Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 12 тамызда Қазақстан парламентінің жоғары палатасы – сенаттағы босаған 17 орынға сайлауға түсуге 58 адам тілек білдіріп, 46 кандидат тіркелген.
"БИЛІК СЕНАТ САЙЛАУЫ КЕЗІНДЕ ХАЛЫҚТЫҢ ПІКІРІН СҰРАУЫ КЕРЕК"
Сенат депутаттығына кандидаттың үгіт-насихаты жалпы халық арасында емес, облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттарда өтеді. Өйткені конституция бойынша сенат депутаттарын жергілікті мәслихаттар сайлайды.
Азаматтар тікелей өздері дауыс бермейтіндіктен, әлеуметтік желіде сенат сайлауы мен оған үміткерлер жайлы пікір сирек. Ал депутаттықтан үміткерлер жайлы әлеуметтік желіге жиі пікір жазып жүргендердің бірі, Қарағанды облысының тұрғыны Майра Тілеубегім тікелей дауыс бермесек те, билік сенат сайлауы жөнінде халықтың пікірін білуі керек деп есептейді.
– Биліктің әлеуметтік желіде айтылған сынға кейде назар аударатынын және кей проблемаларды шешетінін көріп жүрміз. Қарағанды облысынан сенат депутаттығынан үміткерлер жөнінде жиі жазатыным сондықтан. Біз тікелей сайламасақ та, билік қоғам пікірін білсін, – дейді ол Азаттық тілшісіне.
Алайда Майра Тілеубегімнің әлеуметтік желідегі сын пікіріне биліктен қандай да бір жауап болмаған.
Әлеуметтік желіде сенат сайлауына байланысты белсенді пікір жазушылардың бірі Сәдуақас Аңсат өзі тұратын Қызылорда облысындағы сайлауға әкімшілік ресурс қолданылды деп санайды.
– Облыстық сайлау комиссиясы өзін өзі ұсынған облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Серік Сермағамбетовті де тіркеген. Ол еркін ойлы азамат ретінде танылған. Облыс әкімдігінің қысымынан соң кандидатурасын қайтарып алуға мәжбүр болды, – дейді ол.
Сәдуақас Аңсаттың айтуынша, Қызылорда облысы бойынша сенат сайлауына бәсекелес секілді төрт адам ұсынылғанымен, шын мәнінде кімнің өтетіні әкімшіліктің қолдауына байланысты болуы мүмкін.
Аңсат Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевқа, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке Қызылорда облысында сенат депутаттығына тіркеу заңсыз өткені жайлы бір топ адам хат жазғанын, бірақ жауап болмағанын айтады. Бірақ таяуда өзімен сайлау комиссияның өкілдері кездесіп, тіркелген кандидаттар арасында әділ сайлау өткізуге уәде берген.
Азаттық тілшісі кандидаттықтан шығып қалған Серік Сермағанбетовпен де сөйлесті. Ол әкімшілік тарапынан өзіне қандай да бір қысым болғанын жоққа шығарды.
– Кейбір түсініспеушілік болғаны рас. Бірақ қазіргі індет кезінде сайлауалды үгіт-насихат жүргізудің қиындығын ескеріп, өзім бас тарттым. Облыстық, аудандық мәслихат депутаттарына барып, сайлауалды бағдарламамды таныстыруым керек. Қазіргі індет кезінде оларды жинап, жиын өткізу мүмкін емес. Ал онлайн режимдегі кездесуге олар қатыса бермейді. Сондықтан әрқайсымен жеке сөйлесу керек болады, бұл – қиын шаруа, – дейді ол.
Азаттықпен сөйлескен сарапшылардың айтуынша, мемлекет бюджетінен қыруар қаржы бөліп, сенат ұстаудың қажеті шамалы.
Саясаткер Дос Көшім Қазақстан унитарлық мемлекет болғандықтан қос палаталы парламенттің керегі жоқ деп санайды.
– Сенат негізінен федерациялық мемлекеттерде бар. Федерацияның әрбір субъектісінен сенатта өкіл отырады. Қазақстан унитарлық мемлекет болғандықтан, бірпалаталы парламент жеткілікті. 1995 жылы жаңа Конституция қабылдағанға дейін парламент биліктің толық бақылауында емес еді. Биліктің ыңғайына келмейтін бастама көтеріліп, заң қабылдау мүмкіндігінен сескеніп сенатты ұйымдастырды.
Сенат билікті, нақты айтқанда президентті қорғау үшін қажет болды.
Сондықтан оған биліктің айтқанынан шықпайтын адамдар ғана іріктеледі, – дейді ол.
Сенаттың бұрынғы депутаты Уәлихан Қайсар Дос Көшімнің кей пікірімен келіспейді. Оның сөзінше, федерациялық емес мемлекеттерде де сенат бар. Парламенттің қос палатасы бірін бірі толықтыра алады. Мәжіліс қабылдаған заң жобасынан кеткен қателіктерді түзеуде сенаттың рөлі бар.
– Алайда сенатты, жалпы парламентті қалай қолданып отырғанына қарап биліктің мақсаты басқа екенін көруге болады. 1995 жылы жаңа Конституция қабылданған кезде парламентке оппозициялық күштердің кіруіне әлі де мүмкіндік бар еді. Мәселен, 1998 жылғы сайлауда Серікболсын Әбділдин бастаған Коммунистік партия парламентке өтіп, билікке жайсыз сұрақтар қойды. Компартиядан өзге де бірмандатты округтен сайланғандар болды. Олардың арасында да тәуелсіз депутаттар бар еді. Осылай болатынын алдын ала ескеріп, [президент] сенатты құрып, өзіне тәуелді адамдар арқылы парламентті бақылауында ұстай алды, – дейді ол.
Сенат депутаты кезінде билікке сын айтатын сирек депутаттардың бірі ретінде танылған Уәлихан Қайсар өзінің байқаусызда депутат болып кеткенін айтады.
– 1999 жылы сенат сайлауына түскенімде жергілікті мәслихаттарда да тәуелсіз депутаттар бар еді және "Отан" партиясы (қазіргі "Нұр Отан" партиясы – ред.) қазіргідей толық бақылайтын шамада емес болатын. Билік маған қарсы сенаттың вице-спикерін дауысқа салса да өткізе алмады. Оның үстіне, саяси алаңда жиі байқалмаған адаммын. Сондықтан аса қауіптенбесе керек, билік бар күшін Коммунистік партия мен бірмандатты округтен сайланатын депутаттарды өткізбеуге жұмсады. Мені байқаусызда өткізіп алды, – дейді ол.
"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДЕПУТАТ ТАҒАЙЫНДАУЫ – НОНСЕНС"
Қазақстанның 1995 жылы қабылданған Конституциясына сәйкес, парламент екі палата – сенат пен мәжілістен тұрады. Сонымен қатар, Қазақстан президентіне сенаттың 7 депутатын тағайындау құқығы берілген. Кейін оны 15 депутатқа дейін ұлғайтқан.
Дос Көшімнің сөзінше, сайланбалы органға президенттің депутат тағайындауының өзі – нонсенс:
Тоқаевқа 15 депутатты тағайындаудың қажеті жоқ. Өйткені мәжіліс пен жергілікті мәслихаттардың барлығы "Нұр Отан" партиясының қолында.
– Бір депутатты да тағайындауға болмайды. Барлығы сайлануы тиіс. Бірақ президентке 7 депутат тағайындаудың өзі аз көрінді. Сенатта билікке жайсыз бастамалар көтеріле қалса, оған қарсы дауыс беретін өз адамдары болуы керек, сондықтан олардың санын одан әрі көбейтіп, сақтық жасады, – дейді Дос Көшім.
Уәлихан Қайсардың айтуынша, сайланбаған, Қазақстан президенті тағайындаған сенат депутаттары президент әкімшілігінен түскен тапсырманы орындап қана отырады.
– Қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенатқа 15 депутатты тағайындаудың қажеті де жоқ. Өйткені парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттардың барлығы да "Нұр Отан" партиясының қолында. Тоқаевтың өзі де Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тағайындауымен бірнеше жыл сенат депутаты және төрағасы болды, – дейді ол.
2019 жылдың тамыз айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен сенат депутаты болып тағайындалған Дана Нұржігіт сенат керек пе, жоқ па дегеннен гөрі "қос палата қалай өзара тығыз жұмыс істейді" деген мәселе ойландыратынын айтады.
– Мәжілісте талқылаған заң жобаларын електен өткізгендей жіті бақылаймыз. Заңды қабылдамас бұрын мәжіліс депутаттарымен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрміз, – дейді ол.
"Депутаттыққа тағайындалардан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды науқанына қатыстым" деген Дана Нұржігіт "дәл қазіргі жағдайда президенттің позициясы мен ішкі позициямда қарама-қайшылық жоқ" дейді. Оның сөзінше, парламент депутатына қызмет пәтері, бір көмекші беріледі, 600 мың теңгеден асатын жалақы алады.
Қазақстан парламенті сенатының сайлауы биыл 12 тамызда өтіп, қорытындысы 18 тамызда белгілі болмақ.
Қазақстан конституциясы бойынша, сенат депутаттарының тең жартысы әр үш жыл сайын қайта сайланады. Сенаттың заң шығару бастамасын көтеруге құқығы бар.
Қазақстанда сенат төрағасы қызметіне де кандидатты әдетте президент ұсынады. Конституцияға сай, сенат төрағасы – билік тармағында президенттен кейінгі екінші адам. Елде Нұрсұлтан Назарбаев президент болып тұрған тұста оның жақын серігі Қасым-Жомарт Тоқаев сенат төрағасы болды. 2019 жылы наурызда Назарбаев президенттіктен кетіп (бірақ Қауіпсіздік кеңестің төрағасы, "Нұр Отан" партиясының лидері ретінде биліктің бір тармағын әлі ұстап отыр), орнына Тоқаевты қалдырды. Тоқаев президент қызметіне кіріскен күні Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваны сенат төрағалығына ұсынды, сенат депутаттары оны бірауыздан қолдады. Биліктегі бұл шешімдер жұрттың наразылығын тудырып, елде қарсылық акциялары жиіледі. Полиция наразылыққа келген мыңдаған адамды ұстады.
Тоқаев былтыр 9 маусымда кезектен тыс сайлауында жеңіске жеткен соң Дариға Назарбаеваны сенат төрағасы етіп қалдырған. Биыл мамырдың басында Тоқаев Назарбаеваны бұл қызметтен алып, орнына "Нұр Отан" партиясының төрағасының орынбасары болған, кейініректе президент әкімшілігі басшысының төрағасының орынбасары қызметін атқарған Мәулен Әшімбаевты тағайындады.
Сенатқа кімдер сайланады?
Сенатқа жасы отызға толған, жоғары білімі, бес жыл еңбек өтілі бар, ұсынылатын аймағында кемінде үш жыл тұрған адам сайлана алады. Дегенмен көбіне бұрынғы және қазіргі әкімдер мен олардың орынбасарлары, бұрынғы және қазіргі министрлер не басқа да жоғары лауазымды тұлғалар, болмаса “Нұр Отан” партиясында жауапты қызмет істейтіндер сайланып жатады. Орталық сайлау комиссиясы сайтындағы 2014 жылғы 1 қазандағы сенат депутаттарын сайлау қорытындысынан осыны байқауға болады. 2014 жылы сайланған 16 депутаттың бесеуі облыс әкімінің орынбасары, біреуі бұрынғы облыс әкімі, төртеуі сенат депутаты, үшеуі облыстық, қалалық мәслихат хатшылары, біреуі статистика департаментінің басшысы болған. Екі депутат бизнес ортадан сайланды. 2014 жылы сайланғандардың барлығы – "Нұр Отан" партиясының мүшесі. Демек, Қазақстанда әкімдер мен олардың орынбасарларының, билікке жақын ірі корпорация өкілдерінің және "Нұр Отан" мүшелерінің ғана сенат депутаты болып сайлану мүмкіндігі көбірек.
Сенаттың құзыреті қандай?
Заң жобалары алдымен парламенттің төменгі палатасы – мәжілісте, содан соң сенатта қаралып, мақұлданған соң президентке жіберіледі. Мәжілістің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сенат заң шығару қызметін жалғыз атқарады. Президенттің ұсынуымен сенат Жоғары сот төрағасын және оның судьяларын сайлайды, президенттің Ұлттық банк төрағасын, бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындауына келісім береді. Бұған қоса, сенат конституциялық кеңестің екі мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін бес жыл қызметке тағайындайды.
Депутаттарды кім сайлайды?
Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негізінде сайланады, яғни оларды бұқара халық емес, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттары таңдайды. Сондықтан кандидаттар ел ішіне шығып, халықпен кездесіп, көп үгіт-насихат жүргізбейді. Үміткер айналасы 100-300 адамның шешімімен жоғары өкілдік қызметке алты жылға сайланады. Қазақстанда мәслихаттардың өкілдік орган ретіндегі тәуелсіздік деңгейі төмен екенін, мәслихаттарда көбіне биліктегі "Нұр Отан" партиясы өкілдерінің отырғанын ескерсек, сенатқа басқа саяси көзқарастағы, оппозициялық бағыттағы тұлғаның не тәуелсіз кандидаттың сайлануы неғайбыл.
Президент неге 15 депутатты тағайындайды?
Конституцияның 50-бабына сәйкес, сенатта “қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттігі ескеріліп”, сенаттың 15 депутатын президент тағайындайды. Яғни сайланбалы орган – сенаттағы орындардың 30 пайызы президенттің шешімімен тағайындалады. Президент тағайындаған депутаттардың арасында да бұрынғы министрлер және басқа да лауазымды қызметте болғандар бар. Кей сарапшылар сенатты президент айналасындағы адамдарды “жазалау” немесе қызмет бергенше “уақытша жұмыспен қамту” орны деп есептейді. Кейде үлкен лауазымды орындарда болған адамдар сенатқа “зейнетке” жіберіледі. Оның үстіне, сенат төрағасының кандидатурасын ұсыну құқығы да президенттің құзыретінде, демек мемлекет басшысының билік иерархиясындағы екінші қызметке өзі қалаған кез келген адамды қойып, қалаған уақытта оны алып тастауына мүмкіндігі бар. Себебі конституция бойынша, президент тағайындаған депутаттардың өкілеті президент шешімімен тоқтатылады.
Сенаттың құзыреті қандай?
Заң жобалары алдымен парламенттің төменгі палатасы – мәжілісте, содан соң сенатта қаралып, мақұлданған соң президентке жіберіледі. Мәжілістің өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сенат заң шығару қызметін жалғыз атқарады. Президенттің ұсынуымен сенат Жоғары сот төрағасын және оның судьяларын сайлайды, президенттің Ұлттық банк төрағасын, бас прокурорды және Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасын тағайындауына келісім береді. Бұған қоса, сенат Конституциялық кеңестің екі мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін бес жыл қызметке тағайындайды.
Кандидаттарға қанша қаржы бөлінеді?
Биыл сенат депутаттығына кандидат болып тіркелген әрбір азаматтың сайлауалды үгіт-насихатына мемлекет бюджетінен 450 мың теңгеден (шамамен 1070 доллар) қаржы бөлінген. Оның ішінде теледидар, радио арқылы сөйлеуге не баспа басылымдарында екі мақала жариялауға 300 мың теңге, көпшілік шарасын өткізіп, үгіт материалдарын шығаруға – 70 мың теңге, көлікке 80 мың теңге қарастырылған. Яғни, 46 кандидаттың үгіт-насихатына мемлекет 26 миллион 100 мың теңге бөлген.
Халықаралық бақылаушылар келе ме?
7 тамызда Орталық сайлау комиссиясы сенат сайлауына халықаралық ұйым байқаушыларын аккредитациялау туралы қаулы шығарды. Төраға Берік Имашев қол қойған қаулының қосымшасына сәйкес, 12 тамыздағы сайлауды бақылауға жалғыз Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі бес адамды жіберген. ОСК сайтында бұдан басқа ұйымдардың не халықаралық, отандық байқаушылардың тіркелгені туралы ресми ақпарат жоқ.
ПІКІРЛЕР