Accessibility links

Қазақстан қорғаныс министрлігі Беларусьте өтетін әскери жаттығудың наразылыққа қатысы жоқ дейді


Әскери жаттығу.
Әскери жаттығу.

12-16 қазан аралығында Беларусьте өтетін "Нерушимое братство" (Мызғымас бауырластық) әскери жаттығуының наразылыққа қатысы жоқ. Бұл туралы 16 қыркүйекте Қазақстан қорғаныс министрлігінің өкіліне сүйенген Sputnik Kazakhstan агенттігі хабарлады. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жаттығуына Қазақстан да қатысады.

"Бұл жаттығудың Беларусьтегі ішкі жағдайға қатысы жоқ. "Нерушимое братство" жаттығуы жыл сайын 2012 жылдан бері ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бітімгерлерімен бірге өткізіліп келеді" деді қорғаныс министрлігінің ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов.

Қазақстаннан бөлек Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан, Тәжікстан әскерилері қатысатын жаттығу Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Беларусьтегі "Лосвидо" полигонында өтеді.

Ресей қорғаныс министрлігі бір айда осымен екінші рет Беларусь аумағында әскери жаттығу өткізетінін хабарлап отыр. Қазір Беларусьте "Славянское братство-2020" жаттығуы өтіп жатыр. РБК сайтының жазуынша, Брест полигонында өтіп жатқан әскери сынаққа ресейлік әуе-десант әскерінің десанттық-штурм дивизиясы қатысып жатыр. Бастапқыда оған Сербия сарбаздары келеді деп айтылған. Кейінірек Белград Еуроодақ басшылары тарапынан қысым болғанын алға тартып, жарты жылға әскери жобалардан бас тартатынын айтқан.

Беларусьте бір айдан астам уақыттан бері президент Александр Лукашенконың отставкасын талап еткен наразылық акциялары өтіп жатыр. Сайлау қорытындысы бұрмаланды деп санайтын наразылар жаңадан әділ сайлау өткізуді де талап етіп отыр. Еуроодақ және бірқатар Батыс елдері Беларусьтегі сайлаудың қорытындысын мойындамаған.

Дүйсенбі күні Сочиде Александр Лукашенко мен Ресей президенті Владимир Путин кездескен. Олардың кездесуінен кейін Мәскеудің Лукашенко үшін құрған күштік құрылымдар резервін шекаралық аймақтан "тұрақты орынға ауыстыратыны" хабарланды. Бұған дейін Путин наразылық жалғасып жатқан Беларусьте "жағдай бақылаудан шығып, бүлік басталса ғана резерв көмегіне жүгінеміз" деген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG