"ЖАЛҒЫЗ БАЛАМДЫ ЖЕТКІЗСЕМ ДЕЙТІН, ДЕГЕНІНЕ ЖЕТЕ АЛМАДЫ"
Жоғары категориялы психиатр дәрігер Сәния Мұсиева 13 шілдеге қараған түні Ақтөбе медицина орталығының реанимациясында пневмониядан көз жұмды.
- Өткен жұма, 10 шілде күні "Сәния комаға түсті" деген хабар алдық. Ұзамай арамыздан кетіп қалды. Есеңгіреп отырмыз. Жұмыс, жұмыс деп шапқылап жүріп, ешқашан демалыс көрмейтін адам еді, - дейді марқұмның құрбысы Ақмарал Балғынова.
Азаттық тілшісі хабарласқанда Ақмарал Балғынова марқұмның туыстарымен бірге қаралы үйде екен. Айтуынша, Сәния Мұсиева жалғыз ұлын "ізімді қуып, дәрігер болса" деп армандайтын.
Марқұм Мұсиева өмірінің соңғы 23 жылын медицинаға арнаған. Атырау облысының тумасы әр жылдары туған жері мен Маңғыстау, Ақтөбе облыстарындағы медицина мекемелерінде еңбек еткен. Жұбайы 2007 жылы кенеттен қайтыс болған. Биыл 16 жасқа толатын баласы жақында Ақтөбедегі медицина колледжіне оқуға түскен.
- Сәния қай учаскеде жұмыс істесе де, өз пациенттерінің аты-жөнін, отбасын, мекенжайын жатқа білетін. Жүйкесі ауыратын адамдар үйінен шығып кетіп, қайтар жолын таба алмай адасқанда полиция қызметкерлері үнемі Сәнияның көмегіне жүгінетін. Полиция жіберген фотоға қарап, науқастың кім екенін, қайда тұратынын сол заматта айтып беретін. Негізгі жұмысынан қолы босағанда жеке клиникаларда, жедел жәрдемде істеп, қосымша табыс тауып жүрді. Медицина колледжінде дәріс оқыды. Жалғыз ұлы Аманды жеткізсем деуші еді. Арманына жете алмады, - дейді құрбысы.
Дәрігер Мұсиева Ақтөбе медицина орталығына 4 шілде күні ауыр хәлде жеткізілген. Орталықтың мәліметінше, екі өкпесі қабынған науқастың қант диабеті, қан қысымы сияқты басқа да дерттері болған. ПТР тест қорытындысы науқастан коронавирус таппаған.
Сәния Мұсиева өмірінің соңғы екі жылында Ақтөбедегі №1 қалалық емханада бөлім меңгерушісі болған. Әріптестерінің айтуынша, ауруханада жатқан кезінде Мұсиеваның жасөспірім ұлы анасының жұмыс орнына күн сайын келіп, "мамамды құтқарыңыздаршы" деп жылап жүрген. "Қолымыздан ештеңе келмеді" деп күрсінеді әріптестері.
- Қала емханалары қашықтан жұмыс істей бастағанда Сәния Қалиханқызында ондай мүмкіндік болған жоқ. Ол кісінің учаскесі жасы егде, жүйкесі бұзылған азаматтардың денсаулығына жауапты. Сондықтан қауіп-қатерге қарамастан науқастарды бұрынғысынша қабылдай берді, - дейді Сара Ыбыраева.
ІНДЕТТЕН ҚАЙТЫС БОЛҒАН АҚТӨБЕЛІК ДӘРІГЕРЛЕР
13 шілдеге қараған түні Ақтөбе медицина орталығында Сәния Мұсиевадан өзге тағы үш адам пневмониядан қайтыс болған. Орталықтың бас дәрігері Рүстем Исаевтың сөзінше, індет тарай бастағалы Ақтөбе медицина орталығы реанимациясында 100 шақты адам пневмониядан қайтыс болған. Оның арасында медицина қызметкерлері де бар.
27 маусым күні өзі еңбек еткен Ақтөбе медицина орталығының реанимациясында невролог Дон Қожақұлов қайтыс болды. Қырық жыл дәрігер болған Дон Қожақұловты әріптестері "зейнет демалысында екеніне қарамастан қиын кезде алғы шептен табылған әріптесіміз еді, ажалдан арашалап қала алмадық" деп өкінеді.
24 маусымда Ақтөбе облысы Ембі аудандық ауруханасының терапеві Әсия Сатаева да қайтыс болды. Марқұмның туыстарына берілген медицина куәлігінде "Өкпе қан тамырының бітелуі" (Легочная эмболия с упоминанием об остром легочном сердце) деп жазылған.
Туыстары Әсия Сатаевадан да COVID-19 белгілері табылмағанын айтады. Марқұмның інісі Болатбек Кәкімжанұлы "Әпкемнің қазасы жанына батқаны сонша жездемнің шашы 48 сағат аралығында аппақ болып кетті" дейді.
10 шілде күні Ақтөбедегі облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров та пневмониядан қайтыс болды. Инфекционист дәрігер өзі 2013 жылдан бері жетекшілік еткен аурухананың реанимациясында жан тапсырған.
13 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиякезінде қайтыс болған екі дәрігерді "Қазақстанның Еңбек Ері" атағымен марапаттады. Соның бірі – Ақтөбе облыстық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров. Енді біреуі Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасының бөлім меңгерушісі Олег Исаев.
Марқұмдарды марапаттау туралы қаулыда "Қазақстанға сіңірген аса үздік еңбегі, қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен жанқиярлығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылсын" деп жазылған.
Ақтөбе облысы Байғанин аудандық ауруханасының коронавирустан қайтыс болған мейірбикесі Күләй Егеубай "Құрмет" орденімен марапатталды. 55 жастағы медқызметкердің артында жұбайы, бес қызы, бір ұлы қалды.
Моңғолияның Баян Өлгий аймағында дүниеге келген Күләй Егеубай 1992 жылы Қазақстанға көшіп келген. Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдідегі ауруханада 28 жыл бойы мейіргер болып істеген ол сол ауруханада 7 шілде күні жан тапсырған. Қызы Әсел Бақытжанқызының сөзінше, марқұмдардың өлім себебін анықтайтын арнайы комиссия оның қазасына коронавирус себеп болған деген шешім шығарған.
- Анам кәсібіне адал еді. Күліп жүретін. "Кең болсаң, кем болмайсың" дегенді жиі айтатын. Сол кеңдігі мен кәсібіне деген адалдығы үшін әріптестері де, пациенттері де қатты сыйлады. Үйімізде анамызға берілген алғыс хаттар өте көп. Медицинаға қосқан үлесі үшін "Мейірім" төс белгісімен марапатталған, - дейді қызы.
Ақтөбе облысы әкімдігі таратқан ресми дерек бойынша, облыста індет басталғалы бері 6 медицина қызметкері қайтыс болған.
Ақтөбе облысы әкімінің кеңесшісі Әсет Қалиев Азаттыққа коронавирус пандемиясы басталғалы аймақта медицина саласының 100 қызметкерінен коронавирус анықталғанын, оның 55-і дәрігер екенін айтады. Сонымен қатар 77 медицина қызметкері пневмонияға шалдыққан.
Аймақты індет жайлай бастағанда облыс орталығы Ақтөбеде бірінен кейін бірі пневмонияны емдейтін жеті орталық жасақталды. Аймақ басшылығы "денсаулық сақтау министрлігі рұқсат етпейді" деп, пневмониядан қанша адам қайтыс болғаны жайлы нақты деректі айтпай отыр.
ПІКІРЛЕР