Accessibility links

Дәурен Абаевтың түсінігіндегі сөз бостандығы


Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың журналистер сұрағына жауап беріп тұрған сәті. Астана, 27 ақпан 2018 жыл
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың журналистер сұрағына жауап беріп тұрған сәті. Астана, 27 ақпан 2018 жыл

Дәурен Абаевтың Ақпарат және коммуникация министрі қызметіне тағайындалғанына екі жылдан асты. Осы аралықта министр өзі жоғары бағалаған БАҚ туралы заңға өзгерістер енгізіліп, елдегі сөз бостандығы мәселесі сынға қалды.

Сарапшылар Дәурен Абаев тұсындағы Ақпарат және коммуникация министрлігі жұмысын әрқилы бағалайды.

«ЖЕР ШЕРУЛЕРІ» ЕКПІНІМЕН ҚҰРЫЛҒАН МИНИСТРЛІК

Дәурен Абаевтың ақпарат және коммуникация министрі болып тағайындалуы жер мәселесіне орай шерулермен тұспа тұс келді. 2016 жылы көктемде Қазақстанның бірнеше аймағында үкіметтің жер реформасына қарсы өткен «жер митингілерінен» кейін, «Жер кодексіне енгізілетін өзгерістер халыққа жеткілікті түсіндірілмеді» деген Нұрсұлтан Назарбаев сол жылы мамыр айында Ақпарат және коммуникация министрлігін құрып, өзінің баспасөз хатшысы Дәурен Абаевты жаңа министрліктің басшылығына тағайындаған болатын.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың (сол жақта) президент Назарбаевтың қабылдауында отырған сәті
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың (сол жақта) президент Назарбаевтың қабылдауында отырған сәті

Абаев президенттің баспасөз хатшысы болғанға дейін Сыртқы істер министрлігі мен президент әкімшілігі аппаратында түрлі қызметтер атқарған. Жоғары оқу орнын бітірісімен бірден жоғары билік дәлізіне кірген ол Қазақстанның шетелдегі елшілігінде де жұмыс істеп тәжірибе алған.

Министр қызметіне тағайындалысымен Дәурен Абаев билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты күшейтуге кіріскен сыңай танытты. Әлеуметтік желіні белсендірек пайдаланып, жұртшылықпен тікелей сөйлесе бастаған жас министрден үміт күткендер қатары да көбейе бастаған. Көп ұзамай министр биліктің бағдарламалары жайлы ақпарат беруге арналған стратегия әзірленгенін жариялады.

Қауіпсіздік күштері жер митингісіне шыққан адамды ұстап алып кетіп барады. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл
Қауіпсіздік күштері жер митингісіне шыққан адамды ұстап алып кетіп барады. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл

Сонымен қатар бұдан былай журналистердің сұрақтарына құзырлы органдардың барынша жылдам жауап беруі тиістігін, бұл міндетті мемлекеттік органдардың ресми өкілі атқаратынын хабарлады.

Мемлекеттік органдардың БАҚ-пен байланысын одан әрі реттеу үшін уәкілетті тұлға туралы ереже де бекітілді.

Елдегі ірі ақпарат құралдарының басшылығына қоғамда танымал тұлғалар келіп, «Қазақстан» ұлттық арнасынан тікелей эфирде берілген саяси ток-шоу бағдарламаларына билікті сынап жүрген кей саясаткерлер мен блогерлердің қатысуы жұртшылыққа тосын көрініп, әлеуметтік желіде қолдау тапқан еді.

Сонымен бірге Дәурен Абаевтың тұсында қабылданған, баспасөз құқығын қорғаушылар тарапынан жиі сыналған БАҚ туралы жаңа заңды министрдің өзі жоғары бағалады. Оның «Жаңа заң қабылданғаннан кейін шенеунік журналиске келіп, өзінен пікір алуды сұрайды» деген мәлімдемесі де жұрттың есінде қалды.

Оқи отырыңыз: Парламент БАҚ туралы даулы заң жобасын қабылдады

2017 жылы күзде Қазақстанда ресейлік бірнеше телеарнаның ретрансляциясы тоқтағанда кей басылымдар «Кремльдің идеологиялық саясатын тарататын Ресей арналарын шектеуге болатынын министр ашық айтты» деп Абаевтың атына мақтау да айтты.

Ал парламентте осы мәселе туралы сұраған депутат Дариға Назарбаеваға министр Абаев «ресейлік телеарналар тек қана қаржы мәселесіне байланысты кідіргенін, біржола тоқтатуды көздемейтінін» түсіндірді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ СӨЗІН МИНИСТРДІҢ «ЕСТІМЕЙ ҚАЛУЫ»

Баспасөзге берген сұқбаттарында Дәурен Абаев «Қазақстанда сөз бостандығы бар» екенін үнемі айтып жүреді.

2016 жылғы қарашада Esquire Қазақстан журналына берген сұқбатында ол «Қазақстанда сөз бостандығы бар, жүйелі цензура жоқ» деген. 2018 жылғы сәуірде «Қазақ әдебиеті» газетіне Абаев: «Біз сөз бостандығын алдыңғы қатарға қоятын мемлекетпіз. Басылымдардың тақырып таңдаудағы, оны халыққа жеткізудегі шығармашылық еркіндігіне шектеу қоя алмаймыз» деп мәлімдеген.

Дәурен Абаев бұған дейінгі сұқбаттарында да министрліктің «редакция саясатына араласа алмайтынын, бірақ мемлекеттік тапсырыс бар екенін» айтқан болатын.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың БАҚ туралы заңды парламентте таныстырып отырған сәті. Астана, 27 маусым 2017 жыл
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың БАҚ туралы заңды парламентте таныстырып отырған сәті. Астана, 27 маусым 2017 жыл

Бірнеше жыл президенттің баспасөз хатшысы болып істеген Абаевтың биыл ақпанда президент сөзін тәпсірлегені де жұртшылықтың назарын аударған. Ақпанның соңына қарай Дәурен Абаевты қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаевтың «Үкімет пен парламент өзінің жұмысын тек мемлекеттік тілде жүргізуі керек. Басқа азаматтарға ілеспе аударма жасау мүмкіндігін қарастырған жөн», – деген сөзін қазақстандық БАҚ-та көбірек талқыланған тақырыпқа айналған.

Президенттің осы сөзінен соң іле-шала парламент пен үкімет отырыстарын қазақша өткізуге кіріскен ыңғай танытқан. Алайда БАҚ-та кең таралған президент сөзіндегі «тек мемлекеттік тілде» деген сөйлемнен «тек» деген сөз кейін алынып қалды. Абаевтың өзі ондай сөзді естімеген болып шықты. Осыған байланысты қазақ баспасөзінде «Дәурен Абаев Елбасының сөзін бұрмалап отыр ма?» дейтін сарындағы материалдар да шықты. Ал үкімет пен парламент те отырыстарын бұрынғысынша өздеріне қолайлы тілде өткізуді жалғастыра берді.

Ақпарат және коммуникация министрлігін басқарғанына бір жыл болмай әлеуметтік сауалнама жүргізген Абаев телеарна журналистерінің біліктілігіне де баға берді. «Жарнаманың көптігі, өңірлік контенттің жоқтығы, Қазақстан туралы танымдық бағдарламалардың аздығы және қазақстандық телеарналардағы журналистердің кәсіби деңгейінің төмендігі тұрғындардың наразылығын туғызады екен», - деген министрдің пікірі де әлеуметтік желіде жиі талқыланған.

«ЕКІ ТҮРЛІ ҚАЗАҚСТАНДА ТҰРАМЫЗ БА?»

«Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымының биыл жариялаған «Сөз бостандығы индексінде» Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 158-орында тұр.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев болса елдегі сөз бостандығының жағдайына халықаралық ұйымдардың берген бағасы «субъективті пікірге» сүйеніп жасалған деп санайды. Ол «Қазақстанда баспасөз еркін» деп біледі.

«Он балдық өлшеммен алғанда Қазақстандағы сөз бостандығы – жеті-сегіз баллға тең» деген сәуірде журналистер сұрағына берген жауабында министр Абаев.

Интернетті блоктау. Карикатура авторы - Ғалым Смағұлұлы
Интернетті блоктау. Карикатура авторы - Ғалым Смағұлұлы

​Журналистермен еркін қатынас жасауға дайын екенін айтып жүретін министр Дәурен Абаевтың сөзі мен ісін құптайтындар да, оның пікірімен келіспейтіндер де бар.

«Ол өз басқаруындағы ведомствоның қат-қабат жұмысын ғана емес, ақпарат майданында ұлт, мемлекет үшін күрестің айла-әдісін де жақсы біледі. Иә, ол расында мемлекетшіл тұлға» деп жазады Abai.kz сайты.

«Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев Дәурен Абаев министр қызметіне тағайындалғанда қуанғандардың бірі екенін айтады.

- Ол өзін қарапайым ұстайды, БАҚ-қа белгілі бір дәрежеде ашық. Ең бастысы ол кіммен болса да диалог құрып, консенсусқа келе алады. Дәурен Абаевтың БАҚ-пен, әсіресе қазақтілді ақпарат құралдарымен етене байланыста болғысы келетінін, сондықтан министрлікте де позитивті бағыт ұстайтынын байқап жүрміз,-дейді ол.

Марат Тоқашбаев Дәурен Абаев министр болып келгеннен кейін өзгеріс енгізілген БАҚ туралы заңның кемшіліктері де бар деп есептейді. Алайда шынайы демократиялық қадамдар жасалған кезде ол да өзгереді, заңның негізгі бағыты дұрыс деп есептейді.

БАҚ туралы заң уақыт талабынан туды. Жаңа ақпараттық технологиялар келген соң осы заңды қабылдау қажет болды
Қамбар Ахмет

Дәурен Абаевтың бұрынғы кеңесшісі Қамбар Ахметтің пікірінше министрдің кей жұмыстары сырт көзге байқалмауы да мүмкін. Ол Абаев бірінші кезекте мемлекеттік ведомстволардағы 60-тан астам медиа жоспарды реттеп, бір ізге түсіргенін айтады.

- БАҚ туралы заң уақыт талабынан туды. Жаңа ақпараттық технологиялар келген соң осы заңды қабылдау қажет болды. Ол ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға да ықпал етті. Мәселен, «Сұр табақшаларды» көретін 2 миллионға жуық адам отандық телеарнаны адам көрмейді екен. Сондай-ақ шекаралық аймақтарда шетелдік ақпарат құралдарының таралуын реттеу де Абаев көтерген мәселенің бірі,-дейді ол.

Қамбар Ахмет министр Дәурен Абаев отандық телесериалдарды көбейтуге ықпал етті, шетелдік сериалдарды ығыстырудың жолы осы деп санайды дегенді айтады. Қамбар Ахметтің сөзінше министр Дәурен Абаев «сынға да байыппен қарауға тырысады».

БАҚ басшылығына кадр таңдағанда кәсіби маман журналистерден гөрі басқа саланың мамандарына көбірек сүйенетіні байқалады. Қоғамдық-саяси ток-шоуларға еркіндік бермейді.
Қуандық Шамахайұлы

Сөз бостандығы тақырыбымен байланысты бірнеше зерттеудің авторы Қуандық Шамахайұлы Дәурен Абаевты «бюрократиядан аулағырақ жүретін, мейлінше ашық болуға және өзі басқаратын саланы дамытуға тырысып жүргенімен саяси жүйенің ығынан шыға алмайтын шенеунік» деп сипаттайды.

- БАҚ басшылығына кадр таңдағанда кәсіби маман журналистерден гөрі басқа саланың мамандарына көбірек сүйенетіні байқалады. Қоғамдық-саяси ток-шоуларға еркіндік бермейді. Содан кейін журналистерден біліктілік қалай талап етесің, өйткені экранда той-думан. Әсіресе, балама ақпарат таратуға қолдау мүлде жоқ. Ал ресми БАҚ-та «тек қана тамаша» дейтін советтік дәстүр сақталып отыр. Шындық айтылмаған ақпарат құралын ешкім керек етпейді. Жұрттың әлеуметтік желіге көбірек ауғаны сондықтан, - дейді ол.

Қуандық Шамахайұлы елдегі сөз бостандығының жағдайы туралы министрдің өз түсінігі бар болар деп санайды.

- Өнер жұлдыздарының ажырасуы, қайта қосылуы деген сияқты мәселе бойынша сөз бостандығы бар шығар. Ал маңызды мәселеде жоқ. «Сөз бостандығы» дегеніміз түсініксіз, күрделі дүние емес. Ол - барды бар, жоқты жоқ деп көрсету. Бұл тұрғыда сөз бостандығы шектеулі. Билік редакцияның ішіне араласпаса тамаша болар еді. Бірақ олай емес. Өйткені тендермен қаржы бөліп отыр. Редакцияның ішкі ісіне араласпау үшін мемлекет қаржыландыруды тоқтату керек, - дейді ол.

«Уральская неделя» басылымының журналисі Лұқпан Ахмедияров Дәурен Абаевтың бұрын журналистика саласында жұмыс істемеген шенеунік деп сипаттайды.

- Оның ұстанымдары журналистикамен қабыспайды. Министрлікті Абаев басқарғалы жақсы өзгеріс болды дей алмаймын. БАҚ туралы заң журналистік зерттеуді қиындатты. Абаев «сөз бостандығы бар» дегенді айтады, мүмкін Абаев екеуміз екі түрлі Қазақстанда тұратын шығармыз? - дейді ол.

Менің ойымша, Ақпарат министрлігі деген болмауы керек. Болса да ол БАҚ-тың қорғаушысы қызметін атқаруы тиіс еді, бірақ керісінше, биліктің қорғаушысы болып жүр.
Лұқпан Ахмедияров

Кәсіби жұмысына байланысты бірнеше рет қысым көргенімен танымал тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедияров Ақпарат және коммуникация министрлігі БАҚ-тың ақпарат алуын одан әрі қиындатты деп санайды. Оның пікірінше, белгілі бір оқиға бойынша бұрын құқық органдары өздері жауап берсе, кейінгі кездері олар арнайы өкілге сілтейтін болған.

- Менің ойымша, Ақпарат министрлігі деген болмауы керек. Болса да ол БАҚ-тың қорғаушысы қызметін атқаруы тиіс еді, бірақ керісінше, биліктің қорғаушысы болып жүр. Билік қоғам өміріне көп килігеді. Мысалы, АҚШ-та министрлік те, БАҚ туралы заң да жоқ. Тек «сөз бостандығына кепілдік беріледі, цензураға тыйым салынады» деген конституция қағидасы ғана бар, - дейді Лұқпан Ахмедияров.

Бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев болса Ақпарат және коммуникация министрлігі үкімет бағдарламалары мен маңызды заңдарды жеткілікті түсіндірген емес деп санайды. Биліктің бастамаларын бақылап отыратын ол Ақпарат және коммуникация министрлігі 2016 жылғы «жер митингілерінен» кейін құрылса да жер комиссиясы мен қабылданған заңды түсіндірген жоқ дейді.

Қытайдан 51 зауыт келеді деді, оны кім түсіндірді? Президенттің орындалмаған тапсырмаларын да түсіндіруі тиіс
Қазбек Бейсебаев

- Жер туралы комиссия құрылған соң қоғам мәселе шешіледі деп күтті. Шын мәнінде жер мәселесі толық шешілмегені белгілі болды. Жақында сайлау туралы заңды өзгертті, енді мәслихат депутаттығына кандидаттар мен әкімдерді тек партиялар ғана ұсынады. Бұл маңызды мәселе де кеңінен талқыланбады. Қытайдан 51 зауыт келеді деді, оны кім түсіндірді? Президенттің орындалмаған тапсырмаларын да түсіндіруі тиіс, - дейді Қазбек Бейсебаев.

Ол министр Дәурен Абаевты өзіне берілген тапсырманы ғана орындайтын саяси жүйенің бөлшегі деп қарастырады, бірақ әлі тәжірибесіз, жас министр дегенге келіспейді.

- Ол жауапты қызметкер, үкімет мүшесі. Қарамағында тұтас министрлік бар. Сондықтан жас, тәжірибесіз деп ақтауға болмайды, - дейді ол.

Кей сарапшылар мен әлеуметтік желі қолданушылар соңғы кездері Қазақстан аумағынан әлеуметтік желіге кіру қиындап, интернет жылдамдығының төмендеп кететінін де Ақпарат және коммуникация министрлігінің жұмысымен байланыстырады. Оны «қуғындағы экс-банкир Мұхтар Әблязовтің әлеуметтік желілердегі тікелей эфиріне кедергі жасау» деп қабылдайтындар да бар. Азаттық тілшісінің бұл проблема туралы қойған сауалына Дәурен Абаев ұзағырақ ойланып, «Ақпарат және коммуникация министрлігінің еш қатысы жоқ» деп жауап берді.

ВИДЕО: Дәурен Абаевтың әлеуметтік желінің ашылмауын түсіндіруі

Абаев әлеуметтік желінің ашылмауы туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:46 0:00

Интернетте тараған Дәурен Абаевтың бұл жауабына пікір білдіргендер арасында министрдің сөзіне күмән келтіріп, сын айтушылар аз болмады. Кейбіреулер билік тарапынан әлеуметтік желілер мен сайттарға бақылауды күшейтуден өзге өзгеріс болмайды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG