Accessibility links

Лұқпан Ахмедияров: Кез-келген билікке сын көзімен қарау керек


"Уральская неделя" басылымының бас редакторы, журналист Лұкпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.
"Уральская неделя" басылымының бас редакторы, журналист Лұкпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.

«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров аймақтық журналистиканың ерекшеліктері туралы, журналистің неліктен билікті түртпектеп жүруі керектігі туралы айтып берді.

Азаттық заманауи журналистиканы сөз ететін «Диалог» жобасын бастайды. «Диалогта» қазақстандық журналистер кәсібінің қыр-сыры, ақпарат құралдары мен биліктің және қоғамның арасындағы қарым-қатынас, жұмыстың қиындықтары және елде болып жатқан әлеуметтік-саяси процестер туралы ойын айтады.

Жобаның алғашқы кейіпкері – журналист, «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров. Азаттық журналисімен әңгімесінде ол аймақтық тәуелсіз баспасөздің әкімдіктермен ара қатынасы, өзінің тұтқындалуы және өзіне ұсынылған ең үлкен параның көлемі туралы айтып берді.

«ЖУРНАЛИСТ – ДЕМОКРАТИЯНЫҢ КҮЗЕТШІСІ»

Азаттық: Лұқпан, бір-бірімізді бұрыннан танимыз, сондықтан «сіз» деп сөйлеп, жұртты алдамай-ақ қояйық.

Лукпан Ахмедияров: Иә, әрине.

Азаттық: Бар өмірің «Уральская неделя» газетімен байланысты. Бұл басылымға жас маман болып бардың да, журналистік карьераңның басым бөлігін сонда өткіздің. Лұқпан Ахмедияров пен «Уральская неделя» - Ленин мен партия сияқты егіз ұғым десе болады (бұлайша салыстырғаным үшін кешір). Қазір «Уральская неделя» - газет және сайт. Сенің басылымың негізінде саралап көрейікші, аймақтағы тәуелсіз баспасөздің ахуалы қандай?

Лұқпан Ахмедияров: Осы он жылда көп нәрсе сапа жағынан өзгерді. Біріншіден, газеттің қағаз түрі біртіндеп жойылып барады. Оның тиражы қатты құлдырап кетті. Менің ойымша, бұл – заңды процесс. Есесіне интернеттегі орнымыз күшейді. Қағаз түрінен айырмасы – мерзімді басылымдардың көбі, соның ішінде «Уральская неделя» интернеттен қаржы табуды үйренбеді. Монетизация жасау әлі де қиын. Есесіне әлеуметтік желі мен комментарийдің арқасында журналистер оқырманмен жақсы кері байланыс орната алды. «Біз қайда бару керегін білеміз, бәрін үйретеміз» деген ескі журналистік ұран келмеске кетіп, біз үлкен қоғамдық пікірталастың бір ойыншысына айналдық. Басқаша айтсақ, шынайы өмірге дұрыс қарауды үйрендік.

Азаттық: Оқырмандардың көбі аймақтық басылымды ақпарат алатын қайнар көз ғана емес, көмек сұрап баратын басты орын деп санайды. Біреу пәтер иелері кооперативіне шағым айтса, енді бірінің құқықтық мәселелері бар, біреу заңсыз сотталған, тағы бірін тонап кеткен. Осының барлығы комментарийге ойысып кетті ме?

Лұқпан Ахмедияров: Әрине, «шатырдан су ағып жатыр», «әкім жұмыс істемейді» деп шағымдану үшін редакцияға қоңырау шалатындар әлі де көп. Дегенмен өзара байланыс жақсарды. Бұрын журналистер «қалайда үлкен көмек көрсету» принципімен өмір сүрсе, қазір барлығына бірдей көмектесу мүмкін емес екенін, оның қажеті де жоқ екенін түсінді. Әдетте қоңырау шалып, көмек сұрағандарға «осыған дейін не істедіңіз?» дейміз. Бұл - жауапкершілікті оқырманның өзіне қайтарудың жақсы жолы. Кейде осының арқасында адамдардың белсенділігін арттырып жатамыз: олар билік өкілдерімен қалай жұмыс істеу керектігін түсініп, заң туралы, өз құқықтары туралы көп нәрсе біліп қалады.

Лұқпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.
Лұқпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Билік туралы айтып қалдың. «Уральская неделя» мен жергілікті билік арасындағы қарым-қатынас қалай қалыптасты?

Лұқпан Ахмедияров: Кез-келген өңірде көп нәрсе биліктегі бірінші адам – әкімге байланысты. Батыс Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалған сайын журналистер онымен бірге жаңа өзгерістер келеді деп аңғалдықпен күтеді. Иллюзияға беріліп, оған алдын ала мадақ айта бастайды. Бірақ жақсы адам деген – мамандық емес қой. Жеке қарым-қатынаста әкім, мәселен Алтай Көлгінов (Нұр-Сұлтан әкімі, 2016-2019 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болған – Ред.). сияқты өте жақсы адам болуы мүмкін. Адам ретінде ол өте сүйкімді бола алады, ал әкім ретінде ол қатал да жабық тұлға, қоғамдық пікірді манипуляция жасағанды ұнатады, онысын өте жақсы ұйымдастырады. Сондықтан елдің барлық өңіріндегі әріптестерге «қанша ақылды, білімді, тәрбиелі болғанына қарамастан, әкім – саяси элита өкілі. Олар осы вертикальдің бір бөлшегі, сондықтан, «Уральская неделяның» ұстанымы – кез-келген билікке сын көзімен қарау. «Журналист – демократияның күзетшісі» деген сөз бар ғой. Олар «қауып алуға» міндетті емес, бірақ заңға қайшы, қалыптан тыс нәрсе көрсе, «үріп» уақытында айқай-шу тудырып отыруы керек.

«ЖАҚСЫ АДАМ ДЕГЕН – МАМАНДЫҚ ЕМЕС»

Азаттық: Аймақта шенеуніктердің әрекетін сынап отыратын тәуелсіз басылым болса, бұл ешқандай әкімдікке ұнай қоймас...

Лұқпан Ахмедияров: Сондықтан әрбір жаңа әкіммен басында керемет қарым-қатынас орнайды, кейін бәрі бұзылады. Әкім әрдайым редакторлармен кездесу қажет деп санайды, Тамараны (Тамара Еслямова – журналист, «Уральская неделяның» құрылтайшысы әрі алғашқы бас редакторы – Ред.) немесе мені бейресми кездесулеріне шақырады. Қол алысып, бір-бірімізге ыржия күліп тарқасамыз, сосын әйтеуір бір оқиға болады. Нұрғали Әшімов тұсында (Батыс Қазақстан облысының 2003-2007 жылдардағы әкімі – Ред.) біздің газетті жергілікті баспаханалар баспай қойды. Одан соң Бақтықожа Ізмұхамбетов келіп (Батыс Қазақстан облысының 2008-2012 жылдар аралығындағы әкімі – Ред.), газетті қайтадан баса бастады. Бір баспасөз мәслихатында оған ыңғайсыз сұрақ қойған едім, бәрі қайта бұзылды.

Азаттық: Қандай сұрақ қойдыңыз?

Лұқпан Ахмедияров: Ізмұхамбетовтен неліктен оның күйеубаласы жергілікті онкодиспансер құрылысының бас мердігері болғанын, неліктен Оралдағы құрылысы бітпеген жаңа мектептің директоры болып оның әпкесі тағайындалғанын сұрадым. Сұрағымның соңын «Айтыңызшы, бюджет қаржысын игеруге қатысып жатқан басқа да туыстарыңыз бар ма?» деп аяқтадым. Ол болса «Жігітім, көргенсіздік жасап отырсыз, мұндай субъективті сұрақтар қоюға сізге кім рұқсат берді?» деп айқайға басты. Сосын орнынан атып бұрып, баспасөз мәслихатын бітіре салды. Содан қайтып баспасөз мәслихатын өткізбейтін болды.

"Уральская неделя" басылымының бас редакторы, журналист Лұкпан Ахмедияров. Батыс Қазақстан облысы, 20 маусым 2020 жыл.
"Уральская неделя" басылымының бас редакторы, журналист Лұкпан Ахмедияров. Батыс Қазақстан облысы, 20 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Батылдық жасапсыз. Әкімдермен әрі қарайғы жағдай қалай болды?

Лұқпан Ахмедияров: Ізмұхамбетовтен соң Нұрлан Ноғаев келді (2012-2016 жылдардағы Батыс Қазақстан облысының әкімі, қазір Қазақстанның энергетика министрі – Ред.), ол келе сала бірден «Лұқпан Сайлауұлы, менімен неге амандаспайсыз?» деп сұрады. Бір-бірімізге қол беріп амандасып жүрдік, мұның соңы сот ісімен аяқталды.

Оның артынан өте тартымды, білімді Алтай Көлгінов келді. Бірақ біз оның 56 миллион доллар тұратын қызмет көлігі туралы жаздық. Содан соң Көлгінов үнсіз қорғанысқа көшіп, бізбен сөйлеспей қойды. Қазір Ғани Есқалиев келді (2019 жылдан Батыс Қазақстан облысының әкімі – Ред.), жұрттың «осы өңірден шыққан, білімді жігіт» деп құрақ ұшқанына қарсымын. Әрі кез-келген нәрсе болуы мүмкін. Астанадағы саяси режим медиакеңістікті бақылау үшін жергілікті баспасөзді қысыңдар деп тапсырма беруі ықтимал, сонда ол осы жұмысты атқаруға тиіс болады. Немесе қандай да бір үлкен жемқорлық дауы туындап, бұл Ғали Есқалиевке ұнамай қалуы мүмкін.

«ОРТАЛЫҚТАН ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР ЖӘНЕ 20 МЫҢ ДОЛЛАР»

Азаттық: Биліктің «тәтті» беріп алдауға тырысқан кездері болды ма?

Лұқпан Ахмедияров: Бірде маған орталықтан екі бөлмелі пәтер мен 20 мың доллар ақша ұсынды. Бұл Нұрғали Әшімов Оралдың орталығында үлкен саябаққа құрылыс салуға рұқсат берген 2006 жыл болса керек. Қазір онда «Қазмұнайгаз» ғимараты мен үлкен сауда орталығы тұр. Осы жердің бөлініп берілгені туралы жаза бастадық, бұл ақпарат көптің назарын аударды. Бір күні көшеде кетіп бара жатсам, қасыма қымбат Lexus келіп тоқтады, одан өзім жақсы танитын жергілікті кәсіпкер түсті. Ол көлікке отырып сөйлесуге шақырды және әкімдіктегі бір кісі мен осы жер телімін алған адамдар Оралдың орталығынан екі бөлмелі пәтер мен 20 мың доллар бергісі келетіндерін айтты. Ол үшін мен ол тақырыпты жазбай қоя салуым керек екен. Мен олай істей алмайтынымды айттым. Ол «Ақымақсың ба? Саған қандай ұсыныс жасап жатыр? Бірінші рет, бір-ақ рет ұсынып тұр!» деп қатты таңғалды. Сосын ол менімен дауласу бекер екенін түсініп, тым болмаса атын атамауды өтінді. Атын айтпауға уәде бердім, бірақ болған оқиғаны жариялайтынымды ескерттім.

Лұқпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.
Лұқпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Сені жиі қорқыта ма?

Лұқпан Ахмедияров: Бүкіл карьерамда екі-үш рет қорқытты, бірақ бір түйсігім «бұлар қорқытудан әріге бармайды» деп тұрды. Әлдебір жасырын нөмірлерден хабарласып, «әй, бала, өзіңді, жақындарыңды ойла» дегендер болды. Қастандық жасалған соң (2012 жылғы сәуірде Лұқпан Ахмедияровқа шабуыл жасалды, қылмыскерлер оған сегіз жерден пышақ салып, жарақаттайтын қарумен атқан – Ред.) журналистердің физикалық қауіпсіздігі бойынша семинарға қатысқанымда, тренерлердің бірі «сізді қорқытса, демек сізге қастандық жасамайды деген сөз» деді. Себебі журналистерге жасалған қастандықтың көбіне алдын ала қорқытпастан, тұтқиылдан шабуылдайды.

Азаттық: Қастандықтан бері сегіз жыл өтті. Әлі ұмыта алмай жүрген нәрселер бар ма?

Лұқпан Ахмедияров: «Уазикте» (жедел жәрдем көлігі – Ред.) қасымда отырған Айгүлдің (Лұқпан Ахмедияровтың әйелі – Ред.) дауыс салып жылағаны, қастандық жасаған жігіттердің аналары келген сәт есімде қалыпты. Олар кешірім сұрап еңіреп жылады. Он жылға түрме жазасына кесілген шабуылдаушылардың бірінің тәтесі мен әпкесі өткен аптада ғана келіп кетті. Ол сегіз жылын отырды, енді шартты түрде мерзімінен босап шығуына болады, туыстары оған тағар кінәм жоқ деп жазып беруімді сұрады. Мен оларға мұның қарапайым шешімі бар дедім. Не ол тапсырыс берген адамның атын айтуы керек, немесе сот шешімі бойынша тағайындалған өтемақыны төлеуі керек. Туыстары өтемақыны төлей алмады, ал өзі тапсырыс берген адамның атын атамады. Сондықтан әлі түрмеде отыр.

Азаттық: Тек Қазақстанда ғана емес, шетелге де танымал журналистсің, бірақ неге әлі Оралда жүрсің?

Лұқпан Ахмедияров (ойланып): Мен үшін ең бір қиын сұрақ. Әсіресе полицейлер ұстап, тергеуге шақырған сәттерде осы сұрақты өзіме жиі қоямын. Бірде камерада отырып «осыдан шықсам, елден кетемін, өзімнің, отбасымның қамымен өмір сүремін» деп ойладым. Қайта жұмысқа шығып, күйбең тірлікке кіріскен соң Оралдан да, елден де кету райымнан қайтып қаламын.

Азаттық: Шақырған жерлер болды ма?

Лұқпан Ахмедияров: Иә, көп шақырады. Америкада, Боснияда жұмыс істеуге шақырды, Германияда қал деп ұсыныс айтқандар болды. Осы ұсыныстардың бәрінен бас тартқаным дұрыс болды ма, жоқ па, әлі түсінбеймін. Бір жағынан мұнда, Оралда, өзім маңызды деп санайтын нәрселермен айналысып жүрмін. Кей кездері «осы мен өмірімдегі ең маңызды мүмкіндіктерді жіберіп алған жоқпын ба?» деген де ой келеді.

Ашығын айтсам, мен қатардағы журналистердің бірімін. Басқа журналистердің істеп жүрген ісіне қарап осындай ой түйемін, олардікі менікіне қарағанда анағұрлым кәсіби, қызықты болып шығады. Осында қалғаным Орал үшін ғана маңызды сияқты. Бұл бір комфорт аймағы шығар. Бірақ мен бұл қаланы жақсы көремін, менің іс-әрекетім қандай да бір оң әсер етсе, қуанамын. Мәселен, өз ауданымда жергілікті өзін өзі басқару бойынша қозғалыс бастадым, жергілікті қауымдастық құруға қол жеткіздім. Бұл маған шабыт сыйлайды. Оның үстіне менің қатысуыммен журналистикаға келген адамдардың болғаны да қуантады. Біреулерге ұстаз болдым, енді біреулерге журналистика мектебінде дәріс оқыдым. Өзім бірдеңе бере алған, құндылықтарын қалыптастыруға ат салысқан адамдар болса, керемет емес пе?

"Уральская неделя" басылымының бас редакторы, журналист Лұқпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.
"Уральская неделя" басылымының бас редакторы, журналист Лұқпан Ахмедияров. Орал, 23 маусым 2020 жыл.

«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСИ ЖҮЙЕ ҚАНДАЙ БОЛСА, ЖУРНАЛИСТИКА ДА СОНДАЙ БОЛМАҚ»

Азаттық: Сені Қазақстан журналистерінің арасындағы рецидивист деп атауға болады. Қамалу, тұтқындалу саны жөнінен Лұқпан Ахмедияровпен таласатын адам жоқ. Сені 15 тәулікке қанша рет қамағаны есіңде ме? Өз басым санынан жаңылдым.

Лұқпан Ахмедияров: Төрт-бес рет сияқты.

Азаттық: Ең есіңде қалған түрмедегі күндеріңді айтып бер.

Лұқпан Ахмедияров: Басуға болмайтын бейәдеп сөз айтуға бола ма?

Азаттық: Жаман сөздерді жұлдызшамен алмастырып қоямыз.

Лұқпан Ахмедияров: Екінші немесе үшінші рет ұсталған кезім. Камерада қарапайым адамдармен отырдым. Әдетте мас болып үйінде ойран салғандарды (оларды «кухонный боксер» деп атайды) немесе мас күйінде көлік айдап, ұсталғандарды (оларды «шумахер» дейді) 15 тәулікке қамайды. Камерада ішім пыспасын деп досым әрі әріптесім Рауль Упоров маған көп кітап беріп жіберіпті. Камераластарымның арасында Орынбасар есімді тракторшы жігіт болды. Бостандыққа шығатын күні жақындап қалған, сондықтан ол күйгелектей бастады. Изоляторда отырғанның бір қызығы, алғашқы күндері тыныш отырасың да, шығатын күн жақындағанда сабыр сақтай алмай қаласың. Орынбасар да клеткадағы қасқыр құсап ары-бері теңселіп жүріп алды. Тыныш отыру үшін менен кітап сұрады. Сосын ең жұқасы деп «Москва-Петушки» кітабын таңдап алды. Кітапты алып жоғарыдағы төсегіне шығып кетті де, оқи бастаған соң үндемей қалды. Сыртқы өмірді мүлде ұмытты, тіпті темекі шегуге де, дәретханаға да бармады. Орынбасар бес сағаттан соң бізге бұрылды, кітапты оқып бітсе керек. Төсектен тұрып, маған ақырын басып келді де, кітапты салтанатты түрде табыс етіп тұрып, «Рахмет, Лұқпан, өмірлік мәні бар кітап екен, б**дь!» деді.

Лұкпан Ахмедияров. Батыс Қазақстан облысы, 21 маусым 2020 жыл.
Лұкпан Ахмедияров. Батыс Қазақстан облысы, 21 маусым 2020 жыл.

Азаттық: Лұқпан, журналистиканы азаматтық белсенділіктен ажыратын тұратын шекара қайда? Ондай шекара болуы керек пе?

Лұқпан Ахмедияров: Өзім де осы шекараны анықтай алмай жүрмін, сондықтан менің дайын жауабым жоқ. Соңғы екі жыл бойы ешқандай наразылық шарасына қатыспадым, тек көктемде Дулат Ағаділдің жұмбақ өлімінен соң көшеге шығып, наразылық шарасын өткізу керек деп шештім. Жақында бейбіт митингілер туралы заң талқыланып, қабылданды. Меніңше, қандай да бір шара өткізуге бұл да себеп бола алады, бірақ «шығуға болады» деген ішкі сезім әлі байқалмайды. Дегенмен, елде болып жатқан жайттарға қарасақ, үндемей қалуға тағы болмайды.

Азаттық: Журналистиканы мүлде тастап, басқа бір нәрсемен айналысамын деген ой болған жоқ па?

Лұқпан Ахмедияров: Мұндай жағдай бір рет болған. 2015 жылы бір жыл журналистикадан кетіп қалдым. Бұл да бекер болған жоқ деп ойлаймын, себебі үлкен сабақ алдым әрі шығындандым.

Азаттық: Қайтып келгенде қандай сезімде болдың?

Лұқпан Ахмедияров: «Мимино» фильмін көріп пе едің? Меніңше ол әр адамның өмірде және кеңістікте өз орны бар екенін айғақтайтын фильм. Мен де сол өз тікұшағына қайтып келген Миминоның күйін кешкен сияқтымын. Шынайы болмысы қайда, ол сол жерге қайтып барды ғой.

Азаттық: Қазақстан журналистикасы он жылдан соң қандай болады?

Лұқпан Ахмедияров: Журналистиканы қандай күйде көргім келеді – ол тек салдары туралы әңгіме. Ең бастысы – елді қандай күйде көргім келеді? Мұнда бәрі өте қарапайым. Елдегі саяси жүйе қандай болса, журналистика да сондай болмақ. Әрі қарай да жеке басқа табыну мен тоталитаризмге қарай жүре берсек, сапасы жоғары журналистика туралы айтып, алдарқатудың өзі артық. Биліктің ауысуы халықтың үрейі мен стресін туғызбайтындай демократиялық мемлекет құратындай өзгеріс жасай алсақ, демек сапалы, бәсекеге қабілетті журналистика да қалыптасады, сөз бостандығы орнайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG