Бірінші болып денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев "бюджет қаржысын жымқырған" деген күдікпен ұсталды. Одан кейін "СК-Фармация" (денсаулық сақтау министрлігіне бағынатын, дәрі-дәрмек жеткізумен айналысатын бірыңғай дистрибьютор) басқармасының бұрынғы басшысы Берік Шәріп төтенше жағдай кезінде медициналық құралдар сатып алуда "құзыретін асыра пайдаланды" деген күдікпен тұтқындалды. Кейінірек дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын сараптау ұлттық орталығының бас директоры, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов "бірнеше рет пара алған болуы мүмкін" деген күдікпен үйқамаққа алынды.
"ЖҮЙЕ АДАЛ АДАМДЫ ШАЙНАП, ТҮКІРІП ТАСТАЙДЫ"
Медицина ғылымдары кандидаты, дәрігер-белсенді Қайырғали Көнеев "Кім кінәлі: жүйе ме, әлде кадрлар ма?" деген риторикалық сұраққа жауап іздеп, денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлық деңгейіне кадрлар жартылай ғана әсер етеді деген қорытындыға келген.
Осы жүйеде қызмет еткісі келген адал адамға жүйені бұзуға тура келеді. Ал жүйе ондай қызметкерді былғап, беделіне нұқсан келтіруге тырысады.
– Белгілі бір деңгейде кері сұрыптаудың әсері бар деп ойлаймын. Денсаулық сақтау министрлігінен өз ісін сүйетін адал қызметкерлер кетіп қалды. Осы жүйеде қызмет еткісі келген адал адамға бұл жүйені бұзуға тура келеді. Ал жүйе ондай қызметкерді былғап, беделіне нұқсан келтіруге тырысады. Министрлікте ондаған жыл бойы жұмыс істеген мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан босатылғанына мысал жетеді. Адал адамға бастығының туысына қатысы бар бизнестің мүддесін қорғауды ұсынды делік. Бұл ұсыныстан бас тартса оны қудалай бастайды. Үстінен арыз-шағым жазады. "Жұмысқа ішіп келді" немесе "жартылай жалаңаш күйде жиналыс өткізді" дейді. Жалпы айтқанда, аяқтан шалуға тырысады. Ал кейін жүйе адал адамды шайнап, түкіріп тастайды, – дейді Қайырғали Көнеев.
Ол ойын жалғап, егер адал адам керісінше, жүйеге қарай бейімделіп, әлгіндей ойын ережесін қабылдаса, дәулетке кенелетінін, бірақ кейін шегінер жол қалмайтынын айтады.
ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ТАМЫРЫ ӨТЕ БЕРІК
Сарапшы денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлықтың тамыры отбасылық қарым-қатынастан да берік екенін айтады.
Қоғам денсаулық сақтау министрлігінде не болып жатқанын білгісі келгенде осы жүйедегі адамдар "Сіз дәрігерсіз бе? Медицинадан хабарыңыз жоқ" деп, жылдар бойы олардың аузын жауып келді.
– Ерлі-зайыптылар мен достар арасындағы қарым-қатынас үзілуі мүмкін, ал жемқорлық тамыры өте берік келеді. Біреуі ұсталғанша олар бір-бірінің қылмысын жасырумен болады. Қазір министрліктегі жемқорлықты зерттеп жатқандардың өзі көрген жайтқа таңғалған. Бірақ олардың нақты не көргені белгісіз, өйткені тергеу құпиясы деген бар. Бұрын денсаулық сақтау саласын ерекше санап, оған тимеуге тырысқан. Қоғам денсаулық сақтау министрлігінде не болып жатқанын білгісі келгенде осы жүйедегі адамдар "Сіз дәрігерсіз бе? Медицинадан хабарыңыз жоқ" деп, жылдар бойы олардың аузын жауып келді. Сондықтан ешкім бұл іске араласқан жоқ. (Денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлықтың) негізгі себебі – осы, қоғамның араласпауы, – дейді Қайырғали Көнеев.
Көнеев денсаулық сақтау саласындағы жемқорлықтың тағы бір себебін кландардан және жекеменшік не жекешелендірілген медицина мекемелеріне арналған мемлекеттік тапсырыстан көреді.
– Бірнеше жыл бұрын денсаулық сақтау министрлігінде ірі нысандарды жекешелендіру жүрді. Осыдан кейін өзара соғысып жүрген кландар бір шешімге келді. Қазір олардың арасында бұрынғыдай текетірес жоқ. Олар ең пайдалы нысандарды жекешелендіріп, мемлекеттік тапсырыстан табыс табуға көшті. Ал бұған қарсы шыққандардың "көзі жойылды", – дейді Қайырғали Көнеев.
Белсенді дәрігердің пікірінше, тағы бір себеп денсаулық сақтау министрлігінің жылдар бойы қоғамға "әдемі картина" көрсетіп келуімен байланысты.
– Бұрын денсаулық сақтау министрлігі ел билігін шетке шығарып, жабдықталмаған ауруханалар мен жұмыс істемейтін ақпараттық жүйелер туралы ауыз толтырып айтуға шебер болатын. Бәрі жақсы, бәрі жұмыс істеп тұр деп сендіретін. Ел билігінің көзі байланып, денсаулық сақтау министрлігінің басшыларына сенетін, – дейді ол.
COVID-19 БАРЛЫҚ БЫЛЫҚТЫҢ БЕТІН АШТЫ
Медицина ғылымдарының кандидаты коронавирус пандемиясы болмаса, "әдемі картина" көрсету ары қарай жалғасар еді, бірақ эпидемия денсаулық сақтау министрлігінің көп былығын, оның ішінде жемқорлық байланыстарын әшкереледі деп есептейді.
– Коронавирус қыруар қаржы бөлінгеніне қарамастан, эпидемияға қарсы күресте мүлде жетістікке жетпегенімізді көрсетті. Қырғызстанмен салыстырғанда Қазақстан жан басына шаққанда 20 есе көп ақша жұмсады. Соған қарамастан, Қырғызстанда жан басына шаққанда коронавирус жұққан дәрігер саны үш есе аз. Коронавирус инфекциясына қарсы күрестегі жетістік көрсеткіштерінің бірі – вирус жұққан дәрігерлер. Covid келіп, бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы тоқтап қалды. Халық тіпті ауруханаға жата алмады, – дейді Көнеев.
Сарапшы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен жемқорлыққа қарсы күрес қызметі тек осыдан кейін ғана елдің денсаулық сақтау саласына тексеру жүргізу керегіне назар аударғанын айтады.
Көнеевтың пікірінше, денсаулық сақтау жүйесінің жемқорлық жайлаған тұстары бар. Олардың қатарына тауар және қызмет қауіпсіздігі мен сапасын бақылау (санитарлық-эпидемиологиялық бақылу да осыған кіреді), дәрі-дәрмекті сатып алу, сараптамадан өткізу және бақылау, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруға жауапты салалар жатады.
БІР ДӘРІНІ САТЫП АЛУҒА 14 АЙ КЕТКЕН
Биыл шілдеде жемқорлыққа қарсы қызмет "СК-Фармация" компаниясы қызметіндегі жемқорлық қаупіне сырттай сараптама жүргізе бастады. Сараптама қорытындысы бойынша, көп жемқорлық жайты ашылған. Мысалы, "СК-Фармация" мемлекеттік монополия субъектісі екені анықталған. Бұл кәсіпкерлік кодексі талабын бұзу болып саналады.
Жемқорлыққа қарсы қызметтің баяндамасында "Құқықтық құжаттарда коммерция бағыты туралы контексте компанияның "мемлекет тарапынан кепілдендірілген дәрі-дәрмек пен медицина құралдары қолжетімділігін қамтамасыз ету" деген негізгі миссиясы аталмаған" деп жазылған.
"СК-Фармации" қоймасында дәрі-дәрмектің бір түріне тапшылық байқалғанда, оған алдыңғы жылдардан бері келе жатқан басқа препараттар жетіспеушілігі де қосылған (2018 жылдан бері –15,7 млрд теңге, 2019 жылдан бері – 9,5 млрд теңге). Келесі бір проблема – мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі жемқорлық қаупі. Мемлекеттік сатып алу бойынша өтпей қалған тендерлер бірнеше рет ұйымдастырылған, осыдан бір дәріні сатып алуға 14 айға дейін мүмкіндік болмаған. Бұл өз кезегінде дәрі жеткізу процесіне әсер еткен. Бір көзден сатып алу әдісінің қолданылуы да тергеушілердің назарын аударған.
"Covid-19 індетіне қарсы күреске арналған гуманитарлық көмекті тарату кезіндегі жемқорлық қаупі" анықталды. Медицина мекемелерінде дәрі-дәрмек тапшы болып жатқанда Катардан келген гуманитарлық жүктің ұзақ уақыт қоймада қалуының бір себебі де – осы. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі "СК-Фармация" денсаулық сақтау министрлігіне бағынатындықтан, ведомство қызметкерлерінің компаниясының бақылаушы кеңесінде болуы "мүдделер қайшылығы тұрғысынан алғанда жемқорлық қаупін туғызады" деп тапқан.
"НА-НА-ТЕХНОЛОГИЯЛАР"
Денсаулық сақтау саласындағы консалтинг бойынша сарапшы, Med Invest First компаниясының серіктесі Марат Мамаев денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлық қаупін саланың ерекшелігімен байланыстырады.
Негізгі жемқорлық қаупі – шешім қабылдау процесінің мейлінше жабық екендігінде.
– Бұл – "на-на-технологиялардың" дамуының нәтижесі. Мұндағы "на-на" "міне, ал" деген сөзді білдіреді. Негізгі жемқорлық қаупі – шешім қабылдау процесінің мейлінше жабық екендігінде. Саладағы шешім қабылдау мәдениеті жабық болмағаны жөн. Бірақ денсаулық сақтау саласын төменнен жоғары басқару жүйесінде мұны қамтамасыз ету қиын. Бұл жүйеде бәрі бір ағза сияқты қаралады, – дейді Марат Мамаев.
Ол денсаулық сақтау саласының қызмет көрсету, үйлестіру, бақылау және қолдау қызметтері мемлекеттік органдар арасында тең бөлінуі керек деп есептейді.
– Тепе-теңдік негізінде шешім қабылдау процесіндегі бірдей қашықтық сақтау механизмі жатыр. Бірақ вертикал жүйеде төменде тұрған органға жоғарыдағылардың шешіміне қарсы келу қиынға соғады. Идеал қоғамда денсаулық сақтауды басқару жүйесі өзін-өзі басқаруға берілуі керек, – дейді Мамаев.
Марат Мамаев шешім қабылдау сапасын арттыру үшін денсаулық сақтау саласын басқарудың өзіндік үлгісін жасаған. Айтуынша, ұсынылған үлгі бір орган билігін орталықтандыру мәселесін шешіп, салалық шешімдер қабылдауда кәсіби қауымдастықтың ықпалын арттырады.
Ол мұндай кезде кәсіби қауымдастықтар мен науқастардан құралған ұйымдардың басым көпшілігінің қолдауымен қабылданған шешімге денсаулық сақтау министрлігінің ықпал ете алмайтынын мысалға келтірді.
– Кәсіби мамандар біреудің көңілінен шығуды емес, пайдалы әрі дұрыс шешім қабылдауға тырысады. Неге бізде мұндай жоқ? Себептің бәрі өзара байланысты және бір-бірін жоққа шығармайды. Олардың бірі – жүйені жоғарыдан төмен және командалық басқару сәніне ілесу. Бұл саланың үстінен басқаруға тиімді, тапсырма беріп, жауап талап ететін адам болады. (...) Шешім қабылдайтын орталық біреу, қалғаны сол шешімге бағынады. Осы себепті бізде салалық шешімдер ұсынуға қатысатын медициналық қауымдастық жоқ. Мүмкін өңірлер мен дәрігерлер кабинетінде жоғарыда қабылданған шешімдердің сапасына қатысты наразылық осыдан туатын шығар, – дейді Мамаев.
Сарапшының пікірінше, жемқорлық қаупін азайту үшін шешімдер әртүрлі қауымдастық, науқастардан құралған ұйымдар, қорлар мен денсаулық сақтау министрлігінің басшылығы, кәсіподақтар мен өзге де салалық бөлімшелердің қатысуымен өткен жалпы жиын кезінде бірдей дауыспен қабылдануы керек.
Қайырғали Көнеев денсаулық сақтау саласындағы жемқорлықты жеңу қоғамның қолында деп сенеді.
Министрліктің қоғамдық кеңесін құрмақшы екен. Егер оның құрамын министрлік сайлайтын болса, өз адамдарын өткізеді.
– Тұрақты қоғамдық бақылау болуы керек. Ал министрлікте халыққа жаны ашитын адамдар жұмыс істеуі тиіс. Иә, қазір мониторинг топтары бар. Бірақ мұның бәрі бос сөз. Одан бөлек, министрліктің қоғамдық кеңесін құрмақшы екен. Егер оның құрамын министрлік сайлайтын болса, өз адамдарын өткізеді. (Қоғамдық кеңес мүшелерін) министрлік жанындағы комиссия таңдаса, онда қоғамдық кеңес ешқашан министрлікке қарсы шықпайды. Министрдің өзі қоғамдық бақылауға бағынуы керек, – дейді Көнеев.
Қоғам өкілдері қазірдің өзінде коронавирусқа қарсы күреске бюджеттен көп қаржы жұмсалғанына алаңдап отыр. БАҚ дерегінше, биыл шілдеде денсаулық сақтау министрлігіне коронавирус инфекциясына қарсы күреске 114 млрд 826 млн теңге бөлінген. Оның 40,5 млрд үкімет резервінен алынған. 21,1 млрд – жеке қорғаныш құралдарын, 2,03 млрд – дәрі-дәрмек пен медицина құралдарын, 2,5 млрд – зертхана жабдықтарын, оның ішінде коронавирусты анықтайтын жүйе сатып алуға жұмсалған. Бірақ денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың 11 қыркүйекте берген ақпаратына сәйкес, Қазақстан "коронавирусқа қарсы шараларға" 102,8 млрд теңге бөлген.
Үш жыл бұрын Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесіндегі жемқорлықпен күресуге талпыныс байқалды. 2017 жылы жазда жемқорлыққа қарсы қызмет бірнеше шенеуніктің ұсталғанын хабарлады. "Жалпы сомасы 10 млн теңгеден асатын көлемде бірнеше рет пара алу" айыбымен денсаулық сақтау министрлігі фармация комитеті төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пак, Павлодар облыстық фармация департаментінің басшысы Зәуре Қажинова, ОҚО (қазіргі Түркістан облысы) фармация комитетінің бас маманы Полат Имамходжаев, фармация комитетінің бас сарапшысы Даниля Ибраева ұсталған.
Сол кездегі денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов "СК-Фармация" қызметкерлерінің ұсталуы туралы "барлық қызметкердің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және "СК-Фармация" компаниясының күнделікті қызметіне қатысы болған" деген.
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай "СК-Фармация" бұрынғы басшысы Максим Касаткин мен "КазСибФармацея" компаниясының директоры Әлібек Ахметов тұтқындалған. Бірақ бұл істер сәтсіз аяқталған, ал ұсталғандардың бірі Лариса Пак көз жұмған. Ал биыл БАҚ жаңалықтарынан Зәуре Қажинованың жаңа қызметі – дәрігерлер, провизорлар мен фармацевтердің "Казмедфарм" ассоциациясының басшысы екені мәлім болды.
Әлі қылмыстық істердің аяқталғаны я сотқа жеткені жөнінде ешқандай хабар болған жоқ.
ПІКІРЛЕР