Accessibility links

"Нұр Отан" партиясы іскерлік беделін сотта даулайды


"Нұр Отан" партиясының шағымы бойынша өтетін сотқа келгендер. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.
"Нұр Отан" партиясының шағымы бойынша өтетін сотқа келгендер. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.

«Нұр Отан» партиясы «жалған ақпарат таратып, іскерлік беделіне нұқсан келтірген» үш белсендіден 20 миллион теңге моральдық шығын талап етті. Белсенділер айыпты жоққа шығарып, «әуреге түспей шағымды қайтарып алуды» сұрады.

Сейсенбі күні Алматы қаласы Жетісу аудандық сотында «Нұр Отан» партиясының шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті.

Партияның шағымына қарағанда «Наше право» деп аталатын саяси партия құрмақ болған үш белсенді - Санавар Закиров, Әлнұр Илльяшев және Марат Тұрымбетов өздерінің партиясының тіркелмеуіне «Нұр Отан» партиясын кінәлі деп санап, жалған ақпарат таратқан».

Сотқа талапкер ретінде «Нұр Отан» партиясының өкілі Станислав Конкуров, шағым бойынша жауапкер Санавар Закирова мен Әлнұр Ильяшев және олардың қоғамдық қорғаушысы Маржан Аспандиарова келді. Тағы бір жауапкер Марат Тұрымбетовтің денсаулығына байланысты сотқа келмегені хабарланды. Істі судья Кәкен Қасаболатов жүргізді.

«Нұр Отан» партиясының өкілі Станислав Конкуров сот залында тұр. Алматы, 1 қазан 2019 жыл
«Нұр Отан» партиясының өкілі Станислав Конкуров сот залында тұр. Алматы, 1 қазан 2019 жыл

Сот залында «Нұр Отан» партиясының мүшелеріміз және жақтаушылармыз деген оннан астам адам қатысты. Олар сот үзілісі кезінде «Нұр Отан» партиясын ақтап, жауапкерлерді айыптай сөйледі.

Белсенділердің қорғаушысы Маржан Аспандиарова «Нұр Отан» өкілдеріне шағымдарын қайтарып алуды, «Нұр Отан» партиясына келтірілмеген зиянды іздеп уақыт алмай-ақ қоюды" өтінді. «Нұр Отан» партиясының өкілі шағымды қайтарып алмайтыны мәлім болған соң сот ісі әр қарай жалғасты.

«Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов «Нұр Отан» партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Олар әлеуметтік желідегі парақшалары мен өзге де интернет дереккөздер арқылы жалған ақпарат таратып, мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы қарсаңында «Нұр Отан» партиясына еліміздің азаматтары мен әлемдік қауымдастықтың сенімін азайтуға тырысты» дейді «Нұр Отан» партиясының шағымында.

Шағымға қарағанда «Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетов «Наше право» партиясын тіркеуге «Нұр Отан» партиясы кедергі жасады» деп санап, жалған ақпарат таратқан»

- Олар жалған ақпаратты 31 мамырда және 29 тамызда Facebook аккаунтарында жариялаған. Мұндай әрекеттер 951 мың мүшесі бар «Нұр Отан» партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Жалған ақпарат партия мүшелерінің түсінбеушілігін туғызып, ашу-ызасына тиді, сөйтіп олар әлеуметтік желілер арқылы «Нұр Отан» партиясын заң шегінде жауап беруге шақырды,-деп жазылған.

«Нұр Отан» партиясының шағымына қарағанда белсенділердің «Наше право» саяси партиясының тіркелмеуіне «Нұр Отан» партиясы жауапты деген сөздері бірнеше сайттарда да жариялаған.

-«Саяси партиялар туралы» заңның 10 бабының бірінші тармағында саяси партияларды әділет министрлігі тіркейтіні көрсетілген. «Нұр Отан» партиясының өзге партияны тіркеуге немесе тіркемеуге еш қатысы да мүмкіндігі де жоқ» делінген.

«Нұр Отан» партиясы Азаматтық кодекстің 43 бабы 1 тармағына сәйкес соттан «аталған азаматтар 10 күн ішінде әлеуметтік желідегі парақшалары мен өзге де дерек көздерде «Нұр Отан» партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірген ақпараттарды терістеуге міндеттеуді және моральдық өтемақы ретінде 20 миллион теңге өндіруді, нотариус қызметіне жұмсалған 106 940 теңге және 602 525 теңге мемлекеттік алымды төлеттіруді сұраған.

Алдын ала сот тыңдауын жүргізген судья Кәкен Қасаболатов «Нұр Отан» партиясының шағымдарында көрсетілген үш белсендінің әлеуметтік желідегі жазбаларын зерделеу, онда «Нұр Отан» партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мән-жайлар бар-жоғын анықтау үшін психологиялық және филологиялық сараптама жасауға Алматы қалалық сот сараптамасы институтының сарапшыларына жіберді.

Жауапкерлердің қорғаушысы Маржан Аспандиарованың айтуынша «Нұр Отан» партиясының шағымы негізсіз. Өйткені «Нұр Отан» партиясы заңды тұлға болып саналады. Ал заң бойынша «заңды тұлғаның іскерлік беделін жеке тұлға түсіре алмайды»

Қорғаушы «Нұр Отан» партияының өкілінен «партияның іскерлік беделінен келген залалды, яғни белсенділердің ақпаратынан кейін қанша адам «Нұр Отан» партиясынан шығып кеткенін» көрсетуді сұрады. «Нұр Отан» партиясының өкілі Станислав Конкуров дәлелдерін алдағы сот отырысында көрсететінін айтты.

Жауапкердің бірі Әлнұр Ильяшев судяның «Нұр Отан» партиясының шағымын сараптамаға жіберуін «уақыт созу» деп бағалады.

- Ол «Нұр Отан» партиясының шағымы абсурд екенін түсініп отыр. Сөйте тұра сараптамаға жібергеніне қарағанда судьяға қысым бар сияқты,-дейді ол.

"Нұр Отан" партиясының шағымы бойынша сотта тұрған белсенді Әлнұр Ильяшев. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.
"Нұр Отан" партиясының шағымы бойынша сотта тұрған белсенді Әлнұр Ильяшев. Алматы, 1 қазан 2019 жыл.

«Нұр Отан» партиясының шағымында аталған белсенділер «Наше право» деп аталатын саяси партия құратыны жөнінде бастамаларын биыл көктемде білдірген.

«Наше право» партиясының съезі туралы ақпарат ақпан айында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған еді. Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен құрылтай жиынын өткізуі тиіс. Оған кем дегенде мың адам қатысуы керек. Саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың мүше болуы шарт.

Бастамашылардың бірі Санавар Закирова партия құратыны және құрылтай съезін өткізетіні туралы әлеуметтік желіде жазған күннен бастап-ақ түрлі кедергілерге тап болғанын айтқан еді. Құрылтай съезд өткізіледі деп белгіленген орынды полиция торуылдап, белсенділердің өздеріне түрлі кедергі жасаған.

"Наше право" партиясының құрылтайын өткізетін орынға келіп тұрған Санавар Закирова. Алматы 1 қазан, 2019 жыл.
"Наше право" партиясының құрылтайын өткізетін орынға келіп тұрған Санавар Закирова. Алматы 1 қазан, 2019 жыл.

Белсенділер көп ұзамай Алматы қаласының әкімдігі мен Бостандық ауданының прокуратурасын, Алматы қалалық полиция департаменті мен "Нұр Отан" партиясының Алматыдағы филиалының үстінен шағым түсіріп, «бұл мекемелер жаңа партия құруға кедергі келтірді» деп айыптаған еді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG