Accessibility links

Қазақстандық БАҚ Айсұлтан Назарбаев "қайтыс болды" деп хабарлады


Айсұлтан Назарбаев.
Айсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі, Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев қайтыс болды деп хабарлады Zakon.kz сайты. Бірқатар жергілікті және халықаралық БАҚ осы сайттың мәліметіне сүйеніп, ақпарат таратып жатыр.

Ақпарат тараған соң төрт-бес сағаттан кейін Нұрсұлтан Назарбаев қоры Facebook парақшасында Дариға Назарбаеваның сөзін (Назарбаева - әкесінің атындағы қордың директоры) жариялады. Онда "Біздің отбасымыз сүйікті Айсұлтанымыздың дүниеден озғанына байланысты сарыла қайғырап жатыр. Осы қаралы кезеңде халайық бұл орны толмас қазаға қатысты түсіністігі мен әдептілігін танытады деп сенеміз" деп жазылған.

Азаттық Қазақстан сыртқы істер министрлігіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібайға хабарласып көрді, бірақ ешқандай жауап ала алмады.

Kaztag агенттігі өзінің дереккөздеріне сілтей отырып жерлеу рәсімі 17 тамыз күні өтеді деп хабарлады.

30 жасқа шыққан Айсұлтан Назарбаев - Қазақстан сенатының экс-спикері Дариға Назарбаева мен оның бұрынғы күйеуі марқұм Рахат Әлиевтің екінші ұлы. Нұрсұлтан Назарбаевтың сыншысына айналған Рахат Алиев 2015 жылы Австрия түрмесінде тергеуде жатып қайтыс болған.

Айсұлтан Назарбаев 1990 жылы 26 тамызда туған. Ол Ұлыбритания корольдігінің "Сандхерст" әскери академиясын тәмамдаған. Отанына оралған соң ол Қазақстан қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасына жұмысқа тұрған. 2017 жылы ол жеті ай бойы Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті болды. Айсұлтан Назарбаев есірткіге тәуелді адамдарға арналған еуропалық клиникаларда бірнеше рет емделген.

Биыл ақпанда Айсұлтан Назарбаев Ұлыбританиядан саяси баспана сұраған. Кейінгі жылдары ол өзінің жақын туыстарына түрлі деңгейде айып тағып, Қазақстан билігін сынаған.

2019 жылы қазан айында Ұлыбритания соты Айсұлтан Назарбаевты сол жылы маусым айында Лондон полициясының қызметкеріне қол көтергені үшін шартты жазаға кесті. Оқиға кезінде Айсұлтан International Park Plaza Hotel болып, балкон арқылы белгісіз бір әйелдің пәтеріне кіріп кеткен. Британия басылымдарының жазуынша, ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Айсұлтан Назарбаевтың нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды отыз жылға жуық басқарып, 2019 жылғы наурызда отставкаға кетті. Алайда президенттіктен кетсе де, билік партиясы "Нұр Отанның" лидері және конституциялық күші бар қауіпсіздік кеңесіне мәңгілік төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр. Назарбаевтың сондай-ақ заңмен бекітілген “елбасы” мәртебесі бар. Оған сәйкес, Назарбаев пен оның отбасы қандай да бір қылмыстық я әкімшілік жауапқа тартылмайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG