Алматыда Демократиялық партия құрғысы келетін бастама топ өкілдерінің күн сайынғы пикеттері жалғасып жатыр. 6 қарашада Арбатта пикет өткізген "демпартия" жақтастарының бірі Аружан Дүйсебаева биліктің тәуелсіз партияларды тіркеуден бас тартып, олардың билікке келуіне жол бермей отырғанына шағымданды. "Тіркелген партияның барлығы биліктің сойылын соғады" деген Дүйсебаева бәсекесіз сайлау қарсаңында халықта сайлауға бойкот жариялаудан басқа жол жоқ екенін айтты.
Кейбір белсенді топтар бақылаушылар институтын күшейтіп, сайлауда "дауыс ұрлауға жол бермеуге тырысатынын" айтып отыр, бірақ "сайлауда дауысы үшін күресуге лайық партия жоқ қой" дейді ол.
- Былтыр билік Демократиялық партияны тіркемей қойды. Жаңаөзеннен келе жатқан жақтастарымыздың көлігін өртеп, басқа аймақтан келе жатқандарға қоқан-лоқы көрсетіп, жұмыстан шығасың деп ескерту жасады. Солай еткен билік енді ештеңе болмағандай тып-тыныш парламент сайлауын өткізіп, жүйені сақтап қалғысы келеді, - деді Аружан Дүйсебаева.
Ол "президент Тоқаев саяси реформа жүргізілді дегенмен тәуелсіз белсенді топтар партияларын тіркей алмай, қиындық көріп отыр" деді.
Пикет өтіп жатқан кезде айналада жәй киім киген аты-жөнін айтпаған екі адам шараны мұқият бақылап тұрды. Маска таққан тағы бір адам пикет өткізген адаммен сөйлеспей, шара барысын видеоға түсірді.
Осыған дейін "Демпартия" өкілдері алда келе жатқан парламент сайлауының бәсекесіз өтетінін айтып, оған пикет, митингілер арқылы қарсылық білдіріп, бойкот жариялайтынын мәлімдеген. Олар 3 қарашадан бастап күн сайын бір адамдық пикет ұйымдастырып, мәселеге көптің назарын аудартуға тырысатынын айтқан.
5 қарашада бастама топ жетекшісі Жанболат Мамай "Демпартияға" Алматы әкімдігінің 14 қарашада қалада митинг өткізуге рұқсат бергенін хабарлады. Митингіде төрт тақырып көтеріледі деп айтылады: парламент сайлауына бойкот, халыққа несиелік амнистия жариялау, шетелдіктерге жердің жалға берілмеуін және саяси тұтқындарға бостандық талап ету.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді өзін-өзі ұсынған азаматтар мәслихатқа сайлана алмайды.
5 қарашада орталық сайлау комиссиясы елде ресми тіркелген алты партияға мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берген еді.
Қазақстанда былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.
Екі айдай қалған сайлауға дейін қандай да бір ұйым жаңа партия болып тіркелуі екіталай. Қазақстан заңына сай, қандай да бір ұйым саяси партия болып тіркелу үшін 20 мың мүшесі болуы шарт, мыңдаған адам қатысқан құрылтай өткізіп, әр аймақта филиал ашып, әділет министрлігіне құжат тапсыруы тиіс.
Биыл ақпан айында құрылтай съезін өткізуге талпынған "Демпартия" өкілдері шара қарсаңында биліктің қысымды үдеткенін мәлімдеп, құрылтай өткізуден бас тартқан болатын.
ПІКІРЛЕР