Accessibility links

Нұр-Сұлтан Пекинге қаншалықты "адал"? Шыңжаң "тұзағы"


Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті кезінде Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен бірге. 7 шілде 2018 жыл.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан президенті кезінде Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен бірге. 7 шілде 2018 жыл.

Халықаралық басылымдар Пекиннің Шыңжаңдағы саясатын сынаған қазақстандық белсенділерді қудалау мен Қытайдан қашқан "қайта тәрбиелеу лагерьлерінің" бұрынғы тұтқындары туралы жазып, Қытайды этникалық азшылықтарға қатысты "стратегиясын" қайта қарауға шақырған үндеулерді жариялады.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚЫТАЙДЫ СЫНАҒАН БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚАЛАЙ "БҰҒАТТАЙДЫ"?

Ағылшынтілді Eurasianet.org сайтында жарияланған "Шыңжаңға қатысты алаңдаушылық артқан тұста, Қазақстан Қытайды сынаушыларға қысым көрсетіп отыр" деп аталатын мақалада Пекиннің Шыңжаңдағы түркітілдес байырғы халықтарға, оның ішінде қазақтарға көрсеткен қысымы туралы айтқан қазақстандық белсенділерді қудалау мәселесіне назар аударылған.

"Қазақстанда Қытай [Шыңжаңда] бұрынғыдан да белсенді әрекет етіп жатқаны туралы жорамал азаяр емес. Бірақ билік Қытай үкіметін сынаған белсенділікті бұғаттап, бұрынғыша Пекинге адалдығын көрсетіп отыр" деп жазады Eurasianet.org.

Мақалада мұндай қудалауға мысал ретінде Алматыдағы Қытай консулдығының алдына бір адамдық пикетке шыққаны үшін 15 тәулікке қамалған Серік Әжібайдың ісі аталған. Әжібай Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяоны жақында айтқан екіжақты әскери әріптестік туралы пікірі үшін "нон-грата тұлғасы” деп жариялауды талап еткен. Осыған дейін де Қытайға қарсы мәлімдемелер жасаған Әжібай елшінің "Қытай мен Қазақстанның қарулы күштері "түрлі түсті революцияларға" (репрессивті үкіметтер бұл терминді автократияға қарсы жаппай демонстрацияларды жаман дүние етіп көрсету үшін қолданады) қарсы бірге әрекет етеді" деген сөзін орынсыз деп тауып, "ішкі саясатқа араласу" деп бағалаған.

Автор "Полиция көп күттірмеді. Құқық қорғау органы қызметкерлерінің бірден "Әжібай пикетті жалғыз өзі ұйымдастырмаған" деген ойға келгенін атап өту керек. <...>. Полиция Әжібайдың пикетін Қазақстан билігі Шыңжаң мәселесін көтерудегі белсенділігі үшін ұнатпайтын Серікжан Біләш ұйымдастырды деп күдіктенге ұқсайды" деген пікір айтады.

Тұрғын Қытай елшісінің әскер туралы сөзіне қарсы пикетке шықты. Полиция оны ұстап әкетті.

Тұрғын Қытай елшісінің әскер туралы сөзіне қарсы пикетке шықты. Полиция оны ұстап әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:24 0:00

Біләш Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және ислам дінін ұстанатын өзге ұлт өкілдеріне арналған "қайта тәрбиелеу лагерьлерінде" жоғалып кеткен адамдар туралы ақпарат жинап, репрессия куәгерлерінің хикаяларын ірі батыс басылымдары арқылы әлемге таратуға үлес қосқан Алматыдағы "Атажұрт" тобын басқарған.

Нұр-Сұлтан басында Біләшқа қандай амал қолданарын білмеді. Өйткені билік елдегі Қытайға қарсы көңіл-күйді де, Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі, “Біләштің белсенділігіне ашуланған” Пекиннің мүддесін де ескеруі керек. 2019 жылы ақпанда Біләшқа бірінші ескерту жасалып, тіркелмеген ұйымды басқарғаны үшін айыппұл салынды. Кейіннен Серікжан Біләшқа экстремизм айыбы тағылды. Оған кінәсін мойындау туралы келісімге келуге тура келді. Осыдан кейін Біләш ресми түрде "Атажұрт" ұйымынан алыстады. Автор "Экстремистік риториканы — Қазақстан үкіметін сынаушыларды жазықсыз түрмеге жабу үшін жиі қолданылатын әдістердің бірі" деп көрсеткен.

Қытай "қайта тәрбиелеу лагерьлерінен" қазақтарды босатуды талап ету бойынша науқан жүргізген белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 17 тамыз 2019 жыл.
Қытай "қайта тәрбиелеу лагерьлерінен" қазақтарды босатуды талап ету бойынша науқан жүргізген белсенді Серікжан Біләш. Алматы, 17 тамыз 2019 жыл.

Экономикалық тұрғыдан алпауыт көршісіне тәуелді Қазақстан Қытайды ашық сынауға батпайды. Қытаймен тығыз қарым-қатынас құрған, елді отыз жылға жуық басқарып, әлі де биліктегі ықпалын сақтап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың орнына келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңында Deutsche Welle арнасына берген сұхбатында Қазақстан "Қытайға қарсы ғаламдық майдан шебіне айналмауы керек" деген. Тоқаев халықаралық құқық қорғау ұйымдарының Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі түркітілдес мұсылман халықтарды қудалау туралы көп ақпараты "шындыққа жанаспайтынын" және этникалық қазақтарға қатысты бұл тақырыпты "әдейі өршіту жүріп жатқанын" айтты.

Қазір Серікжан Біләш тағы да сотқа тартылуы мүмкін. Бұл жолы "Атажұрттың" орнына құрылған, Біләштің одақтасы Бекзат Мақсұтханұлы басқаратын, тіркелмеген "Нағыз Атажұрт" тобына қатысты айыптаулар тағылып отыр.

"Біләш пен оның тобындағыларды Қытай үшін ғана қудалап отырған жоқ. Нұр-Сұлтандағыларды Шыңжаң мәселесіне қатысты белсенділік пен оппозициялық белсенділік бірігуі мүмкін немесе бұл идеялар ендігі бірігіп үлгерген де шығар деген ой алаңдатып отыр" деп жазады Eurasianet.org.

ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАЗАҚТАРҒА ҚҰРЫЛҒАН "ҚАРЫЗ ТҰЗАҒЫ"

Вашингтоннан шығатын Diplomat газетінде жарияланған "Шыңжаң лагерьлеріндегі қарыз тұзағы" деген мақалада Қытайдың солтүстік-батысындағы “қайта тәрбиелеу лагерьлерінде” тұтқындардың қаржылық және мүлік құқықтары бұзылғаны жөнінде жазылған.

"Көп жыл бойы Қытай билігі "терроризмге қарсы" белсенді күрес жүргізіп келеді. Бірақ шын мәнінде бұл шаралар этникалық азшылық өкілдеріне, әсіресе Шыңжаң-Ұйғыр автономды ауданындағы мұсылмандарға қарсы бағытталған. Қытайдағы терроризмге қарсы күрес әдісі жүздеген мың немесе миллиондаған адамды "оқу орталықтарына" жіберуге негізделген. Көп куәгердің айтуынша, бұл орталықтар түрме сияқты басқарылады және "шәкірттерінің" этникалық ерекшелігін жоюды көздейді. Жақында жарияланған ғылыми және журналистік есептерде үкіметтің әрекетін сипаттауға "геноцид" сөзі дәл келетіні айтылған. Қытай ғалымы Адриан Зенцтің есебінде үкімет көбіне ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге түркітілдес халық өкілі саналатын әйелдерді стерилизация, аборт пен жүктілігін тексеруге мәжбүрлеу арқылы туу көрсеткішін азайтуға тырысқанын растайтын дәлелдер келтірілген" деп жазады Diplomat.

Мақалада табысты кәсіпкерден Қазақстандағы мигрантқа айналған, Қытайдан келген этникалық қазақ Дина Нұрдыбайдың хикаясы берілген. Динаның әңгімесінен "оқыту" кезіндегі тағы бір ықтимал құқықбұзушылық "қарыз тұзағы" туралы білуге болады. Дина Нұрдыбай 2015 жылдан бері қазақтың ұлттық киімін тігумен айналысатын компанияны басқарып келген. Динаның қол астында 30 адам жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, басында билік кәсібіне қолдау көрсеткен. Бірақ шектеулер де болған. Билік Динаны есепші қызметіне хань ұлтының өкілін алуға және Шыңжаңдағы 56 этникалық топтың бәрінің ұлттық киімін тігуге міндеттеген. Осы талаптарды орындағаннан кейін ғана Дина Нұрдыбайға кәсібін тіркеуге рұқсат берген.

2016 жылы кәсіпорын ашылғанына бір жыл толғанда, уезд билігі Нұрдыбайға несие алуға кеңес берген. Банк қызметкерлері кәсіпкерлерге арналған "бастапқы" нұсқа — екі жылға берілетін пайызсыз несие алуды ұсынған. Нұрдыбай бір жылдан кейін қарызын жабуға жеткілікті қаржы жинап, банктегі несиесін қайтармақ болған. Бірақ есепші қарыз мерзімі аяқталғанша күте тұруға көндірген.

2017 жылы қазан айында Нұрдыбайды полицияға шақырып, бір жылға жуық уақытқа "қайта тәрбиелеу лагеріне" жіберген. Оның "қылмысы" ресми түрде Шыңжаңда заң бойынша қолдануға тыйым салынған WhatsApp қосымшасын пайдалану деп тіркелген. Кейінірек Дина билік өзін "сенуге болмайтын адам" деп танығанын білген.

Шыңжаңда қамауда отыр деген туыстарының суретін ұстаған қазақтар баспасөз мәслихаты кезінде. Алматы, желтоқсан 2018 жыл.
Шыңжаңда қамауда отыр деген туыстарының суретін ұстаған қазақтар баспасөз мәслихаты кезінде. Алматы, желтоқсан 2018 жыл.

Дина Нұрдыбай "лагерьлерге" халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен әлемдік ақпарат құралдарының назары ауғаннан кейін Қытай үкіметі бірқатар қазақ тұтқынды босатуға мәжбүр болды деп есептейді.

Бостандыққа шыққан Дина тігін құралдары жоғалып, кәсіпорын орналасқан мекеменің тоналғанын көрген. Көп ұзамай банктен қоңырау түсе бастаған. Нұрдыбай бүкіл мүлкін сатып, несиенің жартысын өтеп, Қазақстанға кеткен. Бір жылдан кейін ол Қытайға оралғысы келмейді. Дина өзін қарызының қалған бөлігін "қара фабрикада" (Қытайдың ішкі өңірінде орналасқан, этникалық азшылық өкілдерін күштеп еңбекке жегетін кәсіпорындар желісі) жұмыс істеп өтеуден Қазақстанға қашу ғана құтқарып қалғанын айтады.

"Дина Нұрдыбай басынан өткен оқиғаны — Қытайдағы этникалық азшылық өкілдеріне қосымша қысым көрсету мақсатында ұйымдастырылған, мұқият жоспарланған қаржылық тұзақтың нәтижесі" деп бағалайды. Бұл тәжірибе Қытайдағы лагерь жүйесінің әлі көпшілікке мәлім болмаған тағы бір қорқынышты тұсы барын дәлелдейді: бостандыққа шыққандарды қаржылық күйреу күтіп тұр" деп жазады басылым.

"ШЫҢЖАҢНАН ШЫҒУ СТРАТЕГИЯСЫ"

Жапонияның Asia Nikkei онлайн-журналында Клермонт-Маккена колледжінің профессоры және АҚШ-тағы “Маршаллдың Германия қоры” ұйымының зерттеушісі Миньсин Пэйдің "Қытайға Шыңжаңнан шығу стратегиясы керек" деген колонкасы жарияланды.

Автор Қытайдың басшысы Си Цзиньпин "барлық ұйғыр мұсылманды босатып, олардың әрқайсысына өтемақы төлеуі керек" деп есептейді. Оның пікірінше, жаппай тұтқындау, идеологиялық жұмыстар жүргізу және қатаң қауіпсіздік шаралары Шыңжаңдағы тұрақтылықты сақтауға көмектеспейді.

Автор "Радикалды бағыттағы мұсылмандарды түрмеге жабу олардың экстремистік көзқарасын одан әрі күшейтеді. Ал жазықсыз адамдарды тұтқындау олардың экстремизмге сезімталдығын арттырады. Қытай жаппай тұтқындау бағдарламасын бастамай тұрып, Шыңжаңдағы қауіпсіздік мәселесі басқаруға ыңғайлы болса, енді билік лагерьдегі мұсылмандарды босатқан кезде басқыншылардың ауқымды қозғалысына тап болуы мүмкін. Олар тұтқындарды лагерьлерде мәңгілік ұстап отыруды ойламаған шығар?!" деген пікір айтады.

Миньсин Пэй Шыңжаңдағы саясат Қытайдың басты геосаяси бәсекелесі АҚШ-қа Қытайға қарсы ғаламдық үлкен коалиция құруға көмектеседі деп есептейді.

"Ерте ме, кеш пе, Пекинге "Шыңжаңдағы жүзеге аспаған саясатынан шығу стратегиясы керек болады". Қытай бірінші кезекте жабық мекемелердегі барлық мұсылманды босатып, әр тұтқынға бизнес ашуға 100 мың юань (шамамен 14 300 доллар) көлемінде өтемақы төлеуге басымдық беруі керек. Одан бөлек, Шыңжаңда өндірілетін табиғи ресурстардан түсетін табысты бірлесіп пайдалану бойынша міндеттемелер қабылдау да маңызды қадам болар еді. Шыңжаңда өндірілген мұнай, газ, көмір мен минералды байлықтан түскен табыстың бір бөлігін өңір тұрғындарына үлестіруге негізделген жүйенің арқасында Қытайдың халықаралық деңгейдегі беделі қаншалықты артатынын елестетіп көріңізші" деп жазады автор.

Профессор билікке Шыңжаң мұсылмандарының мәдени мұрасына құрмет көрсету арқылы "олардың жүрегі мен ақылын жаулап алуға" кеңес береді. Ол билікті ислам және ұлттық дәстүрлерге тыйым салуды және өңірге хань ұлтының өкілдерін көшіруді тоқтатуға, белгілі ұйғыр ғалымдарын, оның ішінде Ильхам Тохтиді түрмеден босатуға шақырады.

"Осындай шығу стратегиясын пайдалану арқылы Пекин шығындарын қысқартып, өзін-өзі қорғау саясатын Шыңжаңның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұзақмерзімді стратегияға ауыстырады. Бұл әрине, бүкіл әлемдегі қырсық саясаткерлер сияқты жеңілісін мойындауды құп көрмейтін қытайлық басшыларға ауыр тиеді" дейді Миньсин Пэй.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG