Өзбекстанның Сурхандария облысында балабақша тәрбиешілері мен күзетшілері күндіз балаларды ұрып-соғып, түнде сексуалдық қызмет ұйымдастырғандары үшін сотқа тартылған соң шамамен 10 шенеунік мемлекеттік қызметтен босатылған. Азаттық тілшісіне есімін жария етпеуді сұраған облыстық әкімдік қызметкері:
- Термез ауданының №2 және №23 екі балабақшаның басшыларымен жасалған еңбек шарты бұзылды. Осындай шаралар Ангар мен Денау аудандарының балабақшаларының басшыларына да қолданды. Одан бөлек, Денау ауданындағы №10 балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды. Денау аудандық халыққа білім беру бөлімінің бастығы Хайдар Суванов пен мектепке дейінгі білім беру және облыстық халыққа білім беру басқармасының методисі жұмыс орындарынан босатылды. Қазір мектепке дейінгі білім беру жүйесіне жауапты тағы үш қызметкерді жұмыстан шығару туралы құжат дайын тұр, - деді.
Сурхандария облысының Денау, Ангар және Термез аудандарының балабақшасының жұмысшылары түнде жыныстық қызмет көрсететін орынға айналдырған видео әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.
Аталмыш аудандардағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде жасырын камераға түсірілген бейнежазбада күндізгі уақытта тәрбиешілердің балаларға зорлық көрсеткені, түнгі уақытта жыныстық қызмет көрсететін орынға айналдырғандары анық көрінеді.
Термез телеарнасының журналистерінің репортажында түнгі уақытта балабақша күзетшілерінің демалатын бөлмелерді жеңіл жүрісті әйелдерге ақшаға жалға беретіндігі айтылған.
Азаттық тілшісімен сұхбаттасқан Сурхандария облысының прокуратура қызметкері облыстағы мектепке дейінгі мекемелерде жүргізілген рейдтің кейбір деректерімен таныстырды.
- Адам сату мен жезөкешелікпен күрес жедел іс-шаралары аясында өткізілген рейд барысында балабақшалардың сексуалдық қызмет көрсететін орынға айналғаны анықталды. Былтырғы қарашаның 18-і Термез ауданының №2 және №23 балабақшаларында рейд шаралары өткізілді. Бұдан бұрын құқық қорғау органдарының қызметкерлері мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне жасырын камералар орнатқан. Рейд барысында балабақшаны жыныстық қызмет көрсететін жын-ойнаққа айналдырған балабақша күзетшілері Мухиддин Мусаев пен Рустам Аллаяров ұсталды, - деді облыстық прокуратура қызметкері.
Оның сөзінше, балабақша күзетшілері Мусаев пен Аллаяров Өзбекстан қылмыстық кодексінің 131-бабы (жеңгетайлық) бойынша айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандықтарынан айырылған.
Жасырын камераға түсірілген бейнетаспада орта жастағы тәрбиешінің балаларды суық қарумен жарақаттамақшы болып, қоқан-лоқы көрсеткені және қызметтестерінің кішкентайларды психологиялық түрде мұқатып жатқанына қарап тағы да үш қызметкердің сықылықтап күлгендерін көруге болады. Бейнетаспаға тағы да бір жайт жазылып қалған. Ақ халатты тәрбиешінің балаларға пышақ көрсетіп, тілін немесе жыныстық мүшесін кесемін деп жәбірлегені көрінеді.
- Біз бұл мәселе жайында балабақшалардағы жеңгетайлыққа байланысты оқиғаларды зерттеу барысында хабардар болдық. Денау ауданындағы балабақшада жыныстық көріністерді түсіру үшін орнатылған жасырын камера тәрбиешілердің балаларға жәбір көрсетіп, психологиялық қысым көрсеткендерін түсіріп алған. Аталмыш фактіге байланысты қосымша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта Денау ауданындағы № 10 балабақша тәрбиешілеріне байланысты іс сотта қаралып жатыр. Кейбір тәрбиешілерге үкім жарияланды. Біреуінің үш жасқа толмаған баласы болғандықтан әзірге бостандықта қалады. Үш айдан кейін бала үш жасқа толады, кейін анасы жаза мерзімін өтеу үшін абақтыға жабылады,- деді облыстық прокуратура қызметкері.
Ақпанның 25-сінде Азаттықтың Өзбек қызметіне хат жазған ата-аналар Сурхандария облысының жергілікті шенеуніктері мен сот органдары балаларға күш көрсетіп, балабақшаларды жыныстық қызмет көрсететін жын-ойнаққа айналдырғандардың жазасын жеңілдетуге шара қолданып жатуы мүмкін деп алаңдайтындарын жеткізген. Олар қылмыскерлер үш жыл шартты мерзім алуы немесе рақымшылыққа ілінуі мүмкін деп ойлайды.
Сурхандария облыстық халыққа білім беру басқармасы балабақшалар ісіне байланысты кінәлілерді жазаға тарту мен осы тәріздес оқиғаларды болдырмау үшін тәрбие жұмыстарын жүргізу туралы хабар таратып жатқанда, Өзбекстанның халыққа білім беру министрлігінің өкілдері Азаттыққа балабақшалардағы оқиғадан хабарсыз екендерін мәлімдеді. Тілші білім министрлігімен телефон арқылы байланысқа шыққанда мектепке дейінгі білім бөлімінің басшысы Сабохат Мырзажанова, тәрбие басқармасының басшысы Хикматилла Даминов және білім саласын бақылау мен қадағалау басқармасының басшысы Камилжан Инаков Азаттыққа бұл оқиғадан хабарсыз екендерін ғана айтып, комментарий бермеді.