенін байқаған жоқпын. Олардың шарт қойып, құрылғыны мынадай мақсаттарға пайдалануға болмайды дегенін естіген жоқпын. Олар бар болғаны технологиясын сатқысы келеді және сатып алушыларға оны қалаған мақсатта пайдалануға мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл өте қауіпті. Бұл құрылғылардың қалай қолданылып жатқанына мән берілуі керек деп ойлаймын. Коммерциялық қызығушылық бар, бірақ стратегиялық фактор да жоқ емес: ақпараттар мен деректер базасын сақтауға арналған инфрақұрылым көп болған сайын, бұл ақпаратқа қолжетімділік те артады. Шынын айтқанда, бізге бұл құрылғыларды жеткізу механизмдері мен деректер базасы кімнің қолында екені туралы көбірек ақпарат керек. Бұл - өте маңызды мәселе.

Азаттық: Қытай үкіметі шетелдік қолданушылар немесе қытай компанияларының өнімін пайдаланған басқа мемлекет билігі өңдеген ақпаратқа қол жеткізуі мүмкін деген қауіп бар ма?

Джонатан Хиллман: Біз [қытай компанияларымен] келісімнің жай-жапсарын білмейміз. Осындай ерекше жағдайдың бірі Пәкістанда болды. Онда құрылғыны ашып, тексеріп көрген. Қателеспесем, бұл HUAWEI компаниясының "Қауіпсіз қала" жобасы болған. Пәкістан инженерлері бұл құрылғыдан өздері білмеген және мүлде қолданбаған Wi-Fi карталарын тапқан. Бұл "Қолданушы пайдаланбаса, ақпарат жіберуге арналған қосымша құрылғы не үшін керек?" деген сұрақ туғызды.

Қауіпсіздікке байланысты алаңдаушылық бары сөзсіз. Мәселе "Қытай компаниялары мен үкіметі бұл ақпаратқа қол жеткізе ме, жоқ па?" деген сұрақта емес. Жеке деректер қауіпсіздігіне басымдық берілмесе, оған үшінші тарап қол жеткізуі мүмкін деген қауіп бар.

Азаттық: Қазақстан билігі "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасын қабылдап, оның аясында ауылға да интернет жүргізуге уәде беріп отыр. Бағдарлама жоспарында HUAWEI енгізген, 4G-ге қарағанда әлдеқайда қуатты әрі жылдам 5G байланысына өту де бар. Аталған байланыс түрі қаншалықты қауіпсіз? Неге бірқатар ел HUAWEI ұсынған 5G-ге өтуден қауіптенеді?

Джонатан Хиллман: Ешқандай технология 100 пайыз қауіпсіз бола алмайды. Қытай технологиялық алпауыты HUAWEI сымсыз желіңізге магистраль ұсынса, мемлекет тарапынан немесе басқа жолмен қаржыландырылатын қытай құрылымдары өзі арқылы өтетін инфрақұрылым мен деректерге қол жеткізе алады. Мемлекеттер әдетте бағаға, арзан құрылғыға назар аударады. Бірақ 5G мәселесіне келгенде, оған қосылатын көп жүйе туралы айтқанда, қауіпсіздікке мән беру керек деп ойлаймын. Қауіпсіздікті ақшамен бағалау қиын.

Азаттық: Нұр-Сұлтан Қазақстанда өткен митингілерде айтылған "қытай экспансиясына" қатысты алаңдаушылыққа қарамастан, Қытаймен қарым-қатынасынан еш қауіп көрмейтінін айтады. Қазақстан үкіметі бұл әріптестіктің тиімді екенін, елдің өндірістік әлеуетін арттыруға, технология әкелуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға үлес қосатынын айтады.

Джонатан Хиллман: Ресми тұлғалар мен инвестиция алушылардың тек позитивті дүниелер айтқанынан таңғаларлық ештеңе көріп тұрған жоқпын. Қытаймен жұмыс істейтін елдер қайтара алмайтын қарыз бен инфрақұрылым құруды бір компанияның қолына тапсырып қою арқылы тәуелді болып қалмас үшін, қауіпті бағалай алады деп үміттенемін. Қазақстан өзін құрлық сауда жолдарынан пайда көретін стратегиялық маңызды мемлекет ретінде таныстырады. Қазақстан темір жол тасымалына ғана ұмтылып отырған жоқ. Ол тауардан бөлек, қызметтер мен идеялар ұсынатын ел болғысы келеді. "Бір белдеу - бір жол" жобасы Қазақстанға осы биік мақсатқа жетуге көмектесіп отыр деп ойламаймын.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG