Accessibility links

Ақорда маңында жаңаөзендіктер тұрақты жұмыс талап етіп, акция өткізді


Қайрат Досмағамбетов Ақорда маңында плакат ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.
Қайрат Досмағамбетов Ақорда маңында плакат ұстап тұр. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.

25 маусымда Нұр-Сұлтанда Ақорда маңында Жаңаөзеннің бірнеше тұрғыны тұрақты жұмыс талап етіп, акция өткізді. Олардың арасында 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде жарақат алған мұнайшылар Ермұхан Иманалиев және Мұханбет Серікбаев, "тергеу абақтысындағы азаптау" жайлы мәлімдеп, ауыр науқастан екі жыл бұрын қайтыс болған мұнайшы Мақсат Досмағамбетовтің шешесі, 12 баланың анасы Оңайгүл Досмағамбетова және оның ұлы Қайрат Досмағамбетов те бар.

Ақорда маңында акция өткізіп тұрған жаңаөзендіктер. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.
Ақорда маңында акция өткізіп тұрған жаңаөзендіктер. Нұр-Сұлтан, 25 маусым 2020 жыл.

Ермұхан Иманалиевтің қолында "Қазмұнайгаз басшысы Алик Айдарбаев, біз де жақсы өмір сүргіміз келеді" деген жазуы бар плакат болды. Наразылардың айтуынша, олар бұған дейін жұмыс сұрап, барлық қажетті мекемелер мен органдарға, "Өзенмұнайгаз" компаниясына барып, арыз-шағымдарын айтқан. Алайда талаптары сол күйі орындалмаған.

"Бұл талаптарымыз орындалмайынша және Алик Айдарбаев бізбен кездеспейінше бұл жақтан ешқайда кетпейміз" деді наразылар.

- 2011 жылы жамбасымнан оқ тиіп, 26 операцияны бастан кешірдім. Екінші топ мүгедегі атандым. Бұған үкімет жауапты деп ойлаймын. Жоғары жақтан бұйрық келмесе, полиция тектен-тек адамды атпайды ғой. Енді сол үшін жауап берсін. Аяқтан тұрғызамыз деді. Жұмысқа тұрғызамыз деді. Енді уәделерінде тұрмай ма? - деді Қайрат Досмағамбетов акция кезінде.

- Жаңаөзенге жан-жақтан келгендердің бәрі жұмыс істеп жатыр. Ал жергілікті халыққа жұмыс жоқ. Бірнеше жыл бұрын [сол кездегі президент] Назарбаев Жаңаөзен оқиғасы кезінде зардап шеккен отбасындағы кемінде бір адамды жұмысқа алу туралы тапсырма берген. Біреуі орындалған жоқ. Әділдік жоқ. 2016 жылы жергілікті әкімдікке [жұмыссыздармен] бірігіп отырып, бірлесе жұмыс жасаңдар деді. Бізді ешкім жұмысқа шақырған жоқ, - деді Мұханбет Серікбаев.

Оның қолында "Қазмұнайгаздың" бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаевтың "Өзенмұнайгаз" компаниясында жұмысқа қабылдауға қойылған мораторий алынсын және осы адамдардың мәселесі шешілсін деген мазмұндағы хатттама мәтіні болды.

"Мұнай саласында жемқорлық, тамыр-таныстық өте көп. Соның кесірінен жұмысқа орнала алмай жүрміз" деді наразылар.

Бейсенбі күні түс кезінде Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов Азаттық тілшісіне хабарласып, "бұл азаматтардың мәселесінен хабардар" екенін айтып, "оларға аутсорсингтен жұмыс ұсынылған, бірақ өздері одан бас тартады, бұл азаматтар қанша талап қойғанмен "Өзенмұнайгаздан" жұмыс берілмейді" деді. Ал наразылар әкімдік ұсынып отырған жұмыстың жалақысы өте аз, ондай жалақымен бала-шағаны асырау қиын деп отыр.

Есіл ауданы әкімдігінің өкілі Мұхамед Шәмшиев келіп, наразыларға акцияның "заңсыз" екенін айтып ескертті. Оқиғаны бақылаған полиция қызметкерлері акция өткізіп тұрған азаматтарды камераға түсіре бастаған.

Наразылар акция өткізіп тұрған кезде түскі асқа шыққан бірнеше депутат олардың жанынан өтті. Жаңаөзен тұрғындары "Кеуделеріңіздегі депутат төсбелгісін көріп тұрмыз. Келіп біздің мәселелерімізге назар аударыңыздаршы" деп айтқанмен олар "акцияның заңсыз екенін айтып" айтқандарына құлақ аспады.

Азаттық тілшісі әзірге "Өзенмұнайгаз" компаниясынан жауап ала алмады.

Жаңаөзен тұрғындары бұған дейін де тұрақты жұмыс талап етіп, акция өткізген. Сондай талап қойған Жаңаөзендегі жұмыссыз жастар белсендісі Ержан Елшібаев былтыр қазан айында "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша бес жылға бас бостандығынан айрылған еді. Құқық қорғаушылар Ержан Елшібаевты саяси тұтқын санатына қосқан.

2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен жергілікті мұнай компаниясы жұмысшыларының бірнеше айға созылған бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, бұл оқиға салдарынан 17 адам (біреуі – Шетпе станциясында) мерт болған. Қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG