Accessibility links

Шекарада қалған 1800 өзбек еліне жеткізілді, қырғыз тарабы мәселе жақын арада шешіледі дейді


Самара облысында шекарадан өте алмай, далада тұрып жатқан өзбек мигранттары. 2020 жыл.
Самара облысында шекарадан өте алмай, далада тұрып жатқан өзбек мигранттары. 2020 жыл.

Ресейдің Қазақстанмен шекарасында қалған 2 мыңға жуық өзбек мигранты еліне жеткізілді, онда тағы 3 мың өзбек азаматы көмек күтіп жатыр. Қырғызстан жағы мәселе жақын арада шешіліп қалар дейді.

Өзбекстан көлік министрлігінің хабарлауынша, өткен демалыс күндері Ресейдің Новосибирск және Самара облысынан шыққан арнайы пойыздар осы апта басында елге жеткен. Екі рейсте шамамен 1800 өзбек мигранты болған. Олар бірден карантин аймағына жіберілген.

​Өткен аптада 1700 өзбек азаматының Екатеринбург және Кинель қаласынан арнайы пойыздар арқылы Өзбекстанға жеткізілгені хабарланған еді. Қазір Самара облысында еліне қайтқысы келетін кемінде 3 мың өзбек азаматы қалған.

Ал Қырғызстанның Ресейдегі елшісі Аликбек Жекшенкулов Азаттықтың Қырғыз қызметіне берген сұхбатында Ресейдің Орынбор аймағында қалған қырғыз азаматтарын еліне қайтару мәселесі жақын арада шешіліп қалар деп үміт білдірген. Оның сөзіне қарағанда қазір қырғыз тарабы Қазақстан және Ресей билігімен мәселені талқылап жатыр.

Жекшенқұлов Ресей мен Қазақстан билігінің шекараны бір рет қана ашуға келіскенін атап өтіп, мигранттарды жолға шықпауға шақырған.

Елшіліктің есебінше Ресейдің Орынбор облысы мен Башқұртстан республикасында шекарадан өте алмай тұрған 3500 қырғыз азаматы бар. Бұған дейін Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі жақын арада олар үшін "жасыл дәліз" ұйымдастырылатынын айтып, елшінің шекарада қалғандармен жолығып жүргенін хабарлаған.

Пандемия басталғалы бері Ресейде көптеген мигрант жұмысынан айырылып, нәпақасыз қалған. Көктемнен бері Ресей-Қазақстан шекарасында Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан азаматтары жиналып, елдеріне қарай өте алмай қалып жатыр. Ел үкіметтері арасында келісім жасалғаннан кейін ғана мигранттар еліне ұшақ, пойыз немесе автобустармен жеткізіліп жүр.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, індет басталғалы бері 41 мыңнан астам қырғыз азаматы еліне қайтарылған. Олардың басым бөлігі Ресейдің түрлі аймағында жұмыс істеген немесе оқыған.

Өзбекстан да бұған дейін Қазақстан арқылы пойызбен азаматтарын жеткізген. Ақпарат бойынша, мамыр айынан бері Самара облысынан 10 мыңнан астам өзбек азаматы елге келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG