Accessibility links

Швейцария Өзбекстанға Гүлнара Каримова есепшотындағы 131 млн долларды қайтарады


Смартфонда тұрған Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримованың суреті.
Смартфонда тұрған Өзбекстанның бұрынғы президентінің қызы Гүлнара Каримованың суреті.

Швейцария мен Өзбекстан келісімге қол қойып, оған сәйкес Гүлнара Каримованың Швейцария банктеріндегі есепшотта қалған 131 миллион доллары Өзбекстанға қайтарылады. Бұл туралы Швейцария үкіметінің хабарламасында айтылады.

Келісім талаптарына сәйкес, Ташкент қайтарылған ақшаны қалай жұмсағанын ашық жариялап, есеп беріп отыруы тиіс. Билік бұл қаражатты "халықтың жағдайын жақсартатын", елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жобаларға жұмсауы қажет.

Гүлнара Каримованың үстінен қозғалған қылмыстық іс аясында тағы 715 миллион доллар бұғаттаулы күйде қалған. Бұл қаржы да алдыңғы шартпен Өзбекстанға қайтарылуы мүмкін. Қаңтар айында Өзбекстан бас прокуратурасы Каримова ісі аясында Швейцарияға 70 өнер туындысын қайтаратынын мәлімдеген.

Өзбекстанда Каримова "ақша жымқыру" және "бопсалау" баптары бойынша сотталған. 2012 жылы Швейцарияның федералдық прокуратурасы қылмыстық іске байланысты Каримованың шамамен 879 миллион долларын бұғаттаған еді. Былтыр бұл соманың 131 миллион доллары кәмпескеленген болатын.

Биыл мамыр айында Франция Өзбекстанға Каримованың 10 миллион долларын қайтарған. Бұл қаражат Өзбекстанның мемлекеттік бюджетіне аударылған және жалпы мақсатта жұмсалып жатыр.

Өзбекстан билігі активті қайтару бойынша Швейцария, АҚШ, Франция, Ресей Федерациясы және өзге елдердің құзырлы органдарымен жұмыс істеп жатыр. Ақпарат бойынша, мәселе Каримованың 1,3 миллиард доллар активі жайлы болып отыр.

Оқи отырыңыз: Ташкент Гүлнара Каримовадан қайтарылған ақшаны қалай жұмсайтынын айтты

Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін 2017 жылы қызы Гүлнара Каримова Өзбекстанда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Оған "салықтан жалтарды", "қаржы жымқырды", "бопсалады", "офшор компаниясының құжаттарын жойды" дегеп айып тағылды. АҚШ пен Еуродақтың бірнеше елі Каримованы қаржы жымқырды деп айыптағаннан кейін Өзбекстанда экс-президенттің қызының үстінен іс қозғалған.

Каримоваға алғаш рет сот үкімі шыққаннан кейін ол біраз уақыт үйқамақта отырды. Бірақ 2019 жылы наурызда "үйқамақ ережесін бұзды" деп айыпталып, Ташкент облысындағы түрмеге жіберілді. Каримова мен оның қызы бұл айыптарды жоққа шығарды. Осыдан соң Каримованың үстінен екінші қылмыстық іс қозғалған.

Үшінші қылмыстық іс бойынша ол 13 жыл 4 айға бостандығынан айрылған. Каримоваға және онымен бірге сотталған тағы бірнеше адамға "қылмыстық қауымдастық құрып, ақша бопсалау, бюджет қаржысын жымқыру, қылмыстық жолмен алынған қаржыны заңдастырумен байланысты қылмыс жасады" деген айыптар тағылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG