Жұма, 14 тамыз күні Беларусь астанасында Минск трактор зауытының мыңдаған жұмысшысы қала орталығына шерулетіп барып, үкімет үйі алдындағы Тәуелсіздік алаңында митинг өткізді. Олар "Шық!" деп айқайлап, биліктің диалогқа баруын талап етті. Сол жерде оларға полиция қатыгездігіне қарсылық танытушылардың легі қосылды.
ОМОН-ның (арнайы полиция жасағы – ред.) ғимаратты қорғап тұрған 10 қызметкері қалқандарын түсіріп, наразылық танытушылармен бірге екенін білдірді. Шеру қатысушылары оларды құшақтап жатты. Бұл туралы оқиға орнынан Азаттық радиосы Беларусь қызметінің тілшісі хабарлады.
Кейінірек үкімет үйіне қосымша 20 ОМОН қызметкері келді. Олар адамдарды ғимараттан 100 метрге дейін ығыстырып, олардан тарауды сұрады. Шерушілер "Біз барлық жердеміз" деп жауап беріп жатты. Бұл туралы Tut.by басылымы хабарлады.
Onliner.by сайтының хабарлауынша, милиционерлер адамдардың үкімет үйі алдында "қалауынша" тұра алатынын, ОМОН-ның бірінші болып күш қолданбайтынын мәлімдеген.
Қараңғы түскенде адамдар келесі күні алаңға қайта жиналатынын айтып, ұйымдасқан түрде тарап кетті. Қарсылық акциялары Минск қаласының түрлі аудандарында жүріп жатты. Оларға қарсы күш қолданылмады.
- МТЗ жұмысшыларының шеруі жұма күні күндіз басталған. Олар ереуіл жариялап, зауыттан қала орталығына шерулетті. Оларға Беларусь премьер-министрі Роман Головченко шықты, бірақ ол жұмысшылармен журналистердің көзінше сөйлесуден бас тартты.
- Беларусьте 9 тамыздан бері президент сайлауының ресми нәтижесіне қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр. Наразылар Александр Лукашенконың жеңіске жеткеніне сенбейтінін айтып отыр. Алғашқы күндері қарсылық акциясына шыққандарға полиция қатыгездік танытты. Оларды шоқпармен ұрып, жаппай ұстап әкетіп жатты. Бұл наразылар санының артуына әкелді.
- 16 тамыз күні Лукашенконың кетуін және шұғыл сайлау өткізуді талап ететін бүкілхалықтық жаппай қарсылық акциясы өтеді деп жоспарланып отыр.
ПІКІРЛЕР