Accessibility links

Назарбаев, бойкот, билікке талап. "Халық құрылтайында" не айтылды?


"Халық құрылтайында" сөйлеп тұрған саясаткер Балташ Тұрсымбаев. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.
"Халық құрылтайында" сөйлеп тұрған саясаткер Балташ Тұрсымбаев. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.

Маусымның 1-і күні Нұр-Сұлтанда белсенділер ұйымдастырған "Халық құрылтайында" елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаевтың билікті сақтап қалуы, сайлауға бойкот жариялау, жер, Қытайдағы қазақтар мен Қытаймен қарым-қатынас мәселелері айтылды. Қонақ үй әкімшілігі жиынның ғимаратта өтуіне қарсылық білдіріп, залдың жарығы мен интернетін өшірді.

Нұр-Сұлтанда таңертеңгі сағат 11.00 шамасында басталған "Халық құрылтайына" Павлодар, Шымкент, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Алматы және елдің өзге де қала, аймақтарынан келген жүздеген азамат қатысты.

Әуел баста алдын ала ақшасы төленіп қойған қонақ үйдің күзетшілері жиналғандарға "орын жоқ" деп оларды кіргізбеуге тырысты. Бірақ бұған наразы болған жұрт жиналыс өтуі тиіс ғимаратқа басып кірді.

Құрылтайға жиналған азаматтар. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.
Құрылтайға жиналған азаматтар. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.

Бұған дейін жиында елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік жағдай, президент сайлауында дауыс беруге бойкот жариялау, Қытайдағы қазақтар мәселесі, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, елдегі демократия ахуалы айтылады деп хабарланған еді.

Жиында оппозициялық саясаткер Балташ Тұрсымбаев, журналист Рысбек Сәрсенбайұлы, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және өзге де азаматтар сөйледі.

"Халық құрылтайында" сөйлеп тұрған қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.
"Халық құрылтайында" сөйлеп тұрған қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы. Нұр-Сұлтан, 1 маусым 2019 жыл.

Жұрт алдында сөйлеген Рысбек Сәрсенбайұлы Қазақстан Конституциясының "бір адам мүддесі үшін" бұрмаланғанын айтып, елде белсенділер қудаланатынын, түрмеде саяси тұтқындар отырғанын айтты. Ол ереуілшілерге полиция оқ атып, соның салдарынан ресми дерек бойынша 17 адам өлген 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасына жеке тоқталды. Сәрсенбайұлы Жаңаөзен оқиғасын "ауыр қылмыс" деп атап, оған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев және сол кездегі ішкі істер министрін басқарған Қалмұханбет Қасымов жауап беруі тиіс екенін жеткізді.

Наурыз айында президент өкілетін тоқтатқан Нұрсұлтан Назарбаев қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде саясаттағы ықпалын сақтап қалды. Ал бұрынғы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов кеңес төрағасының хатшысы ретінде тағайындалып, өкілеті жоғарылаған. Рысбек Сәрсенбайұлы жиында Назарбаевты биліктен кетіп, елді тиімдірек басқара алатын азаматтарға жол беруге шақырды.

"Халық құрылтайына" жиналғандар. 1 маусым 2019 жыл
"Халық құрылтайына" жиналғандар. 1 маусым 2019 жыл

Сәрсенбайұлының баяндамасын қолдаған саясаткер, жиын модераторы Балташ Тұрсымбаев биліктің Қазақстандағы тәуелсіз басылымдардың бәрін жауып, сөз бостандығын тұншықтырып отырғанын айттты. Ол жиналғандарға технология көмегін пайдаланып, халық пікірін таратуға шақырды. Тоқтар Әубәкіров "шалғайда жүрсе де, елдегі қоғамдық-саяси ахуалға жаны ашып, астанаға жиналған" азаматтардың талпынысын бағалап, интернет-технология заманында биліктің ақиқатты жасыра алмайтынын айтты.

​Жиын ортасында қонақ үй әкімшілігі қызметкері келіп, микрофонмен жиналғандарға "ғимараттан шығуын" талап етті. Бірақ қатысушылар бұдан бас тартты.

"Халық құрылтайына" жиналғандар.
"Халық құрылтайына" жиналғандар.

Жиында сөйлеген азаматтардың бірі "халыққа шынымен жаны ашып, көп мүддесі үшін аянбай жұмыс істейтін" жалпыұлттық халықтық партиясын құру туралы ұсыныс айтып еді, жиналғандар қол шапалақтап қолдау білдірді. Құрылтайда Қытайда қудаланған қазақтар мәселесі, ондағы этникалық қазақтарды отанына көшіру қажеттігі айтылды. Жиналғандар Қытай несиесі мен инвестициясының Қазақстан экономикасына қаупі жайлы да сөз қозғады.

Жиын басталғалы бері қонақ үй әкімшілігі жиналғандардан бірнеше рет ғимараттан кетуді талап еткен еді. Құрылтай соңына таман жиын өтіп жатқан залдың жарығы сөндіріліп, интернет байланыс өшірілді. Осылайша құрылтайға жиналғандар қараңғыда жиналысты жалғастыруға мәжбүр болды.

"Халық құрылтайының" соңында ортақ қарар қабылданды. Онда сайлау, саяси партиялар жайлы заңнамаға өзгеріс енгізіп, адам құқығын шектейтін тұстарып алып тастау, парламенттік-үкіметтік басқару жүйесіне көшу, Жер кодексіне "жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді" деген талапты енгізу, Қытайда қудаланған этникалық қазақтардың мәселесін шешу, Қытаймен экономикалық-сауда қатынасын шектеп, инвестициясынан, несиелерінен бас тарту, саяси тұтқындарды босату сияқты талаптар жазылған.

Нұр-Сұлтандағы "Халық құрылтайы". 1 маусым 2019 жыл.
Нұр-Сұлтандағы "Халық құрылтайы". 1 маусым 2019 жыл.

Қатысушылар "Халық құрылтайын" жылына үш рет өткізіп отыруға, төтенше жағдай туындаған шақта шұғыл отырысын өткізуге келісті. Бес адамнан құралатын жұмыс тобы құрылады.

Жиын соңында жиналғандар құрылтайда қозғалған мәселелер мен қорытындысына байланысты түрлі пікір айтып жатты. Солардың бірі Алматыдан келген Жанат Қазақпай жиынның көңілден шықпағанын, көп сұрақтың шешілмеген күйі қалғанын айтты.

- Ең бастысы 9 маусым мәселесін шешу керек еді. Қазір сайлау қазақты екіге бөлді. Біреуі - "бойкот" дейді, біреуі "Қосановты жақтаймыз" дейді. Бірақ билік қазір қауіпсіздік кеңесінің қолында. Жаңа сайланатын президент ертеңгі күні бәрін Назарбаевтан сұрайтын болады. Егер оның қолында билігі болмаса, онда президенттің не қажеті бар? Нұрсұлтан бәрімізді әрі қарай да басқара береді. Не болды сонда? Менің ойымша, Қазақстан халқы емес, президент төңірегіндегі бір топ азамат ұйымдастырып отырған сайлау алдында ұйымдасуымыз керек, - деді.

Қарай отырыңыз: "Халық құрылтайынан" сурет галерея.

Кейбір азаматтар жиында көп балалы аналар мәселесі қозғалмағанын айтса, кейбірі жиналыстың "халық көкейінде жүрген маңызды мәселелерді қозғағанын" айтып құрылтайды қолдады. Ғимарат маңын полиция қызметкерлері бақылап тұрды. Азаттық тілшілері оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратпақ болған. Бірақ байланыстың нашар болуына байланысты жиыннан трансляция жасай алмады.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы жиынға белсенділер басып кірді

Азаттық тілшісі жиыннан кейін "Думан" қонақ үйіне хабарласқан еді. Қонақ үйдің қабылдау бөлмесіндегі телефонды алған қызметкер "құрылтай жайлы білмейтінін айтты".

- Бізде бүгін тек екі жиын өтті. Екеуі де Балалар күнімен байланысты. Қонақ үйде ресми түрде ешқандай құрылтай, жиын болған жоқ, - деді қызметкер.

Биыл Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Орталық сайлау комиссиясы жеті адамды президенттікке кандидат ретінде тіркеген:

  • Жамбыл Ахметбеков - "Қазақстан комунистік халық партиясы",
  • Дания Еспаева - "Ақ жол" партиясы,
  • Әміржан Қосанов - "Ұлт тағдыры" қозғалысы,
  • Төлеутай Рахымбеков - "Ауыл" партиясы,
  • Амангелді Таспихов - Қазақстан кәсіподақтар федерациясы,
  • Қасым-Жомарт Тоқаев - "Нұр Отан" партиясы,
  • Сәді-Бек Түгел - "Ұлы дала қырандары" республикалық қозғалысы.

"Халық құрылтайына" жиналғандар: "Сайлауға бойкот!"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG