2013 жылы Қазақстанның солтүстігіндегі Калачи деп аталатын шағын ауылда белгісіз дерт басталған: адамдар бірнеше тәулік қатарынан ұйықтап, оларды дәрігерлер де оята алмаған. Ауылға арнайы келген ғалымдар да аурудың себебін анықтай алмады. Билік жергілікті халықты басқа жаққа көшіруді ұйғарды, бірақ көшкісі келмеген кейбіреулер ауылда қалды. Азаттық Калачиге барып, бір кездері "ұйқы дертіне" шалдыққан ауылда қалған тұрғындардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен, мемлекетке қойған талаптарымен танысып қайтты.
2013 жылы Ақмола облысындағы Калачи ауылы бүкіл Қазақстанға, тіпті шетелге танылды: жергілікті халық арасында басталған белгісіз "ұйқы дерті" эпидемиясы ғалымдар мен журналистердің назарын аударды. Бірнеше күн қатарынан ұйықтаған Калачи тұрғындарын ояту мүмкін болмады. Ағзасынан "ұйқы дертінің" белгісі байқалған адамдар басы айналып, сандырақтап, жартылай амнезияға ұшырағанын айтып шағынды.
Аурудың төркінін қараусыз қалған шахталардан "бөлінген" (совет тұсында Калачи ауылына жақын маңда уран өндірілген) радиоактивті радон газынан бастап, пештен шыққан түтінмен бірге ауаға тарайтын көмірқышқыл газымен байланыстырған түрлі болжам айтылды. Калачидегі өмір Қазақстанның көп ауылындағы жағдайға ұқсайды: мұнда газ тартылмаған. Жұрт үйін ағаш пен көмір жағып жылытады. Көп жылғы зерттеуден кейін жоғарыда айтылған болжамның ешбірі дәлелденген жоқ.
Дәрігерлер де нақты диагноз қоюға тырысып, соңында Калачи тұрғындарының арасында тараған "ұйқы дерті" – ауадағы оттегі мөлшерінің аздығынан басталған "белгісіз генезден туған энцефалопатия" деген қорытындыға келген. Ғылымға "ұйқы дертіне" ұқсайтын белгілері бар "летаргиялық энцефалит" деп аталатын ауру жақсы таныс. Бұл ауру кезінде де науқастар бірнеше тәулік бойы ұйықтап, әлсіздік басып, сандырақтап, жан-жағын дұрыс бағдарлай алмау сияқты белгілер байқалады. Бірақ ғалымдар арасында әлі күнге летаргиялық энцефалиттің пайда болу себебі туралы ортақ пікір жоқ.
Калачидегі "ұйқы дерті" қалай кенеттен басталса, 2016 жылы дәл солай сап тыйылған. Адамдар ұзақ ұйқыдан арылғанымен, ауылдың мәселелері азайған жоқ. Билік өкілдері "ауылдың болашағы жоқ" деп тауып, тұрғындарды басқа жаққа көшіру бағдарламасын жариялаған. Халықтың біраз бөлігі үкімет ұсынған өтемақыға келісіп, аудан орталығы Есіл қаласы мен Державинск ауылындағы Калачи тұрғындарына арнап салынған жаңа пәтерге көшкен, кей тұрғын үйін тастап, өз қаржысына басқа жерге қоныс аударған. Бірақ билік ұсынған өтемақыға көңілі толмаған, басқа барар жері жоқ адамдар ауылда қалып қойған. Калачиде қалған тұрғындар тағдыр тәлкегіне түскенін айтып, мемлекеттен уәде етілген көмекті талап етіп отыр.
"ҰЙҚЫДАН ОЯНҒАННАН" КЕЙІН
Қазір Калачи ауылы иесі қалған мекенге ұқсайды: қаңыраған үйлер, шұрқ тесік асфальт, қаулап өскен, күтімі жоқ бақша ағаштары. Ауылдағы негізгі көше әлі күнге совет көсемі Лениннің атында, оның құрметіне қойылған, күміс түстес, бояуы кете бастаған ескерткіш те әлі тұр. Ауылдағы жалғыз дүкен сағат кешкі жетіге дейін істейді. Мұнда сүт пен наннан бастап, балық аулауға арналған құралдар мен ойыншықтарға дейін тауардың түр-түрі бар.
"Ұйқы дертінің" емін не дәрігерлер, не ғалымдар таба алмаған соң, билік өкілдері Калачи тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылдап, оларға Есіл мен бұрын әскери қалашық болған Державинсктен пәтер ұсынған. Бірақ көшіру шарты бәріне бірдей ұнай қоймаған: біреу ауылдағы кең үйі мен жеміс ағашы бар бақшасын жағдайы жақсы болғанымен, аумағы тар бір бөлмелі пәтерге айырбастағысы келмесе, кей тұрғын жалдамалы пәтерді жекешелендіру мүмкіндігінің жоғына алаңдаған. Біраз уақыттан кейін жаңа пәтерге көшуге келіскен Калачи тұрғындарына жалдамалы баспананы жекешелендіріп алуына рұқсат берілген. Қазір Калачи ауылында тұрғындардың өз есебі бойынша, 124 отбасы тұрады.
Калачи ауылында бірінші болып жергілікті белсенді Виктор Лукьяненкомен кездестік. Ол Солтүстік Қазақстанға Украинадан 1960 жылдары, өңірде уран өндірісі басталып, бүкіл Совет одағы аумағынан жұмысшылар қоныс аудара бастаған кезде көшіп келген. Лукьяненко уран шахтасында көп жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан соң бар уақытын өзі "әділдік жолындағы күрес" деп атайтын іске арнаған. Қазір зейнеткер Калачиде қалған тұрғындарға мемлекеттен өтемақы алып беруге тырысып жүр. Лукьяненко билік Калачи тұрғындарына миллиард теңгеден астам ақша қарыз деп есептейді.
– Қазір біз тұратын аумақ өмір сүруге жарамды, бірақ ауыл тұрғындарының тұрғылықты мекенжайын таңдау құқығы бар. Олар барлық тұрғынды көшіре алмады, бюджет кодексін бұзды, азаматтар алдындағы міндетін орындамады. Енді біз бір миллиард 240 миллион теңгені қайтарып, бұл қаржыны 124 отбасыға тең бөлуді талап етеміз. Адамдарға өтемақы төленуі керек, ары қарай Калачиде тұра ма, Есілге көше ме, әлде мүлде басқа жерге қоныс аудара ма, оны әркім өзі шешеді, – дейді Азаттық тілшісіне басшының қолы қойылып, елтаңба бейнеленген мөр басылған әкімдіктің кезекті жауабын көрсеткен Виктор Лукьяненко.
Сайып келгенде, біз көп нәрсе талап етіп отырған жоқпыз.
Лукьяненко әкімдік пен министрліктерге толассыз хат жазғаны туралы айтып отырып, үстелдің үстіне хат, арыз, сауалхат пен өзіне келген жауаптың қалың бумасын қойды. Зейнеткердің сөзінше, бұл қағаздарда сәтті жүзеге асқан жұмыс туралы көп сан, уәде мен есеп болғанымен, нақты ештеңе жазылмаған.
– Олар нақты ештеңе айтпай, үнсіз қалып, диалогтан қашады. Сайып келгенде, біз көп нәрсе талап етіп отырған жоқпыз. Біз бар болғаны өзімізге әділ және көшуге жеткілікті өтемақы төленгенін қалаймыз, – дейді әңгімесін жалғаған Лукьяненко.
"ӨТЕ КЕДЕЙ ТҰРАМЫЗ"
Татьяна Шумилина күйеуімен бірге Калачиге көрші Красногор ауылынан 1999 жылы көшіп келген. Татьянаның айтуынша, ол кезде Красногордың жағдайы адам төзгісіз күйге түскен: көпқабатты үйлерде су, жылу мен жарық болмаған. Калачидегі жағдай әлдеқайда жақсы көрінген: мұнда жер үй, бау-бақша мен жеке құдық болған. Татьянаның отбасы Калачиден үй сатып алу үшін жалғыз көлігі – мотоциклін сатқан. Билік халықты көшіру туралы бастама көтергенде Шумилиндер жеке үйін Есілдегі жалға берілетін пәтерге айырбастағысы келмей, мемлекеттің ұсынысынан бас тартқан.
– Оның үстіне, әлгі үйді батпақтың үстіне салып жатқанын көрдім. Мен әрине, бұл технологияны түсінбеймін. Бірақ күзде құйған фундамент көктемде батпаққа батып кетсе, ол жерге үй салуға бола ма? Маған кейін құрылысшылар фундаменттің астына қандай да бір "қабат" салынатыны туралы айтты. Мен маман емеспін, бірақ мұндай жерге салынған үйдің астына темір мен ағаштан тұратын берік құрылым керек сияқты. Кейін адамдар үйдің терезесі жарыла бастады дегенді айтып жүрді, – дейді Татьяна Шумилина.
Бірнеше жыл бұрын зейнетке шыққан Татьяна Шумилина қазір бос уақытын бақшада өткізеді. Онда қызанақ, қияр, бірнеше түп жас алма ағашы мен өзі мақтан тұтатын көп гүл өседі. Калачиде бақшаны баптап, күту – аса көп еңбекті қажет ететін ауыр жұмыс, өйткені тұзды жерден өнім алу үшін топырақты бірнеше жыл бойы тыңайтуға тура келеді.
Шумилина көп жылдан бері Калачиден көшуді ойлап жүргенін айтады. Ол тым болмаса, зейнет жасында суы мен жылуы бар пәтерде "жақсы өмір сүргісі" келеді. Бірақ кедейлік кесірінен, мемлекеттің көмегінсіз, өз қаржысына көшуге жағдайы жоқ.
– Өте аз ақша табатынбыз, тек тамаққа жететін. Арасында ғана киім алатынбыз. Қазір де зейнетақымыз көп емес, баспанаға ақша жинаймыз дегенді елестетудің өзі мүмкін емес. Өте кедей тұрамыз… Бүкіл Қазақстандағы ауыл халқының жағдайы – осы. Сондықтан мемлекеттен ақша сұрап отырмыз, сол қаржыға басқа жерге көшсек дейміз. Жақын жерге, Есілге болса да, көшкіміз келеді. Ол жақта тым құрығанда емхана мен халыққа қызмет көрсету орталығы бар ғой, – дейді Татьяна Шумилина.
КРАСНОГОР
Бір кездері Шумилиндер отбасы тұрған Красногор кенті мен Калачидің ортасын бір ғана жол бөліп жатыр. 1990 жылдардың соңында уран өндірісі тоқтаған кезде пәтерлерде жылу мен жарық өшіп, тұрғындар басқа жаққа қоныс аудара бастаған. Қазір Красногор бомбалауға ұшыраған мекен сияқты: қарасаң көңілің құлазитын, көпқабатты қираған үйлер қаңырап тұр.
Ауылдың шетінде бар қиындыққа қарамастан осында қалған адамдар тұратын жалғыз бесқабатты үй бар. Ондағы пәтерлердің бірінде Василий мен Людмила Кисляковтарды жолықтырдық. Бірнеше жыл бұрын Есілге көшкен оларға қазір Красногор саяжай іспеттес - мұнда балық аулап, таза ауада демалу үшін келіп тұрады екен. Олар "ұйқы дертіне" шалдықпағанын, бірақ билік жаңа пәтерге көшуді ұсынғанда қартайған шағында қираған, иесіз ауылда қалмас үшін Красногордан көшуге бел буғанын айтады.
– Басында әрине, келіскен жоқпыз. Бірақ қартайдық, күнде үйге ағаш, көмір мен су тасудан шаршаймыз. Қазіргі үйім өзіме ұнайды: көлемі 41 шаршы метр үлкен бір бөлмелі пәтерде тұрамыз, – дейді Людмила Кислякова.
Людмиланың күйеуі Василий Кисляков біздің өтінішімізбен ауылды аралатып шықты. Красногорда көзге ілінер ештеңе жоқ – сынған терезе, жерден шығып жатқан, тот басқан темір, арамшөп басқан, әткеншегі қисайған балалар алаңы.
Василий 28 жыл бойы бүкіл ауылды жылумен қамтамасыз еткен қазандықта жұмыс істеген. Қазір оның бұрынғы жұмыс орны да үйіндіге айналған.
– Мына жерде "Орион" кинотеатры болған, – деді айналасына кірпші сынығы шашылған, өрт шалған ғимараттың бетон қаңқасының жанынан өтіп бара жатқанымызда Василий Кисляков. – Қазандық жұмысы тоқтаған кезде жұрт биге барғанда тоңбасын деп, фойеге пеш қойып, ғимаратты жылытатынмын. Бұл, әрине, бүкіл ғимаратты жылытуға жетпейтін, бірақ ешкім суықтан тоңып қалмайтын. Ол кездейсоқ жанып кеткенге ұқсайды. Келсем, түтін шығып жатыр екен, Есілден өрт сөндірушілер келіпті. Мүмкін, біреу металл кесіп, байқаусызда ұшқын тиген болар.
Бұл маңдағы ауыл тұрғындарының негізгі табыс көзінің бірі – қара металл жинау. Калачи тұрғындарының айтуынша, қара металл іздегендер бұл жерден темірді тонналап әкетеді.
Василий бізбен бірге Красногорды тағы біраз аралады да, ауылда жылу мен жұмыс бар кезде өмір қандай жақсы болғанын айтып, жылы қоштасты. Ол бүгін әйелі Людмиламен бірге ымырт үйірілмей тұрып, Есілге жетіп алуы керек.
ЕСІЛДЕ ТҰРАТЫН КАЛАЧИДІҢ БҰРЫНҒЫ ТҰРҒЫНДАРЫ ҚАЛАЙ ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР?
Калачиден аудан орталығы Есілге дейін шұрқ тесік жолмен 34 километр жүру керек. Жолда абай болған жөн: топырақ үстінде көлік шұңқырға түсіп не арамшөп қаулаған жол жиегіне шығып кетуі мүмкін. Жергілікті тұрғындар әлдеқашан жазық даланы кесіп өтетін балама жол салып алған. Олар асфальттың қалдығы ғана қалған жолмен тек жаңбырлы күні жүреді.
Түнде жолға үкі қонып, жемтік аңдиды: оларға ашық кеңістікте кішкентай кеміргіштерді аулау оңайға түседі. Құстар көліктен мүлде қорықпайды. Сондықтан Калачиден қайтар жолда үкілерді қағып кетпейік деп, өте мұқият жүруге тырыстық.
Есілде Калачи ауылының бұрынғы тұрғындары (көшуге көнген азаматтардың бір бөлігі) жаңа бесқабатты үйлерде тұрады. Олар бір кездері "ұйқы дертіне" шалдыққан ауылдан көшкеніне еш өкінбейді.
Юрий және Галина Аршинцевтар Красногорда 1973-2016 жылдар аралығында 43 жыл тұрған. Юрий кен орнында көп жыл жұмыс істеп, кейін уран өндірісі тоқтаған кезде ауылды сумен қамтамасыз етуді қолға алып, кәсіпкерлікпен айналысқан.
– Су құбыры Красногордан 15 километр жерде орналасқан. Сондықтан әрине, қиындық көп: қыста жүре алмайсың, жылу жарық берсе ғана істейді, су қымбат, – дейді Юрий Аршинцев.
2016 жылы Аршинцевтар Есілден жаңа екі бөлмелі пәтер алған. Отбасы басында жалдамалы пәтер ретінде берілген баспанасын кейін жекешелендіруге мүмкіндік алған. Аршинцевтардың айтуынша, оларға бұрынғы үйіне тең көлемдегі пәтер берілмеген: Красногорда үлкен жер учаскесі мен үйі болған ерлі-зайыпты қазір Есілде шағын екі бөлмелі пәтерде тұрып жатыр.
– Сарай емес, әрине, бірақ әжем екеумізге жетеді, – дейді бізді үйіне шақырған Юрий Аршинцев.
Жаңадан жөнделген екі бөлмелі пәтер жайлы көрінеді. Ерлі-зайыпты дайын пәтердің қалай әрленгені ұнамаған соң, өздері жөндеп алғанын айтты.
– Есілге денсаулығымыз сыр беріп, қар тазалау, пеш жағудан қинала бастаған кезде көштік: жасым болса 72-ге келді ғой. Бұл жерде жақсы өмір сүріп жатырмыз – су бар, жылы, жарық. Бізге басқа не керек? Мұнда бәрі жақсы, бірақ ішің пысады. Красногорда тұрғанда Есіл өзені іргемізде болатын, балық аулайтынбыз. Ал мұнда… Аулаға шығып, орындықта отырып, үйге қайтып кіресің, – дейді Юрий Аршинцев.
Юрийдің әйелі Галина Аршинцева жаңа үйден пәтерді қалай алғанын айтып берді.
– Бізге аудан әкімдігінен шенеуніктер келді. "Үшінші қабатта екі бөлмелі пәтер бар" деді. Ол кезде бәріне бір бөлмелі пәтер беріп жатқан, бірақ менің атам науқас еді, өзімнің де сырқатым бар, сондықтан екі бөлмелі пәтер алдық. Пәтер жақсы сияқты, төрт жылдан бері тұрып келеміз.
Галинаның айтуынша, ол бірталай уақыт Калачидің өзге тұрғындарымен бірге мемлекеттен өтемақы алуға талпынып көрген, бірақ соңында көшуге бел буған.
– Осында көштік, өйткені бұл жерде бізді бәрі біледі. Күйеуімнің де туыстары осында тұрады. Ал адамдар өз үйлеріне тең дәрежедегі баспана беруін сұрап, хат жазып, талап етіп, талпынып жүр. Бізді соңғы рет аудан әкімдігіне жинаған кезде мен "Калачиде қалған адамдардың мәселесін шешіңдер. Сендер де адамсыңдар ғой, оларға пәтер табуға болады" деп айттым.
Шенеуніктердің Калачи ауылының болашағы жайлы не ойы барын сұрап, "Қалған тұрғындарды көшіру бағдарламасы қолға алына ма?" деген сауалға жауап алу үшін Есіл ауданы әкімдігі басшылығымен бірнеше рет кездесуге немесе телефонмен сөйлесуге талпынып көрдік. Бірақ жергілікті билік өкілдерінен пікір алу мүмкін болмады.
Виктор Лукьяненко мен Калачи ауылының өзге тұрғындары да мемлекеттен кері байланыс боларына сене бермейді. Олар билік жергілікті халықтың талабын бұрыннан назарға ілмей келе жатқанын айтады. Әзірге "оянған" ауыл тұрғындары бұрынғы тіршілігін жалғастырып, ведомстволарға хат жазып, бау-бақшасын игеріп, ағаш пен көмірге ақша жинап жатыр. Өйткені Калачиде жылдың кез келген мезгілінде қысқа дайын болу керек.
ПІКІРЛЕР