Бұқтырма – Қазақстандағы ең ірі әрі ұзын су қоймасы. Су айдынына әлі күнге дейін көпір салынбаған. Шығыс Қазақстан облысындағы Қытаймен шекаралас бірнеше ауданның ондаған мың халқы өзге қалаларға қатынау үшін Бұқтырманы айналып өтуге немесе ескі пароммен жүруге мәжбүр. Үш жыл бұрын облыс әкімдігі көпірді шетелдік инвесторлар салады деп хабарлаған. Бірақ шетелдік инвестор да, үкіметтен бөлінетін қаржы да жоқ. Азаттық тілшісі Күршім ауданына барып, көпірдің салынуын көп жылдан бері күтіп жүрген тұрғындармен сөйлесіп қайтты.
Біз мінген көлік Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласынан екі сағат жол жүріп, Бұқтырма су қоймасындағы шағын айлаққа келіп тоқтады. Осы жерден арғы бетке паром жүреді. Қашықтығы бес шақырымнан асатын екі жағалау арасында баяу қозғалатын паром қатынайды. Палубада жолаушылар төңіректі тамашалап тұр.
Жағалауға жақындағанда екпінін басқан өзге көліктер жыбырлап келіп тоқтап жатыр. Жүргізушілер келесі паром келгенше біраз уақыт барын ескеріп, өзара әңгімеге кіріскен. Күн сәулесі су бетіне шағылысып тұр. Бұқтырманың Зайсан жағына көзді қолмен көлегейлеп қана қарай аласыз. Анда-санда шағала шаңқылы естіледі. Шығыстағы бірнеше ауданды орталықтан бөліп жатқан енді су айдыны осы – Бұқтырма.
Азаттықтың деректі фильмі
"ЖОҚ ДЕГЕНДЕ ПАРОМ ДҰРЫС ЖҮРІП ТҰРСА БОЛАР ЕДІ"
Жарты сағаттан кейін Күршім мен Зайсан ауданынан келе жатқан жолаушыларды тиеген келесі паром жетті. Сыртын сырлап, өңін келтіргенмен кеменің тым ескі екені бірден көзге ұрып тұр. Қолына касса аппаратын ұстаған әйел көлік жүргізушілерден жолақыны жинап алып, біртіндеп ішке өткізді.
Іркес-тіркес тоқтаған көліктен түскен жолаушылар паромның жоғарғы жағына қарай көтерілді. Соңынан ілесе шықтық. Күршім жаққа көз жіберіп қарап отырған қария бізбен амандасып, "табиғатымыз әдемі болғанымен, тұрмысымыздан сән кетіп тұр" деп әңгімесін бастады.
– Қанша жылдан бері паромға байланған өмір. Бұл күндіз ғана жүреді. Түнде тоқтайды. Міне, апаттың бәрі осыдан болады ғой. Паромға үлгеру керек деп асығып, бар шамасымен айдайды. Адамдар жағада түнеп қалады. Жақсы ма сол? Осыған бір жағдай жасаса болар еді. Көпір саламыз дегелі неше жыл болды, жыл сайын уәде береді. Жоқ дегенде паром дұрыс жүріп тұрса игі еді, – дейді жасы жетпістен асқан Тұрсын Толыбаев.
Қария Өскеменнен келе жатыр екен. Биыл жазда коронавирус індеті өршіген кезде қайтыс болған әпкесінің қырқына қатысып қайтқан беті. Әпкесі дүние салған тұста бір ғана паром жүріп тұрғанын айтады.
– Алдында ғана өттім осы жерден. Анау жолдың бойы толған кезек. Орынға таласқан жұрт. Осындай жағдай болмаса, солар бір-біріне сөйтер ме еді? Елдің жүйкесі де тозып барады. Бұлай болмайды ғой, – деп налиды Тұрсын ақсақал.
Қарияның айтуынша, көпір мәселесі совет билігі кезінде бірді-екілі көтерілген. Бірақ сол үміт ақталмай, тәуелсіздіктің отыз жылында да салынбағанына қынжылады. Бұқтырма су қоймасында көпір жоғы шалғайдағы ел тіршілігін тұралатып тұр деген Тұрсын Толыбаев таңертең бірінші паромға үлгеру үшін жұрт үйінен түнгі сағат екі-үштен тұрып келетінін айтады.
– Бәрі осы паромның кесірінен болады. Апаттан бөлек, күздігүні мұз қата бастаған кезде паром тоқтайды. Содан кейін жұрт мұздың үстімен өтеді. Суға кететіндер көп болады. Қаншама адам, машина кетті? Соның бәрін ойласын жоғары жақтағылар. Қазір соған жағдайы бар ғой, – деп тоқтады қария.
Осы кезде қасымызда отырған тағы бір көлік иесі қарияның сөзін қостай кетті.
– Қыстыгүні қиын мынау. Жылына екі рет: мұз қатарда, сосын мұз еритін кезде. Алтай қаласы (бұрынғы Зырян) арқылы айналма жолмен барамыз. Мынаумен үш сағат жүрдің не, ана жолмен бес сағат жүрдің не, айырма бар ғой. Көпір болса күндіз-түні жүруге болар еді. Мынау түнде жүрмейді, мысалы. Шұғыл жағдай болады. Сол кезде ертеңгі күнді күтесің. Болмаса Алтай арқылы...
– Мысалы, мына рейске үлгеру үшін асықтыңыз ба?
– Әрине. Көрмей қалған шығарсыз. Асығып келіп, ең соңынан кірдім. Екі минут кешіксем, тағы бір сағат күтер едім.
Паром бір жағадан екінші бетке дейін жарты сағаттан астам уақыт жүреді. Кіммен тілдессек те, көпір машақатын жіпке тізгендей баяндайды. Жазғы әуре-сарсаң мен қысқы қиындықты айтады. Осыдан мәселенің халықтың шымбайына қаншалықты батқаны сезіледі.
Бұқтырма су қоймасы
Бұқтырма су қоймасы – Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Ертіс өзенінде Қалба, Нарын, Күршім жоталары аралығында орналасқан Қазақстандағы ең ірі бөген. 1962 жылы салынған. Су айдыны – 5940 шаршы км, ұзындығы 600 км. Бөгендегі Өскемен, Бұқтырма су электр станциялары облыс аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Көктемде бөгеннен жіберілген су Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының жүздеген мың гектар егістік пен шабындығын суарады.
ЕСКІ ПАРОМ, ҚЫМБАТ БАҒА
Паромның палубасында тұрған адамдармен аз-кем тілдескеннен кейін әлдекімнің бізге арнайы келе жатқаны байқалды.
– Қалайсыңдар, жігіттер? Не түсіріп жатырсыңдар?
– Тұрғындардан көпір мәселесін сұрап жатыр едік. Сіз кімсіз?
– Паромның басқарушысымын. Рұқсаттарың бар ма?
Құжатымызды көрген соң, "жұмысымызға кесірі тимесін, балалар" деп ескертіп қойды.
– Екінші паром қашан қосылған?
– Екі апта болды. "Ертіс" деген паром былтыр бұзылып қалған. Жақында жөндеп, алып шықтық.
– Қай жері бұзылып еді?
– Генераторы. Бір жыл тұрды. Қазір жағдайы жақсы. Жүріп тұр.
– Бірақ паромдар ескі сияқты ғой?
– Ескінің аты ескі ғой. Кей жері сынып қалады. Түнімен қарайлап, таң атқанша жөндейміз. Біздің міндетіміз – арғы жағадан бергі, бергі жағадан арғы жағаға халықты автокөлігімен аман-есен өткізу.
Паром басқарушысы Қадылбек Жармұхамедов қадағалайтын паромның екіншісі – "Күршім". 1962, 1964 жылы Томск қаласында жасалған паромдар Шығыс Қазақстан облысы әкімінің балансында.
Екі паромнан өзге жеке меншік баржа да жүріп жатыр. Тұрғындар оның Қатон-Қарағай жақтағы өткелден жақында әкелінгенін айтты.
Бір паромға шамамен 35 көлік сыяды. Жүргізушілерден жолақыны көлік қозғалтқышының көлеміне қарай алады. Көлемі бірдей көлік иелері екі бөлек ақша төлейді. Паромда сығылысып тұрған көлік иелерінің көбі жолақыны қымбатсынады. Төлемеске амал жоқ. Қадылбек Жармұхамедовтің сөзінше, бағаны облыс әкімдігі бекіткен.
Автокөлікті пароммен алып жүру құны 1300 теңгеден басталады. Жүк көлігі үшін көлеміне қарай 38 мың теңгеге дейін алады.
40 минуттай жүргеннен кейін жағалаудың Күршім жағына жеттік. Паромның тоқтап, пандустың ашылуын күтіп отырған көліктер жолға түсті де ызғи жөнелді.
"КЕЗЕК 7-8 КИЛОМЕТРГЕ ДЕЙІН СОЗЫЛДЫ"
Жергілікті тұрғындар екі өткелді пайдаланады. Бірі – баржа жүретін Қызылту айлағы, екіншісі – паромдар жүретін Күршім-Казнаковка өткелі. Осы сәтте Күршім мен Зайсан ауданынан шыққан жолаушылар паромның келуін күтіп тұрған. Бірақ кептелісте тұрған көліктің бәрі кемеге сыймады. Енді тағы бір сағаттай күтуге тура келеді.
Көлігінің есігін ашып қойып отырған жүргізушілерді жағалай сөзге тарттық. Өскеменде тұратын, бірақ туған жері Күршімге жиі келетін Қуандық Тоңдыбаев көпір салынады деген уәденің әлі күнге дейін орындалмағанына кейиді.
– Былтыр "ақша бөлінді, сәуірде көпірді бастаймыз" деді ғой. Ал енді сол ақша қайда? Осы уақытқа дейін неге бастамай жатыр? Халықтың үш паромға сыймай тұрғанын көріп тұрсыңдар. Барлығымыз тойға, өлім-жітімге келіп жатырмыз. Келу де, қайту да – проблема. Ана жолы паром халықты таңғы беске дейін тасыды. Анау қасқа құлын тұрған жерге дейін тұрды ғой кезек. Төбелес болды. Жаңа да төбелес шыға жаздады. Арттан келгендер "кіріп кетейінші" деп қыстырылады.
– Таңғы сағат беске дейін неге тасыды? Кешкі сағат 9-10-да тоқтауы керек емес пе?
– Тоқтауы керек, бірақ бір-бірімен жолға таласып төбелес болып жатты ғой. Кезек 7-8 километрге дейін созылды ғой. Таң атқанша. Ең ақырғы көлікті сағат бесте алып өтті мына паром.
– Сіз нешеде өттіңіз?
– Сол соңғы рейспен өттім.
Тағы 3-4 жүргізуші де ренішін білдірді. Тұрғындар Бұқтырмаға көпір түседі деген жаңалықты естігелі 4-5 жыл өткен. Содан кейін бе, көпір жайлы ақпарат шықса, үміт аралас күдікпен қарайды.
– Сенбеймін. Сене алмаймын. Мынаған көпір салу қайда? Өскеменнің ішіндегі көпірді бес жыл салды. Мына жерге көпір салынуы екіталай. Он жылдай айналдыратын шығар жоқ дегенде. Басталмаған. Оның өзінде уәдені үйіп-төгеді, бәрі айтады, жылда естіп қаласың, бірақ орындалып жатқан ештеңе көрмейсің, – дейді күршімдік Жандос Ахметұлы.
Жүргізушілердің ішінде Зайсан ауданының тұрғындары да кездесті. Өскемен не Семейге баратын өзге жол бар болса да, олар паромнан өтуге келген. Жанатбек Әшкенов деген зайсандық тура жолдың екі жылдан бері жөнделіп жатқанын айтты. "Ол жақта жол жоқ мүлде. Ылғи айналма жолдар. Зайсаннан бастап Өскеменге дейін. Титтей де жүре алмайсың. Мүмкін емес" дейді Әшкенов.
Кептілістің соңына келіп тоқтаған жүргізуші де көпір құрылысы басталады деген жаңалықты ескірген "ертегіге" теңеді.
– Болады деп бәрі айтады. Құдай біледі оны. Әлі жобасы сызылмаған шығар. Сонымен 1-2 жыл, салуымен 1-2 жыл. 4-5 жылда осы жерде көпір болады деп ойлаймын. Біреу аяқ астынан әкеліп аспаннан қоя салмаса. Зайсанның жолын бітірсе, мына жаққа көпір салу қалатын шығар. Қазір Зайсан 100 пайыз осымен жүреді. Тіпті Семейге баратындар осы жолмен жүреді.
"СУРЕТКЕ ТҮСІРДІҢІЗДЕР. КӨПІР ОСЫДАН КЕЙІН ДЕ БОЛМАЙДЫ"
Паром айлағында келімді-кетімді кісі көп. Паром күткен жұрт уақыт өткізу үшін жағалауда серуендейді не асханаға барады. Көкпекті жақта бір, ал Күршім жақ бетте үш асхана жұмыс істейді. Соның бірі – Мәрия Айтқалиеванікі.
– Бұйырғаны болып жатады. Паромға тура үлгерген кісілер тамаққа тоқтамайды. Су алады, темекі алады, – дейді асхана иесі.
Жасы 60-тан асқан Мәрия Айтқалиева көпір салынса кәсібі тоқтайтынын біледі. Бірақ одан гөрі ескі паромға күні қарап тұрған елдің тұрмысы жанына батады. "Бізге түк емес ол. Жасымыз келді. Өсіп келе жатқан жас балаларымыз, немерелеріміз бар" деп жастар үшін алаңдайтынын айтты.
– Шопырлар түнде келіп, КАМАЗ-да далаға қонады. Өте алмай жатады. Білмеймін енді. Басқа елдерді көріп жатамыз. Көпір салып, жүріп жатады. Бізге келгенде неге олай болып қалғанын білмейміз. Сіздер келіп, 3-4 сағат бойы суретке түсіріп жатырсыздар. Көпір осыдан кейін де болмайды. Сенім жоқ, сенімнен қалған. Ана баста, мына баста қаңтарылып тұрған халық. Әр көліктің ішінде 4-5 кісіден. Осының несі жақсы? – деп тоқтады ол кісі.
Көпірдің әсерінен Күршімдегі тауар бағасы да қымбат. Судың ар жағындағы Көкпекті ауданында 152 теңге тұратын бензиннің бір литрі мұнда 170 теңгеден сатылады. "Наннан бастап, көмірге дейін қымбатшылық сезіледі" дейді паромның ең соңғы рейсін күткен жүк көлігінің жүргізушісі.
– Қыста Күршім мен өзге аудандардағы көмір бағасының айырмашылығы 10-12 мың теңгеге дейін барады. Мысалы, көмір әкелсем 30-40 мың теңгені осы паромнан өту үшін төлеймін. Содан кейін қалай қымбаттамайды? – дейді ол.
Күршімде тұратын Нұрсовет Аманбаев та бұл проблемаға халық әбден мезі болып, еті үйрене бастағанын айтады.
– Қымбатшылық, иә, енді не істейсің? Керек болған соң, аласың. Шөп тасып, мал асырау керек. Қайда барасың? Жоқ нәрсені қымбат болса да аласың, – дейді шарасыз тұрғын.
Қытаймен шекаралас Күршім ауданында қазір 23 мыңнан астам адам тұрады. Жеті жылда бес мың адам көшіп кеткен. Ал кейінгі 25 жыл ішінде жергілікті халық саны 50 пайызға азайған. Тұрғындар қымбатшылықпен қоса жұрттың үдере көшуін де осы көпірмен байланыстырады. "Көпір салынса қайтып келеміз" дейтін танысым көп дейді Аманбаев.
"ЖЫЛЫНА ОН ШАҚТЫ КӨЛІК СУҒА КЕТЕДІ"
Келесі күні алдын ала телефонмен сөйлесіп, кездесеміз деп келіскен күршімдік тұрғынмен айлақ маңында жүздестік. Ол адамды жұрт "Күршімдегі бейресми төтенше жағдай қызметкері" атап кеткен. Бекер емес. Жақсыбай Жақсыбеков Бұқтырмаға батқан ондаған көлікті судан шығаруға араласқан. Айтуынша, жантүршігерлік неше түрлі жағдай болған. Соның бірін айтып беруін сұрадық.
– Осы арадан өтіп бара жатқан бір автокөлік адасып кетіп, балықшылардан жол сұрайды. Сөйтіп жүргенде көлік суға батып кетеді. Ішінде үш ер адам және үш айлық баласы бар бір әйел отырған. Ер кісілер секіріп шығып кеткен кезде әйел баласымен көлікпен бірге суға батып кетеді. Бір мезетте су астынан бұрқылдап ауа шығып жатты. Екі-үш минуттан кейін ауамен бірге күмп етіп әлгі сәби шығады. Көрпесіне оралған. "Тартып алсақ, бала аман екен" дейді әлгі жігіттер. Тағы 3-4 минут уақыттан кейін әйелдің өзі шыққан. Артынан қалай болды деп сұрап жатырмыз. Сөйтсе, батқан машинаға ақырындап су тола бастаған. Баланы көтеріп, су тигізбей ұстап отырып, көліктің ішіне су әбден толған кезде есіктің шынысын сындырып, баланы ауамен қоя берген. Сосын өзі де солай шыққан. Қалған ауамен тыныстап алып, киімін шешіп, өзі сүңгіп шыққан.
– Мұзбен жүру қауіпті кезде неге айналма жолмен жүрмейсіздер?
– Біріншіден, алыс. Екіншіден, шығын ғой. Оның үстіне мұздың барлық жері бірдей болмайды. Күтпеген жерден жарылып, суға түсіп кетесің.
– Ондай жағдай қыс ортасында да бола ма?
– Иә.
Жақсыбай Жақсыбеков жақында қыста суға батқан жүк көлігін шығарғалы жатқанын айтты.
– Ақпанның ортасында үлкен жүк көлігі арғы беттен бері қарай шыққан. Өтіп келе жатқанда мұз жақсы болғанымен, соның алдында өткен одан да үлкен көлік жарып кеткен көрінеді. Әлгі жүк көлігі суға батып кеткен. Сол әлі мына жерде жатыр, – деді Қызылту өткелінің орта тұсын нұсқап. – Бірінші мына паромды жалдап, үстіне кран қоямыз ба деген ой келіп тұр. Cүңгуірлер көлікті іліп бергенге 300 мың теңге сұрайды. Кран бір бөлек сұрайды. Паром бөлек. Сонымен теңгемен миллион, миллионнан астам шығын шыққалы тұр.
Күршімде суға кеткен көліктердің нақты есебі жоқ. Төтенше жағдай қызметкерлері жұртқа мұзбен жүрмеуді жиі ескертеді. Бірақ қыста паром тоқтағаннан кейін жұрт тәуекелге барып, мұз үстімен өтеді.
АЯҚТАЛАР УАҚЫТЫ БЕЛГІСІЗ ЖОБА
Су қоймасына көпір салынатыны Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында айтылған. 2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ұзындығы – 1,3 километр, құны 30 миллиард 180 миллион теңге тұратын жобаға шетелдік компаниялар инвестор болады деп ресми ақпарат таратқан.
Бірақ облыстың автомобиль жолы және жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Нұржан Жұмаділов шетелдіктер ыңғайымызға келетін келісім-шартқа қол қоймады деп отыр. "Олар инвестиция қылып салған ақшасын жылдам қайтарып алғысы келді" дейді әкімдік өкілі.
Бір жыл бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та үкіметке көпір салуға қаржы бөлуді тапсырғанын Twitter парағында жазған. Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов те Instagram парағында биыл сәуірде республикалық бюджеттен қаржы қарастыру ісі нақтыланады деген. Президент пен әкімнің тапсырма һәм уәдесі орындалмады. Үкіметтен әлі ақша бөлінбеді. Құрылыс жүргізетін компания да анықталмаған.
– Облыс әкімдігінен 500 миллион теңге бөлінді. Биылға бөлінген қаржыға жұмысты бастайды. Конкурс жалпы жобалық-сметалық құжатта көрсетілген қаржыға ойнатылады. Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан екі компания шықты. Негізгі екі компания да Қазақстанға белгілі үлкен компаниялар. Екеуі де конкурс құжаттарында жіберген қателерін түзеткен жоқ. Сондықтан конкурс дұрыс аяқталмады, – дейді Нұржан Жұмаділов.
Көпір құрылысына дайындық биыл басталғанымен, қашан аяқталатынын айту қиын. Себебі үкіметтің негізгі қаражатты қашан бөлетіні белгісіз. Оған дейін Күршім мен жапсарлас өзге аудан тұрғындары жазда ескі паромға мініп, қыста жанын шүберекке түйіп, қатерлі мұз үстімен жүре бермек.
ПІКІРЛЕР