Accessibility links

"Журналистерді қудалауды тоқтатса". Қоғам мен БАҚ жаңа ақпарат министрінен не күтеді?


Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке наразылық шеруі өтіп жатқан жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы (ортада) полицияның ұстаған сәті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы күні үкіметке наразылық шеруі өтіп жатқан жерде хабар әзірлеп жүрген Азаттық тілшісі Петр Троценконы (ортада) полицияның ұстаған сәті. Алматы, 9 маусым 2019 жыл.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрлігін (2019 жылдың ақпанына дейін ақпарат және байланыс министрлігі болды) төрт жыл басқарған Дәурен Абаев президент әкімшілігіне кеткен соң, оның орнына Аида Балаева тағайындалды. Құқық қорғаушылар, журналистер мен белсенділер жаңа министрден не күтеді?

Дәурен Абаев ақпарат және қоғамдық даму министрлігін басқарған кезде қоғамда қатты сынға қалған "БАҚ туралы заң" мен "Бейбіт митинг туралы заң" қабылданды.

"БАҚ туралы" заңға журналистер құқығын шектейтін түзетулер енгізілді. Өзгеріске сай, қазір журналистер қоғамдық маңызы бар мәселеге қатысты анықтаған деректерді жариялау үшін зерттеу кейіпкері жеке тұлғадан рұқсат алуы тиіс, мемлекеттік органдарға жіберген ресми сауалына жауапты жеті күн күтуге мәжбүр (бұрын үш күн еді). Қазақстан Абаев тұсында "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының Баспасөз еркіндігі рейтингінде "баспасөзі еркін емес елдер" қатарынан шыға алмады. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы жыл сайынғы есебінде Қазақстанда мемлекеттік пропаганда, билікшіл тролльдер барын жазып келеді.

Ал парламент мәжілісі Абаев басқарған министрлік дайындаған "Бейбіт митинг туралы" заңды елде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай режимі мен карантин енгізілген кезде қабылдап, сенатқа жолдады. Халықаралық және жергілікті құқық қорғаушылар, белсенділер биліктен бұл заңды қарауды кейінге қалдыруды сұрағанымен, мәжіліс оған құлақ аспады. Бұған қоса, құқық қорғаушылар "бейбіт митинг туралы заң жобасында айтарлықтай өзгеріс болған жоқ, митинг үшін биліктен рұқсат алу, оны тек белгіленген жерде өткізу сынды кедергілер сол күйі қалды" деп санайды. Жаңа заңға сай, жұрт 250 адамнан көп қатысатын жиын өткізгісі келсе, биліктен рұқсат алуы шарт.

Азаттық тілшісі сөйлескен құқық қорғаушылар мен журналистер жаңа министр Аида Балаева (бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болған) Дәурен Абаев тұсында қабылданған "Бейбіт митинг туралы", "БАҚ туралы" заңдарды өзгертіп, мемлекеттік БАҚ-тағы пропаганданы азайтуы керек деп санайды.

Журналист Лұқпан Ахмедияров өзіне қозғалған әкімшілік істі қарап жатқан сотта отыр. Орал, 19 мамыр 2016 жыл.
Журналист Лұқпан Ахмедияров өзіне қозғалған әкімшілік істі қарап жатқан сотта отыр. Орал, 19 мамыр 2016 жыл.

Лұқпан Ахмедияров, Батыс Қазақстан облысында шығатын "Уральская неделя" газетінің редакторы

Жаңа министр "Бейбіт митинг туралы" заңды қайтарып алуы керек деп санаймын. Бұл - бір. Екіншіден, мұным аңғалдық та болар, бірақ жаңадан келген министр "әріптестер, енді БАҚ-қа мемлекеттік тапсырысқа қаржы бөлмейміз" деп айтатын шығар деп әр кез күтемін. Сөйтіп, осы кесір тәжірибені тоқтатса екен деп үміттенемін. Бірақ әзірге ешбір министр олай жасаған жоқ. Мен міндетті түрде мемлекеттік ақпарат құралдарын нарықта өзі тірлік қылсын деп еркіне жіберер едім.

Ал мемлекет ақша төлегісі келсе, қаржыны қазақ тілінде жазатын тәуелсіз БАҚ журналистерін қолдауға жұмсағанын қалар едім. Себебі Қазақстанда қазақша оқитын аудитория әлі күнге сапалы контентке қол жеткізе алмай отыр. Одан кейін Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерімен шынайы жұмыс істеуі керек. Жамбыл облысы Масанчи ауылындағы (Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында болған жанжалда 11 адам қаза тапты), оған дейін басқа жерлерде болған оқиғалар биліктің бұл саладағы жұмысы түкке тұрмайтынын көрсетті. Ал қоғамдық келісім туралы айтар болсақ, ең әуелі халықтың билікке сенімін ояту үшін жұмыс істеуі керек. Карантин мен пандемия кезінде жұрттың билікке емес өсек пен фейкке сенетінін көрдік. Неге? Себебі жұрт қазір биліктің сөзіне сенбейді.

Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі.
Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі.

Диана Окремова, "Құқықтық медиа-орталық" қоғамдық қорының жетекшісі

Істегенін мойнымен көтере білетін, жауапкершілігі көбірек болғанын қалаймын. БАҚ-қа кеңірек еркіндік беріп, елде медианы үнемі бақылап, билеп-төстеуге тырыспай, оны дамытуға күш жұмсаса деп ойлаймын. БАҚ-ты қаржыландыру өзгеруі керек. Мемлекеттік тапсырыс алатын басылымдарды үнемі қақпайлап отыруды тыю керек. БАҚ-қа пропаганда құралы ретінде қарауды қойып, оны бизнес ретінде қабылдағаны жөн.

Барлығын бақылауда ұстап, олардың білімі мен жұмыс істеу қабілетіне шек келтіруді доғару қажет. Меніңше, БАҚ-қа бостандық беріп, көрінген нәрсеге килікпей, қажет кезде ғана көмектескен дұрыс. Сөз бостандығына келер болсақ, ең алдымен БАҚ-ты жауапқа тартамын деп қорқытып, оларды үнемі үрейде ұстамас үшін заңды жұмсарту керек. Ал шенеуніктердің дүниетанымын өзгертіп, оларға журналистерге ақпарат беруге міндетті екенін түсіндіріп, соған үйрету керек. Бұл жалғыз ақпарат министрлігі ғана емес, мұқым мемлекеттік аппараттағы шенеуніктерге қатысты.

Қазір пандемия кезінде журналистердің мәлімет алуы қиындап, ақпаратқа қолы жетпей жатыр. Тағы бір жәйт, министрлер, шенеуніктер БАҚ-қа үнемі қауіп деп қарауын доғару керек. Себебі олардан қоғамды қорғайтындай қауіп төнбейді. Министрмен жеке таныстығым жоқ. Тек оның көп жыл мемлекеттік қызмет атқарғанын білемін. Бәлкім ол прогресшіл екенін, бейімделе алатынын көрсетер. Егер медиа саласы мен ондағы проблемаларды жете түсіне білсе, бәрі дұрыс болатын шығар. Меніңше, бұл алдағы жарты жылда белгілі болады.

Британ журналисі Джоанна Лиллис.
Британ журналисі Джоанна Лиллис.

Джоанна Лиллис, британ журналисі, The Economist, The Guardian және Eurasianet сайттарының Қазақстандағы тілшісі.

Жаңа министр журналистердің сұрағына жауап беретіндей ашық болса деймін. Карантин біткен соң астана мен Алматыда өтетін шараларға қатысып, журналистерге сұхбат берсе деймін. Ақпарат министрі ретінде өзге министрлер мен шенеуніктердің журналистерге ашық болуына ықпал етсе. Бұған қоса, ведомстволардың журналистердің сауалына жылдам жауап беруіне септігін тигізсе.

Журналистерді қудалаудың қажеті жоқ екенін түсінуі керек.

Әрине, пандемия мен мұнай бағасы арзандаған, Қазақстан үшін қиын кезде шенеуніктер, үкімет пен президент қоғамға ашық болуы керек. Қазақстанда сөз бостандығына шектеу бар. Меніңше, министр белсенділер мен сөз бостандығын қолдаушылар айтып келе жатқан осы шектеулерді жоюы керек. Журналистерді қудалаудың қажеті жоқ екенін түсінуі керек. Журналистерді "Жала жабу" (бұл бапты жақында Қылмыстық кодекстен Әкімшілік кодекске ауыстырды – ред.) және "Жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қудалауды тоқтатқан жөн. Журналистерге қатысты заңдарды жеңілдету қажет. Президент Тоқаев либерализацияға бет бұруға уәде етті. Осы ретте журналистерге деген көзқарас өзгергені дұрыс.

Тамара Калеева, "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті.
Тамара Калеева, "Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті.

Тамара Калеева, "Әділ сөз" құқық қорғау қорының президенті

Әлбетте, жаңа министр біліктілік танытып, журналистер, үкіметтік ұйым өкілдері және құқық қорғаушылармен араласқанда түлкібұлаңға салмай, арға жүгінеді деп сенгің келеді. Өкінішке қарай, жағдай жақсармайды-ау деп қауіптенемін. Меніңше, ол да Абаевтың ісін жалғастыратын сияқты. Яғни, адам құқығы мен сөз бостандығына, тәуелсіздікті нығайту мен БАҚ-тағы пікір алуандығына басымдық берілмей, тағы да сол жоғарыдағы белгілі бір топтың көңіл-күйіне қарайлап, солардың қалауы мен тапсырысын орындаумен болады.

Думан Смақов, Factcheck.kz сайтының редакторы

Министр "журналистердің құқығын қорғап, пікіріне құлақ асса, олармен бірлесіп жұмыс істеп, Қазақстандағы медианы дамытса" дер едім. Және жаңа министр журналистерге арналған заңдардың, нормативтік құқықтық актілердің жеңілдетілген я жұмсартылған нұсқаларын жасайды деп күтемін. Аида Балаева бұрынғы министр Дәурен Абаев жасамаған істерді жүзеге асырып, либералды, демократия талаптарына сай БАҚ туралы жаңа заң жасайды деп күтемін.

Министрден журналистердің құқығының тапталуына жол бермеуді талап етер едім.

Бұл министрден журналистердің құқығының тапталуына жол бермеуді талап етер едім. Кейінгі кездері журналистердің құқығы жиі тапталып жүр. "БАҚ туралы" заңдағы журналистердің ресми сауалына жауап беру мерзімін қысқартқанын қалаймын. Жеті күн - ұзақ мерзім. Одан кейін министр тиісті орган қызметкерінің журналистер сауалына тиянақты жауап беруін заң жүзінде бекітуі керек. Өйткені тиісті органдар көп жағдайда журналистердің сауалына селқос жауап береді. Журналистер көп жағдайда алған жауапқа қанағаттанбайды. Жаңа министр "Бейбіт митинг туралы" заңды қайтадан қарайды деген үміт бар. Бұл заң дәл қазіргі күйінде қабылданса, керісінше, азаматтық қоғамға жасалған кезекті соққы болады деп түсінемін. Министр осы екі заңды демократия талаптарына және ашық қоғам қағидаларына сай етеді деген үміт бар.

Альбина Әшім, "Қазақстан" ұлттық телеарнасының журналисі

Журналист ретінде алаңдататын басты мәселе – баспана. Әріптестерімнің басым бөлігі пәтер жалдап тұрады. Әдетте журналистер халықтың жоғын жоқтап жүреді. Ал өз жоғын айта алмайды. Әрине, бұл - басты міндетіміз. Атақ, абырой үшін жұмыс істеп жүрген жоқпыз. Журналистер - бір жапырақ мақтау қағазына, халықтың проблемасы өз материалы арқылы шешілгеніне қуанатын жандар. Ал өздерінің басты мәселесі - баспана жағы шешілсе, бұл міндетті бұдан да зор құлшыныспен атқарар еді. "Ол үшін журналистерге мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға не төмен пайызбен несие беретіндей арнайы жоба қарастырса" деген тілегім бар.

Өз басым қандай да бір шектеу көріп тұрған жоқпын. Мемлекеттік арнада істеймін.

Сөз бостандығы - ұзақ пікірталасқа айналатын тақырып сияқты. Өйткені сөз бостандығын әркім әрқалай түсінеді. Өз басым қандай да бір шектеу көріп тұрған жоқпын. Мемлекеттік арнада істеймін. Сондықтан біздің жаңалықтарда президент тапсырмалары, мемлекеттік бағдарламалар жайлы көрсетіліп жатады. Халықтың әлеуметтік мәселелерін өзге жеке БАҚ сияқты біз де қаузаймыз. "Бір мәселені көрсетпеңдер" деген қысымды байқамаппын. Бұлай жауап беруімнің себебі, кейде "мемлекеттік арналар өтірік айтады, үкіметтің сөзін ғана сөйлейді" деген пікірлер оқып қаламын. Бұл - стереотип. Біз екі жақты да көрсетеміз. Тек мемлекеттік БАҚ пен жеке БАҚ-тың мәселелерді жеткізу стильдері әртүрлі. Бірі салмақты, екіншісі "айқайлатып" береді. Ал кейбірі мұны "сөз бостандығымен" шатастырады. Сондықтан да сөз бостандығына қатысты айтарым, дәл қазір өз басым қандай да бір шектеу көріп жатқан жоқпын. Бір тілек - біздің ғана емес, өзге де министрлер қазіргіден де ашық болса, сұхбат алу үшін "хат жазу" деген қағазбастылықтан құтылсақ.

Бэлла Орынбетова, Respublika қозғалысының жетекшісі.
Бэлла Орынбетова, Respublika қозғалысының жетекшісі.

Бэлла Орынбетова, белсенді, Respublika қозғалысының жетекшісі

Конфликт тек ұлттар арасында ғана емес, оппозициямен биліктің, бизнеспен биліктің немесе түрлі әлеуметтік топтар арасында да бар ғой. Солармен диалог жүргізу керек. Олар бір-бірін естімей жатса, коммуникация орнату керек. Министрлік кез-келген адамның шағымы мен көзқарасын жеткізетіндей жұмыспен айналысуы тиіс. Оның ішінде ұлтаралық келісім де бар. Олар мониторинг, сауалнама жүргізіп, ушығып тұрған проблеманың қай аймақта, кімдердің арасында болғалы тұрғанын алдын ала анықтауы керек. Ал жалпы, ақпарат министрлігі мүлде қажет емес деп ойлаймын.

Ақпарат министрлігі мүлде қажет емес деп ойлаймын.

Журналистердің жұмысы заң жүзінде қорғалуы үшін "БАҚ туралы" заң ғана қалуы керек. Ал бізде мұндай ведомство тек ақпараттың таралмауын қадағалап отыратын сияқты. Денсаулық сақтау министрлігі немесе білім министрлігі аракідік болса да, өз қызметкерлерін әр мәселеге байланысты қорғап жүреді. Ал бізде ақпарат министрлігі журналистерге араша түсіп, оларды қорғаған емес. Өзім журналист болып жүргенде министрліктің бұлай еткенін мүлде көрмедім.

Журналист Ермұрат Бапи, "Дат" газеті.
Журналист Ермұрат Бапи, "Дат" газеті.

Ермұрат Бапи, журналист, "Дат" газеті

Нұрсұлтан Назарбаевтан (Қазақстанды 30 жылдай басқарып, былтыр президенттіктен кеткен. Бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр – ред.) мұра болып қалған қазіргі саяси жүйеде қай салада болсын, жеке бір министрден өзгеріс күту мүмкін емес. Өзгеріс жасау үшін тұтас жүйенің өзін түп-тамырымен жаңарту қажет.

Министр Аида Балаева нартәуекелге барып, батыл өзгерістер жасаймын десе, өзгеріс жасауды қажет ететін мәселе көп. Тіпті тереңге бармай, көпе-көрнеу көзге көрініп тұрған кереғарлықтарды айтар болсақ, БАҚ-ты мемлекеттік тіркеуге алу тәртібін оңтайландыру қажет. Мысалы, өзім он түрлі атаумен берген он газетті тіркете алмадым.

Министрлік "Қазақстанда ондай атаумен тіркелген газет бар" дейді. Ал мына қызықты қараңыз, менің тіркеуге берген газеттерімнің атауы "А", "Б", "D" болатын. Негізі, Балаева "БАҚ туралы заңды" репрессиялық қағидаттардан арылтып, демократия нормаларына бір табан жақындата алса, соның өзі үлкен жетістік болар еді. Қазіргі кезде журналистің қызметі басқа да заңдармен шектелген. Мәселен, Әкімшілік кодекстегі, "Бейбіт митинг туралы" заңдағы шектеулерден аяқ алып жүре алмайсың.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG