Науқан аясында партия мүшелері арасынан іріктелген "үздіктер" парламенттің төменгі палатасы – мәжіліс пен жергілікті өкілдік орган – мәслихаттардың депутаттығына үміткерлер тізіміне енгізіледі деген мәлімдеме жасалды. Бір қарағанда партияның ішкі ісі көрінетін бұл науқанға республикалық сипат беріліп, үкімет меншігіндегі және бақылауындағы БАҚ науқанды насихаттауға көшті. Насихат мазмұнынан науқанға әдеттегідей спортшы, вайнер, дәрігер, мұғалім мен көп балалы ананың тартылғанын байқауға болады. Ал партия хатшысы белсенді азаматтарды "таңнан кешке дейін "Нұр Отанды" сынай бермей, праймеризге қатысуға" шақырды.
"Нұр Отанның" праймеризінде партияішілік іріктеу үш кезеңнен тұрып, 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтпек. Бірінші кезеңде кандидаттар тіркеледі, екінші кезеңде үгіт-насихат жүреді, үшінші кезеңде дауыс беріледі. Бірінші кезең аяқталып, нәтижесінде 10 990 адам тіркелген. Енді басталатын екінші кезеңнің ең бір елеулі тұсы – онлайн өтетін жария дебат. Бірақ партия ережесіне сәйкес, кандидат праймериздің өзге қатысушыларына қарсы үгіт-насихат жүргізе алмайды. Бұдан бөлек, праймеризге қатысуға кез келген адам ниет білдіре алады, алайда дебатқа ресми түрде тіркелу үшін "Нұр Отан" құрамына өту қажет. Науқан барысын қадағалайтын бақылаушылар да партия мүшесі болуы міндетті.
Билік партиясы праймеризін Қазақстан парламентінің төменгі палатасы – мәжіліс депутаттарын сайлау алдында өткізіп отыр. Бірақ сайлау күні әлі белгіленбеген. Сайлау 2021 жылы өтуі тиіс.
Азаттық тілшісі сөйлескен сарапшылар "праймериз өткізу арқылы "Нұр Отан" осы сайлауға дайындықты алдын ала бастап кетті" дейді. Олар "Нұр Отан" науқанын "толық праймериз" деп санауға келмейтінін айтады.
Қазбек Бейсебаев, бұрынғы дипломат, саясаттанушы
Праймериз – "Нұр Отанның" ішкі жұмысы, бірақ мұнда бір мәселе бар. Праймериз бір жағынан үгіт-насихат емес пе? Наурызға дейінгі бес айды шегерсек, қазан айына түсеміз. Енді сайлауды неге жарияламайды? Бір партия праймериз өткізіп, жасырын үгіт-насихат жасап жатыр, ал басқа партиялар насихат жасай алмай отыр. Айталық, бәріміз жолға шығайын деп жатырмыз, бірақ біз ол туралы білмейміз, ал сіз киіміңізді жинап, отбасыңызға айтып, дайындалып жатырсыз. Бұл әділ емес қой? Билік тек қана бір партияға жәрдем көрсетіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясы неге үндемейді?
Қазақстанда адамдар мәжіліс тұрмақ, мәслихатқа да сайлана алмайды. Ауданда қандай саяси мәселе талқыланушы еді? Олар сол жөндеу жұмыстарын жүргізу, мектеп, аурухана мәселелерін ғана талқылайды. Белсенді азаматтар осы мәслихаттың өзіне өте алмайды. Мәслихатқа өту үшін партияға кіру керек дейді, ал ол партияға кіргісі келмесе ше? Біздің билік жолды әдейі жауып қойған.
Рико Айзекс, Ұлыбританиядағы Линкольн университетінің саясаттану профессоры, Қазақстанның саяси жүйесін зерттеуші
"Нұр Отан" партиясының праймеризі – жаңа идея емес, 2016 жылы жергілікті мәслихат депутаттары үшін бірнеше праймериз өткен. Дегенмен бұл жолғысының ауқымды болып, кеңірек насихатталып жатуы – "билік партиясы саяси реформа жүргізіп, жаңғырып жатыр" деген әсер қалдыру жолы болса керек.
Бірақ шындығында бұл праймериз додасының демократиялық сипатта өтуі екіталай. Кандидаттарды іріктеу толықтай праймеризге негізделмейді. Себебі кандидаттар квотасын әлі де орталық және аймақтық партия басшылығы анықтайды. Яғни бұл - жартылай праймериз және ол жартылай демократиялық сипатта болмақ. Сонымен қатар мұнда процестің ашықтығы жөнінде мәселе бар.
Праймериздің әділ өтуін ешқандай сыртқы құрылым бақылайын деп отырған жоқ. Бұл сайлау Қазақстандағы сайлаулардың басым көпшілігі, бәлкім барлығы сияқты жеңімпаздары алдын ала анықталған қойылымға жақындау. "Нұр Отан" партиясы үміткерлерінің праймеризін өткізу идеясы партия үшін де, режим үшін де демократиялық реформа мен ашықтық жөнінде ілгерілеу бар деудің әсерін қалдыру жолы ғана. Олар мұны былтырғы президент сайлауынан кейінгі акцияларға ұқсайтын наразылық болуынан қорыққаннан істеп отыр. Ал процестің өзі бақылауда болады және оның нәтижесі режимнің қажеті мен талабына сай болады.
["Нұр Отан"] ұсынып отырған праймериз саяси жүйенің сипатын, елдегі биліктің құрылымы мен табиғатын өзгертуі екіталай. Билік транзиті туралы қанша әңгіме айтылса да, билік бір бағытқа және бір адамға жұмыс істейді. Сыншыларды праймеризге қатысуға шақырып жатыр, бірақ шақыруды қабылдаудың мәні жоқ, себебі праймериз ережесіне сай, кандидаттар бір-бірін сынай алмайды. Бұл орынды, ашық және плюралистік демократиялық процесс емес. Биліктің Назарбаевтан Тоқаевқа "өтуінің" бүкіл мәні – елдегі биліктің құрылымы мен табиғатын шайқалтпай ұстап қалу. Сол себепті праймериз секілді кез келген "реформа" немесе "жаңғыру" режимге қауіп төндірмейтін болса ғана жасалады. Олар тіпті билікке қауіп төндірмегені үшін ғана емес, қайта сол билікті ықтимал оппозицияны (режим сыншыларын) өзіне бейімдеп, тек айтқанға көнетін, режим үшін қолайлы кандидаттарды іріктеу арқылы күшейту, жұмылдыру үшін ұйымдастырылады.
[Парламент сайлауы кезінде партия тізімі] ашық болса, Қазақстанның саяси реформасы әлдеқайда тиімді болар еді. Егер режим депутаттар шынымен азаматтардың қажеті мен қалауына құлақ асқанын қаласа, ашық тізім жүйесі дұрыс (Қазақстан сияқты пропорциялық сайлау жүйесін қолданатын кейбір елде тек партияға емес, соның ішіндегі жекелеген кандидаттарға дауыс беру мүмкіндігі берілген. Бұл "ашық тізімге дауыс беру" әдісі деп аталады – ред.). Жабық тізім ел арасында расымен танымал, абыройға ие адамдардың орнына партия мен режимге адал кандидаттарды таңдауға мүмкіндік береді.
Рахман Алшанов, Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы, "Нұр Отан" партиясының мүшесі
Олқылықтар болуы мүмкін, бірақ праймериздің өткені дұрыс. Мәселе оның басталуында. Әрі қарай қалай болатыны партияның өзіне де сын. Партияда қолынан іс келетін адам тапшы болып жатады, ал кей азаматтар бар-жоғын білдірмей, үнсіз жүреді. Праймериз сондай адамдарға өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Праймериздің мүмкіндігі – партия жетекшілеріне таңдау беру. "Мынаның несі бар, қайдан адасып жүр" дейтін адамдар да болуы мүмкін, "мына кісінің барын білмей жүр екенбіз ғой, қане көрсетсін өзін, бағдарламасын көрейік" дейтіндей азаматтар да болуы ықтимал. Мәселе таңдаудың болуында.
[Пропорциялық сайлаудың ашық тізіміне өтуге] біздің саяси тәжірибеміз аздау. Қайбір жолы әкімді сайлайық деп руға, ауылға, ұлтқа бөлініп кетті. Бұл қоғамның әлі піспегенін көрсетеді.
Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы
Праймериз – "Нұр Отанның" өзін өзі алдауы, демократияның имитациясы дер едім. Өйткені партия праймеризсіз-ақ көпшіліктің қолдауы аз екенін біледі. Одан бөлек осы праймеризді маңызды қылып көрсету үшін "Жақтастар лигасы" деген түсініксіз адамдардың ұйымын құрды. Оған мүше адамдар сайлаудың қалай өтетінін бақылаймыз деп алып, сол сайлауға өздері қатыспақ. Яғни мүдде қайшылығы бары анық көрініп тұр.
Дебатқа да сұрақ көп. "Нұр Отан" партиясының праймеризге арналған ережелеріне қарасақ, партия мүшелерінің бір-біріне сын айтуына болмайды. Праймериздің проблемаларды ашық айту үшін өткізілетінін айтып алып, кандидаттарға партияласын сынауға рұқсат бермеуі күлкілі. Егер дебат расымен осы ереже бойынша өтсе, онда "Нұр Отанға" "позитив партиясы" деген ат қоюға болады.
Праймеризге елдегі ең керемет адамдар қатысып, сайлауда жеңіске жеткен күннің өзінде де айтарлықтай ештеңе өзгере қоймайды. Біріншіден, парламент те, мәслихат та – атқарушы билікке тәуелді органдар. Екіншіден оларға есеп беретіндердің бәрі – "Нұр Отанның" мүшелері. Праймериздегі дебатта бір-біріне сын айта алмайтын партия мүшелері мәжіліс пен мәслихатта министрлер мен әкімдерге ыңғайсыз сұрақтар қойып, оларды жөнге салады дегенге сену қиын.
Бұл саяси бәсекенің көрсеткіші емес, "Нұр Отан" билікте отырғанын пайдаланып, сайлауалды науқанына кемінде үш айды артық қосып алды. Праймериз үш айға созылса, осы үш айды сайлауалды науқан деуге болады.
Партияны сынаушыларды праймеризге қатысып, партиялық тізімге кіріп депутат болуға шақыруы да қисынға келмейді ("Нұр Отан" партиясының хатшысы Арман Қырықбаев 28 тамыз күні "Екі жол бар: Біз не таңнан кешке дейін "Нұр Отан" партиясын сынап, өзіміз ешнәрсе тындырмай отыра бере аламыз, не партияға келіп, праймеризге қатысып, жеңіп, ұнамайтын нәрсені өз қолымызбен жөндей аламыз" деген – ред.). Өйткені осы уақытқа дейін партияны сынап келген азамат әп-сәтте партияның мүшесі болып шыға келсе және "Нұр Отан" атынан депутат боламын десе, бұл партия мүшелері арасында да, өз жақтастары арасында да когнитивті диссонанс тудырады.
Одан кейін партия жетекшілері праймеризді өздеріне ыңғайсыз партия мүшелерін депутаттық тізімінен алып тастау үшін қолдануы мүмкін.
Жолдас Өрісбаев, АҚШ-та білім алып, ондағы праймеризді зерттеп жатқан қазақстандық журналист
"Нұр Отан" париясы ұйымдастырып отырған праймериздің АҚШ-тағы саяси партиялардың ішкі іріктеуінен айырмашылықтары бар. Мысалы, "Нұр Отан" партиясының аймақтық ұйымдастыру комитеттері үміткерлердің үгіт-насихат жасау барысы мен дебатқа қатысуын толық бақылауда ұстап, кейінгі кезеңге кімнің өтетінін анықтаса, АҚШ-та партия комитеттері тек ұйымдастыруға жауапты болады. Ал үміткерлердің ашық дебатын алып медиа ресурстар, яғни тәуелсіз журналистер өткізеді.
Содан кейін, үміткерлердің арасында кімнің басып озғанын үкіметтік емес ұйымдар сауалнама (poll) арқылы анықтап отырады. Қазақстанда әрбір дебаттан кейін сауалнама жүргізіп, үміткерлер рейтингін жасайтын үкіметтік емес ұйым жоқ. Одан қалса, елімізде тәуелсіз журналистерді теледебаттарға модератор ретінде қатыстырмайды. Тағы бір мәселе – онлайн дауыс беру. Жаңа технологиялар заманында дауыс беруді онлайн ұйымдастыру мүмкіндігі бар-ақ. Бірақ мәселе демократия мен әділ сайлауға қатысты болғанда, мобильді қосымшалардың қаншалықты қауіпсіз екендігі сөз болары анық. Мысалы, АҚШ-та осы жылдың басында президент сайлауына екі партия атынан үміткерлерді іріктеу праймеризіне онлайн дауыс беру туралы ұсыныс жасалды. Соған орай, Voatz дейтін стартап қауіпсіз онлайн дауыс беру қосымшасын жасап шығарды.
Массачусетс технология институтының ғалымдары аталмыш ноу-хауды бүге-шігесіне дейін тексеріп, қосымшаның кибершабуылдан толық қорғалмағанын анықтады. Америкалықтар 2016 жылғы сайлау кезіндегі Cambridge Analitica дауынан кейін демократиялық шараларда жоғары технологияның қолданылуына күмәнмен қарай бастады (саяси консталтинг қызметін ұсынатын лондондық Cambridge Analitica компаниясы АҚШ-тағы 2016 жылғы президент сайлауында 50 миллион қолданушының мәліметін ұрлап, сол арқылы сайлау нәтижесіне ықпал етті деп айыпталған – ред.). Ал Қазақстандағы праймеризде мобильді қосымша мен веб-портал арқылы дауыс беру әдісінің енгізілуі демократиялық құндылықтарға басымдық берілмейтінін білдіреді. Меніңше, "Нұр Отан" мобильді қосымша арқылы дауыс беруді праймеризге барынша көп азаматты қатыстыру үшін ғана қосып отыр.
ПІКІРЛЕР