Accessibility links

Таулы Қарабақ жанжалының кесірі кімге тиеді?


Таулы Қарабақтағы армян әскері. 5 сәуір 2016 жыл.
Таулы Қарабақтағы армян әскері. 5 сәуір 2016 жыл.

Армения мен Әзербайжанның Қарабақтағы қақтығысы әлемнің бір түкпіріндегі кезекті бір жанжал болып көрінуі ғажап емес. Бірақ мұнда бірнеше елдің энергетикалық һәм әскери мүддесі тоқайласып жатыр.

Кавказ аймағының әлемнің энергетика саудасында алатын орнын ескерсек, әлем елдері Әзербайжан мен Армения арасында соғыс басталып кетпеуін тілеп алаңдап отырғаны рас.

Әзербайжаннан тартылған екі құбыр Кавказды кесіп өтіп, Батыс Еуропаға мұнай мен газ тасымалдайды. Екі құбыр да қақтығысқа себеп болып отырған даулы аймақ - Таулы Қарабаққа жақын маңнан өтеді. Кикілжің ушыққан күнде Еуропаның Ресей энергоресурстарына тәуелділіктен құтылып, шикізатты көбінесе Каспийден алсам деген жоспары жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Оның үстіне үлкен соғыс шығып кетсе, оған Түркия мен Ресей килігуі мүмкін. Себебі Ресей Армениямен, ал Түркия Әзербайжанмен өзара әскери жәрдем жөніндегі шартқа қол қойған. Бұған қоса былтыр қарашада Сирия шекарасында әскери ұшағын Түркия атып құлатқалы Мәскеу Анкарамен дүрдараз. Қарабақ жанжалы кесірінен бұл ерегестің соңы насырға шабуы ықтимал.

ҚҰБЫРЛАР ҚАУІПСІЗДІГІ

Каспий маңындағы мұнай мен газға бай елдер бұл шикізатты Еуропаға экспорттағысы келеді. Алайда олардың ресурс тасымалдайтын екі жолы ғана бар: бірі – Ресей арқылы өтетін солтүстік құбыр, екіншісі – Кавказ арқылы өтетін оңтүстік бағыт.

Еуропа келешекте Ресейдің энергетикалық ресурстарына тәуелділіктен құтылуды көздейтіндіктен, солтүстік құбырға онша сенім артпайды. Оның үстіне кейінгі жылдары Мәскеу энергетикалық ресурстарын көрші елдерге қысым жасау құралы ретінде пайдаланып келеді, бұл әсіресе Кремльдің Грузия және Украинамен қақтығыстары кезінде анық байқалды. Украинамен газ бағасына келісе алмаған кезде Ресей құбырын жауып тастап, мұның кесірі Шығыс Еуропа елдеріне де тиген.

Сондықтан Еуропа үшін Каспий шикізатын Кавказ арқылы тасымалдайтын оңтүстіктегі құбырдың маңызы ерекше. Оның үстіне Еуропа Одағы (ЕО) Ресейді айналып өтетін мұндай құбырларды көбейтуге мүдделі. Алайда Таулы Қарабақ жанжалы реттелмесе, мұны жүзеге асыру қиындап кетерін Кипрдегі Никосия университетінің энергетика, геосаясат және экономика профессоры Теодорас Цакирис та айтады.

- Қарабақтағы қақтығыстың қайта ушығуы екі құбырға да зиянын тигізеді. Бұл құбырлар әсіресе Әзербайжан мен Түркияға керек. Олар жабылып қалса, оның кесірі Еуропа, тіпті әлем экономикасына да тиеді, - дейді ол.

Әзербайжандағы газ құбыры құрылысы. 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Әзербайжандағы газ құбыры құрылысы. 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Оның айтуынша, қақтығыс ұзаққа созылған жағдайда құбырлар бүлініп, мұнай мен газ төгілмеуі үшін Әзербайжан оларды жабуға мәжбүр болады.

Қазір Бакуден Түркияның Жерорта теңізі жағалауындағы Жейхан портына дейін созылып жатқан құбырмен күніне 1 миллион баррель мұнай Еуропаға және Израильге тасымалданады. Демек құбыр жабылса, Еуропаға келетін шикізат көлемі күрт азаяды.

Бұл - Еуропаның Ресей мұнайы мен газына тәуелділіктен құтылу жоспары да шегеріледі деген сөз. ЕО Ресей шикізатына тәуелділікті әуелі 35 пайызға азайтқысы келеді. Сарапшы «бірақ әлем нарығында шикізаттың көп екенін ескерсек, бұл мұнай бағасына бәлендей әсер ете қоймайды» дейді.

Каспийден келетін табиғи газ құбырының жабылуы Еуропаға соншалық көп зардабын тигізе қоймайды. Осы күні Әзербайжаннан Батысқа тасымалданып жатқан 9 миллион текше метр газдың барлығы Түркия нарығынан аспай жатыр. Бірақ Еуропа қазіргі қажеттілігінің үштен бірін өтеп отырған Ресейден іргесін аулақ салып, Мәскеу газының орнын Әзербайжан шикізатымен толтыруға құлықты. «Оңтүстік газ дәлізі» стратегиясына сәйкес ЕО 2020 жылға қарай Каспийден тартылатын жаңа құбыр арқылы Оңтүстік және Орталық Еуропаға қосымша 10 миллиард текше метр отын жеткізіп отыруды көздейді.

– Ең маңыздысы – дәлізді кеңірек ашып, оңтүстік-шығыс Еуропаға көбірек құбыр тартуға мүмкіндік жасау. Сонда алдағы 10-15 жылда Каспий теңізінен көбірек мұнай тасымалдауға болады, – дейді Цакирис.

Бірақ Кавказдағы қақтығыс саябырламаса, құбыр салу жобаларын қаржыландыру күмәнді іске айналады.

ӘСКЕРИ КЕЛІСІМДЕР

Таулы Қарабақ жанжалы маңайдағы елдерді де шарпуы ықтимал.

Әзербайжан мен НАТО-ға мүше болып отырған Түркия 2010 жылы стратегиялық әріптестік және өзара көмек жөніндегі келісімге қол қойған. Бұл құжат бойынша, бір тарапқа әскери агрессия жасалған жағдайда екіншісі «мүмкін болған барлық әдістерді пайдаланып», оған көмектесуі тиіс. Осы келісім аясында екі мемлекет жыл сайын бірлескен әскери жаттығу өткізіп тұрады. Былтыр мұндай жаттығу Әзербайжанның Нахичевань аймағында, Арменияның солтүстік-батыс шекарасына жақын маңда өтіп, Ереванды біраз әбіржіткен еді. Демек, ашық әскери операция басталған жағдайда Армения қос бүйірінен қыспаққа алуы мүмкін екі қарсыласының шабуылына төтеп беруге тиіс болады.

Дәл осындай келісімді 1992 жылы Армения мен Ресей де жасасқан. Мәскеу де Ташкент ұжымдық қауіпсіздік келісіміне сүйене отырып, бұл соғысқа араласа алады. Өздерін аймақтық держава санайтын екі мемлекеттің геосаяси мүдделерінің қайшы келуі Кавказдағы ахуалды мүлде нашарлатып жіберуі ықтимал.

Бакумен әскери келісім-шартқа отырған Анкара бауырлас түркі мемлекетін өзінің ықпал аймағы ретінде қарастырады. 5 мың сарбазын Армениядағы әскери базада тұрақты түрде ұстап отырған Ресей де бұл өңірді өзінің ықпалы жүруі тиіс аймақ санайды. ​

Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагельдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG