Accessibility links

Белсенді Бақтыбаевты өлтіруге миллион теңге ұсынған


Кісі қолынан қаза болған Ғалы Бақтыбаевтың үйі
Кісі қолынан қаза болған Ғалы Бақтыбаевтың үйі

Қарағанды облысының Жаңаарқа кентіндегі үйінің алдында 2019 жылғы 28 мамырда кісі қолынан қаза болған белсенді Ғалы Бақтыбаевтың ісіне қатысты Қарағандыда өткен сот отырысында куәгерлерден жауап алынды. Сот кейбір куәгерлерді отырысқа мәжбүрлеп әкелген.

Алқабилердің қатысуымен өткен отырыста сот қаза болардан бірер сағат бұрын Бақтыбаев қонақта болған үйдің екі қожайынынан жауап алды. Ерлі-зайыптылардың үйінде жарты сағат болған кезде Бақтыбаевқа әлдекімдер қоңырау шалған, ол әлгілерге «кейін хабарласамын» деп жауап беріп, тұтқаны қойған. Белсенді олардың үйінен 22:30 шамасында шығып кетіп, арада екі сағат өткенде атып өлтірілген.

24 тамыздағы отырыста Бақтыбаевты тапсырыспен өлтірген болуы мүмкін деген адамның досынан да жауап алынды. Күдіктіні полиция қызметкері осы кісінің үйінен алып кеткен. Куәгердің айтуынша, күдікті Иман М. 28 мамырға қараған түні оның үйіндегі отырысқа келген. Тергеушілердің болжауы бойынша, күдікті «қылмысқа қатысы барын жасыру үшін» туған күнге әдейі келген. Мұның алдында сұралған куәгерлер күдікті адам досына түнгі бірлер шамасында барды деген. Ал Бақтыбаев шамамен түнгі 12:30-да атып өлтірілген.

Тергеушілер бұрын бұзақылығы мен қарақшылығы үшін сотталған Иман. М-ны Бақтыбаевты тапсырыспен өлтірген деп санайды. Оған, сондай-ақ, бұзақылық жасады, өлтірерден бұрын Бақтыбаевты ұрып-соқты, қаруды заңсыз сақтады және Ақмола облысы тұрғынын өлтіруге тырысты деген де айыптар тағылды.

Осы істің басқа фигуранттары Жаңаарқа аудандық полиция бөлімінің бұрынғы қызметкері, 41 жастағы Ғалым А. Мен 40 жастағы бизнесмен Азамат Б. Бақтыбаевты ұрғызып, өлтіруге тапсырыс берді деп айыпталды. Бұрын «Бұзақылық» және «Кісі зорлау» баптары бойыша сотталған 30 жастағы төртінші фигурант Эльдар Ж. Бақтыбевты 2019 жылғы ақпанда ұрып-соғуға қатысы деп айыпталды. Тергеушілердің айтуынша, бұл сотталушы тергеушілермен әріптестік орнатқан. Сотталушылардың барлығы – бұрынғы Атасу, қазіргі Жаңаарқа кентінің тұрғындары.

Осы істің аясында Ғалы Бақтыбаевты бұрын соққыға жығу оқиғалары да қарастырылып жатыр. Тергеушілердің болжамы бойынша, төрт күдіктінің барлығы 2019 жылғы ақпанда Бақтыбаевты ұруға қатысқан. Cол күні Иман М. Мен Эльдар Ж. маска тағып, Бақтыбаевтың үйіне келіп, оның бетіне газ баллонын шашып, металл құбырлармен ұрған. Соның кесірінен белсенді ауруханаға түскен, ал іс толық тергелмей қалған.

Айыптаушылардың айтуынша, бизнесмен Азамат Б. мен бұрынғы полицей Ғалым А. Бақтыбаев соққы алған соң өздерінің ұстінен шағым жазуын тоқтатады деп үміттенген. Тергеу қорытындысы бойынша, олар бұрынғы полицейге ақша қарыз Иман М. мен Эльдар Ж-ны қоғам белсендісін қорқыту үшін оның үйіне жіберген. Осы оқиғадан кейін де Ғалы Бақтыбаев шағым жазуын жалғастырып, өз тексеруін жүргізе берген. Айыптау актісіне сай, Иман М-ға Бақтыбаевты өлтіргені үшін миллион теңге (сол кездегі курспен 2,5 мың АҚШ доллары) беруге уәде етілген.

Сотталушылардың кейбірінің туыстары полиция кісі өлтірудің басқа да нұсқалары мен мотивтерін қарамады деп істі қайта тергеуге жіберуді сұраған. Сот айыпталғандардың өздерінен әлі жауап алған жоқ, әзірге куәгерлер сұралып жатыр. Марқұм белсендінің әпкесі тергеу дұрыс жүрді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG