"САЯСИ ЖҮЙЕНІ ӨЗГЕРТЕМІЗ"
Тіркелмеген ұйымдардың әлеуметтік желілерде тараған бағдарламаларында ұқсас жоспарлар жиі кездеседі, айырмашылығы аз. Партия құрғысы келетіндердің қай-қайсысы да "негізгі ұстанымымыз – Қазақстанның саяси-әлеуметтік өмірі мен экономикасына елеулі реформа жасау" деп санайды.
"Өзгерістерді билік жүйесінен және 28 жылда Қазақстанды табысты және өркендеген елге айналдыруға қабілетсіз екендігін дәлелдеген тұлғаларды ауыстырудан бастаған жөн" дейді бағдарлама жобаларының бірінде. Тағы бір жобада "Конституцияны өзгертіп, Қазақстанды парламенттік басқаруға көшіру жайы" айтылады.
Азаттық тілшісі партия құруға әрекеттеніп жүрген белсенділерге хабарласып, "HAQ", "Республика", "Қазақстанның демократиялық партиясы", "Наше право" және Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламалары жайлы сұрастырған еді.
Белсенділердің бәрі де елде "саяси және экономикалық реформалар жасайтынына сендіргісі" келеді.
Тіркелмеген "Республика" партиясының бастамашыларының бірі Бэлла Орынбетованың айтуынша, олардың ұйымы "адам құқығы, білім, денсаулық сақтау мәселесіне баса мән береді және саяси жүйені реформалайтын бағыт ұстанып, Қазақстан билігін парламенттік басқару формасына көшіруге тырысады".
- Облыс, аудан әкімдерін халық сайлауы керек. "Әкімдер сайланса, Қазақстанның кей өңірінде сепаратистік пиғыл байқалуы мүмкін" деген пікірлер негізсіз. Егер әділ қоғам құрсақ, Қазақстаннан ешкім де кеткісі келмейтін болады, – дейді ол.
Азаттық тілшісімен сөйлескен белсенділердің көпшілігі осыған ұқсас пікір айтады. "Наше право" деп аталатын партия құратынын жариялап, биліктегі "Нұр Отан" партиясымен соттасқан белсенді Санавар Закирова мен "Қазақстанның демократиялық партиясын" құрғысы келетіндердің бірі Жанболат Мамай "партиялары тіркелсе, парламенттік басқаруға көшу жөнінде бастама көтеріп, Конституцияны өзгертетінін" айтады.
Жанболат Мамайдың сөзінше, "Қазақстанның демократиялық партиясы" бағдарламасында халыққа президентке импичмент жариялауға құқық беру туралы айтылады. Ал қазіргі Конституцияда ондай құқық парламентте ғана бар.
- "Сайлау туралы" заң өзгертіліп, партия ұсынатын кандидаттар тізімі бюллетеньге енгізілуі тиіс, ал халық әр кандидаттың өзіне дауыс беруі керек, депутаттардың жартысы бір мандатты округтан сайлануы қажет, – деп санайды ол.
"HAQ" партиясын құрғысы келетін бастамашыл топ жетекшісі Тоғжан Қожалиева ғана "президенттік және парламенттік басқару түрін" қалдыру керек деп санайды. Бірақ ол да "қазіргі Конституцияны өзгерту керек" деп есептейді.
- Конституцияға енгізілген өзгерістерді сараптадық. Өзгерістер әу бастағы нұсқасының 60 пайызынан асып кеткен. Сондықтан [Конституция] қайта қабылдануы тиіс. Жаңа Конституцияда Қауіпсіздік кеңесі деген құрылымды қалдырамыз. Бірақ оны тек бір адамға тәуелді етпейміз, - дейді ол.
Қожалиева "HAQ" деген атауды "Халыққа адал қызмет" либерал демократиялық партиясы деп тарқатады.
ПАРТИЯЛАРДЫҢ ЖОСПАРЫ ҚДТ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ КӨШІРМЕСІ МЕ?
Азаттық тілшісі сөйлескен белсенділердің Қазақстанның қазіргі саяси жүйесі туралы ойлары мен олар құрмақ партиялардың бағдарламалары осылай бір-бірінікіне ұқсас. Белсенді Бэлла Орынбетованың сөзінше, партиялардың бағдарламасы ұқсас болғанымен, бағыты әртүрлі болуы мүмкін.
Тоғжан Қожалиева "HAQ" тіркелсе, электораты басқа партияларға қарағанда өзгеше болады деп санайды.
- Өйткені бізді негізінен шағын және орта бизнес өкілдері мен қала тұрғындары көбірек қолдайды, - дейді ол.
Қуғындағы оппозициялық саясаткер, бизнесмен Мұхтар Әблязов құрған, Қазақстанда "экстремистік ұйым" деп қызметіне тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының бағдарламасын қолдаймын деген саясаткер Жасарал Қуанышәлин "жаңа оппозициялық партия құрғысы келетіндердің барлығының бағдарламасы ҚДТ бағдарламасын қайталайды" деп есептейді.
Ол биыл президент сайлауынан кейін партия құрғысы келетіндердің көбейгеніне күдікпен қарайды.
- Олардың парламент басқаруына көшу, Конституцияны өзгерту, тағысын тағы жоспарларының бәрі де ҚДТ бағдарламасында тұр. Партия құрғысы келетіндерді билік өз мүддесіне пайдаланып, ҚДТ-дан халықты бұрып әкеткісі келеді. Неге бұлар бәрі бір мезгілде, жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай шыға бастады? Өйткені билік ҚДТ-дан сескенеді. ҚДТ – бағдарламасын жариялап, тып-тыныш отырған ұйым емес. Билікке қарсы акция өткізіп, талабын айтып жүрген бірден бір ұйым. "Партия құруға билік кедергі жасап жатыр" деп байбалам салып жатқандарды көріп жүрміз. Бірақ шын мәнінде оның бәрі көз алдау, халықты сендіру, - дейді ол.
Саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің айыптау пікірлерін жаңа партия құрғысы келетіндер "орынсыз әрі дәлелсіз пікір" деп санайды.
Белсенді Жанболат Мамай партия құру туралы бастама көтергелі Мұхтар Әблязов пен оны қолдаушылардан түрлі айыптаулар естіп, тролльдердің қаралау науқанына ұласқанын айтады.
- Бұл – саяси бәсекеден қорқатындардың ісі. Тіпті оппозицияда да монополия орнатқысы келеді. Кімнің кім екенін уақыт көрсетеді. Жаздағы президент сайлауында Әміржан Қосанов "халықтың сенімін аяқ асты" еткен соң, халықтың кімге болса да күдікпен қарайтыны рас (Ресми мәлімет бойынша, Қосанов президент сайлауында 16,23 пайыз дауыспен екінші болған, Сайлау күні кешкісін ол қазіргі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеңісін мойындаған. Жұрт Қосанов ол мәлімдемесін ерте жасады деп айыптайды – ред.). Бірақ солай екен деп қол қусырып отыра алмаймыз. Біздің партия ұйымдастыру жұмыстарымызға биліктің қалай кедергі келтіріп жүргенін әлеуметтік желіден күнделікті көрсетіп отырмыз, – дейді ол.
Жанболат Мамай "Біздің ұстанымымыз - билікті сынайтын бірде бір ұйымды айыптамаймыз. Біздің басты қарсыласымыз тек қана билік" дейді.
"HAQ" жетекшісі Тоғжан Қожалиева биыл жаздағы сайлауға бір топ бақылаушылармен бірге қатысқанын, сайлаудағы әділетсіздіктерден кейін саяси партия құру туралы ойға келгенін айтады.
- Ойымызды ашық айтқан сәтте-ақ бізді биліктің жобасы дей бастады. Мен бұрын билікке тәуелді бизнес құрылымдарда жұмыс істегенмін. Сондықтан мені билікте жүрген бірнеше адамның жобасы деп те айтатынын естимін. Тек Совет одағы кезіндегідей "шетелдің агенті" деу ғана қалып тұр, – деп күледі ол.
Бэлла Орынбетованың сөзінше, "биліктің жобасы" деген айыптаулар Қазақстанның бұрынғы саяси дәстүрінде де болған, қазір де бар.
- Жасарал Қуанышәлин сөзінің авторитарлық режимнің ұстанымынан қандай айырмасы бар. Өзін демократ деп есептейтіндер плюрализм, сөз еркіндігі, адам құқығын сақтау мен сыйлауды үйренуі керек, бұл – саяси мәдениеттің белгісі, – дейді ол.
Бэлла Орынбетова өзі бастамашы болып жүрген "Республика" ұйымы конструктивті оппозиция жолын таңдайтынын айтады.
- Саясатта діттеген мақсатымызға жету үшін, ұстанымымыздан тайдырмайтын конструктивті келісімге бара аламыз. ҚДТ-ның қазіргідей күрес тәсілін қолдамаймыз. Бәрі бір күнде өзгергенін біз де қалаймыз, бірақ қазір ол мүмкін емес, – дейді Бэлла Орынбетова.
Азаттық тілшісімен сөйлескен белсенділер "билікке конструктивті оппозициялық жолмен жүреміз" десе де, билік партияларын ресми тіркеуден өткізетініне күмәнмен қарайды, сонда да "талпынып көргісі келеді".
Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Еуропарламент 2019 жылы наурызда Қазақстандағы адам құқығының жағдайы жайлы қабылдаған резолюциясында "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған. ҚДТ-ның ұйымдастыруымен өткен саяси акцияларды билік бірнеше рет күшпен таратқан. Қатысушыларын ұстап, әкімшілік жазаға тартқан. "ҚДТ-ны қолдайды" деп айып таққан бірнеше адамның үстінен қылмыстық іс қозғап, сотқа тартқан.
Қазір Қазақстанда "Нұр Отан", "Ақ жол", Коммунистік халық партиясы, "Бірлік", "Ауыл", Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және "Азат" партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі – "Нұр Отан", "Ақ жол" және Коммунистік халық партиясының Қазақстан парламентінде фракциялары жұмыс істейді. Болат Әбілев саясатткен кеткенін мәлімдегеннен кейін жұмысы тоқтаған "Азат" партиясының соңғы бірнеше жылда белсенділігі байқалмайды.
Көп жыл Жармахан Тұяқбай басқарған, биылғы кезектен тыс президент сайлауының алдында журналист Ермұрат Бапи төрағасы болып сайланған және өздерін жалғыз оппозициялық партия деп есептейтін ЖСДП басшылығы биыл күзде күтпеген жерден ауысқан еді. Партия өкілдері "төраға партия жарғысы бойынша ауыстырылды" десе, кей сарапшылар ЖСДП-дағы өзгерісті "биліктің әрекеті" деп сипаттайды.
Қазақстан заңына сай, партия құру үшін алдымен мың адам қатысатын съезд өтуі тиіс. Ал партияны ресми түрде тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы шарт.
ПІКІРЛЕР