Accessibility links

Әзербайжан-Армения қақтығысы. Ішкі қалалар да шабуылға ұшырады


Таулы Қарабақ маңындағы қақтығыс.
Таулы Қарабақ маңындағы қақтығыс.

Таулы Қарабақ аймағы үшін қақтығысып жатқан Армения мен Әзербайжан күштері арасындағы әскери жанжал 4 қазанда да жалғасты. Жағдай ушығып, Таулы Қарабақ аймағының орталығы мен Әзербайжанның негізгі қалалары артиллериялық қару мен ракетадан атқыланды.

Екі тарап бейбіт тұрғындарды атқылауға бір-бірін айыптады. Батыс елдері мен халықаралық қауымдастық Баку мен Ереванды қақтығысты тоқтатып, бейбіт келіссөздерге шақырғанымен, 27 қыркүйекте басталған жанжалдың аяқталар түрі жоқ.

Халықаралық Қызыл крест ұйымы 4 қазанда "қалаларды, ауылдарды және басқа да елдімекендерді заңсыз қару қолданып атқылау әрекеттерін" сынады.

Өткен аптада басталған қақтығыстан 200-ден аса адам қайтыс болды, көбі – бейбіт тұрғын. Әзербайжан мерт болған әскерилерінің санын жарияламай отыр, сондықтан адам шығыны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Қазіргі қақтығыс – кейінгі жылдары Таулы Қарабақ аймағында болып жатқан ең ірі жанжал. Халықаралық қауымдастық Әзербайжан аумағы деп мойындаған Таулы Қарабақты қазір Ереванмен жақын этникалық армяндар бақылап отыр. Таулы Қарабақ маңындағы жеті аймақ та армян күштерінің қарауында.

4 қазанда Таулы Қарабақ билігі "үш күн жасалған артиллериялық шабуылдан астанасы Степанакерт және Шуша қаласында тұрғындар зардап шегіп, ғимараттар қирағанын" айтты.

Степанакерт қаласы. 2020 жылдың қазаны.
Степанакерт қаласы. 2020 жылдың қазаны.

Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі Армения әскерилері елдің екінші ірі қаласы Гянджаны артиллериямен және ракеталармен атқылағанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, Баку атыс аймағынан 100 шақырым жердегі Мингечевир қаласына да ракеталық шабуылға ұшырағанын айтады. Әзербайжанның энергетикалық орталығы саналатын бұл қалада Кавказдағы ең ірі дамба орналасқан.

Әзербайжан билігінің мәліметінше, "бір ракета бес бейбіт тұрғынды жаралаған, екі ракета жарылмаған. Баку маңындағы Хызы және Апшерон аудандары да екі ракетаның шабуылына ұшыраған".

Әзербайжан қорғаныс министрі Закир Хасанов Арменияның Әзербайжанның ішкі территорияларын атқылауы "ашық арандату" деп, оған "тиісті жауап болатынын" айтты.

Армения қорғаныс министрлігі Әзербайжанның Гянджа, Мингечевир және басқа қалаларын ракетамен атқылағанын жоққа шығарды. Бірақ Таулы Қарабақтың де-фактор лидері Араик Арутюнянның сөзінше, өздерінің күштері Гянджа қаласындағы әскери базаны атқылағанын, бірақ кейін бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі үшін шабуылды тоқтату туралы бұйрық бергенін айтты.

Арутюнян шабуыл "ескерту" болған және Әзербайжан күштері шабуыл жасаса, "басқа қалаларын да атқылауы мүмкін" екенін жеткізді.

4 қыркүйекте Әзербайжан билігі Гянджаға шабуылдан кейін Арутюнянды жарақаттағанын мәлімдеген.

Әзербайжан президентінің көмекшісі Ильхам Әлиевтің көмекшісі Хикмат Гажиевтің сөзінше, Арутюнян бункерде жасырынып жатқан және арнайы ұйымдастырылған шабуылда жараланған. Бұл ақпараттың рас-өтірігін тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру мүмкін болмады.

"Армян күштерінің шабуылына ұшыраған" Әзербайжан қаласы. 4 қазан 2020 жыл.
"Армян күштерінің шабуылына ұшыраған" Әзербайжан қаласы. 4 қазан 2020 жыл.

Екі тарап та ақпараттық соғыс жүргізіп, бір-бірінің шығындарын асыра көрсетіп жатыр.

4 қазанда Әзербайжан президенті Әлиев телеарнада мәлімдеме жасап, қақтығысты тоқтату үшін Арменияға бірнеше талап қойды. Ереван бұл талаптарды қабылдауы екіталай.

Әлиев Армениядан Таулы Қарабақ пен оның маңайындағы аймақтардан әскерін шығаруды талап етті. Ол бұл талап орындалмайынша, әскери қимылды аяқтамайтынын жеткізді.

Әзербайжан президенті ел әскері этникалық армяндардың бақылауындағы аймақтарды қайтару үшін әрекеттерін жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ел әскерилері жанжал басталғаны жеті елдімекенді қайтарып алғанын хабарлаған.

"Әзербайжанның бір талабы бар. Яғни, территорияларды босатсын. Таулы Қарабақ – Әзербайжанның аумағы, біз ол жерді қайтаруға міндеттіміз" деді Әлиев.

Әзербайжанды қолдап отырған Түркияда осы талапты қойды.

Әлемдік державалар қақтығыс ірі соғысқа ұласып кете ме деп қауіптеніп, екі тарапты атысты тоқтатуға шақырған. Батыс елдері бұл жанжалға Ресей мен НАТО мүшесі Түркия араласа ма деп те сескенеді.

Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) аясында қол қойылған Таулы Қарабақ бойынша Минск келісімінің өкілдері саналатын АҚШ, Франция және Ресей екі елді қақтығысты тоқтатып, келіссөзді қайта жалғастыруға шақырды.

Армения бейбіт келіссөздерді тек ЕҚЫҰ аясында жүргізуге ниет білдірді.

Халықаралық кризис тобының өкілі Олеся Вартанян Азаттыққа қақтығыс күннен-күнге ушығып, бейбіт тұрғындар қоныстанған елдімекендерді де шарпып жатқанын айтты.

"Әскери қақтығыс күшейіп, бейбіт тұрғындар қазіргі заманғы қару-жарақтардан шабуылға ұшырап жатыр. Кейінгі күндері қақтығыс аймағынан алыста орналасқан елдімекендердің шабуылданғанын анық байқап отырмыз" дейді ол.

Әзербайжан мен Армения 1988 жылдан бері Таулы Қарабақ аймағы үшін жиі қақтығысып келеді. 1988-1994 жылы болған соғыстан 30 мыңдай адам қайтыс болып, жүздеген мың адам үйлерін тастап кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG