Accessibility links

Пашинян өзін Таулы Қарабақтағы жағдайға жауапты санайды


Ресейдің ТАСС агенттігіне сұхбат беріп отырған Армения премьер-министрі Никол Пашинян. Қазан айы, 2020 жыл.
Ресейдің ТАСС агенттігіне сұхбат беріп отырған Армения премьер-министрі Никол Пашинян. Қазан айы, 2020 жыл.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян өзін Таулы Қарабақтағы жағдайға жауапты санайтынын мәлімдеді. 10 қарашадағы Баку, Ереван және Мәскеу арасындағы келісімге сай, Әзербайжан Таулы Қарабақтағы Степанакерттен басқа барлық аймақты, Мардакерт және Мартуни қалаларын да алады. Осыған дейін бұл келісімге қарсылық танытқан Армения тұрғындары Пашинянның отставкаға кетуін талап еткен болатын.

"Мен халық алдында, сот алдында жауап беремін, бірақ мұндай жағдайда адамдар сабақ ала білуі тиіс... Сарбаздарды, оппозиция, үкіметті тыңдау керек болады" деді Пашинян. Оның сөзінен үзіндіні "Арменпресс" агенттігі келтірді.

Пашинянның сөзіне қарағанда, армян билігі "Әзербайжанға қандай да бір шарт қоймай аумақты қайтару туралы халықаралық консенсус жағдайында" келісімге келуге мәжбүр болған.

Оның айтуынша, армян басшылығы "біріне-бірі үйлеспейтін екі ұстанымды қатар алып жүреміз" деген оймен ірі стратегиялық қателікке ұрынған. "Мәселені әскери жолмен шешуге болмайды" және "бір қарыс та жер бермейміз" деген ұстанымда болдық. Бізде сценарий мен дайындық болуы керек еді. "Уақытты шексіз соза беруге болады" деген ой ең үлкен қателігіміз болды" деді Пашинян.

10 қарашаға қараған түні Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Ресей президенті Владимир Путин және Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойған. Тараптар Баку Таулы Қарабақтың бір бөлігін алады - халықаралық дәрежеде мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасы үшін стратегиялық маңызды Шуша қаласы, Агдам, Кельбаджар, Лачин аудандары да әзербайжан жағына өтеді деп уағдаласқан. Келісім бойынша, ресейлік бітімгер сарбаздар да аумаққа кіреді.

Инфографика: Таулы Қарабақ келісімі: Армения мен Әзербайжанға қай жерлер бұйырды?

11 қарашада Ресей және Түркия қорғаныс министрлері Әзербайжан аумағында бітімгерлік миссияға арналған ортақ бақылау орталығын құру туралы меморандумға қол қойды. Бұл орталық келісімнің орындалу шарттарын қадағалап, ұзақ жылға созылып келе жатқан қақтығысты реттеу негізін қалыптастыруға көмектесуі тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG