26 тамызда Тәжікстан Тәуелсіз кәсіподақ федерациясы Эмомали Рахмонды президенттік сайлауға кандидат етіп ұсынды. Тәжікстанда кәсіподақ федерациясы мен жастар одағы саяси партиялар тәрізді сайлауға үміткер ұсына алады. Бұған дейін биылғы президент сайлауына президенттің 32 жастағы ұлы Рустам Эмомали де түсуі мүмкін екені айтылған. Алайда қоғам үшін әке мен баланың қайсысы президенттікке түсетіні анықталмай келе жатқан еді. Мұны сарапшылар алдағы сайлаудың бірден-бір интригасы деп бағалаған.
Дегенмен Эмомали Рахмонның өзі сайлауға түсу ұсынысын қалай қабылдайды, бұл туралы әзірге президент пікір білдіре қойған жоқ. Және ол басқаратын халықтық-демократиялық партия да әзірге кандидат ұсынған жоқ. Бұл партия өзінің сайлауға кандидат ұсынатын құрылтайын осы аптада өткізбек.
САЯСИ МӘРТЕБЕГЕ АЙНАЛҒАН СОҒЫСТАҒЫ МІНДЕТ
Бұрынғы совет елдері арасында Беларусьтегі президент сайлауынан кейінгі сайлау Тәжікстанда 11 қазанда өтпек. Тәжікстан мен Беларусь президенттері – постсоветтік кеңістікте Нұрсұлтан Назарбаевтан (Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр президенттіктен кетті, бірақ Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке ықпал етіп отыр) кейін жоғары билікте ұзақ отырған басшылар. Беларусьта Лукашенконың қайта сайлануына наразылық толастамай тұр.
Эмомали Рахмон – Тәжікстандағы азаматтық соғыс кезінде билікке келген саясаткер. Соған орай соғыстың тоқтауын Рахмонның жетістігі деп тану қалыптасқан. Оны дәріптеудің соңы 2015 жылы Рахмонға "ұлт көшбасшысы" титулын бекітетін заң қабылдауға ұласты.
"Ұлт көшбасшысы – бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы" мәртебесін иеленген Рахмонды ресми БАҚ "ұлы көшбасшы" деп атайтын болған. Бұл жағынан Тәжікстан Иранға ұқсайды. Иранда жоғары басшы Әли Хаменеиді "ұлы аятолла" (рухани көсем) деп дәріптеу қалыптасқан.
Бұл сайлау Рахмонның "ұлт көшбасшысы" ретінде қатысатын алғашқы сайлауы болғалы тұр. Алайда ол сайлауға қатыспаған күннің өзінде "көшбасшы" мәртебесімен билікке ықпалын жүргізе алатын болады.
ОППОЗИЦИЯ "ӨЗГЕРТКЕН" КОНСТИТУЦИЯ
Биыл күздегі сайлауға қатысатын болса, бұл Рахмон үшін бесінші президент сайлауы болмақ. Ол совхоз директоры кезінде 1990 жылы Тәжікстан Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланды. 1992 жылы ресми билік пен оппозиция арасында тартыс күшейіп, соңы соғысқа ұласқан. Қыркүйек айында сол кездегі президент Рахмон Нәбиев отставкаға кеткен. Сол жылы 19 қарашада Эмомали Рахмон "халықтық майданның" көмегімен Жоғарғы кеңес төрағасы болып сайланды. Ертесінде Ходжентте парламенттің мәжілісі өтті. Онда Нәбиевтің отставкасы қабылданып, 1990 жылы бекітілген президент қызметі жойылды. Президенттің өкілеті Жоғарғы кеңес төрағасы Эмомали Рахмонға (сол кездегі фамилиясы – Рахмонов) өткен.
1994 жылы тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы Конституция референдум жолымен қабылданып, Тәжікстан президенттік басқару жүйесін таңдады. Жаңа Конституция бойынша президент екі реттен бес жылдық мерзімге сайлана алатын құқыққа ие болды. Сол жылғы сайлауда Эмомали Рахмон 58 пайыздан астам дауыспен президент болып сайланды. 1997 жылы Рахмон билігі оппозициямен бітімге келіп, қарулы қақтығысты доғаруға келісті. Ол 1998 жылы халықтық-демократиялық партияға мүшелікке өтіп, соңынан төрағасы болды. 1999 жылы Конституцияға референдум жолымен өзгеріс енгізіліп, президент құзыры екі рет бес жылдық емес, бір рет жеті жылдық болып белгіленді. Рахмонның бұған дейінгі президенттік мерзімі шегеріліп тасталды. Конституцияда діни партияға рұқсат берілді. Парламенттің жоғары палатасы құрылды. Бұл конституциялық реформаның мақсаты оппозициядағы Исламдық жаңғыру партиясының саясатқа араласуын заңдастыру екендігі айтылды. Тиісінше, оппозицияға биліктен ондаған орын берілді.
ТӨРТ ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТА ӨЗГЕРГЕН КОНСТИТУЦИЯ
Рахмон 1999 жылғы президент сайлауында 96 пайыздан астам дауыс жинады. 2003 жылы тағы да референдум өтіп, Конституцияға өзгеріс енгізілді. Осы өзгеріс бойынша президент жеті жылдан екі мерзімге сайлана алатын болды. Және президент үшін жас шектеуі алынып тасталды. Оған дейін президент болатын адам 65 жастан аспау керек деп белгіленген. Рахмонның оған дейінгі президенттік мерзімі бұл жолы тағы да жойылып, шегеріліп тасталды.
Рахмонның бірінші президенттік мерзімі соғысты аяқтап, оппозицияға бітімге келумен сипатталса, екінші президенттік мерзімінде ол қарсыластарын саяси сахнадан ығыстырумен айналысты. 1997 жылдан бастап оған бірнеше мәрте қастандық жасалғаны айтылады.
Ал 2006 жылғы сайлауда Эмомали Рахмон 76 пайыздан астам дауыс жинады. Сайлаудан кейін ол руханият мәселесіне назар аудара бастады. Осы аралықта Тәжікстанда ескі жер-су атауларын қайтару, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңіту, аты-жөн өзгерту шаралары науқанға айналып, тәжік тілінде қоюға болатын адам есімдері реестрі бекітілді. 2007 жылы оның өзі де бұрынғы "Рахмонов" фамилиясын "Рахмонға" өзгертті.
ӨЗГЕРТУЛЕРДЕН КЕЙІН ӨЗГЕРІС БОЛА МА?
2013 жылғы сайлауда Рахмон 84 пайыздан астам дауыс жинады. Оның бұл президенттік кезеңінде Рогун ГЭС-інің бірінші агрегаты іске қосылды. Оның іске қосылуын Тәжікстан президенті ұлы Рустаммен бірге салтанатты түрде атап өтті.
Осы сайлаудан кейін 2016 жылы Конституцияға енген өзгерістер оның "ұлт көшбасшысы" мәртебесін бекітіп, шектеусіз мөлшерде сайлауға түсуге мүмкіндік берді. 2016 жылы референдум жолымен үшінші рет Конституцияға өзгеріс енгізілді. Бұл жолы діни партияларға тыйым салынып, президент бола алатын адамның жасы 30-ға дейін төмендетілді.
Осы арқылы Тәжікстан президенті шынайы оппозиция бола алатын Исламдық жаңғыру партиясын (ТИЖП) біржолата тұншықтырып, оны "террористік ұйым" деп жариялап, биылғы көктемде өткен парламент сайлауы және күзде өтетін парламент сайлауына дейін алаңды тазалап үлгерді. АҚШ-тың Халықаралық діни бостандық комиссиясы (USCIRF) мен Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Душанбенің исламдық партияны "террористік ұйым" деп таныған шешімін жиі сынайды.
Қазір президенттікке кандидат ретінде ұсынылғандар арасында шынайы саяси күрес мүддесімен сайлауға түсетіндер байқалмайды. Тек елдегі ендігі оппозиция Социал-демократиялық партияның сайлауға бойкот жариялауы мүмкін екені айтылады. Партия басшысы Рахматилло Зойиров қазіргі сайлаудың "легитимдігін қамтамасыз етпес үшін" сайлауға түспейтіндігін мәлімдеген. Ол қазіргі билікті "заңсыз, халыққа, Конституцияға қарсы" деп сипаттап, Рахмонды елдегі "көппартиялық жүйені күйретіп, іс барысында бірпартиялық жүйе орнатты" деп айыптаған.
Осылайша Эмомали Рахмон билікке келген 28 жылдың ішінде Тәжікстан Конституциясы үш рет өзгертіліп, оның соңы Рахмонның және оның жанұясының шексіз билігіне есік ашып берді.
РАХМОН НАЗАРБАЕВТАН ОЗА МА?
Тәжікстанда биылғы 1 қыркүйектен бастап жалақы, зейнетақы және стипендия өседі. Бұған қоса шағын және орта бизнеске жеңілдіктер беріліп, салықтық каникул жарияланған. Бұл шараларды билік коронавирус індетімен байланыстырады. Алайда мұның бәрі Рахмонның алдағы сайлаудағы ұпайын түгендейтіні анық. Эмомали Рахмонның биылғы ел ішіндегі сапарда қасына ұлы Рустамды ертіп алуы да назар аудартқан.
Алайда тәжікстандық сарапшы Парвиз Мулложонов Рахмонның президенттікке ұсынылуымен-ақ сайлау мәселесі толық шешілді деп санайды.
- Әрине, оның президент болуға 100 пайыз мүмкіндігі бар. Бұл жолғы президенттік мерзімінде ол бұрынғы сыртқы және ішкі саясатын жалғастырады деп күтуге болады. Ешқандай айрықша бір өзгеріс болмайды , - дейді ол Азаттыққа.
ТМД елдері бойынша қазақстандық сарапшы Думан Қабдығалиев те Тәжікстанда биылғы сайлау тақырыбы ерекше талданғанымен, сайлау ерекше болмайды деп есептейді.
- Тәжікстандағы президент сайлауы Беларусьтегі сайлау оқиғасынан кейін өткелі отыр. Алайда Тәжікстан қоғамынан Беларусьтегідей демократиялық өзгеріс күту қиын. Ел ішінде қазіргі президентке төтеп беретін күшті оппонент те жоқ. Тәжікстандағы оппозиция Исламдық жаңғыру партиясының өкілдері қудалауда, елден сыртта жүр. Сондықтан Эмомали Рахмон бұл жолы президенттіктен кетпейді, тағы да сайлауға түседі, - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, Рахмонды президенттікке ұсынған Кәсіподақ федерациясының ұсынысын халықтық-демократиялық партия да қолдайды.
- Қазіргі президенттің денсаулығы да жақсы. Ол бұрынғы сұхбаттарында денсаулығы көтергенше билікте қалатынын білдірген. Сондықтан қазір Рахмон президенттіктен кететіндей негіз жоқ, - дейді Думан Қабдығалиев Азаттыққа.
Оның айтуынша, басты мәселе - Рахмонның мұрагерлікке таңдап отырған ұлы Рустам әлі тым жас. Ол үлкен саясатта сыналып, ысылған жоқ. 32 жастағы Рустам Эмомалиді Қазақстанда Назарбаев ізбасарлыққа ұсынған Тоқаевпен немесе кезінде Ресейде Путиннің таңдауы түскен Медведевпен мүлде салыстыруға келмейді.
- Сол себепті Рахмон осы жолы тағы да президенттік сайлауға қатысып, ұлы Рустамды үлкен саясатқа баулиды деп есептеймін. Рахмонның ендігі президенттік мерзімі мұрагері – ұлын жоғары билікке дайындау сипатында өрбиді, - дейді саясаттанушы.
Азаттық радиосы Тәжік қызметінің хабарлауынша, жергілікті сарапшы Абдумалик Қодиров та Эмомали Рахмон бұл жолы сайлауға ұлын ұсынбай, өзі түсуі мүмкін деп санайды.
"Рахмон бұл мәселеде Беларусьтегі оқиғаларды ескеріп, сақтық жасап, тәуекелге бас тікпейді" дейді ол.
Абдумалик Қодиров Эмомали Рахмонның Тәуелсіз кәсіподақ федерациясы атынан президенттікке кандидат болып ұсынылуын оған халықтық сипат беру деп бағалайды.
"Осы арқылы билік Рахмонды халықтық -демократиялық партияның немесе басқа да белгілі бір ұйымдардың өкілі емес, халықтық президент етіп көрсеткісі келетін сияқты" дейді сарапшы.
Бұған дейін Аграрлық партия, Социалистік партия, Демократиялық партия және Экономикалық реформа партиясы басшылары Рустам Латифзода, Абдухалим Ғаффоров, Саиджаъфар Усмонзода және Рустам Раҳматзоданы президенттікке кандидат ретінде ұсынған болатын.
Тәжікстанда президент сайлауына кандидат болып тіркелу үшін үміткер сайлаушылардың бес пайыздық қолдауына ие болып, қол жинауы керек. Бұл – шамамен 250 мың адам.
67 жастағы Эмомали Рахмон тағы да сайлауға түссе, оның президенттік дәуірі 35 жылға созылуы мүмкін.
Рахмонды халықаралық ұйымдар адам құқығын аяқасты етіп, сөз бостандығы мен діни бостандықты шектегені және билікті сынаушыларды қудалағаны үшін сынайды. Бұл ұйымдар Тәжікстан президентін елдегі маңызды қызметтерге балалары мен құда-жекжаттарын тартып, непотизмге жол бергені үшін де айыптайды. Оның ұлы Рустам Эмомали – парламенттің жоғары палатасының төрағасы ретінде билік иерархиясындағы екінші адам.
Тәуелсіздік алғаннан бері Тәжікстанда бес рет президент сайлауы өткен. Халықаралық ұйымдар оның ешқайсысын еркін және демократиялық сайлау ретінде мойындаған емес.
ПІКІРЛЕР