Accessibility links

Заманбек Нұрқаділовтің өлімі. Үш рет атылған оқ және режимді сақтап қалу жолы


Нұрқаділовтің жұмбақ қазасы. Саясаткердің көзін көрген жандар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:51:38 0:00

Нұрқаділовтің жұмбақ қазасы. Саясаткердің көзін көрген жандар не дейді?

Қазақстанның президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевты ашық сынап, оны "билікті заңсыз иемденіп, жемқорлық жасады" деп айыптаған саясаткер Заманбек Нұрқаділовті өлтіріп кеткеніне 15 жыл толды. 2000-жылдардың ортасында оппозицияда жүрген бірқатар адамның өлімінен кейін Қазақстан билікке қарсы пікірді жаншып, авторитаризмді күшейту жолына түсті, дейді сарапшылар.

Луганский көшесі, 105. Алматының жоғарғы бөлігіндегі бетоннан құйылған биік қоршаудың ішінде орналасқан екі зәулім үй. 2005 жылы 12 қараша күні кешкісін осы жерде атылған оқтан биліктен оппозицияға өткен белгілі қазақстандық саясаткер көз жұмды.

Заманбек Нұрқаділовтің өлімі туралы ақпар тарағанда саясаткердің үйіне келген журналистер. 13 қараша 2005 жыл.
Заманбек Нұрқаділовтің өлімі туралы ақпар тарағанда саясаткердің үйіне келген журналистер. 13 қараша 2005 жыл.

Бұл оқиға сайлауалды науқан қызып тұрған шақта болды: Қазақстан тәуелсіздік алғалы екінші рет өткелі отырған президент сайлауына дайындалып жатты. Полиция президент сайлауына қатысу ниеті барын жасырмаған Нұрқаділовтің өзіне қол жұмсағанын хабарлады. Марқұмның өз револьверінен атылған оқтың бірі оның жүрегіне, екіншісі басына тиген.

– Ол өзін өлтіру туралы ойлаған жоқ. Оны біреулер қасақана өлтірді, – дейді Заманбек Нұрқаділовтің жесірі, әнші әрі Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова.

Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов пен оның жары Мақпал Жүнісова. 2002 жыл.
Оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділов пен оның жары Мақпал Жүнісова. 2002 жыл.

Марқұмның кабинетіндегі теріден жасалған креслоның шынтақ қояр тұсының екі жерін оқ тесіп өткен. Тағы бір оқ қабырғаға ілінген Нұрқаділовтің портретінің жақтауына тиген. Мақпал Жүнісова сол кеште күйеуін екінші үйде жайылған дастархан басына келіп, ас ішуге шақырған, бірақ ол кабинеті орналасқан екінші зәулім үйдің балконынан өзін күтпеуді сұраған. Кешкі астан кейін күйеуінің кабинетіне кірген Мақпал оның еденде қансырап жатқанын көрген. Бірден жедел-жәрдем мен полиция шақырған. Біраз уақыттан кейін бөлмеге қайта оралған Мақпал әлдекімнің күйеуінің денесін жатқан орнынан жылжытып, үстіне жамылғы жауып, револьверін қойып кеткенін көрген. Мұны кім істегені сол күйі анықталған жоқ.

Заманбек Нұрқаділовке тиген оқтардың ізі: екеуі креслоның сол жақ шынтақшасының ішкі жағында, біреуі сурет жақтауының төменгі сол жағында. 20 қазан 2020 жыл.
Заманбек Нұрқаділовке тиген оқтардың ізі: екеуі креслоның сол жақ шынтақшасының ішкі жағында, біреуі сурет жақтауының төменгі сол жағында. 20 қазан 2020 жыл.

Нұрқаділовтің адвокаты, бұрын тергеуші болып істеген Мұстахим Төлеев саясаткердің өлімі сыртқы күштің әсерінен болғанына сенімді. Төлеев марқұмның денесін союға қатысқан. Ол Нұрқаділовтің өлімі туралы ресми анықтама берілмей тұрып, саясаткердің заңды өкілі болған, сондықтан қолындағы сенімхатпен мәйітханаға барған.

– 25 жыл тергеуші болып істеп жүріп, өлтірілген, өзін өлтірген адамдардың неше түрлі қалыпта жатқан денесін көрдім. Сондықтан бұл қасақана ұйымдастырылған кісі өлтіру оқиғасы екеніне нық сенімдімін, – дейді зейнетке шыққаннан кейін адвокат қызметіне ауысқан Мұстахим Төлеев.

Адвокат Мұстахим Төлеев Бостандық аудандық сотының жанында. Алматы, 22 желтоқсан 2006 жыл.
Адвокат Мұстахим Төлеев Бостандық аудандық сотының жанында. Алматы, 22 желтоқсан 2006 жыл.

АТЫШУЛЫ БАСПАСӨЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ЖӘНЕ ОППОЗИЦИЯ ӨКІЛДЕРІНІҢ ӨЛІМІ

61 жастағы Заманбек Нұрқаділов өлімінің жай-жапсары әлі де құпия күйінде қалып отыр. Бірақ саясаткердің өліміне дейін болған оқиғаларды халық жақсы біледі.

Құрылысшы мамандығын меңгерген Нұрқаділов Совет одағы тұсында табысты еңбек еткен. 41 жасында Алматы қалалық халық депутаттары кеңесінің атқарушы комитетін басқарды. СССР тарағаннан кейін Қазақстандағы ең ірі қаланың басшысы қызметінде қалды. 1995 жылы мәжіліске сайланып, парламентте үкіметті жиі сынаумен болды. Астананы Алматыдан Ақмолаға көшіргеннен кейін (қала атауы Астана, кейін Нұр-Сұлтан болып өзгерді) Нұрқаділов Алматы облысының әкімі қызметіне тағайындалды. 2001 жылы бұрынғы астанада қалған бірнеше орталық органның бірі – төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің басшысы қызметіне кірісті.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Заманбек Нұрқаділов. Фото Нұрқаділовтің музей-үйінен.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Заманбек Нұрқаділов. Фото Нұрқаділовтің музей-үйінен.

Осы қызметте жүріп Нұрқаділов атышулы баспасөз конференциясын өткізді. Саясаткер президент Нұрсұлтан Назарбаевты билікті заңсыз иемденгені үшін айыптап, оны отставкаға кетуге шақырды. Нұрқаділов президенттің отбасы миллиардтаған доллар капитал, шетелдегі жылжымайтын мүлік пен көлемді медиаресурсқа иелік етіп отырғанын, ал Назарбаев "байлықты қору" үшін биліктен кеткісі келмейтінін айтты.

"Сіз Конституцияның барлық нормасын пайдаланып көрдіңіз. Билікте отырғаныңызға 16 жылға таяды. Бұл – америкалық немесе ресейлік жүйе бойынша, төрт жылдан төрт рет, еуропалық стандарт бойынша бес жылдан үш рет, біздің заңға сәйкес жеті жылдан екі рет президент болумен тең. Президенттіктен бірден бас тартқаныңыз дұрыс болады деп ойлаймын" деді ол аталмыш баспасөз конференциясында.

Назарбаевтың реакциясы бірден белгілі болды. Екі күннен кейін 13 наурызда Нұрқаділовті қызметінен алып тастады.

Ол батыл мәлімдемелер жасауын жалғастыра берді. Қолында биліктегі жемқорлықты растайтын дәлелдер барын айтты. Ақорда тарапынан қандай да бір жауап немесе Нұрқаділовке қарсы айып тағу болған жоқ. 2005 жылы 1 мамырда (Қазақстан халқының бірлігі күні) Назарбаевтың Алматыға келгенін естіген Нұрқаділов президентпен пікірталасқа түсу үшін алаңға баратынын айтты. Бірақ бұл кездесу өткен жоқ. Саясаткерді мінберге қарай өткізбеген соң, ол алаңнан кетуге мәжбүр болды.

Шілдеде Нұрқаділов саяси тақырыптарға жазатын журналист Асхат Шәріпжановқа көлемді сұхбат берді. "Навигатор" интернет-порталының тілшісі материалын жариялап үлгермей жатып көз жұмды. Биліктің нұсқасы бойынша, ол көліктің астына түсіп, басынан ауыр жарақат алған. Бірақ журналистің достары мен әріптестері Асхатты басынан ұрып, көліктің астына итеріп жіберген болуы мүмкін деп топшылайды.

"Осындай жарқын, талантты, билікке ыңғайсыз шындықты ғана жазатын журналистің өліміне билікті, президентті, президент әкімшілігін кінәлаймын" деді Асхат Шәріпжановты жерлеу рәсімінде болған Заманбек Нұрқаділов.

Шәріпжановтың диктофонынан Нұрқаділовпен және тағы бір оппозиционер, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы басшысы және "Ақ жол" партиясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаевпен болған сұхбаттың аудиосы жоғалып кеткен. Жарты жылдан кейін Сәрсенбаев атылды. Сәрсенбаев пен оның екі көмекшісінің денесі 2006 жылы ақпанда Алматының сыртынан табылды.

Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев Заманбек Нұрқаділовты жерлеу рәсімі кезінде журналистер алдында. 15 қараша 2015 жыл. Үш айдан кейін Сәрсенбаевтың өзін екі көмекшісімен бірге өлтіріп кетті.
Оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев Заманбек Нұрқаділовты жерлеу рәсімі кезінде журналистер алдында. 15 қараша 2015 жыл. Үш айдан кейін Сәрсенбаевтың өзін екі көмекшісімен бірге өлтіріп кетті.

Тергеушілер басында Сәрсенбаевты өлтіруге сенат аппаратының көзге түсе бермейтін қызметкері, саясаткермен жеке араздығы бар Ержан Өтембаев "тапсырыс берген" деген байламға келген. Бірақ бірнеше жылдан кейін істі қайта қарап, Сәрсенбаевтың өліміне Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, қуғындағы Рахат Әлиевті кінәлі деп тапқан (Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде өлі күйінде табылды. Ресми дерек бойынша, тұтқын өзіне қол жұмсаған).

Көбі Нұрқаділовтің өзіне қол жұмсағаны туралы биліктің нұсқасына сенбейді. Соған қарамастан, саясаткердің ісі қайта қаралған жоқ.

Сергей Дуванов. Архив суреті.
Сергей Дуванов. Архив суреті.

Журналист әрі саяси публицист Сергей Дуванов суицид туралы тергеу қорытындысын "ақылға сыймайды" деп бағалайды. Ол Нұрқаділовпен 2005 жылдың бірінші жартысында "Политон" пікірталас клубында кездескен. Дувановтың айтуынша, Нұрқаділов өзін сенімді көшбасшы ретінде көрсетіп, президент Назарбаевтың орнына билікке келуге дайын екенін білдірген.

– Ол адамдары мен ақшасы барын ашып айтты. Осының бәрі оның [билік үшін] қауіпті болғанын көрсетеді. Оны осы үшін өлтірген сияқты, – дейді Сергей Дуванов.

"САЯСИ ТЕРРОР АКТІСІ". АВТОРИТАРИЗМДІ САҚТАП ҚАЛУ ЖОЛЫНДА

Андрей Чеботарев. Архив суреті.
Андрей Чеботарев. Архив суреті.

"Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев Нұрқаділовтің "өзіне қол жұмсауын" Сәрсенбаевтың өлімі, оппозиционерлерді ұрып-соғу мен олардың өміріне қастандық жасау, оппозициялық ақпарат құралдарына ("Дат" және "Республика" газеттері) шабуыл жасау сияқты авторитарлық тенденцияларды билікті сақтап қалу жылдарына тұспа-тұс келген "саяси террор актісі" деп санайды. 1990-жылдардың екінші жартысы мен 2006 жылдың аралығындағы кезең бұрын билікте болған тұлғалардың оппозиция қатарына өтуімен есте қалды.

Нұрқаділов өлерінен бірнеше ай бұрын президент сайлауына бірауыздан мәжілістің бұрынғы спикері Жармахан Тұяқбайды ұсынған "Әділетті Қазақстан үшін" қозғалысының саяси кеңесіне кірді. Ресми дерек бойынша, желтоқсан айында өткен сайлауда Тұяқбай 7 пайыздан төмен, Назарбаев 91 пайыздан көп дауыс жинаған. Батыс бақылаушылары осыған дейін және одан кейін өткен саяси науқандар сияқты, бұл жолғы сайлауды да халықаралық стандарттарға сай, еркін әрі демократиялық деп мойындамаған.

"Әділетті Қазақстан үшін" деп аталған оппозициялық қозғалыстың мүшелері (солдан оңға қарай): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов, Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.
"Әділетті Қазақстан үшін" деп аталған оппозициялық қозғалыстың мүшелері (солдан оңға қарай): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов, Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.

Андрей Чеботаревтың айтуынша, 1999 және 2005 жылдары өткен президент сайлауы мен 2004 жылғы парламент сайлауы оппозициялық күштердің белсенділігін арттырған. Билік бұған жауап ретінде оппозицияны бөліп-жаруға күш салып, қарсылық көрсетудің әртүрлі әдісін пайдаланып көрген. Жүйелі оппозицияны ары қарай әлсірету арқылы билік 2007 жылы бірпартиялы парламент құруға қол жеткізген. Нәтижесінде оппозиция билікке ықпал ету механизмдерінен шеттетілген.

ӨЗІНЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАНДАРДЫҢ КӨЗІН ЖОЮ

2007 жылы Конституцияға Назарбаевтың президенттік мерзіміне шектеу қойылмайтыны жөнінде өзгеріс енгізілді. Ол 2011 және 2015 жылдары тағы да сайлауға түсіп, Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, 95 және 97 пайыз дауыс жинаған. Сайлауда оған қарсы халық жақсы білмейтін, көбі биліктің қолындағы қуыршақ деп санайтын үміткерлер қатысқан. 2019 жылы отставкаға кетпей тұрып, Назарбаевқа Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілген. Оның қолында әлі күнге кең құзырет сақталған. "Елбасы" ("ұлт көшбасшысы") мәртебесі Назарбаевты кез келген қудалау түрінен қорғап, оның және отбасының мүлкіне қол сұғылмауын қамтамасыз етеді.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтистің айтуынша, қазіргі биліктің түп-тамыры совет билігінде жатыр: бұрынғы коммунистік басшылардың санасында өзіне қарсы шыққандарды "халық жауы" деп тауып, олардың көзін жою дәстүрі сақталған.

Евгений Жовтис. Архив суреті.
Евгений Жовтис. Архив суреті.

– Тәуелсіз Қазақстандағы Назарбаев бейнесіндегі билік совет билігі сияқты ешқандай оппозицияны да, олардың билікке келу мүмкіндігін де мүлде қарастырмаған. Осыдан кейін тәуелсіз журналистер (Асхат Шаріпжанов) мен оппозициялық саясаткерлердің (Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев) қазасына таңғалуға бола ма? – дейді Евгений Жовтис.

Жаңаөзен оқиғасынан (2011 жылы желтоқсанда полиция ереуілге шыққан мұнайшыларға қарсы оқ атқан. Ресми дерек бойынша, 17 адам қаза тапқан) кейін билік тәртіпті күшейткен.

Гүлжан Ерғалиева. Архив суреті.
Гүлжан Ерғалиева. Архив суреті.

– Саяси кісі өлтіру оқиғаларының жауапсыз қалғаны былай тұрсын, бұл қылмыстың жүйелі сипат алғаны белгілі болды: адамдарға қарсы ашық әрі жаппай оқ ата бастады. Зәке мен Алтекенің құрбан болуы оппозицияның бірлігін нығайтты ма? Жоқ. Оппозиция басшыларының өлімінен кейін қоғамның күші мен ұйымшылдығы артты ма? Қайдам. Билік саяси эволюцияны басып тастады. Өйткені өзі тұралаған жүйе мен деградацияға ұшыраған халық болса ғана өмір сүре алады. Сондықтан қоғам да көбіне саяси тұрғыдан шектеліп қалады, – дейді қазақстандық журналист, оппозициялық басылым жобаларының негізін қалаушы Гүлжан Ерғалиева.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис 2000-жылдардың ортасында оппозицияны беделді басшыларынан айырған Қазақстан билігі өткен онжылдықта оппозициялық алаңды өзіне ұнамайтын саяси партиялар мен тәуелсіз ақпарат құралдарынан тазартып, қазір азаматтық белсенділіктің кез келген түріне қарсы күресіп жүргенін айтады.

– Қазір өзін мемлекетпен тең көретін, нақты бір тұлға басқаратын билік пен ештеңеге қабілетсіз, маргинал оппозициядан тұратын ерекше саяси орта қалыптасқан. Олардан бөлек, әлі күнге өзінің саяси, экономикалық және мәдени қызығушылықтарын түсінбеген, сондықтан азаматтық қоғамға айнала алмаған халық бар. Қоғам "әбден еті үйренген шарасыздық" жағдайында өмір сүріп жатыр. Бірақ бұл азаматтық белсенділер мен жекелеген қоғам қайраткерлерінің батылдығын жоққа шығармайды. Бірақ қазір ел ішіндегі оппозицияның салмақты басшысы жоқ,– дейді Евгений Жовтис.

Жақында Азаттық тілшісі марқұмның жесірі Мақпал Жүнісовамен кездесті. Ол күйеуінің өлген күніне орай еске алу шарасын жалғыз өзі ұйымдастырып жатқанын, отбасы мүшелерінің арасында шағын жиын өткізетінін айтты. "Көптен бері бірде-бір оппозиционерді көрмедім" деді ол. Полиция Мақпал Жүнісованы күйеуінің "өзіне қол жұмсау" ісі бойынша тергеу материалдарымен таныстырмаған. Ол іске жәбірленуші емес, куәгер ретінде қатысқан. Нәтижесі алдын-ала белгілі болған президент сайлауынан кейін көп ұзамай Нұрқаділовтің ісі жабылған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG