Ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный штабының үйлестірушілері Новосибирскі мен Томск қалаларында 13 қыркүйек күні өткен аймақтық сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша жеңіске жеткен. Навальный уланбай тұрып осы қалаларда болған еді.
Навальный штабының Томск облысы бойынша үйлестірушісі Ксения Фадеева Томск қалалық думасының сайлауында жеңді. Бұл туралы сайлау округінің алдын ала қорытындысына сүйенген Фадеева мен жақтастары хабарлады. Фадеева 9 сайлау учаскесінің жетеуінде "Единая Россия" кандидатын жеңген.
Жемқорлықпен күрес қорының директоры Иван Ждановтың айтуынша, Фадеева – Ресейдегі сайлауда алғаш жеңген Навальный штабының үйлестірушісі. Ол әлеуметтік желіде "Навальныйға Томскіде у берген. Бұл штабтың соған қайтарған мықты жауабы болды" деп жазды.
Навальный аймақтық штабының жетекшісі Сергей Бойко да сайлауда жеңген. Бойконың Новосибирск қалалық кеңесіне депутат болып сайланғаны хабарланды.
Ресейлік оппозиционер, Жемқорлықпен күрес қорының жетекшісі 44 жастағы Алексей Навальный 20 тамыз күні Томскіден Мәскеуге бағыт алған ұшақта жағдайы күрт нашарлаған. Ол Новосибирск мен Томскіге жергілікті биліктің әрекеті туралы зерттеу жасау үшін келген. Бұл зерттеу кейіннен Жемқорлықпен күрес қорының сайтында жарияланды. Навальный Омбы ауруханасына жатқызылып, екі күннен соң Берлинге емдеуге жіберілді. Неміс мамандары оның "Новичок" тобына жататын заттан уланғанын анықтады.
13 қыркүйекте Ресейдің 41 аймағында түрлі деңгейдегі сайлау өткен. Навальный жақтастарын "ақылды дауыс беру" қосымшасы арқылы сайлауға қатысуға шақырған.
ПІКІРЛЕР