Еуропа кеңесінің төрағасы Шарль Мишель блогқа енетін 27 ел Беларусь сайлауының нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеді. Сөзінше, кеңес сайлауды әділ өткізбей, нәтижені бұрмалаған, жұрттың наразылығын басып жаншуға атсалысқандарға санкция салады.
"Еуропа одағы жақын арада сайлау нәтижесін бұрамалаған, наразылықта күш қолдануға жауапты адамдарға санкция салады" деді Мишель 19 тамызда өткен Еуропа одағының Беларусьтегі сайлау нәтижесін талқылаған жиынынан соң.
Беларусь Орталық сайлау комиссиясы 9 тамыздағы сайлауда елді 26 жыл басқарып отырған Александр Лукашенконың 80 пайыз дауыспен жеңіске жеткенін, оның басты қарсыласы Светлана Тихановскаяның 10 пайыз дауыс алғанын хабарлаған.
Халық бұл нәтижемен келіспей 9 тамыздан бері наразылыққа шығып жатыр. Жұрт дауыстарының ұрлағанын айтады. Халық Лукашенконың биліктен кеткенін, қайта сайлау өткенін қалайды. Елдегі наразылық кезінде бірнеше адам қаза тапты. Арнайы жасақ пен полиция наразыларға күш қолданды.
Тихановская сайлау нәтижесін мойындамай, ЕО елдерін қолдау білдіруге шақырған. Канада, Ұлыбритания, Литва, Польша, Австрия да Беларусьтегі сайлау нәтижесін мойындамаған.
Оқи отырыңыз: Беларусьтегі жағдай жайлы барлық ақпарат
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың алдын ала нәтижесі шыға сала алғашқылардың бірі болып Лукашенконы жеңісімен құттықтаған.
ПІКІРЛЕР