Сәбиіне күтуші жалдаған Алматы тұрғыны Шолпан Баймұрзаева баласының денесінен соққы іздерін көріп, секемдене бастаған. Оның баласын ойын алаңында күтуші ұрып жатқанын көршілері де көрген.
– Қатты шошып кетіп, оны бірден жұмыстан шығарып жібердім. Қазақстанда мұндайларға жаза қарастырылмағандықтан, сотқа жүгінуден қайыр жоқ. Өзінің ар-ұяты білсін, - дейді Шолпан Баймұрзаева Азаттық тілшісіне.
Күтушілердің балаларға қол жұмсау оқиғалары әлеуметтік желілерде көп талқыланады. Кейбір сарапшылар үй қызметшілерінің ұрлығы, бала күтушілерінің қатыгездігі, репетиторлардың балаға сабақты дұрыс оқытпауы сияқты әрекеттер жазасыз қалады деп санайды.
Заңгер Эдуард Гринберг қызмет көрсету саласында жалданып жұмыс істейтін, міндетін дұрыс атқармайтын қызметкерлерге қарсы жеке заң қабылдауды ұсынады.
– Мұндай заң бұзушылықтар күн сайын болып жатады. Әлде біреуді өлтірсін деп күтіп отыр ма? Депутаттар мен шенеуніктер неге ұйықтап отыр? Шұғыл шаралар қолдану керек, - дейді Эдуард Гринберг Азаттыққа.
Отбасылық психолог Светлана Исаева жұмысына жауапсыз қарайтын бэби-ситтерлердің кесірінен айына кемінде төрт клиент көмек сұрап келетінін айтады.
– Бала күтушілердің кейбірі мейірімсіз келеді, көбінің тиісті білімі жоқ. Бір апта жұмыс істегеннен соң олар өз дегеніне басады, - дейді отбасылық психолог Азаттыққа.
Светлана Исаеваның айтуынша, бала күтіміне жалдаған қызметкер мұндай жүгенсіздікке жазаланбайтынын білгендіктен барады. Отбасылық психолог «егер бас бостандығынан айыруға дейін жазалайтын нақты шаралар көрсетілген заң қабылданса, мұндай жүгенсіздік тоқтар еді» дейді.
Қоғамдық қайраткер Дос Көшім ең дұрысы – заң қабылдау керек, әйтпегенде, тым болмаса бала бағуға ауылдағы туыстардың бірін жалдау керек деп санайды.
– Өкінішке қарай, басқа амалы жоқ. Бұрын балаларды ата-әжесі бағып-қағатын, қазір бұл дәстүрдің қадірі кетті, әке-шешесімен тұратындар сирек. Ал жастар жан бағу үшін жұмыс істеуі тиіс, сондықтан амалсыз күтушілердің қызметіне жүгінеді. Кезінде мен де күтуші жалдағанмын, немеремді ұрып-соққан күтушілер де болған. Олардың кейбірі жұмысына жауапсыз қарайды, - дейді Дос Көшім.
Ал балабақша тәрбиешісі Раушан Төребаева бұл қиындықтан шығудың өзге жолын ұсынады. Ол жалдамалы күтуші қызметіне мүлде жоламауға шақырады. Оның пікірінше, күтуші жалдаудың орнына баланы мемлекеттік балабақшаға берген жөн болмақ.
– Қазір баланы бақшаға кішкентайынан қабылдайды, сондықтан қыруар ақша төлеудің және күтушінің жанында қалған перзентіңді ойлап, күні бойы уайымдаудың орнына, оны балабақшаға беру керек. Мұнда тәрбиешіге талап қатал, мұндай іске олардың өздері де бармайды, - дейді Раушан Төребаева.
Азаттық тілшісі хабарласқан бала күтушілерді жұмысқа орналастырумен айналысатын ондаған агенттік «ең жауапты және заңға бағынатын бала күтушілер бізде» дейді. Болашақта «проблемалық» күтушілердің қызметінен бас тарту үшін «Семейный Дом» агенттігі өкілі ондайлар туралы деректерді агенттіктерге жолдауды ұсынады.