Мәскеу мэрі Сергей Собянин Ресей астанасында еңбек мигранттарының 40 пайызға азайғанын хабарлады. Сол себепті жергілікті билік Ресейдің өзге аймақтарынан жұмысшылар тартуға мәжбүр болған.
Собянин "кез келген мәскеуліктің қолына күрек, сыпыртқы немесе лом алып, жұмыс істеуге дайын емес" екенін жеткізген. Оның сөзіне қарағанда коронавирус індетіне байланысты шекара жабылып, мигранттар тапшылығының туындауы қала өміріне сөзсіз әсер етеді.
"Қиындық болады. Қыс кезінде Мәскеуге "қара жұмыс" істейтін мыңдаған адамнан құралған қосымша отрядтар уақытша жіберілетін" дейді ол.
Собянин сонымен бірге құрылыс нысандарында жұмысшылар жетіспей жатқанын да атап өткен.
"Мәскеудегі құрылыс алаңдарында істейтін жұмысшылар келіп тұратын елдермен шекара жабылды, өкінішке қарай олардың орнын Ресей құрылысшылары баса алмайды" деді ол.
Оның айтуынша, қазір құрылыс нысандарында ондаған мың жұмысшы тапшы.
ПІКІРЛЕР