Accessibility links

"Қазақстанда вирус тез тарап жатыр". Пневмония өршіп, ауруханада науқас көбейді


Бетіне маска таққан қыз. Алматы, 22 маусым 2020 жыл.
Бетіне маска таққан қыз. Алматы, 22 маусым 2020 жыл.

Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар тез көбейіп барады. Вирустан көз жұмғандар саны да артқан. Ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Елде пневмониямен ауырғандар еселеп өскенін мәлімдеген билік науқастарды емдеуге "қолда жеткілікті ресурс бар" деп сендіруге тырысады. Азаттық сөйлескен кей адамдар жергілікті жерде жағдай аса қиын екенін, дәрі-дәрмек жетіспей жатқанын айтады. ДДСҰ Қазақстанды вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына енгізді.

ӨКПЕСІ ҚАБЫНҒАНДАР ЕСЕЛЕП КӨБЕЙДІ

Түркістан қаласының тұрғыны Гүлзат Мұхтарқызының анасы мен інісі қазір пневмония диагнозымен жергілікті ауруханада жатыр. Гүлзат өзінің де қызуы көтеріліп, кейін қайта түскенін айтады. Ол ауруханада жатқан жақындарының жағдайына алаңдайды.

Оттегі құралы сапасыз, дәрі-дәрмек тапшы екен. Сосын дұрыс аппаратты да, дәріні де сырттан өзіміз кіргіздік.

Гүлзаттың сөзінше, ауруханаға түскен туыстарына қажет дәрі-дәрмек пен емдеу құралын өзі іздеп, тауып беруіне тура келген.

- Алдымен анам ауруханаға жатты, ондағы оттегі құралы сапасыз, дәрі-дәрмек тапшы екен. Сосын дұрыс аппаратты да, дәріні де сырттан өзіміз кіргіздік. Тек екі күннен соң ғана анамның жағдайы жақсара бастады. Анамнан кейін жұмыс істеп жүрген інім де ауырып, дене қызуы +39-ға жетіп, ауруханаға түсті, - дейді ол.

Нұр-Сұлтан маңындағы жұқпалы аурулар орталығы (25 маусым 2020 ж.)

Вирус жұқтырғандар қандай ауруханада жатыр? Азаттық тілшісі аралап көрді
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:12 0:00

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында тұратын Юлия Гупало екі аптадай бұрын дене қызуы көтеріліп, жөтеле бастаған соң жедел жәрдем шақырып, жергілікті ауруханаға жеткізілген. Компьютерлік томография оның екі өкпесі қабынғанын анықтаған. COVID-19 бар-жоғын анықтайтын тестілеу қорытындысы вирус жұқтырғанын көрсеткеннен кейін науқасты инфекциялық ауруханаға жатқызған.

Кейін Юлияның 18 жастағы ұлы Давид Гупало да өзін әлсіз сезініп, 17 маусымда жедел жәрдем шақыртқан. Коронавирус бар-жоғына тексерілген. Екі күннен соң шығады деген тексеру қорытындысын күтіп үйінде болған.

- Екі күннен кейін ауруханаға телефон шалдық, "сараптамаларды таба алмай жатырмыз" деді ондағылар. 19 маусымда ұлым өзін нашар сезіне бастады. Қайтадан жедел жәрдем шақырттық, тағы анализ алды да, баламды провизорлық ауруханаға әкетті. Компьютерлік томографияға түсірді. Оң жақ өкпесі пневмонияға шалдыққан деп айтты, - дейді анасы.

"Тест жоқ!" Коронавирус зертханалары неге жабық? (19 маусым 2020 ж.)

"Тест жоқ!" Коронавирусты анықтайтын зертханалар неге жабық тұр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00


Юлия Гупало Петропавлдағы көпсалалы аурухананың жұмысына көңілі толмайтынын айтады. Ұлының денсаулығына алаңдаған анасы бірнеше рет қоңырау шалып, ауруханада жатқан баласына тиісті ем тағайындауды өтінген. Юлияның сөзінше, дәрігерлер "науқастар өте көп болғандықтан үлгере алмай жатқанын, медицина қызметкерлері жетіспейтінін" айтып жауап берген.

Үш күн бойы баланың дене қызуын да ешкім өлшемеген. Ал түс кезінде антибиотик таусылып қалғанын айтқан.

- Мен тағы да дәрігерге қоңырау шалғаннан кейін балама антибиотик алсын деп жазып берді. Келесі күні баламның халын білсем, ешқандай дәрі алмағанын айтты. Қайтадан дәрігерге хабарластым, содан кейін ғана баламның қағазын көріп, алдындағы антибиотикті аз көлемде, яғни дұрыс қоймаған деді. Маған күніне екі рет антибиотик беріледі деп айтқан, бірақ кешке білсем тағы да ешқандай ем берілмеген. Осылайша үш күн бойы баланың дене қызуын да ешкім өлшемеген. Ал түс мезгілінде антибиотик таусылып қалғанын айтқан, - дейді Юлия Гупало.

"АУРУХАНАДА ОРЫН ЖОҚ"

Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты 16 наурызда енгізілген төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталып, карантин босаңсығаннан кейінгі бір айдан сәл астам мерзімде COVID-19 жұқтырғандар саны еселеп көбейіп кетті. Кейінгі кезде ресми мәліметте елде тәулігіне орташа есеппен 1300-1500 адамнан вирус анықталғаны айтылады. Вирустан қайтыс болғандар жайлы хабарлар да жиіледі.

Көптеген аймақта коронавирус жұқтырғандарды емдейтін стационарлар науқасқа толып, билік жағдайы ауыр науқастарды жатқызатын қосымша орындар дайындауға шұғыл кірісті.

Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда емдеу мекемелерін COVID-19 жұққандарды жатқызуға бейімдеп, бұған дейін жоспарланған операциялар мен өзге де медициналық шараларды кейінге ысыруға мәжбүр болды. Соның салдарынан ем-домын уақытылы ала алмаған кейбір науқастар, мысалы, онкологиялық дертке шалдыққандар наразы.

Маусым айы басталғалы Қазақстанның әр аймағында пневмония диагнозымен дәрігердің көмегіне жүгінген науқастардың саны күрт көбейіп кеткені байқалып отыр.

25 маусымда Нұр-Сұлтан қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықова кейінгі күндері қалада тәулігіне 600-ге жуық адам пневмонияға шалдығып жатқаны туралы мәлімдеді.

- Бұрын 80 шақты ғана болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін көбейгені байқалып отыр, - деді шенеунік брифингте.

Карантинге жабылған орталық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.
Карантинге жабылған орталық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда кей өңірлерде ауруханаларда науқастарға орын жетпей жатқаны туралы хабарлар қазір әлеуметтік желілерде жиі жарияланатын болған.

Елде COVID-19 індеті тарай бастаған алғашқы кезде санитарлық дәрігердің қаулысымен ауруханаларда жатқан науқастар туралы фото, видео түсіріп, таратуға тыйым салынған еді. Қазір енді билік орындарының өзі жағдайдың қаншалықты күрделі екенін жұртқа көрсеткісі келгендей видеолар жариялай бастаған.

Маңғыстау облыстық коммуникация орталығы жариялаған видеода аурухана ішіндегі бөлмелерде төсек жетпей, еденде жатқан, әлдебір аппаратқа қосылған науқастар көзге түседі. Қазір Алматы, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Шымкент және өзге де қалалардағы сияқты бұл аймақта да күрделі жағдай қалыптасқан.

ЗИРАТ ҚЫЗМЕТКЕРІ ЖҰМЫСЫ КӨБЕЙГЕНІН АЙТАДЫ

Ақтөбе қаласының тұрғыны 63 жастағы Әмина Аманшина теміржол ауруханасына 23 маусым күні түскен. Айтуынша, оған дейін төрт күн бойы үйінде емделіпті. Екі рет жедел жәрдем шақырған.

- Екі жолы да "тонзиллит" деп, мені алмай кетті. Тынысым сәт сайын тарыла берді, - дейді ол.

Әмина Аманшина қазір оттегі аппаратының көмегімен тыныс алып жатыр. Мұнай кенішінде дәрігер болып істейтін жұбайы Нұрлыбай Қошаманұлы жарының ауырып қалғанын іссапарда жүріп естіген. Телефонмен сөйлескен кезде әйелінің халы ауырлап бара жатқанын аңғарған.

- Таныстарыма хабарласып, әйелімнің өкпесін томографқа түсірттім. Дәрігерлер өкпесінің 70 пайызы зақымданған деді. Томографияға барған жерінен әріптестерім жедел жәрдем көлігіне салып жіберген, - дейді Нұрлыбай Қошаманұлы.

Ақтөбедегі ахуал ушығып кетті (26 маусым 2020 ж.)

"Пневмонияны өршіткен – коронавирус инфекциясы". Ақтөбедегі ахуал ушығып кетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:14 0:00

Қазір Ақтөбе облысында пневмонияға шалдыққандар 1200-ден асқан, қайтыс болғандар саны да артқан. Бірер күн бұрын ғана 400 төсек дайындалғаны хабарланған ауруханаларда қазір орын жоқ. Жансақтау бөлімінде 53 адам жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы күрделі жағдайдың коронавирус инфекциясымен байланысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Пневмонияның өршуіне коронавирус инфекциясы себеп болған жоқ деп кесіп айта алмаймыз.

- Өкінішке қарай ауруханаларға пневмониямен түсіп жатқандар азаймай отыр. Тексеру барысында олардың басым көпшілігінде COVID-19 жоқ екені анықталды. Бірақ бұл пневмонияның өршуіне коронавирус инфекциясы себеп болған жоқ деп кесіп айта алмаймыз, - дейді Ақтөбе облысы әкімінің денсаулық саласы бойынша кеңесшісі Әсет Қалиев.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманованың сөзінше, науқастардың 60-70 пайызы екіжақты пневмонияға ұшыраған. Дәрігерлер пневмонияның бұл түріне шалдыққан адамның да жағдайы COVID-19 жұқтырған науқас сияқты тез нашарлап, өкпесі зақымданады дейді.

Науқасты қарап жатқан инфекционист дәрігер. Көрнекі сурет.
Науқасты қарап жатқан инфекционист дәрігер. Көрнекі сурет.

Жергілікті ауруханалардың бірінде жұмыс істейтін дәрігер (аты-жөнін атамауды сұрады) инфекция мұрын мен ауыз қуысы арқылы өкпеге – тестілеу қорытындысы анықтай алмайтын деңгейге өтіп кеткен болуы ықтимал деп қауіптенеді. Ол пневмонияның өршуіне коронавирус тікелей әсер етіп жатыр деп санайды.

- [Науқастардың] ешбірінде коронавирус анықталмаған. Бірақ... пневмония жайдан-жай бұлай өршімейді. Оның кез келген жағдайда бір қоздырғышы болады. …Пневмонияны қоздырған коронавирус инфекциясы болуы керек. Коронавирус бар-жоғын тексерген кезде анықтай алмауы мүмкін. …Бірақ "коронавирус емес" деп әдейі шығарып жатпағаны анық. Олай істеу мүмкін емес, - дейді ол.

Бұрын айына 5 адам жерленетін еді. Қазір 2-3 күннен бері 6-7 адамнан келді.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, аймақта пневмониядан барлығы 22 адам қайтыс болған. Ақтөбеден 30 километр жердегі Бестамақ ауылындағы зират қызметкері Тұрғанбек Өтебаев кейінгі кезде кісі өлімі жиілегенін айтады.

- Ауруын, неден [қайтыс болғанын] нақты білмеймін. Бұрын айына 5 адам жерленетін еді. Қазір 2-3 күннен бері 6-7 адамнан келді, - дейді Тұрғанбек Өтебаев.

Санитарлық дәрігерлердің қаулысымен Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан және тағы бірнеше қалада демалысқа түсетін 26-27 маусым күндері шектеу шаралары енгізілді: тұрғындарға үйіне жақын маңдағы дүкен, дәріханалардан, медициналық қызмет көрсету орындарынан басқа жерлерге баруға шектеу қойылады. Елді мекендердегі сауда, ойын-сауық, көпшілік орындар мен базарлар да жабық болады.

ДДСҰ: ҚАЗАҚСТАНДА COVID-19 ЖЫЛДАМ ТАРАП ЖАТЫР

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қазақстанды вирус жылдам тарап жатқан елдер қатарына кіргізді. Осының қарсаңында Елжан Біртанов Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылып, оның орнына Алексей Цой министр болып тағайындалды.

ДДСҰ Еуропа аймағында коронавирус жұқтырғандар қайта арта бастағанын мәлімдеді. Бұл аймаққа Еуропаның 54 елі және Орталық Азия мен Шығыс Еуропаның жеті мемлекеті кіреді. Коронавирус жылдам тарап жатқан елдер қатарында Қазақстанмен қоса Армения, Швеция, Молдова, Солтүстік Македония, Әзербайжан, Қырғызстан, Албания, Босния-Герцеговина, Украина, Косова да бар.

Әлемде вирустың беті қайтпай тұр (22 маусым 2020 ж.)

"Індет әлі жылдам тарап жатыр". Әлемде вирустың беті қайтпай тұр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:36 0:00

Дүниежүзі бойынша COVID-19 коронавирусынан зардап ең қатты зардап шеккен ел – АҚШ. Коронавирустың таралуын бақылап отырған Джонс Хопкинс университетінің 26 маусымдағы мәліметінше, осы кезге дейін АҚШ-та 2,4 млн астам адамға вирус жұғып, 125 мыңға жуық адам қайтыс болған. 663 мың адам жазылған.

АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу жөніндегі орталықтарының (CDC) басшысы Роберт Редфилд іс жүзінде АҚШ-та вирус жұқтырғандар саны ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп – 24 млн-ға дейін жетуі мүмкін деп есептейді. Оның сөзінше, америкалық мамандар мұқым ел көлемінен жиналған қан сынамаларын зерттеп, оның құрамындағы коронавирусқа қарсы бөлшектерді анықтағаннан кейін осындай болжам жасаған.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 13 наурыздан бері COVID-19 жаңа коронавирусын жұқтырғандар 33 мыңнан асты. Олардың арасында жүздеген медицина қызметкерлері де бар. Осы кезең ішінде 147 адам қайтыс болды. 12 мыңнан астам адам жазылған.

Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеуге көшкен. Ауру белгілері барын "ауырғандар", жоғын "тасымалдаушы" деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына қоспайды.

Сонымен бірге елде коронавирус жұққаны анықталып, қайтыс болған ондаған адам ресми статистикаға енгізілмеген. Денсаулық сақтау министрлігі олардың "коронавирустан емес, басқа аурудан" көз жұмғанын айтады.

Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары ресми дерекке сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде "тасымалдаушыларды" есепке алмайды.

(Материалды әзірлеуге Жаңагүл Жүрсін, Нұргүл Алина, Нұргүл Тапаева, Манас Қайыртайұлы қатысты.)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG