9 шілдеде АҚШ Қытай билігінің бұрынғы және қазіргі төрт шенеунігіне санкция салды. Вашингтонның пікірінше, бұл адамдардың Шыңжаңдағы ұйғыр және өзге де мұсылман аз ұлттарға қарсы "жан түршігерлік және жүйелі" адам құқығын бұзу фактілеріне тікелей қатысы бар. АҚШ қаржы министрлігінің дерегінше, бұл Магнитский актісінің аясында жүзеге асқан. Пекин бұған жауап ретінде АҚШ-қа қарсы санкция салды. "АҚШ бұл әрекеті арқылы халықаралық қарым-қатынастың негізгі нормаларын бұзып, Қытайдың ішкі ісіне араласып отыр. Бұл Қытай мен АҚШ қарым-қатынасына едәуір зардабын тигізеді" деді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Чжао Лицзянь.
АҚШ президенті Дональд Трамп маусымда бұған дейін конгресс қабылдаған, Қытайдың Шыңжаң өлкесінің тұрғындарын – ұйғырлар мен өзге мұсылмандарды қудалауға қатысы бар жоғары лауазымды шенеуніктеріне қарсы санкция енгізуді қарастыратын заң жобасына қол қойды. Шыңжаңдағы мұсылмандардың құқығының бұзылуын сынайтын заң нақты тұлғаларға қарсы санкция салу бойынша ерекше құзырет береді.
Трамптың мәлімдемесінде Шыңжаңдағы адам құқығын бұзу фактілерінің арасында арнайы лагерьлерге жабу да бары айтылады. Ұйғырлар мен басқа мұсылман халықтардың ұлттық ерекшелігі мен діни ұстанымын ұмыттыру үшін лагерьге түскен азаматтарды идеологиялық дайындықтан өткізіп, еркінен тыс жұмысқа жегеді. Пекин билігінің пікірінше, исламның сүннит ағымы – көп ғасыр бұрын түркі тілдес басқыншылар әкелген, жергілікті халыққа жат дін саналады.
Америкалық және еуропалық журналистердің және АҚШ мемлекеттік департаментінің дерегінше, кейінгі жылдары "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" (ең үлкені Қашғар қаласында орналасқан) 800 мыңнан екі миллион адамға дейін күштеп жіберілген. Ұйғырлар тұратын аудандарда GPS көмегімен адамдарды жаппай аңдыған. Билік сондай-ақ 16-65 аралығындағы ұйғырлардың ДНК үлгілерін жинаған деген деректер де бар. Ұйғырлардың нақты санын ешкім білмейді. Пекин билігі олардың саны 12 миллионнан аспайтынын айтады, ал ұйғырлардың өз есебінше, халық саны 20 миллионнан кем болмауы керек.
Қытай билігі мұсылмандардың діни еркіндігін жиі шектейді: қасиетті Рамазан айында ораза ұстауға тыйым салып, тағамға халал өнімдер пайдаланғаны үшін жазаға тартады. Шыңжаңда ерлерге "дұрыс емес" сақал өсіруге, әйелдерге хиджаб киюге тыйым салатын арнайы заңдар бар. Жергілікті тұрғындардың үйде сақтайтын жайнамаздар мен Құран кітабын жиі тәркілейді, діни контент бар-жоғын тексеру үшін смартфондарын қарайды.
Үкімет Шыңжаңда мыңдаған мешітті жауып, қиратқан. Бұл тәжірибе Қытайдың басқа өңірлеріне де тарала бастады. Ислам дінін ұстануды жалғастырған адамдарға "лагерьге" айдалу қаупі төнеді. Лагерьлерде тұтқындарды исламнан бас тартып, Қытай Коммунистік партиясының идеологиясын қабылдауға мәжбүрлейді. Оларға партияны ұлықтайтын коммунистік ұрандар мен әндер айтқызады. Бұл сабақтарды тез меңгере алмаған адамдарды ұрып-соғып, тамақ бермей қояды.
Мысалы, 2020 жылы маусымда Қашғар қаласындағы Қытайдағы ең ірі және көне саналатын Ид Ках ұйғыр мешітінің кіреберіс маңдайшасына жүз жыл бұрын қойылған каллиграфиялық жазуы бар әдемі панно жоғалды. Ол Қытай үкіметінің бұйрығымен алынып тасталды. Сонымен бірге Қашғардағы мешіттердің күмбезі мен мұнарасындағы жарты ай мен жұлдыздар да жойылды.
Пекин ұйғырлардың жаңа толқыны ислам мәдениетін емес, хан дәстүрлерін ұстанғанын талап етіп отыр. Мысалы, 18 жасқа дейінгі балаларға мешітке баруға болмайды. Ата-аналары балаларына мұсылманша ат қоя алмайды. Азат Азия радиосының дерегінше, балаларға Арафат, Хүсейін, Сейпидин, Сейпулла, Несрулла, Шемшидин, Садам мен Мұджахит, ал қыздарға – Муслиме, Мухлисе, Айше, Фатима және Хедиче деген есімдер қоюға тыйым салынған. Жақында үкімет бұл талап 16 жасқа дейінгі балалардың бәріне қолданылатынын айтып, оларды мұсылман аттарын қытай есімдеріне өзгертуге мәжбүрлей бастады.
Шыңжаңда тұрсаңыз, Қытай арнайы қызметінің назарына ілігу үшін төмендегі себептердің болуы жеткілікті:
- Ана тіліңізде сөйлеу,
- Сақал қойып не хиджаб кию,
- WhatsApp қосымшасын қолдану,
- Намаз оқып, мешітке бару,
- Темекі тартпайсыз, ішімдік ішпейсіз және шошқа етін жемейсіз,
- Шенеуніктермен сөз таластырып, олардың үстінен шағымдану,
- Араб жазуы бар киім кию,
- Ораза ұстап, таңғы асыңызды күн шықпай тұрып ішу,
- Шетелге бару.
2019 жылы қыста Шыңжаңда жаңа тәжірибе пайда болды. Ай күнтізбесі бойынша жаңадан келген доңыз жылын тойлау кезінде Шыңжаң өлкесінің -кей аймағында қытай шенеуніктері жергілікті мұсылмандардың үйін аралап, шошқа етін таратып, оларды қонаққа шақырып, дастарханға доңыз етін қойған. Ислам дінін ұстанатын адамдарға шошқа етін жеуге тыйым салынған. Азат Азия радиосының дерегінше, бұл қытайдың хан мәдениетін насихаттау және ұйғырлар, этникалық қазақтар мен ислам дінін ұстанатын өзге ұлт өкілдерінің ұлттық және діни санасын басып-жаншу науқанының бір бөлігіне айналған. Билік сыйға тартқан шошқа етін жеуден бас тартқан мұсылмандарды "экстремист" деп атағанын растайтын дәйектер бар.
Кейінгі уақытта ұйғыр әйелдері өте қиын жағдайда қалған: оларды еркінен тыс тұрмыс құруға мәжбүрлеп, жаппай күштеп стерилизациядан өткізеді. Мұндай некеден бас тартқан әйел мен оның туыстарын тұтқындап, қайта тәрбиелеу лагеріне жіберуі мүмкін.
Бірнеше жыл бұрын Қытай үкіметі Шыңжаңда аралас некеге тұрған жұптарға қолма-қол ақша түрінде сыйақы беруді ұсынған, бірақ бұл әдістен нәтиже шықпаған. Енді билік аралас некені жарнамалауға күш салып жатыр. Қытайлық интернеттегі видеоларда "бақытты жұптар" жиі көзге түседі. Ал журналдар хан ерлеріне арналған "ұйғыр қыздың жүрегін қалай жаулап алуға болады?" деген кеңестерге толы.
Кейінгі екі жылда Пекиннен Шыңжаңға миллионнан астам шенеунік іссапарға жіберілген. Жергілікті жерде "туыстар" деп аталатын шенеуніктердің міндеті – ұйғыр отбасында тұрып, адамдарды аңдып, жергілікті тұрғындардың діни қызметі мен Қытай Компартиясына адалдығы жөнінде есеп дайындау. Көп жас ұйғырдың лагерьге қамалып, Шыңжаңда хан өкілі саналатын ерлер көбейген.
Вашингтон штаты университетінің антрополог ғалымы Дэррен Байлердің жақында жарық көрген мақаласында ұйғыр әйелдерінің өздеріне Шыңжаңға келген қытай-хан ұлтының өкілдеріне тұрмысқа шығуға көндіру мақсатында көрсетілген қысым туралы сұхбаттың нәтижесі жарияланған. Сұхбат берген әйелдердің бірі Гүлмира өзінің жұмыс берушісі жұма күндері ұйғыр қыздары мен хан ерлеріне арналған би кештерін ұйымдастыратынын айтқан. "Соңғы жылдары қыздардың көбі "туыстарға" тұрмысқа шықты. Отбасын құрудан бас тартқандар "лагерьге" түсуі мүмкін" дейді ол.
2020 жылы маусымның соңында Вашингтондағы Jamestown Foundation зерттеу орталығы Компартияның Шыңжаңда мұсылман әйелдерді күштеп жаппай стерилизациядан өткізетіні туралы жаңа баяндама жариялады. Баяндама авторлары Қытай үкіметінің құжаттары мен осы науқанның құрбаны болған әйелдердің сұхбаттарын негізге алған. Шыңжаңдағы діни азшылық өкілдері арасында туу көрсеткішін төмендету және әйелдерді жасанды түсік жасатуға мәжбүрлеу бойынша ұзақ жылға созылған саясаттың жай-жапсары белгілі болды. Мысалы, ұйғырлар көп тұратын екі аймағындағы туу коэффициенті 2015-2018 жылдары 84 пайызға азайған.
Баяндамада Пекиннің ұйғырлар мен байырғы халықтар арасындағы туу көрсеткішін төмендету мақсатындағы амалдары да сипатталған. Мысалы, 2019 жылы Шыңжаңның бір аймағында Қытай үкіметі тұрмыс құрған, бала туатын жастағы әйелдердің үштен бірін стерилизациядан өткізу туралы мақсат қойған. Құжатта бүкіл Қытай аумағында 2018 жылы жасалған жатыр ішіне спираль орнату процедурасының 80 пайызы Шыңжаңда өткені көрсетілген. Бүкіл ел халқының небәрі 1,8 пайызы ғана Шыңжаңда тұратынына қарамастан, контрацепцияның мұндай әдісі бірінші кезекте Қытайдың осы ауданында қолданылған.
Үкіметтің туу көрсеткішін бақылауда ұстауға арналған шараларына бағынудан, яғни жасанды түсік жасатудан не стерилизациядан өтуден бас тартқан, көп баласы бар әйелдердің бостандығына қауіп төнеді. Баяндамада бұған дәлел болатын мысалдар көп. Мәселен, ұйғыр әйелі Зумрат Давутқа рұқсат етілген екі баланың орнына үш баласы болғаны үшін айыппұл салынған. "Лагерьде" жазасын өтегеннен кейін, оны "қайтадан түрмеге жабамыз" деп қорқытып, хирургиялық стерилизациядан өткізген.
Үш баланың анасы Михригүл Турсун деген ұйғыр әйел де Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерінде азаптауға ұшырағанын айтқан. Сөзінше, оған күштеп есірткі беріп, бірнеше күн бойы ұйықтатпай тергеген, орындыққа байлап, электр тогымен ұрған. Ол журналистерге тергеушілердің "Ұйғыр болу – қылмыс" дегенін жеткізген. Михригүл бірнеше жыл Египетте білім алып, сол жақта араб азаматына тұрмысқа шыққаннан кейін 2015 жылы Қытайға оралған. Ол ата-анасы мен отбасы мүшелеріне жаңа туған балаларын көрсеткісі келген. Бірақ елге келген кезде тұтқындалған Михригүл үш айлық үшемінен ажырап қалған. Ол бостандыққа шыққанда, бір баласы көз жұмғанын, қалған екеуі қатты сырқаттанып, оларға ота жасалғанын естіген. Отадан кейін тірі қалған сәбилерді түтікше арқылы тамақтандыруға тура келген.
Михригүл Турсун Египетте ешқандай саяси қызметпен айналыспаса да, тергеушілер өзіне шетелдегі өмірі туралы өте көп сұрақ қойғанын айтады. Ол биліктің өзінен күдіктенуіне шет тілдерін білуі себеп болды деп есептейді.
2017 жылы Михригүлді еркінен тыс екінші рет, 2018 жылы үшінші рет "лагерьге" жіберген. 2018 жылы қаңтарда Михригүл лагерьде үш ай бойы 67 әйелмен бірге өте тар камерада отырған. Олар екі сағаттан кезекпен ұйықтап, қалған уақытта аяғынан тік тұруға мәжбүр болған. Лагерь қызметкерлері тұтқындарға есірткі мен қансырауға әкеп соғатын сұйықтық ішкізген. Ас-cу бермеген. Михригүлдің айтуынша, үш айда өзімен бірге камерада отырған тоғыз әйел қайтыс болған. Ол тұтқыннан аман шығатынына сенбегенін айтады. Кейін кенеттен мерзімінен бұрын босап шыққан Михригүл Египетке қашып, одан әрі АҚШ-қа жеткен.
ПІКІРЛЕР