Accessibility links

Әлеуметтік желіде жарияланған даулы оқиғаларға биліктің реакциясы


Өзбекстанның Сырдария облысы Сайхунабад ауданының басшысы Носиржон Эгамбердиевтің мектеп директорларын балағаттап, ұрып жатқаны туралы YouTube сайтында жарияланған видеодан скриншот. 12 қыркүйек, 2017 жыл.
Өзбекстанның Сырдария облысы Сайхунабад ауданының басшысы Носиржон Эгамбердиевтің мектеп директорларын балағаттап, ұрып жатқаны туралы YouTube сайтында жарияланған видеодан скриншот. 12 қыркүйек, 2017 жыл.

Орталық Азия елдерінде әлеуметтік желіні лауазым иесінің ерсі қылықтарын қоғамға жеткізіп, оған биліктің назарын бұруға да пайдаланады. Бақылаушылар Қырғызстан мен Қазақстанға қарағанда Өзбекстанда желі қолданушыларының талқылауын қыздырған оқиғаларға биліктің реакциясы өзгеше дейді.

БАЛАНЫ ТЕБУ ОҚИҒАСЫ

Қырғызстанда мұзға тайып жығылып, орнынан тұра алмай жатқан жасы екілердің шамасындағы бүлдіршінді жанында тұрған ер адамның ішінен шірене тепкені туралы видео әлеуметтік желі бірден көпшіліктің ашу-ызасын тудырды. Желі қолданушылары желтоқсанның 2-і күні тараған видеодағы ересек адамның ерсі қылығын айыптап, оны іздеп тауып, жауапқа тартуды биліктен талап етті.

Бішкектің ішкі істер басқармасы видеодағы адамның Бішкектің "Ұлан-2" шағын ауданы тұрғыны, мемлекеттік тіркеу қызметінің аудандық басқармаларының бірінде бастықтың орынбасары болып істейтін 50 жастағы А.Б. екені анықталғаны жайлы хабарлады. Әуелгіде милицияға берген жауабында өзінің кішкентай ұлын тепкенін мойындаған шенеунік кейін "видео - жалақорлардың монтажы" деп мәлімдеген.

Бішкектегі "баланы тебу" оқиғасы туралы интернетте тараған видеодан скриншот.
Бішкектегі "баланы тебу" оқиғасы туралы интернетте тараған видеодан скриншот.

Құқық органдары А.Б.-ның үстінен қылмыстық кодекстің "бұзақылық" бабы бойынша іс қозғап, сот оны екі айға тергеу абақтысына қамау туралы шешім шығарды. Тергеу ісіне желіде тараған видео да тіркелді. Сонымен бірге баланың денсаулық жағдайын анықтау үшін медициналық сараптама тағайындалды.

Мемлекеттік тіркеу қызметінің этика бойынша комиссиясы А.Б.-ның мәселесін карап, басшылыққа оны қызметтен босату туралы ұсыныс жолдағаны туралы хабарлады.

Қырғыз қоғамында резонанс тудырған оқғаны талқылау барысында қоғамдық ұйымдар өкілдері елде бала құқығы жеткілікті дәрежеде қорғалмай отырғаны туралы пікір білдірді.

БАЛАҒА ҚАТЫГЕЗДІК ТАНЫТҚАН АНА МЕН ТӘРБИЕШІ

Әлеуметтік желіде тарағаннан кейін қоғам назарына ілігіп, билікті әрекет жасауға мәжбүр еткен осыған ұқсас оқиғалар бұған дейін Қазақстанда да болған.

Маусым айында Instagram әлеуметтік желісінде Павлодар қаласындағы бір балабақшаның тәрбиешісі жас мөлшері 3-5 жас аралығындағы екі сәбидің басынан ұрғаны бейнеленген видео жарияланған болатын. "Бала ұру" туралы видеоға байланысты желіде наразы пікірлер көбейгеннен кейін көп ұзамай "тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскердің осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасағаны" үшін тәрбиешінің жұмыстан босатылғаны хабарланды.

Қорғанып отырған бала. (Көрнекі сурет.)
Қорғанып отырған бала. (Көрнекі сурет.)

2016 жылы желтоқсанда Павлодар ювеналдық соты "кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатыгездік таныту" айыбы бойынша жергілікті тұрғын әйелді алты айға ата-аналық құқығынан айыруға шешім шығарды. Бұған оның үш жастағы қызын ұрып-соққаны туралы видеоны бұрын азаматтық некеде болған күйеуі мен оның туыстарына жолдауы себеп болған. Ол видео Instagram әлеуметтік желісінде жарияланғаннан кейін қолданушылар билік орындарынан бұл мәселеге араласып, баланы қатыгез анадан қорғауды талап еткен болатын. Сот шешімі бойынша жарты жыл әкесінің қамқорлығында болған бүлдіршін 2017 жылы маусымда қайтадан анасымен қауышты. Әйел мұндай жағдай енді қайталанбайтынын мәлімдеп, кешірім сұрағаннан кейін әкесінің баланы анасына қайтаруға келіскені туралы жергілікті басылымдар хабарлады.

ДЕПУТАТТЫ ОТСТАВКАҒА КЕТІРГЕН ВИДЕО

2016 жылдың желтоқсанында Қазақстан парламентінің депутаты, биліктегі "Нұр Отан" партиясының мүшесі Мұхтар Тінікеев "әлеуметтік желі арқылы тараған видеодағы әрекетіне өкінетінін" айтып жазған өтініші негізінде отставкаға кетті.

Даулы бейнетаспада Тінікеевтің Қарағанды қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Николай Полевойға ұқсайтын екінші бір адамды: "Әй, кіресің бе, жоқ па?" деп басынан түйгіштеп жатқан сәті бейнеленген. Кейін әлгі видеоға қатысты БАҚ-қа жауап берген Тінікеев оны "екі жыл бұрынғы қалжың" десе, Полевой "бала кезден бергі досы екеуінің арасындағы жеке мәселе" деп түсіндірген.

Қоғамда қызу пікірталас тудырған бұл видео 2002 жылдан бері қатарынан төрт шақырылымда парламент мүшесі болып сайланып келген Мұхтар Тінікеевті депутаттық мандатты тапсыруға мәжбүр еткен болатын.

ҰРДАЖЫҚ ЖӘНЕ БЕЙПІЛ АУЫЗ БАСШЫЛАР

Биыл көктемде Өзбекстанның Сурхандария облысындағы балабақшадағы қатыгездік пен сексуалдық қызметті бейнелейтін видеолар жарияланғаннан кейін бірнеше тәрбиеші, балабақша меңгерушілері мен аудандық білім бөлімі қызметкерлері жұмыстан қуылды. Денау, Ангар және Термез аудандарындағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жасырын камераға күндізгі уақытта тәрбиешілердің балаларға зомбылық көрсететіні, түнгі уақытта балабақшаны жеңіл жүрістілердің жыныстық қызмет көрсететін орынға айналдырғандары түсіп қалған.

Оқи отырыңыз: Күндіз "бала ұратын", түнде "жынойнақ" балабақша

Сонымен бірге Өзбекстанда жұрт биліктегі лауазымдылардың ерсі қылықтары түсіп қалған видеоларды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы көріп-тыңдап, бір-біріне таратады. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қарашаның 15-і үкімет отырысында "шенеуніктердің бағынышты қызметкерлерге қол жүгіртіп, балағаттауы мемлекет саясатына қайшы келетінін" айтып, мұндай іс-әрекеттері үшін кінәлілер жазаға тартылатыны туралы ескертті.

"Мектеп директорларын ұрған хоким" туралы видео:

Осыған дейін әлеуметтік желілерде Сырдария облысы Сайхунабад ауданының хокимі (әкімі) Носиржон Эгамбердиевтің "тәуелсіздік күнін тойлау шарасына адам әкелмегені" үшін мектеп директорларын балағаттап, ұрып жатқаны бейнеленген видео тараған. YouTube сайтында жарияланған видео қыркүйектің 12-інен бері 250 мыңнан астам рет қаралған.

Президент Мирзияевтің сөзінен соң даулы видео арқылы "танымал" болған хоким туралы Азаттықтың Өзбек қызметінің (Ozodlik) сауалына Сырдария облысы хокимиятының баспасөз хатшысы Ортик Султанов:

- Облыс басшысы аудан хокимінің мәселесі мақта терімі аяқталған соң қаралады деп айтқан. Носиржон Махмудович [Эгамбердиев] әзірше бұрынғы қызметін атқарып жатыр, - деп жауап берген.

Қарашаның ортасына таман Озодлик редакциясы Ташкент облысы Паркент ауданында осы айдың басында мақта терімі науқанына қатысты өткен жиыннан жазылған аудиожазба алды. Журналистер 45 минуттық аудиотаспада дауысы аудан хокимы Нематулла Абдуллаевтікіне ұқсайтын адамның жиналғандардың атына 126 рет балағат сөз айтқанын санап шыққан. Кейін Озодлик тілшісіне Паркент ауданының хокимы Нематулла Абдуллаев қарашаның 1-і күні жергілікті ұйымдар мен махалла ақсақалдарының қатысуымен жиын өткенін растады. "Бірақ ешкімді боқтаған жоқпын, жоспарды орындамағаны үшін ұрыстым" деп жауап берді ол.

Оқи отырыңыз: Балағат сөздер айтқан өзбек шенеунігі айыппұл төледі

Мамыр айында Өзбекстанның шығысындағы Самарқан қаласының аудандық комитеті басшысы Бахром Кузиевтің шағым айтқан әйелді балағаттаған сөзін оқиғаға куә болған әлгі әйелдің баласы мобильді телефонға жазып алған.

Самарқанда "әйелді тілдеді" деген шенеунік Бахром Кузиев. (Видеодан скриншот.)
Самарқанда "әйелді тілдеді" деген шенеунік Бахром Кузиев. (Видеодан скриншот.)

Кейін әйелдің берген шағымын қараған Самарқан соты Кузиевті айыпты деп танып, бес айлық есептік көрсеткіш, яғни 100 АҚШ доллары көлемінде айыппұл салған. Бірақ жәбірленушінің отбасы сот "өте жеңіл" жаза берді деп санайды. "Сот оған кем дегенде 100 айлық жалақы көлемінде айыппұл төлетуі керек еді" дейді әйелдің ұлы.

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшісі Сирожиддин Ислам Өзбекстан азаматтарының елдегі заң бұзушылық пен келеңсіздіктерді сынап, талқыға салатын жалғыз орны - әлеуметтік желі екенін айтады.

- Өзбекстанда басшылардың қол астындағы қызметкерлерге әлімжеттік жасауы жиі айтылып, сыналады. Бұған дейін де әлдебір шенеуніктің адамдарды балағаттаған видеосы жарияланған. Оған тек тәртіптік шара қолданғаны есімде. Бұдан басқасын білмеймін. Заң бұзушылықтары айқын көрсетілген видеолар жария болса да басшылар әлгіндей іс-қылықтары үшін жазаланбайды, - дейді Сирожиддин Ислам.

Халықаралық WeArSocial интернет порталының биылғы қаңтардағы есебінше, Қазақстан халқының 17 пайызы әлеуметтік желіні пайдаланады. Қырғызстанда бұл көрсеткіш 10 пайызды құраса, аймақта халқының саны ең көп Өзбекстанда үш пайыздан сәл асады.

XS
SM
MD
LG