Accessibility links

Мәсімов отбасының Парижге сапары Ұлыбританиядағы тергеуге ілік болды


Кәрім Мәсімовтің Қазақстан премьер-министрі болған кездегі фотосы. Бішкек, 16 қыркүйек 2011 жыл.
Кәрім Мәсімовтің Қазақстан премьер-министрі болған кездегі фотосы. Бішкек, 16 қыркүйек 2011 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, қазір арнаулы қызметті басқаратын Кәрім Мәсімовтің отбасының Парижге сапары жемқорлыққа қатысы болуы ықтимал істі зерттеп жүрген британ тергеу органдарының назарына іліккенін хабарлады. Халықаралық басылымдар Қытайдың Қазақстандағы уран кен орындарын сатып алу туралы келісімде ілгерілегенін, АҚШ-та бірінші бөлімі Қазақстан билігінің наразылығын туғызған, ойдан шығарылған журналист Борат Сағдиев туралы фильмнің жалғасы түсіріле бастағанын жазады.

ПАРИЖДІ КӨРУ ЖӘНЕ... ТЕРГЕУ НЫСАНЫНА АЙНАЛУ

Лондоннан шығатын Financial Times газеті "Британдық тау-кен өндіруші компаниялар тобы Қазақстан премьер-министрі отбасының Парижге сапарын ұйымдастырды" деген тақырыппен мақала жариялаған. Басылым Орталық Азия еліндегі түсті металл кен орындарына ие "Қазақмыс" компаниясы мен Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқаратын Кәрім Мәсімов басты назарға ілінген Ұлыбританиядағы зерттеу туралы жазған.

Материалға сәйкес, 2011 жылы Мәсімов Қазақстан үкіметін басқарған тұста "Қазақмыс" оның отбасы мүшелерінің Францияға саяхатын ұйымдастырған: жеке ұшақ беріп, Диснейлендке апарып, Париждің бай ауданында орналасқан қонақ үйге түсірген. Қазір Ұлыбританияның ірі алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі басқармасы (Serious Fraud Office, SFO) бұл саяхатты жемқорлық фактісі болуы ықтимал деп қарастырып, зерттеп жатыр. Financial Times дерегінше, басқарма зерттеуді Мәсімовтің көмекшісі мен "Қазақмыс" қызметкерлерінің электронды хаттарын қолға түсірген соң бастаған. Газеттің хабарлауынша, пошта жәшігін бұзып алынған хаттарды британдық тергеушілерге аты-жөні аталмаған, "қазақстандық диссидент" жіберген.

Кәрім Мәсімов (оң жақта) Қазақстан премьер-министрі болған тұста сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен (ортада) бірге биліктегі "Нұр Отан" партиясының съезінде түскен суреті. 11 наурыз 2015 жыл.
Кәрім Мәсімов (оң жақта) Қазақстан премьер-министрі болған тұста сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен (ортада) бірге биліктегі "Нұр Отан" партиясының съезінде түскен суреті. 11 наурыз 2015 жыл.

Лондонда листингтен өткен "Қазақмыс" компаниясына Ұлыбританияның пара алу туралы заңы жүретіндіктен және заңға сәйкес, іскерлік мүддені көздеп, шет мемлекеттің өкілетті тұлғасына кез келген артықшылық пен пайда ұсыну қылмыс саналатындықтан, бұл істі SFO зерттеп жатыр. Бұл заң 2011 жылы 1 шілдеде күшіне енген. Бір қызығы, Мәсімовтің көмекшісі дәл осы күні "Қазақмыстың" сол кездегі атқарушы директоры Эдуард Огайға "бастығының" отбасы мүшелеріне ұйымдастырылатын сапарға қойылатын ерекше талаптарды түсіндіріп, электронды пошта арқылы хат жазған. Талаптар тізімінде "12 орындық үздік ұшақ" пен қонақ үйдегі қатар орналасқан үш бөлме де бар.

Financial Times "Қазақмыс" қызметкерлері тапсырыс берушілердің тілегін орындаған" деп жазып, Мәсімовтердің Парижге сапарына шамамен 100 мың доллар жұмсалған деген дерек келтіреді.

"Қазақмыс" – Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші компания. Мақалада компанияның бизнесі "қазақстандық режимнің жақсы көзқарасына" тәуелді екені айтылады. "Қазақмыс" Лондон биржасына 2005 жылы шыққан, 2014 жылы компаниялар тобы қоғамдық KAZ Minerals PLC және қоғамдық емес "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС болып екіге бөлінген. Қос компанияның да иегері – Қазақстанның ең бай адамы (америкалық Forbes журналының нұсқасы бойынша) Владимир Ким.

"Қазақмыс" корпорациясының президенті Владимир Ким.
"Қазақмыс" корпорациясының президенті Владимир Ким.

Kaz Minerals PLC баспасөз хатшысы компаниядағы "барлық іс-қағаз бен қаржы есебі жіті тексерістен өткенін, бірақ компанияның (немесе оның қызметкерлерінің) аталған сапарға ақша аударғанын растайтын дәйек табылмағанын" айтты. Баспасөз хатшысы компания саяхатты кім қаржыландырғанын, сапарды ұйымдастыру неге өз қызметкерлеріне тапсырылғанын білмейтінін мәлімдеді. Британ басылымның дерегінше, баспасөз хатшысы "Компанияда зерттеу жүргізілді ме?", "Компания өкілдері мемлекеттік қызметкерлерге қызмет көрсеткен басқа да оқиғалар бар ма?" деген сұрақтарға жауап беруден бас тартқан.

Жемқорлық істері бойынша жұмыс істейтін британдық екі белгілі заңгер SFO тергеушілерінен толық ақпарат күтіп отырғанын айтқан. Олардың пікірінше, Мәсімовтердің демалысын "Қазақмыс" қаржыландырмаған күннің өзінде, компания қызметкерлері саяхатты ұйымдастыруға уақыт жұмсаған. Заңгерлер тергеу бір ғана Париж сапарымен шектелмейді деп сенеді. "Қазақмыс" немесе оның өкілдерінің аталған саяхатқа қаржы бөлгені расталса, бұл мемлекеттік қызметкерге пара беру деп саналуы мүмкін" дейді заңгер, бұрынғы прокурор Руби Хамид.

SFO тергеу туралы толық ақпарат берген жоқ. Басылым "басқарма "кез келген сыйлық не қызмет түрі пара деп бағалануы мүмкін екенін", бірақ заң алдында жауапқа тарту туралы шешім жеткілікті дәлел мен "барлық жағдайды ескерген" қоғамдық қызығушылық болған кезде ғана қабылданатынын айтты" деп жазады.

2016 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінде жүрген 55 жастағы Кәрім Мәсімов аталған оқиға туралы пікір беруді сұраған хатқа жауап бермеген. Мәсімов екі рет Қазақстан премьер-министрі (2007-2012, 2014-2016), Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы (2012-2014) болған. Ол арнаулы қызмет төрағасы қызметіне тағайындалғалы елдің алдына өте сирек шығады, ешқандай мәлімдеме жасамайды. Бұрын Twitter-ге көп жазатын шенеуніктің парақшасы соңғы төрт жылда мүлде жаңармаған. Ашық дереккөздерден алынған ақпаратқа сәйкес, Кәрім Мәсімов пен әйелі Дилярам Машурованың (Кәрімова) үш баласы – екі қызы мен ұлы бар.

Осы аптада Мәсімовтердің Парижге сапары туралы америкалық Daily Beast басылымы да жазып, "Диснейлендке жасалған 100 мың долларлық сапар жемқорлыққа қарсы халықаралық тергеуге түрткі болды" деген мақала жариялады.

Басылым дерегінше, Қазақстанда металл өндірумен айналысатын "Қазақмыс" компаниясы мен Кәрім Мәсімовтің кеңсесінің жазысқан хаттары зерттеуші журналист Том Бургистің "Клептопия: лас ақша әлемді қалай жаулайды?" деген жаңа кітабында толық сипатталған. Журналист Мәсімовтің көмекшісінің Эдуард Огайға жазған хаты "маңызды бизнес өкіліне емес, туристік агентке жолданған хабарламаға ұқсайтынын" атап өткен. Клерк Мәсімовтің әйелімен сөйлесіп, оның қалауын білгенін, жеке ұшақ, Париж Диснейлендінде бірнеше күн болу және төрт не бес түнге Елисей алаңындағы қонақүйге түсу сияқты тілегін жеткізген. Бургистің сөзінше, "Қазақмыс" қызметкерлері "қажет дүниенің бәрін" жасаған.

Бургис Daily Beast басылымына берген пікірінде компания жұмыс істейтін елде билікте отырған репрессивті режимнің ең ықпалды адамдарының бірінің отбасына қымбат демалыс ұйымдастырған тау-кен өндірісі саласындағы кәсіпорын нақты немен айналысатыны ең үлкен сұрақ болып отырғанын айтқан.

Бургис жаңа кітабында Қазақстанда металл өндіретін, бірнеше жылдан бері Ұлыбританиядағы жемқорлыққа қарсы тергеудің нысанына айналған тағы бір кәсіпорын – ERG компаниясымен байланысты зерттеуге де тоқталған. Журналист Eurasian Resources Group компаниясының бұрынғы екі менеджерінің АҚШ-та бір түнде қайтыс болғанына назар аударады. Бұл істі зерттеумен Федералды тергеу бюросы айналысып жатыр.

ҚЫТАЙ ҚАЗАҚСТАНМЕН САУДАCЫН ҚЫЗДЫРЫП, УРАН КЕНІШТЕРІНЕ КӨЗ САЛЫП ОТЫР

Ағылшын тіліндегі Eurasianet.org сайты Қытайдың Орталық Азиядағы "Бір белдеу – бір жол" бастамасының аясында қолға алған жобалары туралы жазды.

Қазақстан – 2020 жылдың алғашқы жартысында Қытаймен сауда айналымы күрт азаймаған өңірдегі жалғыз мемлекет. Қос мемлекет арасындағы сауда жылдық есеп бойынша, небәрі 1,5 пайызға ғана қысқарған. Салыстырмалы түрде, Қытай кеден қызметінің дерегінше, Қырғызстанмен сауда айналымы 52,8 пайызға, Тәжікстанмен –34,4 пайызға, Түркіменстанмен –24,7 пайызға, ал Өзбекстанмен –22,2 пайызға азайған.

Қазақстанның Қытайға экспорты 2019 жылдың бірінші жартысындағы 5,1 миллиард доллардан биылғы алты айда 5,9 миллиард долларға дейін өскен (2015 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 2,1 миллиард долларға тең болған). Өсімге Пекиннің Қазақстаннан жіберілетін ауылшаруашылық тауарлары азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келеді деген шешімінен кейін жүзеге асқан сауда әсер еткен. Пекин Қазақстаннан келетін зығыр дәнін кіргізуге рұқсат берді. Қытайлық тапсырыс берушілер "Қазагро" квазимемлекеттік компаниясына өсімдік майын жеткізу үшін алдын-ала төлем аударған. Мамыр айында Қазақстан шошқа тұмауынан таза аумақ ретінде танылғаннан кейін, елдегі шошқа шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер де тауарын экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Қытайда африкалық обаның өршуінен 2018 жылдан бері шошқа саны екі есе қысқарып, шошқа етіне сұраныс пен баға рекордтық деңгейге жеткен.

25 тамызда Шэньчжэнде орналасқан China General Nuclear Power Group (CGN Mining) компаниясы "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясымен Түркістан облысындағы Мыңқұдық және Жалпақ уран кен орындарын сатып алу туралы келісімшартқа отыру үшін жұмыс істеп жатқанын хабарлаған. Аталған кен орындары уранның бай қоры мен өндіріс құнының арзандығына байланысты болашағы зор нысандар саналады. Олар тағы бір Қытай компаниясының қатысуымен игеріліп жатқан Семізбай-У және Іркөл кен орындарына жақын орналасқан.

Соңғы жылдары Қытай әртүрлі салада, соның ішінде пайдалы қазбалар өндірісі, ауыл шаруашылығы, көлік саласы мен банк секторында жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан экономикасындағы үлесін арттырып келеді. Нұр-Сұлтан мен Пекин арасындағы экономикалық қатынастардың ашық болмауы елде соңғы жылдары Қытайға қарсы көңіл-күйдің күшеюіне әсер етіп отыр.

Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:26 0:00

"БОРАТТЫҢ" ЖАЛҒАСЫ

Ұлыбританияда шығатын Independent газеті британ актері әрі продюсер Саша Барон Коэн ойдан шығарылған қазақстандық журналист Борат Сағдиев туралы фильмнің жалғасын құпия түрде түсіргенін жазды.

2006 жылы жарық көрген бірінші комедияда рөлін Коэннің өзі сомдаған Борат "Қазақстанның пайдасы үшін" Америкаға аттанып, әртүрлі күлкілі оқиғаларға тап болады. Фильмнің шетелдегі көрсетілімінен жақсы табыс түскен. Қазақстан билігі бұл фильмге наразылық білдіріп, фильм елді жаман қырынан көрсетеді деп тапқан. Қазақстанда Борат туралы фильмнің көрсетілімі мен сатылымына тыйым салынған, ал билік өкілдері Саша Барон Коэннің үстінен арыз беретінін айтқан.

2007 жылы Коэн Борат тақырыбына оралу жоспарында жоғын айтқан еді. Сол кезде Қазақстанда біреудің арқасынан ауыр жүк түскендей болған шығар. Бірақ британдық комедия әртісі ойын өзгерткенге ұқсайды.

Британдық комик Саша Барон Коэн қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің рөлінде.
Британдық комик Саша Барон Коэн қазақстандық журналист Борат Сағдиевтің рөлінде.

Ақпарат құралдары жақында Коэн "Бораттың" жалғасын түсіру жұмысын аяқтап, фильмді кино әлеміндегі "бірнеше таңдаулы" адамға көрсеткенін хабарлады. Болжам бойынша, фильмнің екінші бөлімі жыл соңында немесе қарашада өтетін АҚШ-тағы президент сайлауына дейін прокатқа шығуы мүмкін.

Британдық Daily Mail таблоиды да бұл жаңалықты елеусіз қалдырмай, "Саша Барон Коэн өткен айда Лонг-Бичте өзінің танымал кейіпкері Бораттың түсірілімі кезінде көзге түскеннен кейін, фильмнің жалғасы шығады деген сыбыс тараған. Қазір бұл ақпарат расталды" деп жазды.

Өткен айда TikTok қолданушысы түсірілім көлігінің артынан жүріп бара жатқан ескі, сары жүк көлігінде отырған, үстіне Бораттың сұр түсті костюмін киген Коэнды видеоға түсіріп алғаннан кейін фильмнің екінші бөлімі шығады деген сыбыс тараған. Қолда бар дерек бойынша, фильмнің жалғасында Борат өзін 2006 жылғы бірінші бөлімнен кейін "үлкен киножұлдызға" айналғандай сезінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG