Accessibility links

"Заң өзгерсе..." Садыр Жапаров президент сайлауына түскісі келеді


Садыр Жапаров.
Садыр Жапаров.

Қырғызстан президенті міндетін атқарушы Садыр Жапаров егер депутаттар Конституцияға өзгерістерді мақұлдаса, алда болатын президент сайлауына түсетінін мәлімдеді.

"Қазір президент және парламент сайлауы заңына өзгерістерді дайындап жатыр. Егер нәтижесінде заңдар өзгертілсе, президент сайлауына қатысамын. Бірақ қазір бұл туралы айту ерте. Бұл мәселе бойынша шешім қабылданған жоқ" деді Жапаров 19 қазанда "Россия-24" телеарнасына берген сұхбатында.

Қырғызстан Конституциясына сай, уақытша президент болған адам президент сайлауына қатыса алмайды. Ал елде Конституцияны өзгерту үшін халықтық референдум өтуі тиіс.

Адам ұрлады деп сотталып, кейін жақтастарының көмегімен босап шыққан экс-депутат Жапаров алдымен премьер-министр, кейін уақытша президент қызметіне тағайындалды. Ал ел президенті Сооронбай Жээнбеков елде парламент сайлауы нәтижесіне қарсы наразылықтан соң отставкаға кетті. Ал Жапаровты уақытша президенттікке Жогорку кеңеш бекіткен еді.

4 қазанда өткен парламент сайлауынан кейін Жогорку кеңешке өтпей қалған оппозициялық партиялар мен жұрт жаппай наразылыққа шығып, қайта сайлау өткізуді, Жээнбековтің президенттіктен кетуін талап етті. Наразы жұрт "сайлауда билікке жақын партиялар жеңді, олар әкімшілік ресурстарды пайдаланды, жұртқа ақша беріп дауыс сатып алды" деп айыптаған.

Наразылар 6 қазанға ауған түні президент пен парламент отыратын "Ақ үйді", Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын басып алып, қамауда отырған экс-президент Алмазбек Атамбаевты, экс-премьер Сапар Исаковты, бұрынғы депутат Садыр Жапаровты босатып алған. Атамбаев қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты түрмеден босатты деген айыппен 11 жылға сотталған. Ал Исаков "Бішкек ЖЭС жөндеу жұмысына бөлінген ақшаны жымқыру айыбымен" 18 жылға түрмеге қамалған. Жапаров 2013 жылы Құмтөр алтын кенішін мемлекет иелігіне алу талабымен Қарақол ауылында митинг ұйымдастырып, сол кездегі Ыстықкөл облысының әкімін кепілге алған деген айыппен 2017 жылы тамызда 11,5 жылға түрмеге қамалған.

Елде наразылық күшейген тұста Орталық сайлау комиссиясы 4 қазандағы сайлаудың нәтижесін жойды.

Жогорку кеңеш қамаудан шыққан Жапаровты алдымен премьер-министрлікке тағайындады. Ал Жээнбеков елде жаңа парламент сайлауы өтпей президенттіктен кетпейтінін айтқан. Бірақ Жапаровтың жақтастары Жээнбековтің отставкасын талап етуді тоқтатпады. 15 қазанда Жээнбеков "тарихта өз халқына оқ атқан президент болғысы келмейтінін" айтып, президенттіктен кетті.

Сооронбай Жээнбеков Жогорку кеңешке келіп, президенттіктен кеткенін жариялаған сәт. 16 қазан 2020 жыл.
Сооронбай Жээнбеков Жогорку кеңешке келіп, президенттіктен кеткенін жариялаған сәт. 16 қазан 2020 жыл.

Қырғызстан Конституциясы бойынша, егер ел президенті қызметінен мерзімінен бұрын кетсе, жаңа президент сайланғанша оның міндетін Жогорку кеңеш төрағасы атқарады. Егер парламент спикері президент міндетін атқара алмаса, бұл міндет премьер-министрге көшеді. 12 қазанда қырғыз парламентінің спикері ретінде бекітілген Канат Исаев уақытша президент болудан бас тартты.

Осыдан соң Жогорку кеңеш Жапаровты уақытша президент етіп тағайындап, ол "бүкіл билік менің қолыма өтті" деп мәлімдеді. Елде президент сайлауы 2021 жылы қаңтарда өтуі тиіс.

Жапаров билікке келе сала бұрынғы төтенше жағдай министрі Қамшыбек Ташиевті Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің (МҰКК) төрағасы етіп тағайындады. Ташиев кеден қызметіне және оның экс-басшысы Райымбек Матраимовке қатысты тергеу бастауға уәде етті.

Матраимовтар әулеті Қырғызстандағы ең бай және ықпалды отбасы саналады.

Былтыр маусымда Азаттықтың Қырғыз қызметі жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге Қырғызстаннан заңсыз жолмен кемі 700 млн доллар қалай шығарылғаны туралы зерттеу материалын жариялады. Зерттеуде бұл жемқорлық істі Райымбек Матраимовтің басқарғаны айтылады.

МҰКК баспасөз қызметі 19 қазанда Азаттықтың Қырғыз қызметіне Матраимов бастаған жемқорлық ісіне қатысты 40 адам күдікке ілінгенін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG