Accessibility links

Шыңжаңдағы қуғын-сүргін және Орталық Азия үкіметтерінің үнсіздігі


Туыстары Шыңжаңдағы лагерьге қамалған әйелдер жақындарының суреттерін ұстап тұр. Алматы, 30 қазан 2019 жыл.
Туыстары Шыңжаңдағы лагерьге қамалған әйелдер жақындарының суреттерін ұстап тұр. Алматы, 30 қазан 2019 жыл.

Халықаралық ақпарат құралдары осы аптада Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдері, оның ішінде этникалық қазақтардың құқығының бұзылуы туралы жазып, «қайта тәрбиелеу лагерьлерінде» тұтқында болған азаматтардың бастан кешкен оқиғаларын жариялады. Баспасөзде Нұр-Сұлтан мен Пекин қарым-қатынасы және АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Шыңжаңдағы жағдайға байланысты үнсіз отырған Орталық Азия мемлекеттеріне сапарының кейінге қалуы талқыланды.

«ҚАЙТА ТӘРБИЕЛЕУ ЛАГЕРІНДЕ» ТҰТҚЫНДА БОЛҒАНДАР

Катарлық Al Jazeera телеарнасы дайындаған «Этникалық қазақтарды "Қытай лагерьлерінде ұстап, азаптап жатыр”» деп аталатын видеорепортажда Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаңда ислам дінін ұстанатын аз ұлт өкілдерінің қудалауға ұшырағаны айтылады. Мақалада ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да ұлт өкілдері күштеп жіберілген «саяси тәрбиелеу лагерьлерінде» тұтқында болғандардың хикаялары баяндалған.

Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған этникалық қазақ Орынбек Көксебек Шыңжаңдағы жабық мекемеде өзіне физикалық және психологиялық тұрғыда әсер еткен дәрі беріп, ине салғанын айтқан. Ол «лагерьде» басынан өткен оқиғасының біразын ұмытып қалғанын, бірақ өзін Қытай әнұранын айтып, өлең оқуға мәжбүрлегені есінде қалғанын айтады. Азаттық Орынбек Көксебек туралы 2018 жылы мамыр айында жазған. Ол кезде мақала кейіпкері лагерьде үстіне мұздай су құйып, қолын кісендеп ұстағаны туралы естелігімен бөліскен.

Телеарна тілшісі өзі Қазақстанда жүріп, сұхбат алған Қытай «лагерінде» тұтқында болғандардың көбі қудалаудан қорқып, аты-жөнін атамағанына назар аударады.

«Атажұрт еріктілері» ұйымының құқық қорғаушылары Қытай «лагерьлерінде» тұтқында болған немесе туыстары қамауға түскен екі мыңнан астам этникалық қазақтың хикаясын жазып алған. Репортажда қоғамдық бірлестік дерегінше, 500 мыңға жуық этникалық қазақтың Қытай лагерьлеріне түскені, мыңдаған отбасының тұтқындағы туыстарының өлі не тірі екенін біле алмай отырғаны айтылған.

«Атажұрт еріктілері» ұйымының мүшесі Ербол Дәулетбек Қытай азшылық өкілдерін «идеологиялық тәрбиелеуден» өткізіп, қытай тілін үйренуге, өз дінін ұмытуға мәжбүрлеп, азаптайтынын айтады.

Құқық қорғаушы Айна Шорманбаеваның сөзінше, Шыңжаңдағы қуғын-сүргін құрбандарын қорғап, олардың пайдасы үшін өтемақы өндіріп беретін халықаралық механизм жоқ.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымының өкілі Софи Ричардсон «лагерьлерді» тез арада жауып, Шыңжаңдағы қуғын-сүргінге қатысы бар компанияларға және осы саясатқа жауапты қытайлық ресми тұлғаларға қарсы санкциялар енгізуге шақырды.

Осы тақырыптың жалғасы ретінде түсірілген Al Jazeera арнасындағы «Қытайда ұсталған мұсылман әйелдерді күшпен түсік жасатуға мәжбүрлеген» деген репортажда Қазақстанға оралып, азаматтық алғаннан кейін Шыңжаңда көрген сұмдығын ашық баяндауға келіскен этникалық қазақ Гүлзира Мөгдіннің хикаясы берілген. Азаттық Гүлзира Мөгдін туралы 2018 жылы қазан айында жазған.

Шыңжаңнан оралған әйел: "Түсік тастауға мәжбүр болдым" (Қазан айы, 2018 жыл).

"Түсік тастауға мәжбүр болдым"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:48 0:00

Гүлзира Мөгдін катарлық арнаға Қытай шекарасынан өткен жерде ұсталғанын айтқан. Оның ұсталуына телефонына орнатылған WhatsApp мессенджері себеп болған. Медициналық тексеру кезінде жүктілігі анықталған Гүлзираға мәжбүрлі түсік жасаған, емханада қамап ұстап, туберкулез дәрісін берген. Ол осыдан кейін басы тоқтаусыз ауыратынын айтып, шағынады.

Осыған дейін Шыңжаң лагерінен босап шыққан әйелдер журналистерге өздеріне жасанды түсік жасатып, жатыр ішіне спираль салғанын айтқан. Әйелдердің біразы зорлыққа ұшырап, жыныстық қорлық көргенін мәлімдеген. Құқық қорғаушылар бұл тәжірибені Қытайдың Шыңжаңдағы түркітілдес азшылық өкілдеріне қарсы «қаруы» деп атайды.

Алматылық белсенді Жанболат Мамай Al Jazeera арнасына берген сұхбатында Қазақстан билігін шалғайда жүрген диаспорасына үнемі қолдау көрсететін Израиль, Еуропа мемлекеттері сияқты шетелдегі этникалық қазақтарды қорғауға шақырған.

Қазақстан билігі этникалық қазақтардың құқығын ашық қорғауға бата алмай отыр. Халықаралық қатынастар бойынша қазақстандық кеңестің өкілі Ескендір Ақылбаевтың сөзінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас «нәзік тақырып» саналады. Ол Нұр-Сұлтанның қарым-қатынасты қолдай отырып, өз пікірін білдіретін «қазақ стиліндегі дипломатия» жүргізуге тырысатынын айтады.

БЕС «СТАННЫҢ» ШЫҢЖАҢДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҮНСІЗДІГІ

Британдық жаңалықтар агенттігі Reuters сайтында «Қытай Помпео сапарының алдында Орталық Азияның қолдауына сенім артып отыр» деген мақала шықты. Материалда «АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келесі аптада өз азаматтарының Шыңжаңдағы халықпен тығыз мәдени және діни байланысының барына қарамастан, Қытайдың аймақта жүргізіп отырған саясатын сынамаған жақын достары — Қазақстан мен Өзбекстанға барады» деп жазылған.

Қаңтардың 1-і күні АҚШ мемлекеттік департаменті Помпеоның сапары Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты кейінге қалғанын хабарлады.

Мақала авторы Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуанның «Орталық Азиядағы бес мемлекет Шыңжаңдағы жағдайды АҚШ-қа қарағанда жақсырақ түсінеді және бұл тақырыпқа қатысты пікір білдіруде де әлдеқайда кең құқыққа ие” деген сөзін берген. Ол «АҚШ-тың тағы да ескі амалдарын пайдалануға тырысуы сәтсіз аяқталады. Орталық Азия мемлекеттері Шыңжаң мәселесі бойынша Қытай позициясын жақсы түсініп, қолдап, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес шараларына оң баға беріп отыр» деген.

Қытай президенті Си Цзиньпиннің Пекинге келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алған сәті. 11 қыркүйек 2019 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпиннің Пекинге келген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алған сәті. 11 қыркүйек 2019 жыл.

Вашингтонда шығатын Diplomat басылымында жарық көрген «АҚШ мемлекеттік хатшысы Помпеоның Орталық Азияға сапарынан не күтуге болады?» деген мақалада АҚШ-тың өңірдегі стратегиясы талқыланған.

Желтоқсанның 30-ы күні тараған баспасөз хабарламасына сәйкес, Помпео Нұр-Сұлтанға қаңтардың 4-і күні Минскіден ұшып келуі керек еді. Ол қаңтардың 5-і күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевпен (өткен жылы наурызда отставкаға кетіп, бірақ кең құзыретін сақтап қалған) және сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездеседі деп жоспарланған еді.

Қазақстандағы Қытайға қарсы акциялар:

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:26 0:00

«АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған ресми мәлімдемеде Вашингтонның Орталық Азия мемлекеттерінің «тәуелсіздігі, егемендігі мен территориялық тұтастығын» қолдайтыны жазылған. Бұл – жиі қолданылатын дипломатиялық термин. Мәтіннің астарында өңірдегі басқа серіктестер - Ресей мен Қытай – бұл үш құндылыққа лайықты құрмет көрсетіп отырған жоқ деген мағына жатыр» делінген.

Помпео Нұр-Сұлтанда «АҚШ-тың кеңейтілген стратегиялық әріптестігін растап, екіжақты сауда мен инвестиция көлемін арттыру жолдарын талқылайды» деп хабарланған. Мемлекеттік департамент мақаласында Назарбаевтың орнына келген Тоқаев туралы «Президент Тоқаев саяси және экономикалық реформалар жүргізу бойынша өз мойнына үміт күттіретін міндеттемелер алды. Біз осы міндеттемелердің орындалуын асыға күтеміз» деп жазылған.

Мақалада «Орталық Азия елдерімен Ауғанстан мәселесін талқылауда Вашингтонның Қытаймен салыстырғанда жоғары мүмкіндікке ие екені» айтылған. Diplomat басылымы «Бес «стан» Қытайға экономикалық тұрғыдан тәуелді, олардың Пекин алдында үлкен қарызы бар. Әлі күнге Орталық Азияның бірде-бір мемлекеті Шыңжаңдағы қазақ, қырғыз және басқа азшылық өкілдерін лагерьлерде ұстауға байланысты ашық мәлімдеме жасаған жоқ» деп жазды.

Орталық Азия Қытайға қанша қарыз? ("Настоящее время" арнасының видеосы. Орыс тілінде).

Сколько Центральная Азия должна Китаю
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:50 0:00

ҚЫТАЙ АЗ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІН «ЖҰМЫСШЫЛАР ОТРЯДЫНА» ҚАЛАЙ АЙНАЛДЫРДЫ?

Америкалық New York Times газеті «Мұсылман азшылық өкілдерін жұмысшылар отрядына айналдыру бойынша Қытайдың ішкі саясаты» атты талдау мақаласын жариялады. Онда Шыңжаңдағы азшылық өкілдерін, негізінен ұйғырлар мен қазақтарды өндіріс орындарына, көбіне мақта-мата фабрикаларына күштеп жұмысқа тарту науқаны сипатталған.

Мақала авторы «Биліктің қысымымен фермерлер, ұсау саудагерлер мен еңбекке қабілетті жастағы ауыл тұрғындары бірнеше апта немесе ай бойы оқыту және идеологиялық дайындық курстарынан өтеді. Осыдан кейін оларға киім тігу, аяқкиім дайындау, көше сыпыру немесе басқа жұмыстар тапсырылады» деп жазған.

Қытай билігі ұйғырлар мен қазақтарды «ауылдық өңірдегі артық жұмыс күші» деп атап, олардың жеткілікті деңгейде жұмыспен қамтылмауын әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелетін қауіп көреді. Шенеуніктердің сөзінше, халықты үкіметтің бақылауындағы тұрақты жұмысқа тарту арқылы мемлекет оларды кедейліктен құтқарып, діни экстремизм мен зорлықтың тарауына жол бермейді. Сыншылар бұл саясатты Пекиннің азшылық өкілдерін бағындырып, оларды ассимиляцияға ұшыратуға талпынысы деп бағалайды.

Билік 2020 жылдың соңына қарай Шыңжаңның оңтүстігіндегі негізінен ұйғырлар тұратын кедей аудандардан 100 мың адамды жұмысқа тартуды жоспарлап отыр. Жақында Қытай билігі бұл мақсатқа мерзімінен бір жыл бұрын қол жеткізілгенін хабарлады. Басқа жоспарға сәйкес, 2023 жылдың соңына қарай, Шыңжаңдағы мақта-мата және тігін өндірісінде миллион адам жұмыс істейді деп жоспарланып отыр. 2017 жылы мұнда жүздеген мың адам жұмыс істеген.

Шыңжаңдағы «қайта саяси тәрбиелеу лагерьлерінің» жанында орналасқан жаңа өнеркәсіп орындары тұтқындарды жұмыс күші ретінде пайдаланады. «Шыңжаңның азшылық өкілдері үшін жұмыс орындарын құруға талпынысы еңбекпен қамтуға қарағанда, әскерге шақыруға көбірек ұқсайды. Жұмысшылар өз еркімен жұмыстан шыға алмайды, жақсы нәтиже көрсетпегендерді кешкісін «қайта тәрбиелеу курстарына» жібереді» деп жазды New York Times.

Ресми басылымдар дерегінше, жұмысшылар айына 400 доллар және одан жоғары жалақы алады. Бірақ шын мәнінде жағдай мүлде басқа. Шыңжаң бойынша сарапшы Адриан Зенцтың сөзінше, Шыңжаңның оңтүстігіндегі жалақылары онлайн есептерге шығарылған зауыт жұмысшыларының үштен екісі айына небәрі 114 доллар алып келген.

Шыңжаңның 31 жастағы тұрғыны Аманжол Киса бір жыл «лагерьде» болғанын, осыдан кейін өзін үш айға тігін фабрикасына жұмысқа жібергенін айтады. Оның күйеуі, Қазақстан азаматы Мұхамет Қызырбектің сөзінше, әйелі айына 115 доллар – ең төменгі жалақы мөлшерінің жартысынан аз ақша алған. Газетке берген сұхбатында Мұхамет Қызырбек әйелінде басқа таңдау жоғын айтып, «тұтқыннан босаған соң, олардың саясатына сәйкес жұмыс істеуің керек» дейді.

Ресми дерек бойынша, Қытайдағы мақтаның 85 пайызы Шыңжаңда өндіріледі. Пекин мата мен киім өндірісін ұлғайтуды көздейді. New York Times «Киім дайындаудың әр сатысы мемлекеттік «жұмыспен қамту» бағдарламаларымен байланысты» деп жазды.

Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуына қатысты алаңдаушылық әлемдік киім өндірушілерге әсер етті. Жақында АҚШ-та Hetian Taida компаниясының қызметіне тыйым салынды. Компания «лагерь тұтқындарының еңбегін пайдаланды» деп айыпталып отыр. Жапонның Uniqlo компаниясы Шыңжаңдағы әріптестерімен жұмыс істеуді тоқтатқанын хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG