Accessibility links

Әлеуметтік желідегі шенеуніктер белсенділігі


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының саны артқанымен әлеуметтік желіде белсенді шенеуніктер саусақпен санарлық деуге болады. Кейбір сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желіде халықпен ашық болуына бюрократиялық жүйенің жазылмаған "ішкі тыйымдары" кедергі жасап отыр.

"МЕН АШЫҚПЫН"

Әлеуметтік желіде белсенді қазақстандық саясаткерлердің басым бөлігі Facebook желісін пайдаланады. Аяқталып отырған жылдың соңында осы желіде аккаунт ашқан шенеуніктер қатарына мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қосылып, бір күннің ішінде 1800-ден астам жазылушы жинап үлгерген.

"Бүгінгі күні креативті ойлайтын және қоғам санасын өзгертуге құштар адамдардың көмегі қажет. Фейсбук алаңы әрбіреудің ұсынысын есту үшін жақсы мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан мен жеке парақшамды ашуды ұйғардым" деп жазды ол.

Аз ғана уақыттың ішінде оның жазба бағаны құттықтаулар мен жемқорлыққа қатысты сұрақтарға толып кетті.

​Мәселен, журналист Гүлжан Ерғалиева "Матаевтар ісі және тапсырыс сипатындағы тергеу амалдарынан" кейін агенттіктің жұмысына күмән келтіре бастағанын жазып, оның әлеуметтік желіге келуі мәселені шешуге көмектесе алар ма екен деп сұрақ қойды. Ал Алик Шпекбаев болса, "бұл мазмұндас сұрақтарды өзінің блогына қалдыру керектігін" жазған.

FACEBOOK ЖӘНЕ TWITTER-ДЕГІ ШЕНЕУНІК БЕЙНЕСІ

Facebook-тағы бірқатар шенеуніктердің профайлдарына шолу жасаған кезде келесі жайттар байқалды. Қазақстандық шенеуніктер әлеуметтік желіні негізінен өзін және мемлекеттік органның жұмысын жарнамалау үшін қолданады. Олардың бұл әрекеті кей кезде креативті шығып жатса, кей кезде ресми формат шеңберінен аса алмай қалады.

Жартылай ресми стильде жазатын шенеуніктерде бір мазмұндағы постарын көбіне қазақ және орысша жарыстырып тарату "дәстүрі" бар. Тәуелсіздік күнімен құттықтау, ресми іс сапарынан күнделік сияқты жазбаларды кез келген профайлдан ұшырастыруға болады. Олардың профайлдарынан өткір де маңызды қоғамдық саяси тақырыптардың сирек талқыланатынын көруге болады.

Әйткенмен олардың пост жүргізу мәнерінде ерекшеліктері жоқ емес. Мәселен, жазылушыларының саны жағынан шенеуніктердің алдыңғы қатарында тұрған (35 мыңнан астам) Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев ресми ақпараттардан бөлек кейде қаланың бір бұрышында апатты жағдай болғанын айтып, қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз деп ескертіп отырады. Ол парақшасында КВН, футбол тәрізді бейсаяси тақырыптарға қатысты эмоциясы бар постар да жазып тұрады.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, Астанада көшенің тазаланбай қалуы, люктің ашық жатуы сынды мәселелерге әлеуметтік желіде қойылған сұрақтарға әкім өзі жауап береді.

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп бойынша комитетінің басшысы Бағдат Мусин Facebook-тағы парақшасында мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты көзқарастарымен бөлісіп, көпшіліктен пікір сұрап отырады. Кейде оқыған кітаптары жайлы ойымен бөлісіп, қанатты сөздер де жазып қалдырады.

Facebook-та 12 мыңнан астам жазылушысы бар ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қоғамда БАҚ туралы заң жобасы қызу талқыланып, сынға ұшыраған кезде парақшасында жобаның даулы тұстарына қатысты түсіндірме видео жариялаған еді. Осылайша ол БАҚ туралы заң жобасына қатысты өршіген даудың тігісін жатқызуға тырысқандай болды. Оның айтқандарын сынағандар да, қолдаушылар да табылды.

2016 жылдың аяғында Facebook желісінен аккаунт ашқан мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы парақшасында мәдениет жаңалықтарымен бөлісіп отырады. Оның мыңнан астам жазылушысы бар.

Ал сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев Facebook-тан гөрі Twitter-ді қолайлы санайды. Оның аталған платформада 160 мыңнан астам оқырманы бар. Саясаткер онда соңғы қоғамдық саяси жаңалықтармен бөлісіп, кейде ой-пікірлерін қалдырады. Мәселен, желтоқсанның ортасында латын әліпби туралы айтқан жазбасына қолданушылар көп пікір білдірді.

Бұған дейін бұрынғы премьер министр, қазіргі ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов те белсенді әлеуметтік желі қолданушы ретінде танылған еді. 2016 жазда оның Instagram-да тіркелгені туралы ақпарат шықты. Дәл сол жылы күзде ол ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалып, содан бері әлеуметтік желіде белсенділігі байқалмаған.

"Оған әлеуметтік желіде болмағаны дұрысырақ қой. Себебі, қызметі сондай. Премьер министр қызметі ашық қызмет. Ал ұлттық қауіпсіздік қызметінің төрағасы жабық болуды талап етеді" дейді блогер әрі PR саласының маманы Әлішер Елікбаев.

Интернет клубта Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл.
Интернет клубта Facebook әлеуметтік желісін қарап отырған адам. Алматы, 2 мамыр 2012 жыл.

Қазақстандық сарапшылар шенеуніктердің әлеуметтік желідегі белсенділігі төмен деп бағалайды. Әлішер Елікбаев Қазақстанда қоғаммен жақын болу үшін әлеуметтік желінің күшін пайдалану талпынысынан гөрі, оның ықпалын түрлі заңдар қабылдау арқылы азайтуға тырысу әрекеттері басымырақ екенін айтады. Facebook-та Мұхтар Әблязовтың саяси үгіт насихаты күшейгелі бері бұл талпыныс тіпті артқан.

"Жалпы шенеуніктер әлеуметтік желінің жауы ғой. Олар әлеуметтік желіні үнемі бақылауға тырысады. Одан үнемі құтылудың амалдарын іздейді. Оларға әлеуметтік желімен күресу қиынға соғып отыр. Бірақ қазір оңайланды. Өзінің жұмыс берушісі яғни халықпен тікелей байланыс орнатуға тырысқан шенеуніктер бар, бірақ өте аз", - дейді Елікбаев.

Интернетті бұғаттау. Ғалымның карикатурасы.
Интернетті бұғаттау. Ғалымның карикатурасы.

Әлеуметтік желі сарапшысы Аскар Жапаровтың пікірінше, шенеуніктердің белсенділігі деңгейі жүйенің ашықтығына тікелей пропорционал. Шенеуніктердің көбі бюрократиялық аппараттың жазылмаған ережелеріне қарсы шығып, ағысқа қарсы жүзгісі келмейді.

"Бәрібір жүйе мықты. Оның күші бәрібір басым. Ол жабық. Ақпаратпен бөліскісі келмейді. Мәселен, көптеген мекемелерде шенеуніктерге әлеуметтік желіден аккаунт ашуға тыйым салынған. Белсенді болуға рұқсат етілмеген. Бұл жазылмаған ереже. Бұған қоса, шенеуніктердің өздерінде өзіндік цензура бар. Кейбірінің оған уақыттары да жетпейді" дейді ол.

Жергілікті зерттеу компанияларының дерегінше, Қазақстан халқының 70 пайызы әлеуметтік желіні пайдаланады. Елде қолданушылар санының көптігі жағынан бірінші орында ресейлік әлеуметтік желілер: Vkontakte, Однокласники, одан кейінгі орындарда Instagram, Moymir, Facebook, Twitter желісі тұр.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG