Шымкент қаласындағы ИЧ-167/11 түрмесінде қамауда жатқан белсенді Марат Дүйсенбиевтің інісі әрі қоғамдық қорғаушысы Нұрмат Дүйсенбаев ағасына түрмеде қысым жасалып жатыр деп санайды. "Экстремистік деп танылған ұйым жұмысына араласты" деген күдікпен екі айға қамауға алынған Марат Дүйсенбиевке түрмеде қысым жасалуы мүмкін екенін белсенділер де жазды.
Нұрмат Дүйсенбиев Азаттық тілшісіне "Күнде ағамды көру үшін түрмеге барамын. Карантин болған соң бейнебақылау арқылы сөйлесеміз. Түрмеде қысым жасалып жатқанын бұдан бұрын да айтқан. Бүгін қалай қысым жасалғанын сұрадым. Кеуде тұсын ұстап қатты ауырып жатқанын айтқаны сол еді, байланыс үзіліп кетті" деді.
Нұрмат Дүйсенбиевтің сөзінше, ағасы денсаулығына байланысты дәрігерге қаралған. Дәрігер емделу керегін айтып, қажетті дәрілердің тізімін берген. Ал Марат Дүйсенбаев дәрілердің тізімін қорғаушыларынан туыстарына беріп жіберген.
ИЧ-167/11 түрмесі басшысының орынбасары Ерлан Мухитдин Азаттық тілшісіне телефон арқылы Марат Дүйсенбиевке қысым көрсету, не ұрып-соғу дерегі тіркелмегенін айтты. Ол күдіктінің шағымы болса құзырлы орындарға арыздануына болатынын жеткізді.
- Бізде барлық жерде бейнебақылау камералары бар. Қысым жасалуы мүмкін емес, - деді басшының орынбасары.
Нұрмат Дүйсенбиев ағасына жасалған қысым туралы құзырлы орындарға сенбейтін болған соң арыз түсірмейтінін жеткізді.
44 жастағы Марат Дүйсенбиев Қазақстанда экстремистік ұйым деп танылған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған "Қазақстан демократиялық таңдауы" қозғалысы ұйымдастырған митингілерге адамдарды шақырды деген күдікке ілінген.
Оның үстінен 5 тамызда Қылмыстық Кодекстің 274-бабымен ("Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату") іс қозғалған.
17 қыркүйекте іс Қылмыстық Кодекстің 405-бабымен ("Экстремизм не терроризм деп танылған ұйым жұмысына араласу") қайта сараланып, белсенді күдікті ретінде екі айға қамауға алынған. Тергеуді Түркістан облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізіп жатыр.
Қазақстан соты шетелде тұрып жатқан оппозициялық саясаткер, билік сыншысы Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Әблязов сот шешімімен келіспейді және тыйымның саяси астары бар деп санайды. Қазақстан билігі ҚДТ ұйымын қолдаған белсенділерді қамап, айыппұл салып жиі жазалайды.
ПІКІРЛЕР