Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйға әскери удың "Новичоктан" да қауіптірек жаңа түрін берген. Бұл туралы сәрсенбі күні құпия дереккөзге сүйенген немістің Die Zeit басылымы жазды. Журналистің жазуынша, удың жаңа түрін арнайы қызметтің жақсы жабдықталған зертханасынан басқа жерде жасау мүмкін емес. Сол себепті саясаткерге у беру операциясын ресейлік ФСБ ұйымдастыруы мүмкін.
Неміс билігі саясаткерді аңдыған арнайы қызмет өкілі қауіпті затты Навальный шәй ішкен кесенің жиегіне немесе кесенің өзіне шашып кеткен болуы мүмкін деп болжап отыр дейді Die Zeit. Басылымның жазуынша, удың қалдықтары саясаткер су ішкен бөтелкенің аузы мен саясаткердің қолынан да табылған.
Неміс басылымының жазуынша, удың әсер ету уақытын есептеген қылмыскерлер Навальный Томскіден Мәскеуге қарай ұшқан кезде жолда қайтыс болады деп шамалаған болуы мүмкін. Газеттің жазуынша, ұшақты шұғыл қондыру туралы шешім шығарған ұшқыштың жедел әрекеті мен оппозиционерге бірден атропин дәрісін еккен жедел жәрдем дәрігерлерінің әрекетінің арқасында саясаткер аман қалып отыр.
Die Zeit жазуынша, Навальныйды үнемі аңдығандықтан оны үшінші тарап болмаса шетелдің арнайы қызметі жойғысы келген деген болжамның мәні жоқ. "Бұл шындыққа жанасатын тек бір ғана қорытынды жасауға мүмкіндік береді: Кремль өзін сынаған саясаткерді жолдан кетіруге бұйрық берген" деп жазады басылым.
Ресейлік оппозиционер, Жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі 44 жастағы Навальный 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлаған. Ұшақ саясаткер денсаулығының нашарлауына байланысты Омбы қаласына қонуға мәжбүр болған. Саясаткер Омбы ауруханасында екі күн жатты. Ондағы дәрігерлер Навальныйдың зат алмасу процесі бұзылған деп мәлімдеді. Олар "саясаткер уланды" деген Навальный жақтастарының тұжырымын жоққа шығарған. Дегенмен "Медузаның" жазуынша, Омбыда саясаткердің уланғаны "айдан анық болғандықтан" жедел жәрдем көлігінде оған атропин салған.
22 тамызда туыстары мен жақтастарының талабымен саясаткер Берлиндегі "Шарите" клиникасына ауыстырылды. Неміс дәрігерлері зертханада тексергеннен кейін Германия үкіметі Алексей Навальный құрамы жағынан совет одағы кезінде шығарылған әскери "Новичок" уына ұқсас затпен уланды деп мәлімдеді.
Дүйсенбі күні неміс дәрігерлері Навальныйдың денсаулығы жақсарғанын, комадан шыққанын хабарлады. Олар удың саясаткер ағзасында ұзақ сақталып, денсаулығына әсер етуі мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.
ПІКІРЛЕР