Accessibility links

Беларусьтегі сайлау: Интернет байланысы нашарлап, учаскелерде кезек пайда болды


Минскідегі сайлау учаскесі. 9 тамыз 2020 жыл.
Минскідегі сайлау учаскесі. 9 тамыз 2020 жыл.

Бүгін, 9 тамыз күні Беларусьте президент сайлауы кезінде бірқатар интернет-сервистің жұмысында ақау пайда болған. Интернет байланысына көптеген журналист пен желі қолданушысы шағымданған. Қызметінде пайда болған ресурстар қатарында бірқатар мессенджер, мобильді қосымша бар. Сондай-ақ президент Александр Лукашенконың оппоненттерінің ресурстары жұмыс істемей қалған. Мәселен, "Зубр" платформасы мен саясаткер Виктор Бабариконың сайты бөгеліп қалған. Бұл туралы Tut.by сайты хабарлады. YouTube желісі мен Google компаниясының өзге де қызметтерін пайдалануда да қиындықтар пайда болған.

"Белтелеком" телекомммуникация компаниясы ақаудан «шетелден келетін трафиктің» артуымен байланыстырды. Кейінірек компьютерлік оқиғаларға жауапты ұлттық орталық Интернеттің Беларусь сегментінің инфрақұрылымына DDoS шабуыл жасады деді. Орталық шабуылдың ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ішкі істер министрлігінің серверлеріне де жасалғанын мәлімдеді. Хабарламада шабуылға тойтарыс берілді делінген.

Осыған дейін Беларусь билігі оппозицияның сайлауалды митингілері өткен жерлерде мобильді интернетті өшіріп отырған.

Президент Александр Лукашенко 9 тамыз күні таңертең дауыс берген. Ол биліктің елдегі жағдайды бақылауда ұстап отырғанын, биліктің бақылауды қолдан шығарып алуға жол бермейтінін мәлімдеді. Лукашенконың сөзінше, кейінгі күндері елге 170 шетел азаматының кіргізілмегенін айтты. Президент олардың қай жақтан келгенін айтпады.

  • 9 тамыз күні Беларусьте президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау бюллетенінде бес адамның аты бар. Олар: қазіргі президент Александр Лукашенко, күйеуі үшін сайлауға түскен Светлана Тихановская, Анна Канопацкая, Андрей Дмитриев және Сергей Черечень.
  • Елді 1994 жылдан бері басқарып келе жатқан Александр Лукашенко алтыншы мерзімге таласып отыр. Кейінгі уақытта ел арасында билікке деген наразылық күшейген. Елде коронавирус жұқтырғандар жан басына шаққанда әлемнің ең жоғарғы көрсеткіштерін беріп отыр. Көптеген беларусь осы үшін Лукашенконы айыптап отыр. Дауыс беру Беларусь пен оның дәстүрлі серіктесі Ресей арасындағы қарым-қатынас нашарлаған тұста жүріп отыр.
  • Жұрт Лукашенконың негізгі қарсыласы ретінде Светлана Тихановскаяны танып отыр. Ол сайлауға күйеуі Сергей Тихановскийдің орнына түскенін мәлімдеген. Танымал видеоблогер Тихановский осы жылдың мамыр айында президенттік сайлауға түсетінін мәлімдеген соң, қамауға алынып, сайлауға жіберілмеген. Блогердің әйелі кандидат ретінде тіркеліп, сайлауалды митингілерінде мыңдаған адамдарды жинады.
  • Билік оппозициялық саясаткерлер Виктор Бабарико мен Валерий Цепкалоны кандидат ретінде тіркемей қойды да, біріншісін ұлымен қосып қамап тастады, екіншісі Ресейге көшіп кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG