Армения мен Әзербайжан арасында Таулы Қарабақ аймағында әскери қақтығыс екінші күнге ұласты. Ереван әскери қақтығыс түні бойы жалғасқанын хабарласа, Баку жағы Армения әскері Тертер қаласын атқылады деді.
ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТА НЕ БОЛЫП ЖАТЫР?
Әзербайжан аумағының ішінде орналасқан этникалық армяндардың сепаратистік анклавы Таулы Қарабақтың билігі 28 қыркүйекте Әзербайжан әскерімен қақтығыста 32 солдаты қаза тапқанын мәлімдеді.
Ал Армения қорғаныс министрлігі ресми мәлімдемесінде "әскери шайқас түні бойы жалғасқанын" хабарлады. Әзербайжан қорғаныс министрлігі 28 қыркүйекте "Армения әскері Таулы Қарабаққа тиіп тұрған Тертер қаласын артиллериямен атқылады" деді. Ел прокуратурасы Арменияның шабуылынан 26 адам ауруханаға жеткізіліп, алты бейбіт тұрғын қаза болғанын мәлімдеді.
Оңтүстік Кавказдағы тұрақсыз Таулы Қарабақ аймағында кейінгі төрт жыл ішіндегі ең ірі қақтығыс 27 қыркүйек күні басталып, бұл жағдайға аймақтағы державалар – Түркия мен Ресейдің назарын аударды.
Екі тарап та әскери тікұшақтар, дрондар, танкілер, артиллерия шығарды. Таулы Қарабақтағы жағдай – Еуропада қазір ең ұзаққа созылып жатқан конфликт.
Биыл шілдеде Таулы Қарабақта тұтанған қақтығыстан екі жақтан кем дегенде 17 әскери және бір бейбіт тұрғын қаза болған. Сол кезде де Армения мен Әзербайжан әскери дрондармен, артиллериямен атысқан.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Әзербайжан агрессияны жоспарлы түрде бастады деп айыптай келе "Оңтүстік Кавказ үлкен соғыс алдында тұр" деді.
27 қыркүйекте Армения мен Таулы Қарабақ әскери жағдай жариялап, бүкіл әскерін соғысқа дайындады. Олар "Әзербайжан әскерилері анклавқа және аймақ астанасы Степанакертке шабуыл жасады" деді. Армения денсаулық сақтау министрлігі елдегі ауруханаларда жоспарлы ем-дом жасауды уақытша тоқтатты.
Әзербайжан да әскери жағдай және комендант сағатын жариялап, шекарада жауап ретінде әскери операция бастағанын мәлімдеді.
Баку жеті ауылға бақылау орнатқанын да хабарлады. Таулы Қарабақ аймағының де-факто лидері Араик Арутюнян Бакудің "жеті ауылға бақылау орнаттық" деген мәлімдемесін жоққа шығарған. Бірақ кейін ол Талыш аймағын "бақылаудан шығарып алғанын" айтып, территорияны қайтаруға "уәде берді".
28 қыркүйекте Әзербайжан президенті Илхам Әлиев ел әскерін жартылай мобилизация жасау туралы мәлімдеме жасады.
Әзербайжан қорғаныс министрлігі Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде Арменияның 550 солдаты қаза болғанын хабарлаған. Бірақ Ереван мұны жоққа шығарды. Армения қақтығыс кезінде Әзербайжанның он шақты танкісін қиратып, бір тікұшағын, әскери дронын атып түсіргенін айтты. Баку да бұл мәлімдемені жоққа шығарады. Әзербайжан тарапы 27 қыркүйекте Армения әскерилерінің қолынан бір отбасының бес азаматы қаза тапқанын мәлімдеді.
Бұған дейінгі қақтығыстардағыдай, екі тарап та қарсыласының әскери шығынын асыра көрсетіп, ақпараттық соғыс та жүргізіп жатқандай.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕАКЦИЯ
Таулы Қарабақтағы жағдайға Еуропа елдері, БҰҰ, АҚШ, Қазақстан және басқа елдер назар аударды. Олар екі тарапты әскери қақтығысты қойып, диолог орнатуға шақырды.
Түркия бауырлас Әзербайжанға ашық қолдау білдірді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған 27 қыркүйекте "Армения Әзербайжанға қарсы шабуыл жасап, тағы бір рет бейбітшілік пен аймақ қауіпсіздігіне қатер төндірді" деді.
Армения премьері Пашинян әлем елдерін Түркияның қақтығысқа араласуына жол бермеуге шақырды. Ереван Әзербайжанға қолдау ретінде әскер жіберуі мүмкін деп Түркиядан секемденеді.
Қақтығыс Қазақстанға, аймаққа қалай әсер етеді?
Жұмабек Сарабеков, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Әрине, бұл жағдай Қазақстанға дипломатиялық жағынан қиындықтар туғызуы мүмкін. Себебі Қазақстан Әзербайжанмен стратегиялық әріптес, Армениямен Еуразиялық экономикалық одақ және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы (ҰҚШҰ) бойынша серіктес. Сондықтан Қазақстан үшін Баку мен Ереванның тез арада мәмілеге келіп, соғысқа жол бермеуі маңызды. Соғыс болса, Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан зардап шегуі мүмкін. Сол үшін Қазақстан бейтарап ел ретінде екі елді дипломатиялық механизмдерді іске қосуға шақырып отыр.
- Ресейлік сарапшылар "Егер Армения бұл қақтығысты Әзербайжанның әскери агрессиясы деп тапса, онда Мәскеу ҰҚШҰ аясында бұл қақтығысқа араласуға міндетті" дейді. ҰҚШҰ-ға Қазақстан да мүше. Бұл Қазақстанды бейтарап қалу құқығынан айырмай ма?
- Бұл жағдай ҰҚШҰ үшін маңызды, ерте ме, кеш пе, бұл мәселе ҰҚШҰ-да талқыланады. Жасыратыны жоқ, Ереван ҰҚШҰ-дан қолдау күтіп отыр. Бірақ ҰҚШҰ ішінде Таулы Қарабақ бойынша ауызбіршілік жоқ. Әр ел өзінің дипломатиялық ұстанымында қала беруге тырысады. Ал Ресей мәселенің соғысқа ұласпағанына мүдделі. Сондықтан ҰҚШҰ соғысқа жол бермеу туралы мәлімдеме жасар. Бірақ нақты қадам жасауы екіталай. Себебі Ресей ҰҚШҰ ішінде Таулы Қарабақ бойынша ортақ пікір жоғын біледі. Ресей Арменияға да, Әзербайжанға да қару сатады. Мәскеудің Армениямен қатынасы жоғары сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Ресей үшін Сириядағы, Шығыс Украинадағы жағдай сынды шешілмеген мәселелер көп. Сондықтан тағы бір соғыс Ресейдің стратегиясына сай келмейді. Мәскеу үшін Армениямен қатар Әзербайжан да маңызды. Себебі Бакудың болашақта еуразиялық интеграцияның ықтимал мүшесі ретінде салмағы, пікірі маңызды. Ресей бір ойыншыға тәуелді болмас үшін ойынды Бакумен де жалғастырады.
Тамыздың ортасында Әзербайжан мен Түркия әскері әзербайжандық Нахичеван аймағында әскери жаттығу өткізген. Кейбір сарапшылар Түркия әскери жаттығудан соң техникаларын және солдаттарын қалдырып кетуі мүмкін деп күдіктенген.
Сириялық адам құқығы жөніндегі бақылау орталығы 27 қыркүйекте "Түркия қолдайтын сириялық сарбаздар Әзербайжанға қолдауға жіберілуі мүмкін" деп хабарлады.
27 қыркүйекте Таулы Қарабақ лидері Арутюнян Түркияны жалдамалы әскерилер мен әскери ұшақтар қолданды деп айыптап, қақтығыс "Қарабақ-Әзербайжан шегінен" шығып кетті деді.
Түркияның қақтығысқа араласуын Ресей де бақылап отыр. Мәскеу Ливия мен Сириядағы қақтығыста НАТО-ның қарсыласы ретінде белгілі.
Мәскеу Әзербайжанға да, Арменияға да қару сатады, бірақ Ресейдің Арменияда әскери базасы бар және онымен стратегиялық қарым-қатынас орнатқан.
Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ аймағы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян еді. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босып кеткен.
Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін бақылау орнатып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да қосып алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп санайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ. Аймақ қазір этникалық армяндардың бақылауында. Таулы Қарабақ тәуелсіздігін жариялағанымен, оны бірде-бір ел мойындамаған.
ПІКІРЛЕР