Азаттық қазіргі заманғы журналистикаға арналған "Диалогтар" жобасының екінші сұхбатын жариялап отыр. "Диалогтар" – журналистиканың қыр-сыры, ақпарат құралдарының билікпен, қоғаммен қарым-қатынасы, кәсіби қиындықтар мен елдегі әлеуметтік-саяси жағдай туралы қазақстандық журналистермен сұхбаттар сериясы. 28 маусым – Қазақстан журналистерінің күні (бұл мереке ресми бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні деп аталады) басталған жоба 8 қыркүйек – журналистердің халықаралық ынтымақтастық күніне дейін жалғасады.
"Диалогтар" жобасының екінші кейіпкері – журналист, тәуелсіз арт-жетекші, Adamdar/CA платформасының негізін салушылардың бірі және бас редакторы Тимур Нүсімбеков. Ол Азаттыққа сұхбатында қазақстандық журналистиканың басым бөлігі қазір жалпы үрдіске айналған "оқшаулау" режиміне бірнеше жыл бұрын қалай көшкенін, туған қаласы Алматыда соңғы 15 жылда не өзгергенін айтып берді.
"ҚАЗАҚСТАНДА АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ – ТӨРТІНШІ БИЛІК ЕМЕС, ТӨРТІНШІ ӘЙЕЛ"
Азаттық: Қазір қазақстандық журналистикада не болып жатыр деп ойлайсыз?
Тимур Нүсімбеков: 2020 жылдың COVID-19 вирусы тараған көктемінен бастап, ғаламшарымыздағы адамдардың басым бөлігі карантин мен оқшаулау режиміне көшті. Бірақ "қазақстандық журналистика" өкілдерінің көбі карантин мен оқшаулау режимін бірнеше жыл бұрын бастаған: олар көптен бері "үйреншікті үйінен", яғни Қазақстанның ірі қалаларындағы орталық пен редакция шекарасынан алысқа ұзамайды. Журналистердің көбі көкейкесті әрі маңызды тақырыптар мен мәселелерді қозғамайды. Журналистердің ұзаққа созылған "карантині", оқшаулау режимі мен өзіндік цензурасына шенеуніктердің 2010 жылдардан бері тәуелсіз журналистерді ашық тұтқындап, шектеу салып, қысым көрсетіп, репрессивті заңдар қолдану арқылы ақпараттық кеңістікті қысқартуы әсер етті. Сондықтан көрермендер мен оқырмандар көп дегенде Алматы, Астана мен Шымкенттің орталығында не болып жатқанын білгенімен, елдің қалған 99 пайыз аумағындағы жағдайдан бейхабар. СССР тарағаннан бері 30 жыл өтсе де, қазақстандықтардың көбі әлі де Кремльге қарасты ақпарат құралдарының ықпалында екенін де осы себеппен түсіндіруге болады.
Бірақ бұл ережеде де ерекшелік бар: саусақпен санарлық редакция мен жекелеген журналистер өте сапалы қызмет етіп келе жатыр. Олар Астана, Шымкент немесе Алматыда болған оқиғадан бөлек, Қазақстанның түкпір-түкпірінен шынайы, боямасыз ақпарат жинап, көбі көз жұмып қарайтын мәселелерді көтереді. Отандық ақпарат құралдарына келсек, сапалы тәуелсіз ақпарат құралдарының мәзірінде таңдау көп емес. Лайк пен бөлісуге тұратын, құрметке лайық тәуелсіз қазақстандық тәуелсіз медианы санап шықсақ жалғыз қолдың саусағынан аспайды. Бірақ онлайн форматқа көшу, цифрландыру, мобильді фотография мен әлеуметтік желілердің арқасында кейде кәсіби, "классикалық" журналистер емес, азаматтық журналистер, еріктілер мен белсенділер жазған тамаша материалдар жарық көреді. Олар ірі редакциялардың айтуға батылы бармаған, уақыты жетпеген хикаяларды оқырманға жеткізеді.
Азаттық: Қазақстандағы билік пен журналистер арасындағы қазіргі қарым-қатынасты қалай атар едіңіз?
Тимур Нүсімбеков: Герольд Карлович Бельгер (қазақстандық жазушы әрі әдебиеттанушы - ред.) бір сұхбатында "Қазақстанда ақпарат құралдары – төртінші билік емес, төртінші әйел" деп, жағдайды өте нәзік әрі дәл сипаттаған еді. Бұл сұхбат 2000 жылдардың ортасында болған. Одан бері жағдай тіпті қиындады деп ойлаймын. Қазақстанда қабылданған заңдар мен қалыптасқан жағдайға қарасақ, билік жалпы сөз бостандығын, оның ішінде журналистерді жақтырмайтынын көруге болады. Сөз бостандығы туралы отандық және халықаралық рейтингілер мен сараптама қорытындылары да жағдайдың нашар екенін дәлелдейді. Біздегі жағдай көрші Ресей мен бауырлас Қырғызстаннан да жаман.
Азаттық: Сіз Adamdar/CA деп аталатын жеке жоба бастадыңыз. Осы туралы толығырақ айтып беріңізші. Қазақстанда медиастартап бастау қиын ба?
Тимур Нүсімбеков: Қазақстанда медиа, деректі жанр мен қазіргі заманғы мәдениет тоғысында, үш тілде тәуелсіз жоба құру – оңай шаруа емес. Жобаның концепциясын 2017 жылы жасадық. Өңірлерден алғашқы материалдар жинап, сайт жасап, дайындалуға бір жылдай уақыт кетті. Алғашқы айларда серіктес, демеуші болады дегендердің көбі, тіпті кей досымыздың өзі "Қазақстан мен Орталық Азиядағы белгісіз адамдар мен танымал емес өңірлер туралы жоба біреуге қызық болып, шөлдеген медиаклиматқа төтеп береді" дегенге сенген жоқ. 2018 жылы сәуірде Adamdar/CA оқырмандарымен қауышты. Басында бізді негізінен Орталық Азия тұрғындары ғана оқиды деп ойлағанбыз. Бірақ бірінші жылдан бастап оқырмандар географиясына әлемнің бірнеше ондаған мемлекеті кірді. Алғашқы бестікте Орталық Азия мемлекеттерінен бөлек Ресей Федерациясы мен АҚШ сияқты елдер болды. Сол кезде кей досымыздың күдігі бекер екенін түсіндік. Осы тұста "жергілікті" авторлар, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанда тұратын кейіпкерлермен қатар, бізге басқа елдің мықты, кейде әлемдік деңгейдегі адамдары да материал жазып тұратынын атап өту керек. Олардың қатарында ресейлік тамаша фотодокументалист Дмитрий Марков, белгілі америкалық жазушы, журналист, документалист, саяхатшы, National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі, Пулитцер сыйлығының екі дүркін лауреаты Пол Салопек те бар. Материал жариялаудан бөлек, Алматы, Астана мен Бішкек қалаларында Орталық Азия, Украина, АҚШ пен Ресейдің үздік документалистері, журналистері мен әртістерінің қатысуымен көп офлайн-шара өткіздік. Яғни, коронавирус пандемиясына дейін онлайн кеңістіктен тыс офлайн-салада да белсенді болатынбыз.
Азаттық: Арт-жобалар, журналистика, публицистика мен азаматтық белсенділерді қолдау сияқты әртүрлі бағытты бір ресурсқа біріктіруге не себеп болды? Қандай аудиторияға арналған контент дайындайсыздар?
Тимур Нүсімбеков: Арт-жобалар, сторителлинг, публицистика, азаматтық және арт-белсенділік, деректі жанрдың әртүрлі формасы өзіме де, біздің топтың басқа мүшелеріне де ұнайды. Мәдениет, сторителлинг пен арт-, экологиялық және азаматтық белсенділіктің әртүрлі формасын араластырып, бірге ұсыну біздің ресурсқа ғана тән емес. Бұл қазіргі уақыттың рухы мен жаңа паттерні сияқты. Біз оны соңғы кезде Қазақстан мен басқа постсоветтік және неосоветтік елдерден байқай бастадық. Бұл тренд оған дейін Азияның бірнеше мемлекеті мен батыста көшелерде, үйлерде, адамдардың санасында пайда болған.
Азаттық: Өз ресурсыңызға "ойланатын" аудиторияны қалай және қандай ақпаратпен тартуға болады?
Тимур Нүсімбеков: Өзімді бұл мәселенің жілігін шағып, майын ішкен адам деп санамаймын. Бірақ өзіңді толғандыратын, жақсы көретін мәселелер туралы жазып, сюжет дайындап, бұл іске уақытыңды, күш-жігерің мен жаныңды салсаң, сенің ресурсыңа жүз немесе жүз мың "ойланатын" оқырман өзі-ақ келеді деп ойлаймын.
Азаттық: Мәтіннің стилі маңызды ма, әлде қазір оқырмандар тек фактілерге ғана назар аудара ма?
Тимур Нүсімбеков: Әрине, фактілер өте маңызды. Бұл әсіресе, журналистикада жұмыс істейтіндерге қатысты. Бірақ Әділ Жәлелов aka Скриптониттің "мен бүгінде стильмен жұмысы жоқ адамдарға стиль сыйлаймын" деген сөзі бар. Павлодарлық талантты жерлесімнің осы сөзіне қосыламын. Яғни, стиль оны елемейтін адамдардың болғанына қарамастан, өте маңызды. Әдемі стиль болмаса, фактілер оқырманның көзіне, миына, жүрегіне жол таппайды.
Азаттық: Соңғы онжылдықта жылтыр мұқабалы журналдардың жағдайы қалай өзгерді? Esquire редакторы қызметінен кеткелі бері журналдар нарығын бақылап жүресіз бе?
Тимур Нүсімбеков: Британдықтар айтқандай, жылтыр мұқабалы журналдар – "мен ішетін шәй емес". Шынымды айтсам, Esquire журналының негізін қалап, басылымда жұмыс істеген жылдары да басқа журналдарға қарап, назар аударған емеспін. 2000 жылдар үшін Esquire журналының контенті, интонациясы мен стилі жалпы "жылтыр мұқабалы" журналдар жүйесінен ерекше көрінді. Бұл маған қатты ұнайтын, сондықтан да Қазақстанда осы жобаны қолға алдым. Басқа жылтыр мұқабалы журналдар мені аса қызықтырған емес. Соңғы жылдары бұл көзқарасым өзгерген жоқ.
"АДАМНЫҢ АЙТҚАНЫ ЕМЕС, ТӘҢІРДІҢ ДЕГЕНІ БОЛАДЫ"
Азаттық: Бір сұхбатыңызда Алматының бейресми, контрмәдениетке қатысты өмірімен жақсы таныспын депсіз. Өзіңізге әсер еткен тұлғалар туралы айтып беріңізші.
Тимур Нүсімбеков: Өзім жеке танымасам да, маған ерекше әсер еткен "бейресми Алматы" өкілдеріне Юрий Домбровский, Ілияс Есенберлин мен Морис Симашко сияқты жазушылар жатады. Олардың қатарында 1941 жылдың күзі мен қысында әскердегі жауынгер достарымен бірге әлем тарихын өзгерткен, кейін қатаң, аяусыз, бірақ керемет кітаптар жазған Бауыржан Момышұлы[U1] [a2] , тарихшы, философ, тамаша стилі бар Алан Медоев та бар. Бейресми Алматыда алғашқы қазақ документалисі және кинооператор Ескендір Тынышпаев, режиссер Болат Ғабитов-Жансүгіров, жазушы Герольд Бельгер, композитор Қуат Шілдебаев, ақын әрі суретші Александр Бренер, мәдениеттанушы Әлмира Наурызбаева, музыкант, жүрегі кең жан Батырхан Шүкеновпен таныс-біліс болдым.
Бұрынғы Алматы ғана емес, қазіргі заманғы жас қаланың да жарқын тұлғаларын білу керек. Қазір Бейбарыс Толымбеков, Сүйінбике Сүлейменова, Ася Төлесова, Арина Осиновская, Фариза Оспан, Айгүл Нұрболатова, Рома Захаров, Мәдина Базарғалиева, Паша Кас сияқты жас андерграунд өкілі саналатын суретшілер, музыканттар, белсенділер өзін жақсы көрсетіп жүр. Олардың еркін сөздері мен музыкасы, перформанстары мен азаматтық акциялары, әрекеттері жалғыз менің ғана емес, 18 миллион азаматтың жүрегі мен санасына әсер етеді деп ойлаймын. Алматыда туған немесе басқа өңірден көшіп келген жігіттер мен қыздар қала көшелеріне әдемілік пен поэзия сыйлаудан бөлек, еліміздің абыройын қайтаруға үлес қосып жүр.
Азаттық: Алматы соңғы 10-15 жылда қатты өзгерді ме?
Тимур Нүсімбеков: Иә, соңғы жылдары Алматыда жақсы да, жаман да өзгерістер болды. Алматы кеңейіп, халық саны артып, өңірлік, поэзияға толы, еркін ойлайтын, лас, бірақ жарқын қалаға айналды. Соңғы 10-15 жылда қалада сауда орындары, кальян, караоке, сәнді барбершоптар көбейіп, жақсы кинотеатрлар мен галереялар азайды. Ағаштарды, бақтар мен жасыл желекті заңды және заңсыз кесу, ауаға улы заттар бөлетін жылу электр станциялары кесірінен кейінгі жылдары қаланың экологиялық ахуалы нашарлай түсті. Алматыда қауіп көбейді: ұрлық пен жолдағы кикілжіңнен бастап, зорлық пен кісі өлтіруге дейін қылмыс деңгейі өсті. Денис Теннің өлімі, Үсеновтің жазасыз қалған қылмысы және көп басқа қайғылы оқиғалар Алматының қауіпсіз қалаға жатпайтынын көрсетті.
Қаладағы оң өзгерістерге келсек, саналы, қоғамдық мәселелерге бей-жай қарамайтын азаматтар саны артып, экологиялық топтар, қозғалыстар мен экология, білім, мәдениет, әлеуметтік саладағы қиындықтарды шешуге тырысатын жарқын тұлғалар көбейді. 2015 жылы Қарағанды облысында болған су тасқыны мен Қарағайлыдағы селден кейін зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсеткен тәуелсіз еріктілер тобы мен ұйымдар құрылды. Олар 2019 жылы Арыстағы жарылыс пен Қордайда ақпан айында болған жанжалдан кейін үлкен гуманитарлық көмек көрсетті. Ал 2020 жылдың наурызынан бастап алматылық еріктілер басқа қаладағы еріктілермен бірігіп, COVID-19 пандемиясы кезінде көмекке мұқтаж адамдар мен дәрігерлерді қолдау бойынша үлкен, көзге көрінбейтін, бірақ өте маңызды жұмыс атқарып жатыр.
Азаттық: Тимур, алдағы жылдарға қандай жоспарыңыз бар?
Тимур Нүсімбеков: Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз мұндайда "Адамның айтқаны емес, Тәңірдің дегені болады" дер еді. Уханьдағы бір жарқанат сегіз миллиардқа жуық адамға әлемнің қандай нәзік екенін, тез өзгеретін тұрақсыз өмірде жоспар құрудың еш мәні жоғын көрсетті. Бұрынғыдай елді, өңірлерді аралап, Қазақстан мен Орталық Азияның әртүрлі бөлігінде тұратын адамдардың хикаяларын жазып алғым келеді. Карантин, бүкіләлемдік төтенше жағдай режимі мен шекаралардың жабылуы бұл тілегімді одан әрі күшейтті. Бұл ниетім 2021 жылы немесе одан кейін жоғалады деп ойламаймын. Мәдениет пен арт саласында біраз жобаны жүзеге асыру жоспарда бар, бірақ олар туралы айтуға әлі ерте. Өйткені Ухань жарқанатының көлеңкесі бұл жобаларды қолға алатын уақытты нақты белгілеуге мүмкіндік бермей отыр.
Азаттық: Өз өміріңіз бен қазақстандық журналистикада 10 жылдан кейін қандай өзгерістер болады деп ойлайсыз?
Тимур Нүсімбеков: Өкінішке қарай, соңғы уақытта елде Арыстағы жарылыс, Қордайдағы жанжал, белсенділер, журналистер, суретшілер мен басқа да бейбіт тұрғындарды тұтқындау мен оларға қарсы қолдан құрастырылған істер бойынша сот процесін бастау сияқты негативті оқиғалардың саны артып, ауқымы кеңейіп келеді. Маған осы оқиғаларға реакция білдіруге тура келеді. Қолыма фотоаппарат, қалам мен қағаз алып, сары кеудеше киіп, Масанчи ауылына, Түркістан облысына, ақылға сыймайтын кезекті айыптау бойынша ұсталған жазығы жоқ адамдар отырған тергеу изоляторына, сотқа, аудандық полиция бөлімшесіне барамын. Бұған көп уақыт пен күш-жігер, қанша жүйке кетеді. Сондықтан алдағы 10 жылда және одан кейінгі уақытта да елде негативті оқиғалар азайғанын, жазықсыз адамдарды тұтқындау, оларды ұрып-соғу, "НКВД" соттарына тарту тоқтағанын, "реформалар" мен "тыңдаушы мемлекет" концепциясы президенттің Twitter парақшасы мен ресми құжаттарда ғана қалып қоймай, Қазақстанның шынайы өмірінен көрініс тапқанын қалаймын.
Сонда қолына диктофон, қалам, қағаз бен фотоаппарат ұстаған маған және әріптестеріме жаңа тақырыптарды қозғап, басқа дүниелер туралы жазуға мүмкіндік туып, уақыт табылады. Мен және басқа журналистер ғана емес, Қазақстанның бірнеше миллион тұрғыны да осыны қалайтын сияқты. Сондықтан қанша жерден мінсіз болып көрінсе де, 10 жылдан кейін бәріміз полицияға арқа сүйеген жемқор мемлекетте емес, полиция азаматтық және экологиялық белсенділерді ұстаудың орнына, қылмыскерлер, жемқорлар мен кісі өлтірушілерді тұтқындайтын, барлық азаматтың құқығы тең, халыққа жақсы өмір сүруге барлық жағдай жасалған, қала тұрғындары жылу электр станциясынан шыққан улы газбен емес, таза ауамен тыныстайтын еркін, әдемі, тәуелсіз елде тұрсақ деп тілеймін. Солай.
ПІКІРЛЕР