Accessibility links

"Былық және жауапсыздық". Қазақстандағы Covid індеті және есепке ілінбеген марқұмдар


Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зират. Қараой ауылының маңы, Алматы облысы, 25 мамыр 2020 жыл.

Батыс басылымдары пандемия кезінде жақынынан айрылған қазақстандықтар туралы жазып, елдегі Covid жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандардың статистикасына күдік келтірді. Ақпарат құралдары Байқоңырдағы эпидемиялық жағдайдың қиындығына назар аударып, қалада коронавирустан көз жұмған науқастар не Қазақстанның, не ғарыш айлағын жалға алып отырған Ресейдің статистикасына кірмейтінін айтады.

"АЩЫ ШЫНДЫҚ"

Ағылшынтілді Eurasianet.org сайты "Пандемия кезінде жақынынан айрылған қазақстандықтар үкіметті коронавирустың өршуіне дайын болмағаны үшін кінәлап, денсаулық сақтау жүйесін құртқан жемқорлық туралы айтады" деп жазды.

Басылым коронавируспен ауырған бір науқастың оқиғасын былай баяндайды: "Түн ортасында Жаннұр Жұмагелдинаның тынысы тарыла бастағанда, анасы жедел жәрдем шақырған. Бірақ жедел жәрдем келмеген. Келесі күні Семей қаласындағы аурухана 28 жастағы мүгедектігі бар науқасты қабылдаудан бас тартқан. Жаннұрдың жағдайы нашарлай берген. Анасы Майра Жұмагелдина тағы да жедел жәрдемге хабарласқан. Дәрігерлер келем дегенше Жаннұр жан тапсырған. Науқастың өлім себебі "жүрек жетіспеушілігі" деп көрсетілген, сондықтан бұл жағдай коронавирустың ресми статистикасына кірмейді".

"Бұл өлім қоғамның әлсіз топтарына пандемияның қандай зардап әкеліп жатқанын көрсеткен қайғылы иллюстрацияға айналды. Ал үкімет карантинді ерте алып тастағаннан соң өршіген коронавирусты ауыздықтауға қауқарсыздығын көрсетті, карантинді қайта енгізуге мәжбүр болды" деп жазады Eurasianet.org.

Жаннұрдың анасы "Медициналық көмек уақтылы көрсетілсе, қызымды аман алып қалуға болар ма еді?" деп қапаланады. Елде аза тұтып отырған көп отбасының да көкейінде осындай сұрақ бар.

Денсаулық сақтау жүйесіне коронавирусқа қарсы күреске жүздеген миллион доллар қаржы бөлінді. Бірақ жүйе бәрібір пандемияға дайын болмай шықты. Билік "жіберген қателігінің орнын толтыруға тырысып, ауруханадағы төсекті көбейтіп, әскери дәрігерлер мен медициналық оқу орындарының студенттерін емдеу ісіне тартып жатыр. Бірақ бұл шаралар жақынынан айрылған адамдардың көңіліне демеу бола алмайды.

"Бәріне үкімет кінәлі. Бәріне халықты тонаған ұрылар кінәлі. Осы өлім, осы қанның бәрі — солардың мойнында" дейді Шымкент қаласының жақында әкесінен айрылған тұрғыны.

Көңіл құлазытатын пікірмен қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев та келіседі. Ол Facebook парақшасында "Ащы шындықты айтсақ, басқарудағы былық, арсыздық, тасжүректік, жүйедегі жемқорлық, денсаулық сақтау саласындағы көп жылға жалғасқан күйреу, барлық деңгейдегі жауапсыздық, жоғарыдағылардың сөзі мен әрекетіне деген сенімнің төмендігі – осының бәрі болмаса науқастардың көбін аман алып қалуға болар еді" деп жазады.

"ЖҮЙЕ ПАНДЕМИЯ КЕЗІНДЕГІ САЛМАҚТЫ ӘРЕҢ КӨТЕРІП ТҰР"

Британдық Economist журналында жарияланған "Орталық Азия елдерінің билігі COVID-19, ал Түркіменстан шаң-тозаң мәселесін мойындайды" деген мақалада өңірдегі эпидемиялық жағдай мен Орталық Азия елдері билігінің шешімдері талданған.

Елде Covid вирусының барын жоққа шығаратын әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі Түркіменстанда президент қоғам алдына маска тағып шықты. Билік өкілдері масканы "микробтан емес, шаңнан қорғану үшін" кию керек дейді.

Орталық Азияның басқа мемлекеттерінде ауру өршіп, шектеу шаралары қайта енгізіліп жатыр. Мақалада бұл туралы "Қазақстан мамыр айында шектеу шараларын жеңілдеткен соң, елде коронавирустық инфекция диагнозы қойылған науқастар саны 1400 пайызға өсті. Адамдар қашықтық сақтап, маска тағуға шақыратын талаптарды сақтамады. Қазір билік халық жиі баратын саябақтарға қашықтық сақтау белгілерін қойып, қала көшелеріне маска тағуға үндейтін плакаттар іліп жатыр" делінген.

Ақтөбе облыстық ауруханасындағы коронавирус пандемиясына байланысты құрылған “қызыл зона”.
Ақтөбе облыстық ауруханасындағы коронавирус пандемиясына байланысты құрылған “қызыл зона”.

Шілденің басында Қазақстанда сауда орталықтары мен спорт кешендері қайта жабылды. Дәмханалар мен мейрамханалар далаға орнатылған үстелдері болса, бұрынғыдай қызмет көрсете алады. Орталық Азияның басқа мемлекеттері сияқты Қазақстан да вирустың тарауын күшейтетін дәстүрлі отбасылық шараларға тыйым салуға тырысып жатыр.

"Үкімет пневмонияның өршуі диагнозы дұрыс қойылмаған COVID-19 вирусымен байланысты болуы мүмкін екенін мойындады. Соңғы айларда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда пневмониямен ауырған науқастар саны 163 мыңға өскенін ескерсек, ресми статистикадағы 80 мың деген сан шынайы деректен аз екені анық" деп жазады Economist.

"Денсаулық сақтау жүйесі пандемия кезіндегі салмақты әрең көтеріп тұр. Ірі қалалардағы ауруханаларда орын тапшы. Үкіметтің пандемияға қарсы күресі қоғамның ашу-ызасын туғызып отыр. Биліктің азаматтардың шарасыз күйіне бей-жай қарап, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 80-жылдық мерейтойымен сәйкес келген мемлекеттік мереке кезінде ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында отшашу өткізуі отқа май құйғандай әсер етті" деп жазады Economist.

БАЙҚОҢЫРДАҒЫ COVID: 30 НАУҚАСТЫҢ ӨЛІМІ СТАТИСТИКАҒА КІРМЕГЕН

Америкалық Forbes журналына шыққан "Ғарышқа жүк жіберетін қаланы коронавирус уайымы басты" деген мақалада Байқоңырда COVID-19 вирусы жұққан науқастар санының артуына байланысты туған қиын жағдай туралы жазылған.

Халықаралық ақпарат құралдары Байқоңырда коронавирустың екінші толқыны басталғанын, қала тұрғындары індет ұзақ уақыт сақталуы мүмкін деп қауіптенетінін хабарлады. Қазақстаннан Ресейге ғарыш айлағымен бірге жалға берілген Байқоңыр індет өршіген маусым айында карантинге жабылған.

Ресейлік "Роскосмос" корпорациясының басшысы Дмитрий Рогозин бұл жағдай халықаралық ғарыш станциясының бортына аппараттар ұшыру және жүк жеткізу жұмыстарына әсер етпеуі керегін айтты.

Байқоңыр ғарыш айлағының маңында жайылып жүрген түйелер.
Байқоңыр ғарыш айлағының маңында жайылып жүрген түйелер.

Forbes журналы Рогозиннің "[Халықаралық ғарыш станциясына жүк] жіберу уақытын өзгерту ғылыми тәжірибелер мен ғарыш станциясындағы басқа да жұмыстарға әсер етуі мүмкін. Одан бөлек, жүк тасымалы кешіксе, экипаж мүшелеріне тамақ пен борттағы басқа да заттарды жаңа жүк келгенше үнемдеуге тура келеді. Ғарыш кемесінде үнемі азық-түлік қоры болады, өйткені жақсы күндердің өзінде жүк жеткізетін құрылғыларды ұшыру қалай жүзеге асатынын болжау қиын" деген мәлімдемесін берген.

Америкалық журнал ағылшын тілінде шығатын ресейлік Moscow Times газетіндегі мақалаға сілтеме жасаған. Мақалада "36 мың тұрғыны бар (2009 жылғы халық санағы бойынша) Байқоңырда коронавирустан 30 адам қайтыс болған" деген дерек бар. Moscow Times "Өткен аптада Ресей федералдық медицина-биологиялық агенттігі директорының орынбасары Владимир Романов Байқоңырда коронавирус жұққан отыз адамның көз жұмғаны туралы хабарлады" деп жазады. Кейінірек "Роскосмос" басшысы Рогозин қаладағы жағдайды "өте күрделі" деп бағалаған. Бұл — коронавирус қаупін азайтып көрсетіп отыр деп айыпталған елдің шенеунігі үшін өте салмақты мәлімдеме.

Moscow Times басылымына пікір берген дәрігерлер, "Роскосмос" қызметкерлері мен Байқоңыр тұрғындары жағдайдың қиын екенін растайды.

"Зомби қалада өмір сүріп жатқандаймыз, науқас көп, адамдар өліп жатыр. Біз жағдайды өз қолымызға алмақ болып, ақша жинап, үй-үйге тауар жеткізуді бастадық" дейді Moscow Times тілшісімен сөйлескен, 13 шілдеден бастап ерікті болып жүрген Байқоңырдың 24 жастағы тұрғыны, құрылыс компаниясының қызметкері Гүлнат Қадырбеева.

"Бізде орын жоқ, вирус тез тарады, бұлай болады деп ойламадық" дейді Байқоңыр ауруханасында мейіргер болып істейтін азамат. Оның өз есебі бойынша, қалада вирустан қайтыс болғандар саны жүзден асып кеткен.

"Шағын көлік компаниясының басшысы, 28 жастағы Есболат Жеткергеновтың айтуынша, қайтыс болған азаматтардың туыстары күн сайын хабарласып, мәйітті жеткізуге көмек сұрайды. Өйткені жергілікті жерлеу қызметі вирустан болған өлім санының күрт артуына байланысты үлгере алмай жатыр" деп жазады Moscow Times.

Байқоңыр қаласына кіреберіс. 15 наурыз 2019 жыл.
Байқоңыр қаласына кіреберіс. 15 наурыз 2019 жыл.

Байқоңырдың ерекше мәртебеге ие болуына байланысты статистиканы тексеру қиын. Жай күндердің өзінде қала аумағына кіру үшін рұқсат алу керек, ал 25 маусымнан бастап енгізілген карантин кезінде Байқоңыр мүлдем оқшауланған. Вирус жұққан науқастардың көбі Ресей федералдық медицина-биологиялық агенттігіне қарасты Орталық медициналық ауруханада емделіп жатыр. Сондықтан қаладағы коронавирус статистикасын жүргізуге қай ел жауап беретіні түсініксіз.

Қалада коронавирустан көз жұмған 30 азамат не Қазақстанның, не Ресейдің статистикасында көрсетілмеген. Қазақстанның денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят маусымда Байқоңырда ауырып, қайтыс болғандар Қызылорда облысының дерегіне қосылатынын айтқан. Бірақ Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, аталған өңірде COVID-19 вирусынан жеті адам ғана қайтыс болған. Ресейдің коронавирусқа арналған тізіліміндегі дерекке қарағанда, Мәскеу де Байқоңырды ресми есебіне қоспаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG