Accessibility links

Қырғызстанда оппозиция сайлау қорытындысын мойындамады


Сайлау учаскелерінің бірі. Бішкек, 4 қазан 2020 жыл.
Сайлау учаскелерінің бірі. Бішкек, 4 қазан 2020 жыл.

Қырғызстан орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметі бойынша төрт саяси партия ғана парламентке өту үшін қажет дауыс мөлшерін (сайлаушылардың кемінде 7 пайызы дауыс беруі тиіс) жинай алған. Үшеуін қазіргі президент Сооронбай Жээнбековке жақын партиялар деп атайды. Бұлар: "Биримдик" (24,95%), "Мекеним Кыргызстан" (24,31), "Кыргызстан" (8,91%). Оппозициялық партиялар арасынан тек "Бутун Кыргызстан" (7,21%) ғана парламентке өтеді.

Елде бірқатар оппозиция күштері сайлаушыларға ақша беру сияқты заң бұзу фактілері болғанын алға тартып, сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеді.

Сайлау жексенбі күні өтті. Парламенттегі орынға 16 партия таласты. Сайлаушылар көп дауыс берді делінген "Биримдик" (Бірлік) партиясында президенттің бауыры Асылбек Жээнбеков бар. Сайлауда жеңді делінген екінші партия - "Мекеним Кыргызстанды" кеден қызметінде істеген бұрынғы шенеунік Райымбек Матраимовтың ықпалды отбасымен байланыстырады.

Екі партия да Ресеймен қарым-қатынасты нығайтуды қолдайды. Осыған дейін "Биримдик" партиясының жетекшісі Марат Аманкуловтың "Қырғызстан тәуелсіздік мәселесін қайта қарауы керек" деп айтқаны жайлы видео жарияланғаннан кейін қоғамда наразылық туындаған. Кейінірек Аманкулов сөзінің "бұрмаланғанын" айтып ақталуға тырысқан.

Алдыңғы парламентте Жээнбековке оппозиция болған "Бир Бол" және "Ата-Мекен" партиялары бұл жолы қажетті дауыс мөлшерін ала алмады. Олардың жетекшілері және қалған оппозициялық партиялар сайлау қорытындысын мойындамайтынын мәлімдеді. Оппозиция наразылық акцияларын ұйымдастыруы да мүмкін. Сайлаудың түпкілікті қорытындысы алдағы күндері жарияланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG