Accessibility links

Британиядағы зәулім сарайлар, "құрбан болған" Біртанов және Қытаймен "сөз байласқан" Қазақстан


Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ және Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Букингем сарайында. Лондон, Ұлыбритания, 4 қараша, 2015.
Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ және Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева Букингем сарайында. Лондон, Ұлыбритания, 4 қараша, 2015.

Осы аптада шетел басылымдары заңсыз жиған ақшасын Британиядағы зәулім үйлерге салатын клептократтар мен қылмыскерлерге қатысты заңның күшейгелі жатқанын жазып, Дариға Назарбаева мен ұлының қымбат мүлкі туралы айтты. Сонымен бірге басылымдар экс-министр Біртановтың қамалуы – пандемиямен күрестегі кемшіліктерді бір адамға жабу әрекеті деп бағалады. Бұған қоса, шетел басылымдары Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен төрт қазаққа Нұр-Сұлтанның аяқ астынан босқын мәртебесін беруінің артында бір сыр жатыр дейді.


"БРИТАНИЯДА АРАМ АҚША ЖАСЫРУ ҚИЫНДАЙ ТҮСПЕК"

Ұлыбританиядағы қымбат жылжымайтын мүлік нарығы әлемнің әр түкпірінен заңсыз жолмен табылған ақшаны жасыратын ыңғайлы орынға айналған. Ел үкіметі қылмыстың бұл түрімен күресуге тырысып, түрлі заңдар қабылдап жатса да, биылғы коронавирус пандемиясы саладағы жағдайды ушықтырып жіберді. Дегенмен, үміт те жоқ емес. Британ патшайымының өзі сөз еткен тағы бір қатал заң қабылдануы мүмкін.

Британияның Financial Times басылымы осы тақырыпқа мақала арнады. Мақалада Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы, сенаттың бұрынғы спикері Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәли Әлиевтің де мүлкі әңгіме болады. Газет биылғы мамырда президент Тоқаевтың жарлығымен аяқ астынан қызметінен кеткен Дариға Назарбаеваның суретін беріп, оның ұлы екеуі "шығу төркіні белгісіз байлық" (UWO) ордері бойынша британ сотында жеңіп шыққанын жазады.

Ұлыбритания қылмыспен күрес агенттігі (NCA) Назарбаева мен Әлиевтен Лондондағы құны 80 миллион фунт-стерлинг ($103,8 млн) болатын үй-жайды, соның ішінде Лондонның "Миллиардерлер көшесіндегі" жертөлесінде бассейні мен кинотеатры бар зәулім үйді қандай ақшаға сатып алғанын түсіндіруді талап етіп, "шығу төркіні белгісіз байлық" ордері аясында мүліктерді бұғаттауды ұйғарған. Алайда, Британия соты тергеушілердің уәжін сенімсіз деп тауып, Назарбаевтардың мүлкін қайтарып берген.

Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президент Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.
Ақпарат құралдарының жазуынша, экс-президент Назарбаевтың жиен немересі Нұрәлі Әлиевке тиесілі Лондондағы үйлердің бірі. 10 наурыз 2020 жыл.

Мақалада Британияның арам ақшаны заңдастыру саласындағы жаңа құрал - "шығу төркіні белгісіз байлық" (UWO) ордерінің іске аса бастағаны туралы айтылады. Осы ордер негізінде жақында жергілікті бизнесмен Мансур Махмұд (Манни) Хусейннің құны 10 миллион фунт-стерлинг болатын дүние-мүлкі тәркіленген. FT басылымының жазуынша, мүлкінің арам ақшаға алынбағанын дәлелдей алмаған Хусейн пәтерлерін, үйлері мен кеңселерін Британия үкіметіне берген.

"Шығу төркіні белгісіз байлық" ордері 2018 жылдың қаңтарында іске қосылғалы төрт іс бойынша жалпы құны 143 млн фунт-стерлинг болатын мүлік бұғатталған (арасында Назарбаевтардың және Хусейннің мүлкі бар).

Пандемияға байланысты локдаун заңсыз ақшаның ағылуына кедергі келтіргенімен, үй алушыларды шұқшия тексеру мүмкіндігін шектеп тастаған.

Лондондағы элиталық үй саудасымен айналысатын риэлторларға қызмет көрсететін компания басшысы Джерри Уолтерстің айтуынша, пандемия кесірінен агенттер сатып алушылармен көзбе-көз кездеспейтін болды әрі экономикалық қиындықтарға байлаысты олар мүлікті жылдам сатуға мүдделі.

Сондықтан Лондондағы қымбат үйлер әдеттегіден көп сатылып жатыр. Мәселен биыл шілде-тамызда британ астанасының орталығындағы үйлер былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға аз сатылса, элиталық үй саудасы керісінше 31 пайызға артқан.

Басылымның жазуынша, 2007 жылдан бергі ереже бойынша, Еуроодақтағы жылжымайтын мүлік агенттері "саяси тұрғыда елеулі" не қылмыстық топтармен қатысы бар адамдар үй алса, оларды мұқият тексеруге тиіс. Осы ереже аясында олар мүлікті сатып алуға қатысқан офшор компаниялар мен қорлардың "соңғы бенефициарын" анықтауға міндетті.

Британ заңдары бойынша, банк, жылжымайтын мүлік сияқты салаларда арам ақшаны заңдастыруға ұқсайтын күдікті операция жасалса, агенттер қылмыспен күрес агенттігіне "күдікті әрекет туралы есеп" (suspicious activity report - SAR) беруі керек. Банк саласы мұндай есепті көп бергенімен, жылжымайтын мүлікте мұндай дәстүр қалыптаспай отыр деп жазады басылым. Мысалы, 2017-18 қаржы жылында банктер осындай 371 522 есеп өткізсе, жылжымайтын мүлік агенттері тек 710 SAR тапсырған. "Бұл клептократтар мен қылмыскерлерлердің заңсыз байлығын Ұлыбританияның жылжымайтын мүлік нарығына салып, заңдастыруына оңай мүмкіндік береді" дейді жемқорлықпен күресетін Transparency International ұйымының өкілі Бен Коудок. Оның айтуынша, жылжымайтын мүлік агенттері мұндай күдікті байлыққа "көз жұма" қарайды.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі Нұрәли Әлиев

Елдегі банктер клиент ақшасының қандай бизнестен келгенін нақтылай алмаса, онымен байланыспауға тырысады. "Кейбіреулер соңғы он жылда қаржы институттарында болып жатқаны сияқты жылжымайтын мүлік саласына да мәдени өзгерістер қажет деп санайды" деп жазады басылым.

Басылымның жазуынша, жақын болашақта Ұлыбританияда ақша заңдастыруға қатысты бұдан да қатал заң қабылдануы мүмкін. Британияда мүлкі барлық шетелдік компаниялардың соңғы бенефициар иелерін жариялауын талап ететін "Шетелдік заңды тұлғаларды тіркеу туралы" заң жобасы 2018 жылдың ортасынан бері қаралып жатыр. Былтыр желтоқсанда Британия патшайымы үкіметтің күн тәртібін нақтылайтын сөзінде осы заң туралы айтқан.

"Коронавирус пандемиясы парламенттің жұмыс уақытын қысқартқанымен, Коудок бұл заң келер жылы қабылданады деп үміттенеді" деп жазады FT. "Ол ("Шетелдік заңды тұлғаларды тіркеу туралы" заң) бүкіл парламенттің қолдауына ие: үкімет оны өткізгісі келеді, оппозициялық партиялар қолдайды, сондықтан оны қабылдау проблема тудыра қоймас" дейді Коудок.

"БІРТАНОВТЫ ҚАМАУ КІНӘНІ БАСҚА ЖАҚҚА БҰРУ"

Коронавирус пандемиясының алғашқы толқыны кезінде Қазақстанның денсаулық сақтау министрі қызметін атқарып, індетпен күрестің алғы шебінде болған Елжан Біртановтың тұтқындалуына бірнше басылым назар аударған. Олардың басты тұжырымы: бұл – індетпен күресті дұрыс ұйымдастыра алмаған жеке адамның мәселесі емес, Қазақстандағы жемқорлықтың мәселесі және тек Біртановты жазалағаннан оның тамыры үзіле қоймайды.

Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Diplomat басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев сияқты министр Елжан Біртановтың да жаз ортасында Covid жұқтырып, сырқаттанғанын жазады оның биліктен кетуіне "коронавирус асқындырған пневмония ғана себеп болды ма?" деп сауал тастайды.

25 маусымда Біртанов "емделу үшін" қызметінен кеткен соң Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрлігі пандемиямен күреске дайын болмағанын, үкіметтің кеткен қателіктерді тергейтінін" айтқан.

Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралдары атын атамаған дереккөздерге сілтеме жасап, Біртановтың цифрландыруға бөлінген 526 млн теңге ($1,2 млн) ақшаны негізсіз жұмсады деп айыпталғанын жазды.

Оның алдында, тамыз айында Біртановтың орынбасары болған Олжас Әбішев 500 млн теңге жымқырды деп айыпталып, қамауға алынған. Қаржы министрлігінің қаржыны бақылау комитетінің айтуынша, бұл қылмыс 2018 жылы, яғни індет келерден көп уақыт бұрын жасалған. Мекеменің мәліметі бойынша, Әбішев әлі орындалып бітпеген жұмыстарға "орындалды" деп қол қойған деп айыпталып отыр.

Тамызда төтенше жағдай кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген күдікпен дәрі-дәрмек таратумен айналысатын мемлекеттік мекеме – "СК Фармацияның" басқарма төрағасы Берік Шәріп қамауға алынды. Diplomat Әбішевтің гуманитарлық көмек ретінде келген дәрі-дәрмек дәріханаларда сатылып жатқаны белгілі болып, дау туындағанда қызметінен кеткенін еске салады.

"Бұл қылмыстар болды ма, болмады белгісіз, әйтеуір бұл қамаулардың уақытына қарасақ, пандемияның салдары және оны тоқтату әрекеттері үшін кінәні басқа жаққа бұру үшін жасалып жатқандай Айыптаулар тізбегі рас болып шықса, бұл Қазақстан үкіметінде жемқорлықтың қаншалық жайылғанын айғақтайды. Жемқорлықты жою не үшін маңызды дейтіндер болса, дағдарыс әрдайым жемқорлықтан болған дисфункцияны ашық көрсетеді, ал Covid [пандемиясына] тең келер дағдарыстар көп емес" деп жазады Diplomat.

Коронавирусқа тест тапсыру орталығы. Алмаыт, Қазақстан. 8 шілде, 2020 жыл.
Коронавирусқа тест тапсыру орталығы. Алмаыт, Қазақстан. 8 шілде, 2020 жыл.

Осы тақырыпқа мақала арнаған Eurasianet.org сайты Қазақстанның "денсаулық сақтау секторы көп жылдан бері жемқорлық дауларынан көз ашпай келеді" деп тақырыпша қойған.

Автордың жазуынша, тамызда тұтқындалған Әбішев пен экс-министр Біртанов ісінің арасында байланыс бар-жоғы белгісіз.

Eurasianet саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің Telegram арнасындағы пікіріне назар аударады. Оның жазуынша, "қазір тергеушілер бұрынғы министр командасындағылардың бәрін тергеуге дайын", ал Біртанов – "саяси процестердің құрбаны".

"Қазақ халқы денсаулық сақтау жүйесінің жағдайынан шошып отыр. Осы үшін жауапкершілік әйтеуір біреудің мойнына артылуы керек болды" деп жазды сарапшы.

"ШЫҢЖАҢ БАСШЫЛЫҒЫ ҚАШҚЫНДАРДЫ ҰСТАП БЕРГЕНДЕРГЕ СЫЙАҚЫ ТАҒАЙЫНДАДЫ"

Соңғы апталарда Қазақстан Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданынан қашып, шекарадан заңсыз өткен төрт этникалық қазаққа "босқын" мәртебесін берді. Бұл Нұр-Сұлтан Шыңжаңда болып жатқан адам құқықтарын бұзу фактілеріне көзқарасын өзгертті деген әсер қалдыруы мүмкін. Бірақ мұндай шешімнің артында бізге беймәлім бір саяси шешімдер тұрған сияқты деп жазады Eurasianet.

Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлы
Шыңжаң қазақтары Мұрагер Әлімұлы (сол жақта) мен Қастер Мұсаханұлы

Қазақстан ішкі істер министрлігінің миграция комитеті 29 қазанда Шыңжаңнан келген қазақ Бағашар Мәлікұлына, 30 қазанда – Қайша Ақанға бір жылға босқын мәртебесін беру туралы шешім шығарды. Мұның алдында Қытаймен арадағы шекараны заңсыз кесіп өткені үшін түрмеге отырып шыққан Қастер Мұсахан мен Мұрагер Әлімұлы да "босқын" мәртебесіне ие болған.

Төрт кісінің босқын құжаты бір жылға жарамды, бірақ олар оны ұзартуға өтініш бере алады.

"Бұл – осы кезге дейін Шыңжаңнан қашқандарды паналатып, Пекиннің ашуына тиіп алмауды көздеп келген Қазақстан үшін ерекше жағдай" деп жазады автор.

Әсіресе, Қастер Мұсахан мен Қайсар Әлімұлының болашағы бұлыңғыр көрінген, тіпті ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды тұлғасы олардың Қазақстанда қалудан "еш үміті жоқ" екенін, екеуінің Қытайға қайтарылатынын айтқан.

"Қытайдан қашқан" қазақ Қайша Ақан (оң жақта) және адвокаты Айман Омарова сотта. Жаркент, 23 желтоқсан 2019 жыл.
"Қытайдан қашқан" қазақ Қайша Ақан (оң жақта) және адвокаты Айман Омарова сотта. Жаркент, 23 желтоқсан 2019 жыл.

"Бұл Сайрагүл Сауытбайдың оқиғасынан кейінгі Қазақстан билігінің ерекше бетбұрысы" деген автор Қазақстанның Қытайдан келген қазақ әйелге босқын мәртебесін бермегенін, сот ісіне қоғам ерекше назар аударғанын, ақырында Қазақстанның оның Швецияға шығып кетуіне мүмкіндік бергенін жазады.

"Қазақстан билігі Сауытбайдың Шыңжаңдағы жағдайдың құрбаны ретіндегі салмағының артып бара жатқанынан ыңғайсызданып, осылай көшіруді ұйғарғаны анық" деп жазады автор.

Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро директорының орынбасары Денис Дживаганың айтуынша, құрамына бірнеше мемлекеттік мекеме өкілдері кіретін миграция жөніндегі комиссияның мұндай шешім қабылдауы Қазақстанның Қытай басшылығы жүргізіп отырған репрессия туралы мәліметтерді мойындағанын аңғартады.

Дегенмен бұл олар азаматтыққа өтініш бере алады дегенді білдірмейді.

Автордың жазуынша, "абыройды сақтап қалатын" бұл шешімнің өзі Пекинмен кеңесе отырып қабылданды ма деген күдік бар.

"Атажұрт еріктілері" тобының жетекшісі Серікжан Біләш әріптестерінің Шыңжаңдағы жергілікті биліктің хабарландыруын көргенін айтады. Ол хабарландыруда "қашуды жоспарлап жүрген адам туралы ақпарат берген кісіге көп мөлшерде сыйақы ұсынылған".

"Бұл тек онда тұратын қазақтар үшін емес, біздің шекара қызметі өкілдері үшін де мотивация" дейді Біләш.

"Сауытбайдың Батыста "жұлдыз босқынға" айналуы Қазақстанға да, Қытайға да еш опа бермейді".

Наурыз айында Сауытбай Вашингтонда АҚШ мемлекеттік департаментінің "Батыл әйелдер" халықаралық сыйлығын (International Women of Courage award) алған

Шілдеде ол Канада парламентінде өткен тыңдауда Шыңжаңдағы адам құқықтарының бұзылуы жайында баяндама жасаған. Елдің заң шығарушы органы Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын геноцидке теңеген.

Ол сондай-ақ, "Басты куәгер: Қытайдың осы заманғы коцентарциялық лагерінен қашу" атты неміс тілінде кітап жазған. Келесі жылы оның тағы бірнеше тілдегі аудармасы жарық көрмек деп жазады Eurasianet.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG