Ақпанның 8-іне қараған түні Жамбыл облысындағы Масанчи, Ауқатты және Бұлан батыр ауылдарында болған ұлтаралық қақтығыс салдарынан 11 азамат қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. 30 үй, 17 дүкен мен 47 автокөлік бүлінген. Билік мұны қылмыс оқиғасы деп сипаттайды. Азаттық тілшісі жанжал болған ауылдарға барып, ондағы халықтың төтенше режим жағдайындағы өмірімен танысып қайтты.
Жамбыл облысының шұрқ тесік жолдарымен ескі Toyota көлігімен жүріп келеміз. Алматыдан Қордайға дейін – 200 километр, ары қарай Масанчи ауылына дейін тағы 60 километр жүру керек. Көктемгі самалмен бірге алыстан Тянь-Шань таулары мұнартады – бұл жер Қырғызстанға өте жақын орналасқан. Қарсы бетте жайылған бірнеше отар қой өткен жылғы шөпті талғажау етіп жүр. Ары-бері өткен көлік жолаушылары терезеден лақтырған қоқысқа толы жол жиегінен малға шөп тауып жеу де оңай емес.
Сөйлегенде алтын тістері көрінетін егде жастағы жүргізуші жергілікті халықтың өмір салты туралы ауыз жаппай әңгімелеп келеді. Қордайда туып-өскенін айтқан ол әңгіме Масанчидегі жанжалға қарай ойысқанда өз пікірін былай білдірді:
- Осы оқиғадан кейін мұғалімдер мен дәрігерлерді екі күндік жалақысын жинап, дүнгендерге беруге мәжбүрледі. Әйелім Қордайда мұғалім боп істейді. Басшылық одан рұқсат сұраған жоқ, ақшасын аударды, бітті. Не үшін? Біріншіден, жанжалға өздері арандатты – жол полициясын, билік өкілдерін, қарт адамды ұрып-cоқты. Олардың не дейтінін білесің бе? "Жер - сендердікі, билік - біздікі" дейді! Өздеріне жер берген қазақтарға қарым-қатынасы осындай.
Жүргізуші монологын тыңдап отырып Масанчи ауылына жеттік. Кіреберісте күш құрылымдарының қарулы қызметкерлері кезекшілікте тұр. Жасыл түсті беренді күрте мен үлкен каска киген әскери қызметкерлер балаларға арналған мультфильм кейіпкерлері - "ниндзя тасбақаларды" еске салады.
ҚАРАКЕМЕР
Масанчидан Қаракемерге екі минутта жаяу жетуге болады – екі ауылды суы тартылған өзен үстіндегі көпір жалғап тұр. Қазір көпір жанында полиция қызметкерлері кезекшілікте тұр. Олар фотоаппарат асынған адамға ештеңе демейді, соңғы үш аптада мұндағылардың журналистерге көзі үйреніп қалған.
Қаракемер – асфальт төселген көше аз кездесетін, халқы негізінен мал ұстап күн көріп, үйінде көмір жағатын қарапайым қазақстандық ауыл. Ауылға газ келеді деген уәде айтылғалы бірнеше жыл болған, алайда әлі күнге орындалмай келеді.
Көшеде қызғылт сары кеудеше киген адам көп. Олар қоқыс тазалап, қураған бұтақтарды кесіп жүр. Полицияның бақылау-өткізу пунктінен бірнеше метр жерде пластик бөтелкелер жиналған қап көрінеді, оның жанында түбірі ғана қалған бір ағаш жанып жатыр. Жұмысшылардың бірі жаппай сенбіліктің себебін түсіндірді. Қордай ауданына жергілікті тұрғындармен кездесуге президент Қасым-Жомарт Тоқаев келмекші.
Ауыл тұрғындары әңгімелесуге аса құлықты емес. Жанжалды еске алғысы келмейді, "қазір бәрі жақсы, халық тынышталды, қазақтар мен дүнгендер арасында достық пен келісім орнаған" дегенді жаттап алғандай қайталай береді.
Ұлтаралық келісім туралы ресми ақпарат алу үшін жергілікті әкімдікті іздедім. Көше бойын қазып тастапты – ауылға интернет желісі тартылып жатыр. Жанымнан салт атты жігіттер өтті. Резеңке етік киген аласа бойлы ер адам бір жаққа асығып барады. Ол ары-бері өткен көліктер шашқан судан үстін былғап алмас үшін, көшенің шетін жағалап жүруге тырысып келеді. Қаракемердің орталық көшесінде бүгін адам көп.
Әкімдік қайда екенін сұрау үшін көз алдымдағы ер адамды қуып жеттім. Ол жолды түсіндіріп, мәдениет үйіне асығып бара жатқанын айтты. "Аудан басшылығы келгенге ұқсайды, президент сапарының алдында жиналып жатыр" деді ол. Қасына ердім. Өзін Тілек деп таныстырған ер адам жолай жергілікті өмір туралы әңгімелей бастады.
- Біздің адамдар қарапайым – негізінен мал өсірумен айналысады – бұқа бордақылап, сояды. Фермерлерге тыңайтқыш ретінде көң сатады. Мектеп бітірген соң, жастардың көбі осында қалады. Оқуға түскен студенттер кетіп, қайтып оралмайды. Ауылда қасапхана бар, ол жақта да біздің жігіттер жұмыс істейді. Үйде әдетте 10-20 бас мал ұстайды, 200-300 сиыр өсіретін бірнеше ферма бар.
- Полиция шартшатпады ма?
- Жоқ, олар өз алдына тұр ғой. Біздің тыныштығымызды күзетіп жүр.
- Қазір ауылда жанжалдан кейінгі көңіл-күй қалай?
- Бірқалыпты. Жігіттер сабырға келді, қазір тыныш. Мұндай жағдай болмас үшін, тыныштық керек. Болған нәрсе өтті, кетті. Өздері кінәлі деп ойлаймын, - дейді дүнгендер тұратын Масанчи ауылын нұсқаған Тілек.
- Тыныш жүріп-тұру керек. Дұрыс жүрсе, оларға ешкім тимес еді. Осыған дейін де жап-жақсы өмір сүрді ғой. Ұсақ кикілжіңдер бұрын да болатын, бірақ адамдар тез сабырға келетін. Қазақтар момын халық қой. Мұндай кикілжіңді ешкім шешпейді, өйткені билігіміз сатылып кеткен, – келді, ақша берді, бәрі қайтадан тыныш бола қалды, - дейді ол.
Ескі, жартылай қараңғы ғимаратта орналасқан әкімдіктен адам табу оңай болмады. Әкім орнында жоқ екен, сондықтан қызметкерлер мені бір кабинеттен екіншісіне жіберіп, әуреге салды. Соңында әкімнің жасы елудің шамасындағы хатшысымен сөйлестім. Ол аты-жөнін айтқысы келмегенімен, ауыл тіршілігі туралы біраз әңгімеледі.
- Қаракемерде шамамен үш мың адам тұрады. Амбулатория, балабақша мен мектеп бар. Көбі Сортөбе мен Масанчиға барып, жұмыс істейді. Мал өсіріп, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар да бар. Біреулер субсидияға сиыр сатып алған, кейбір тұрғындар солардың қолында жұмыс істейді. Азық-түлік алу үшін Қордайға немесе Тоқмаққа (Қаракемерден жеті километр жерде орналасқан Қырғызстан қаласы – ред.) барамыз. Интернет пен байланыс нашар. Газ жоқ. Барлық үйге су кірген, бірақ құбырлар ескі, сондықтан судан тұздың дәмі шығады. Бірнеше шаруа қожалығы мен шамамен төрт мың гектарға жуық егістік жері бар. Егістік алқабының бір бөлігіне бидай егеді, қалған бөлігін малға шөп дайындауға пайдаланады, - дейді хатшы әйел.
Менің ұлтаралық түсіністік туралы сұрағыма ол күлімсіреп басын изегенімен, ешқандай жауап қатпады.
Әкімдік маңында Қаракемерде көп жылдан бері тұратын, мектеп жасындағы екі баласын жалғыз өзі бағып-қағып отырған Мұратпен таныстым. Ол қорықшы болып істейді, үйінде бес сиыр ұстайды. "Өмір сүруге болады" дейді ол.
- Ауылымыз жақсы, жігіттер жұмыс істеп жүр, біреу несие алып, мал өсіріп, бағады. Біреу бай, біреу кедей тұрады деген бөлініс жоқ. Үйлерді өртеуге біздің ауылдан ешкім қатысқан жоқ деп ойлаймын. Мүмкін арандатушылар болған шығар, білмеймін. Қазір жағдайдың қалай болғаны түсініксіз. Мысалы, мен шабуыл басталған кезде Масанчиға інімнің дүкенін қорғауға бардым.
- Ешкім тиген жоқ па?
- Ешкімді кіргізген жоқпын. Мені танымағандар итере бастады, танығандар "тиме, бауырымыз ғой, мұның не?" деді. Содан ешкім тиген жоқ.
МАСАНЧИ
Ақпанның 8-і күні Қордай ауданында техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Масанчида әлі де әскерилер көп, олар қоғамдық тәртіпті бақылап, көшелер мен ауылға кірген автокөліктерді тексереді. Жергілікті тұрғындар бұл тәртіп наурыздың 14-не дейін жалғасатынын айтады. Одан кейін жаңа полиция бөлімшесін салып, арнаулы жасақ (СОБР) өкілдерінің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылмақ.
Өртенген дүкендер мен сынған терезесінен төсек, тоңазытқыш, күйген қабырғалары көзге шалынатын үйлерді жақыннан көру үшін Масанчи ауылын жаяу араладым. Бір үйдің ауласында өртенген көлік қаңқасы тұр. Үй алдына дәстүрлі дүнген бас киімін киген сақалды ер адам шықты. Ол шабуыл жасалған түні үйде отбасынан ешкім болмағанын, сондықтан адамдар аман екенін, тек дүние-мүлік қана бүлініп, жойылғанын айтады.
- Қазір біраз жинап қойдық, аулада тек көлік қана қалды, оны қайтерімді білмей отырмын. Өтемақы жөнінде бір уәделер беріп жатыр, бірақ ешкім нақты ештеңе айтқан жоқ. Ұсақ кикілжіңдер, әсіресе жастар арасында бұрын да болатын, бірақ дәл осындай сұмдық оқиға болған емес, - дейді ол.
Суретке түсіріп, сөйлесіп тұрғанымда үй алдына полиция көлігі келіп, заң қызметкері өзімді таныстыруды сұрады. Журналистік куәлігімді шығарып, полиция өкілінен қызметі қалай өтіп жатқанын білуге тырыстым.
- Масанчи, Сортөбе, Бұлан батыр, Ауқаттыдағы тәртіпті қадағалап жүрміз. Білуімше, Қаракемерде де полиция бар. Күндіз-түні жұмыстамыз, қазір бәрі тыныш, - деген полиция қызметкері аз уақыттан соң өз жөнімен кетті.
СОРТӨБЕ
Масанчиден Сортөбеге мені осы өңірде туып-өскен 35 жастағы дүнген Расул жеткізіп салды. Шын мәнінде жүргізушінің есімі басқа, бірақ ол мақалада шын атын көрсетпеуді сұрады. Расул жолай жанжал кезінде өртенген жарамсыз көліктер жиналған қоқыс орнын көрсетті. Ол жерде отызға жуық көлік қаңқасы жатыр.
Күйе шалған көліктер, терезе әйнегінің сынығы шашылған жер, жел екпінімен естілетін бүлінген есік сықыры. Бұл көрініс Мэл Гибсон ойнайтын "Ессіз Макс" постапокалипсистік фильмін еске салады.
Ары қарай жүріп келеміз. Расул соңғы айда ауыл тұрғындарының өмірі қалай өзгергенін айтып келеді.
- Биыл көктем ерте келді. Мұндай температурада біздікілер әдетте көшет отырғыза бастайтын. Бірақ қазір адамдар бау-бақша шаруашылығымен айналысуға қорқады, - дейді Расул.
- Міне, айналысады екен ғой, - деймін жасыл өскіндері жер бетіне қылтиып шығып қалған аумақты көрсетіп. Расул көлікті тоқтатып, көргенім қыс бойы қардың астында жатып, күн жылыған соң бой көтерген өткен жылғы сарымсақ екенін түсіндірді. Басқа жерлерде бақшалар шынымен бос жатыр, екі-үш жерден ғана көшет отырғызатын парниктер көзге түседі. Оларды жел ұшырып әкетпес үшін, кірпішпен бастырып қойыпты.
Масанчи мен Сортөбе халқының жер игеруге құлқы жоғын сапар барысында бірнеше рет естідім. Көбі ертеңгі күні не боларын білмейтінін, жанжал қайталанбайтындығына кепілдік жоғын айтады. Аты-жөнін атамауды сұраған тұрғындардың бірі жақында дүнгендерге Қордай ауданының әкімі келіп, "жағдай бақылауда" деп халықты сендіруге тырысқанын хабарлады.
- "Ештеңеден қорықпай, көшет отырғыза беріңдер, қауіпсіздіктеріңе кепілдік береміз" деді. Бірақ ешкімнің құлқы жоқ, бәрі Қазақстаннан кеткісі келеді, балалары үшін уайымдайды. Билік "бұл жағдайдың қайталануына жол бермейміз" дейді. Олар бірінші рет жол бермесе, ештеңе де болмас еді, - дейді ол.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бір айдың ішінде Қазақстаннан он дүнген отбасы көшіп кеткен. "Бұл тек басы ғана" дейді ауыл тұрғындары. Мен сөйлескен адамдардың бәрі бұл жерден көшу бір тоқтамға келіп қабылдаған соңғы шешімдері екенін білдірді. Дүнгендер бет алған негізгі бағыттар – Ресейдің Краснодар өлкесі, Саратов пен Волгоград облыстары. Жергілікті халықтың сөзінше, "біріншіден, ол жақта жер жақсы, екіншіден онда бұрыннан тұратын дүнгендер бар".
- Көшсек, өлмейміз. Бастысы, жер болса болды, ал өмірді қайта бастауға болады, - дейді тұрғындардың бірі.
- Мұндағы үйлеріңізді қайтесіздер?
- Сатылса, сатам. Сата алмасам, ешкім талан-таражға салмас үшін, сүріп тастаймын.
ҚЫЛМЫСТАН ТУҒАН ҚАҚТЫҒЫС
Рахим Арлиза Сортөбенің бұрын халық көп жүрген орталығындағы дүнген тағамдарын дайындайтын дәмхананы басқарады. Қазір мұнда сілтідей тыныштық орнаған. Дәмханада көрші бөлменің бұрышында түскі ас ішіп отырған полиция қызметкерлерінің бәсең дауысы мен ара-тұра ыдыс-аяқ салдыры ғана естіледі.
- Қазір адам аз. Бұрын әр он күн сайын азық-түлік алуға Алматыға баратынмын. Қазір дәмханаға ешкім келмейді, сондықтан келесі жолы қашан баратыным белгісіз, - дейді Рахим.
Соңғы айда оның дәмханасына полиция мен әкімдік қызметкерлері ғана келетін болған. Төтенше жағдайды тоқтату жөніндегі облыстық штаб Сортөбеде орналасқан, арнаулы жасақ өкілдері де жергілікті мектептердің біріне жайғасқан. Тор қоршаудың ар жағынан әскери көліктер көрінеді, алыста арнаулы жасақ өкілдері таңғы жаттығуда жүгіріп жүр, мектеп ауласына кіретін тұста кезекші отыр.
Мектепке қарсы беттегі жасыл түске боялған темір қақпаға халықты ауылдық округ әкімімен кездесуге шақырған өткен жылғы хабарландыру ілінген. Хабарландыруда кездесудің "тыңдаушы мемлекет" концепциясының аясында өтетіні айтылып, "Масанчи ауылдық округінің әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, тыңдап, мәселелеріңізді шешуді өз бақылауына алады" деп жазылған.
"Тыңдаушы мемлекет", яғни, билік пен қоғам арасында диалог орнату туралы алғаш рет Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Наурыздың 1-і күні президент ақпанда болған оқиғаны жергілікті халықпен талқылау үшін Қордай ауданына барды. Ресми дерек бойынша, президент қазақтар және дүнгендермен жеке-жеке кездескен. Тоқаев Қаракемер ауылының тұрғындарымен кездесуде Қордай ауданындағы жанжал қылмыстық негізден туды деп мәлімдеген.
- Ауданда контрабандамен айналысқан адамдар бары белгілі. Бұл бизнеске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтқанда, екі қылмыстық топ арасында заңсыз табыс көзін бақылауға байланысты кикілжің туған. Соның салдарынан көп адам зардап шегіп, 11 азамат қаза тапты. Бұл жайлы турасын айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, - деді Тоқаев.
Президент дүнген диаспорасымен кездесуде қайғылы оқиға артта қалуы тиіс екенін, "алда бізді бірге өмір сүріп, бірге даму күтіп тұрғанын" айтты.
- Болған оқиғадан сабақ алуымыз керек. Бұрын мұндай жағдай болған емес. Бұл билік құрылымдарының қателігі. Сондықтан дәл сол күні облыс басшылығын, оның ішінде құқық қорғау органдарының басшыларын бірден ауыстырдым, - деді Тоқаев.
Президент Қордай ауданына сапары барысында құқық қорғау органдарына шенеуніктер арасындағы жемқорлықпен және заңсыз шекара саудасымен күресуді тапсырды.
Масанчи және Қаракемер ауылдарында өзім сөйлескен адамдардың жартысынан көбі өңірде туған жанжалға бірінші кезекте билік кінәлі деп санайтынын айтады. Адамдар шенеуніктердің озбырлығын, парақорлықтың тамыр жайғанын және көп мәселе айтылмай, жабулы қазан күйінде қалатынын мысалға келтірді.
Алматыға қайтардан бірнеше сағат бұрын Масанчи ауылының аты-жөнін атамауды сұраған тағы бір тұрғынымен сөйлесудің сәті түсті. Басқалар сияқты ол да көшкісі келетінін жасырмады.
- Бұл жерде болашағымыз бұлыңғыр боп көрінеді. Біз мұнда өмір сүріп, жұмыс істеп, қазақ тілін де үйрене аламыз-ау. Бірақ кез келген сәтте "сен – дүнгенсің, яғни сені..." деп айтуы мүмкін, - дейді жұдырығымен алақанын сарт еткізіп соққан ауыл тұрғыны.
ПІКІРЛЕР